қарттар үйі

"Іш пыспайды": қарттар үйіне түскен қариялардың әңгімесі

595
(Жаңартылды 13:47 10.10.2019)
Орталықтағы адамдардың арасында пәтер кезегінде тұрғандар да бар. Олар баспана кілтін алған соң, өз үйіне көшеді

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан — Sputnik. Елордадағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмыс істеп тұрғанына отыз жылдан асқан. Бүгінде орталықта қарттар, зейнеткерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер тұрады. Ел арасында бұл орталық "қарттар үйі" деген атаумен таныс. 1 қазан – Қарттар күні қарсаңында Sputnik Қазақстан тілшісі әлеуметтік орталыққа барып, жұмысымен танысып қайтты.

"Шарапат" орталығының аумағы – 4,5 мың гектар. Үшқабатты ғимарат қалың ағаштың ортасында орналасқан. Орталықты алыстан көрген адам оны балабақша немесе мектеппен шатастырып алуы әбден мүмкін. Алайда, әлеуметтік қызметкерлердің айтуынша, қарттардың балалардан айырмашылығы аз.

Орталықтың іші таза әрі жарық. Ғимараттың әр бөлмесі тұрғындардың жайлылығы үшін салынғаны байқалып тұр.

"Шарапатта" кімдер тұрады

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2007 жылы ашылған. Алғашында қарттар үйі Жұмабек Тәшенов көшесінің бойында орналасыпты. Бүгінде жаңа ғимараттың 400 адамды қабылдауға қауқары жетеді. Ал қазір мұнда 25 пен 96 жас аралығындағы 317 тұрғын бар.  

Дом престарелых
© Sputnik / Владислав Воднев
"Шарапат" орталығында қазір 317 адам тұрады

"Бізде он екі ұлттың өкілі тұрып жатыр. Мұндағы адамдар би билеп, ән айтқанды ұнатады. Әсіресе, үрлемелі оркестрді жақсы көреді. Мереке қарсаңында оларды түрлі концерттерге, мейрамханаларға шақырады.

Демеушілер сыйлық береді. Бұл оларға қатты ұнайды", - дейді "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ардақ Сейітова.

Жеке өмірін құпия ұстағанды жөн көреді

Бұрын орталықта Ұлы Отан соғысының ардаргерлері көп болған. Қазір сұрапыл соғысты көрген екі ардагер ғана қалыпты.  Оның бірі 92 жастағы – Олег Линник. Ол екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері.

Олег Линник Ресейдің Краснодар өлкесінде дүниеге келген. Бар-жоғы алты сыныптық қана білімі бар. Еңбекке жастайынан араласыпты. Бозбала шағында вагоннан жүк түсіріп, станциядағы санитарлық вагондардың пешін жаққан. 1945 жылы қан майдан аяқталған соң, тың және тыңайған жерлерді игеру үшін Ақмолаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) келген. "Шарапат" орталығында тұрып жатқанына 20 жыл болыпты.

Дом престарелых
Орталықтағы әрбір тұрғынның ішіне бүккен сыры, бастан кешкен оқиғасы бар

"Мұнда жақсы адамдар жұмыс істейді. Бізді қажет дүниемен қамтамасыз етіп отыр. Мен тамақ пісіргенді. Әсіресе, борщты. Екі ұлым бар. Біреуі басқа елде тұрады. Екіншісі ауыр дертке шалдыққан. Жасым болса тоқсан екіге келіп қалды. Жүз жасағым келеді, әрине", - деп ағынан жарылған қария жастарға мейірбан болуға кеңес берді.

Орталықтағы әрбір тұрғынның ішіне бүккен сыры, бастан кешкен оқиғасы бар. Бірақ, мұндағылар жеке өмірін жария еткенді ұната бермейді. Бірі шарасыздықтан, енді бірі жалғыздықтан қашып келгендер.

Орталықта ұрыс-керіс те болады

"Шарапат" орталығының ұзын дәлізінен бұрынғы судьяны, директорды, дәрігер мен академикті, бір сөзбен айтқанда, түрлі сала мамандарын кезіктіруге болады. "Қариялар үйінде" ара-тұра ұрыс-керіс те болып тұрады екен.  

Дом престарелых
© Sputnik / Владислав Воднев
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты 2007 жылы ашылған

"Бәрі бала сияқты, шыдамсыз, түкке тұрмайтын дүниеге ренжіп қалады. Кейде өздері де ауыр сөз айтып, өзгелерді ренжітіп жатады. Десе де, әлеуметтік қызметкерлердің міндеті – түсіністікпен қарап, оларға көмектесу. Егде жастағы адамдармен жұмыс істегенде, біз эмоцияға берілмей, шыдамдылық сақтауға тырысамыз. Өйткені қариялардың өмірі бізге үлгі. Олар жасаған қателікке біз ұрынбауымыз керек, тек жақсы тұстарын үйренген абзал", - дейді Сейітова.

Қос ғашықтың хикаясы

Орталықта табысып, қол ұстасқан жұптардың бірі – Татьяна Одинокая мен Петр Селенский. Қос ғашықтың махаббаты осы ғимаратта басталған.

Татьянаның баласы жоқ. Инсульт алғаннан кейін өз бетінше жүріп-тұрудан қалған. Ал күтуші жалдауға ақшасы жоқ. Амалсыздан қарттар үйін паналауға мәжбүр болыпты.

Дом престарелых
© Sputnik / Владислав Воднев
Бұрын орталықта Ұлы Отан соғысының ардаргерлері көп болған, жыл сайын олардың қатары сиреп барады

Петр Селенский болса, бірінші топтағы мүгедек. Аяғынан айырылған. Алайда мүмкіндігі шектеулі жан мойымайды. Тәжірибелі агроном орталықтың балконында қызанақ өсіріп жүр.

"Біз осында таныстық, бірден тіл табысып кеттік. Екеумізде де бала болған емес, сондықтан бір-бірімізге қарайласып жүрміз. Люся атты мысығымыз бар. Ол да отбасының мүшесі. Орталықта тұрсақ та, өзімізді жалғыз сезінбейміз. Керісінше, мұнда өте көңілді, іш пыспайды", - деп күлді Татьяна Одинокая.

"Соңғы аялдама іспетті"

Орталықта тұру үшін қала әкімдгінің рұқсаты қажет. Тиісті құжаттарды әкімдікке өткізген соң, мемлекет есебінен өмір сүруге болады. Алайда қарттар үйіне жолдама сатып алғандар да бар. Қазір мұнда 70 адам ақша төлеп тұрады. "Шарапат" тұрғындарының дені –  егде жаста. Жалғыз қалып, іш пысып келгендер де бар. Сондай-ақ, орталықта бақытын тапқан 15 жарасымды жұп та тұрады.

"Шарапаттағы" қариялардың үш ай демалысқа шығуға мүмкіндігі бар. Бес мезгіл тамақтанады, дене жаттығуларын жасайды. Аптасына екі рет орталықтағы бассейн мен саунаға барып демалады. Биыл кешенді оңалтудың арқасында мүмкіндігі шектеулі екі жан денсаулығы жақсарып, аяғынан тік тұрып кеткен.

Мұндағы ережеге сәйкес, зейнетақының 70%-і орталықтың шотына түседі. Ал зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қолында тиісінше 36 мың және 29 мың теңге қалады. Олар бұл ақшаны өз еркімен жұмсай алады.

Дом престарелых
© Sputnik / Владислав Воднев
"Шарапаттағы" қариялардың үш ай демалысқа шығуға мүмкіндігі бар

"Шарапат" орталығында бір бөлмеде 2 адамнан тұрады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтарға, бұдан бөлек, ұзақ уақыт тұрған зейнеткерге жеке бөлме беріледі. Бөлмеде керекті дүниенің бәрі бар: төсек, үстел, тоңазытқыш, жуынатын орын.

Адамдарды бір бөлмеге орналастырмас бұрын, әкімшілік олардың жасын, білімі мен қызығушылығын ескереді. Орталыққа келген қартты психолог екі апта бойы бақылап, кеңес береді.

Шарапатта, сондай-ақ, кинозал да бар. Тұрғындар бос уақытында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Тіпті, ата-әжелерден құралған "Надежда" атты хор да бар екен. Олар қаладағы түрлі мерекелік шараға қатысып, конкурстарда бақ сынайды.

Былтыр демеушілер қарттар үйіне баспахана құралын сыйға тартқан. Қариялардың қуанышында шек болмапты.

"Шарапатта" көбіне ер адамдар тұрады. Олар орталық қызметкерлеріне ғимараттың аумағын жинап, тазалауға көмектеседі.

Тағы оқыңыз: "Алғаш рет шын ғашық болдым": қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген қарияның әңгімесі

Бұдан бөлек, орталықта зейнеткерлерге заңгерлік қызмет те көрсетіледі. Атап айтсақ, мұрагерлікті рәсімдеу, өсиетхат қалдыру, тұрғын үй, ажырасу, алимент төлеу сынды мәселелер бойынша ақыл-кеңес береді.

Орталықтағы адамдардың арасында пәтер кезегінде тұрғандар да бар. Олар баспана кілтін алған соң, орталықтан кетеді екен. Алайда мұндағы тұрғындардың басым бөлігі "бұл орын осы өмірдегі соңғы аялдама" іспетті дейді.

Әлеуметтік қызметкерлер қарттар өмірден өткен жағдайда, ұстанған дініне байланысты жерлеу рәсімі жүргізілетінін айтты.

595
Кілт сөздер:
қарттар үйі
Аида Балаева

Тоқаев Аида Балаеваға қандай тапсырма берді

34
(Жаңартылды 19:09 01.06.2020)
Кездесу барысында Аида Балаева министрліктің атқарып жатқан жұмысы және таяу болашақтағы жоспарлары туралы баяндады

АЛМАТЫ, 1 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады, деп хабарлады Ақорда сайты.

Кездесу барысында Аида Балаева министрліктің атқарып жатқан жұмысы және таяу болашақтағы жоспарлары туралы баяндады.

Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шараларға және азаматтық қоғамды дамытуға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. 

"Сондай-ақ халықпен кері байланыс жұмысын күшейту, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс нормаларын жетілдіру, мемлекеттік медиаресурстарды оңтайландыру, салалық журналистиканы дамыту мәселелері де қозғалды", - делінген ақпаратта.

Аида Балаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа жақында құрылған этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитет пен қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының міндеттері жайында мәлімет берді.

Президент ақпараттандыру және қоғамдық даму бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді.

Айта кетейік, президент жарлығымен 2020 жылдың 5 мамырында Аида Балаева ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. Оған дейін бұл қызметті Дәурен Абаев атқарды. Абаев президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

34
Кілт сөздер:
Ақорда, министр, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Абаев Назарбаевтың қатты сынға алынған шешімі туралы айтты
Тоқаев жаңа ақпарат министрін тағайындады
Абаев қазақстандықтарға: жұмыс пен кредитті уайымдамаңыздар
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады? Балаева түсіндірді
Біз барлығына дайын болуымыз керек - Абаев 
Армения премьер-министрі Никол Пашинян

Тоқаев Армения премьеріне коронавирустан сауығып кетуін тіледі

22
Мемлекет басшысы Никол Пашинянның коронавирустан емделіп, қызметіне қайта оралатынына сенетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус жұқтырған Армения премьер-министрі Никол Пашинянға тезірек сауығып кетуін тіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Армения премьер-министрі Никол Пашинянның тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Ол өз қажыр-қайратының арқасында дерттен құлан-таза айығып, достас Арменияның игілігі жолындағы қызметіне қайта оралады деп сенемін", - деп жазды мемлекет басшысы Twitter-де.

Бұған дейін Армения премьерінің коронавирус жұқтырғаны хабарланған еді. Пашинянның айтуынша, ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Коронавирус белгілері байқалмайды. 

Пашинян резиденцияда қашықтан жұмыс істейтінін айтты.

Арменияда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланған, режим 13 маусымға дейін ұзартылды.

1 маусымдағы жағдай бойынша Арменияда COVID-19  жұқтырғандар саны 9492 адамға жетті.

22
Кілт сөздер:
Никол Пашинян, коронавирус, Армения, Қасым-Жомарт Тоқаев
Мария Захарова

Захарова АҚШ-тағы тәртіпсіздікке Ресейді айыптағандарға жауап берді

0
Сонымен қатар Ресейдің сыртқы істер министрлігі Миннеаполис полициясының ресейлік тілшіге көзден жас ағызатын спрейді пайдаланылуына қатысты пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. АҚШ-тағы тәртіпсіздікке Ресейдің қатысы болуы мүмкін деген айыптаулар ақпараттық айла-амалдың лас әдісіне жатады, деп мәлімдеді Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесшісі Сьюзан Райс ешбір дәлел келтірмей-ақ, Америкадағы тәртіпсіздіктің артында Ресей тұруы мүмкін деп мәлімдеді.

Бұл сөздерді Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова "ақпараттық айла-амалдың лас әдісі" деп бағалады, деп хабарлайды РИА Новости.

Ол АҚШ-тағы орыс тілді "әлеуметтік желілер" сол елде тіркелгенін және оның бәрі де заң жүзінде реттелетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, Ресейдің сыртқы істер министрлігі Миннеаполис полициясының РИА Новости тілшісі Михаил Тургиевке көзден жас ағызатын спрейді пайдаланылуына қатысты пікір білдірді. 

"Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған АҚШ-тағы наразылық акцияларын жариялау кезінде полицияға қатысты зорлық-зомбылық пен журналистерге қатысты негізсіз ұстанымдардың көбеюіне алаңдаушылық білдіреміз. Біз қызметтік куәлігін көрсетсе де, АҚШ құқық қорғау органдарының арнайы құралдарды – резеңке оқ пен көзден жас ағызатын аэрозольді БАҚ өкілдеріне қарсы қолдануын өрескел қателік деп санаймыз", – делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік журналистердің қауіпсіздігі мен кедергісіз қызметін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді де еске салды.

"Америкалық құзырлы органдар оқиғаға қатысты егжей-тегжейлі тергеу жүргізеді деп үміттенеміз. Сонымен қатар тиісті халықаралық құрылымдар мен адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйымдарды осы озбырлықты жауапсыз қалдырмауға шақырамыз", – делінген ақпаратта.

Көзден жас ағызатын газ қолданылды

Миннеаполис полициясы жаппай наразылық туралы оқиға орнынан хабар таратып жүрген журналистерге, оның ішінде VICE телеарнасының түсіру тобы мен РИА Новости тілшісі Михаил Тургиевке көзден жас ағызатын спрейді әдейі қолданғаны туралы хабарланған болатын.

Кейіннен осы сәттің видеосы интернетте жарияланды.

Көп ұзамай Миннесота губернаторы Тим Уолц құқық қорғау органдарының қызметкерлері шабуыл жасаған БАҚ өкілдерінен кешірім сұрады.

Ал зардап шеккен Михаил Тургиев болса, оқиғадан кейін: "Бәрі қалпына келді, көру қабілетім бұзылған жоқ", – деп өзінің жағдайынан хабардар етті.

Наразылық неден өршіді?

Миннеаполис пен АҚШ-тың тағы бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздік 25 мамыр күні афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталды.

Полицейдің жерде жатқан Джордж Флойд есімді азаматтың мойнын тізесімен басып, тұншықтырып жатқаны түсірілген видео интернетте кеңінен таралды. Ол ауа жетпей, өзін нашар сезініп жатқанын айтқанымен, полицейлер оны босатпайды. Кейін Джордж Флойд реанимацияда қайтыс болды.

Оқи отырыңыз: АҚШ-та Қазақстаннан көшіп барған жасөспірімді тапа-тал түсте өлтіріп кетті

Ал 29 мамыр күні Флойдты ұстаған полиция қызметкері қамауға алынды. Оған абайсызда кісі өлтірді деген айып тағылып отыр. Тағы төрт адам жұмыстан босатылды.

Осы оқиғадан кейін ел аумағында жаппай тәртіпсіздіктер басталды.

Демалыста Миннеаполис пен көршілес Сент-Пол қаласында коменданттық сағат жарияланды.

0