Қоғам

Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын бостандыққа шыға ма - апелляциялық сот шешімі

© Sputnik / Тимур БатыршинНаручники, архивное фото
Наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жемқорлық үшін 14 жылға сотталған  Мұхтар Жәкішев он жылдан астам уақыт бойы түрмеде отыр

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек — Sputnik. "Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан Семей қалалық сотының шешіміне қорғаушылар шағым түсірген болатын.

Апелляциялық коллегияның отырысы Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық сотында 10 қыркүйекте өтті.

Жәкішев пен қорғаушыларының жеке шағымдары қаралды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

"Бұл шағымдар Семейдің №2 қалалық сотының 2019 жылдың 24 шілдесіндегі Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату жөніндегі өтінішті қанағаттандырмау туралы қаулысына түсірілген еді. Коллегия қаулысымен бірінші инстанцияның сот актісі өзгеріссіз қалды, жеке шағымдар қабылданбады", - делінген хабарламада.

Соттың баспасөз қызметі түсіндіргендей, шағымдардың қабылданбауына Жәкішевтің келтірілген шығынды (99 млрд теңгеден астам) әлі күнге дейін өтемеуі негіз болған, ал Қапшағай қалалық сотының шығынды өтеу туралы қаулысы 2014 жылдың 15 шілдесінде шыққан еді.

"Осы сома әлі күнге дейін төленбеген. Сотталған азамат шығынды өтеу мақсатында ешқандай шара қабылдамады. Сондай-ақ сотталған азаматтың мінез-құлқында оң өзгерістер байқалмайды. Ынталандырулардан бөлек, Жәкішев түрмеде тәртіп бұзғаны үшін жазаланған. Сотталған азаматтың тәртіпке бағынғандығын, мінез-құлқының түзелгенін көрсететін ешқандай белгі болған жоқ", - делінген Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тағы оқыңыз: Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды

Баспасөз қызметі атап өткендей, қылмыстық-процестік заңнаманың талаптары бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін сотталған азаматтың мінез-құлқының түзелгенін білдіретін оң өзгерістер болуы тиіс.

Мұхтар Жәкішевтің ісі

Мұхтар Жәкішев 2009 жылдың мамыр айында ірі уран кен орындарында мемлекеттік үлесті сатты деген айыппен ұсталды. Сот процесі жабық режимде өтті. Сот отырысы кезінде сотталушының денсаулығы сыр беруіне байланысты талай рет жедел жәрдем шақырылған. 2010 жылдың наурыз айында Жәкішев ысырап жасап, пара алғаны үшін айыпты деп танылып, 14 жылға бас бостандығынын айырлды.

Өткен жылы түрмедегі мерзімнің жартысынан көбі өтті. Осыған байланысты Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш білдірді. Алайда Семей қаласының соты аталған өтінішті қолдаған жоқ.

Тағы оқыңыз: Терезе сүртіп, еден жуады: "сыра королінің" түрмедегі өмірі қандай - видео

Былтыр шілде айында Жәкішевті Семейдегі ОВ-156/14 колониясына ауыстырды. Бұған дейін ол Алматы облысындағы Заречный ауылында және Қарағанды облысындағы Долинка елді мекеніндегі түрмеде отырды.

Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, түрмеде отырған Жәкішевтің денсаулығы нашарлап кетті. Ол бірнеше ауруға душар болған. Бірақ әлі күнге дейін толыққанды медициналық тексерістен өтпепті. Бүгінде ол біраз дәрі ішіп, емделуге мәжбүр. III топтағы мүгедек туралы анықтамасы бар.

Жаңалықтар
0