Сомнолог Әлия Байдәулетова

"Өліп кетуі мүмкін". Сомнолог түнгі 12-ден кейін ұйықтайтындарды сақтандырды

14772
(Жаңартылды 13:43 04.10.2019)
Дәрігер түнде жұмыс істейтіндер ұйқысыздық, жүрек-қан тамырлары аурулары, қан қысымы, қант диабетіне шалдығуы мүмкін екені мәлімдеді  

НҰР-СҰЛТАН, 4 қазан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Жоғары санаттағы дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, сомнолог Әлия Байдәулетова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында уақытында ұйықтап, уақытында тұру неліктен маңызды екенін айтты.

Ұйқы – ем

Медицина саласында 19 жыл еңбек өтілі бар дәрігер дұрыс ұйықтау адам организмі үшін өте маңызды екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйқының көптеген функциясы бар.

"Ұйқы – ем. Біріншіден, ол адамның ағзасын қалыпқа келтіреді. Терең ұйқы кезінде, яғни түннің алғашқы жартысында иммунды қорғаныс жүйесінің күшеюіне ықпал ететін гормондар бөлінеді. Ал адам түнгі 12-ден кейін ұйықтаса, оның иммунитеті төмендеуі мүмкін. Ағзада май, көмірсу, ақуыз алмасуына жауап беретін гормондар да бар. Олар да ұйқының нақты фазасында бөлінеді. Егер адам белгіленген уақытта ұйықтамаса, ол артық салмақ жинауы мүмкін", - дейді Әлия Байдәулетова.

Сомнологтың айтуынша, ұйқыны күтіп, оны бақылап отыру керек. Сонда адам оның шарапатын көреді.

Уақытында ұйықтап, уақытында тұру өте маңызды

Дәрігер ұйқы сапалы болу үшін уақытында жатып, уақытында тұруға кеңес береді. Себебі, бір уақытта жастыққа бас қойып, бір уақытта оянған адам өзін әлдеқайда сергек сезінеді. Осы орайда ол "сапалы ұйықтау" түсінігіне тоқталды.

"Бұл – уақытында тұрып, уақытында ұйықтау. Бізде адамдар кешкі 9-ға дейін және 9-дан кейін ұйықтайтындар деп екіге бөлінеді. Бұл уақытта организмде ұйқы гармоны мелатонин бөлінеді. Бұл кешкі сағат 9-дан түнгі 11-ге дейінгі уақыт. Яғни сапалы ұйықтау үшін ең қолайлы уақыт. Сондықтан режимді сақтау маңызды", - дейді сомнолог.

Әлия Байдәулетова ересек адамдар 7,5 сағат ұйықтаса жеткілікті екенін жеткізді. Оның айтуынша, адамдар ең аз дегенде 6,5 сағат, ең көп дегенде 9 сағат ұйықтауы мүмкін. Бұл адам организмінің ерекшелігіне байланысты.

Ұйқы неге қанбайды?

Ол сонымен қатар кейбір адамдар 7-8 сағат ұйықтаса да неге ұйқысы қанбай, дел-сал болып тұратынын түсіндірді. Дәрігер адамның миында ұйқыға және сергектікке жауап беретін орган бар екенін атап өтті.

"Адамның ұйқыдан сергек оянуы осы екі органның бір-бірімен тығыз жұмыс істеуіне байланысты. Олар бір-бірімен нейромедиаторлар немесе гормондар арқылы байланысады. Егер адам уақытында тұрмаса, гормондар жиналады да ешқайда кетпей тұрып қалады. Салдарынан тамырлар құрысады. Адам сергек болып оянудың орнына басы ауырып, қан қысымы жоғарылап, дел-сал болып тұрады", - дейді ол.

Ұйқысыздық неден пайда болады?

Сомнолог ұйқысыздық 21 ғасырдың дерті деген пікірде. Заманауи технологиялардың дамуы, адамның ақпаратты үздіксіз түрлі гаджеттер арқылы алуы ұйқысыздық дертінің пайда болуына ықпал етеді. Себебі, ми көп ақпаратты қорыта алмайды.

Тағы оқыңыз: Тәтті және газдалған сусын қандай ауруға шалдықтырады – дәрігер жауабы 

"Бұдан ұйқысыздық дертінің қаупі туындайды. Мен ұйқысыздықтың ауыр түрлерін емдеймін. 3-7 жыл ұйқысыздықтан жазыла алмаған соң, маған келіп жүрген пациенттер бар. Олар ұйқы келтіретін дәріге тәуелді болып қалған. Біз ұйқысыздықты когнитивті терапия әдісі арқылы емдейміз. Оның еш құпиясы жоқ. Пациентке арнайы кесте беріліп, сол бойынша емделеді. Оларға екі кеңес береміз. Біріншісі, төсекте жатудың уақытын шектеу, екіншісі салауатты өмір салтын ұстану", - дейді Әлия Байдәулетова.

Түнде жұмыс істеу организмге салмақ салады

Дәрігер түнгі уақытта жұмыс істейтін мамандық иелерінің қауіпті дертке шалдығу қаупі жоғары екенін айтты. Өйткені, түнде жұмыс істеу организмге артық салмақ түсіреді. Сомнолог ұйқысыз бір күннен кейін ми қалыпқа келуі үшін адам 2-3 күн ұйқысын қандыру қажеттігін айтады.

"Бұл организмге зиян тимеуі үшін керек. Мысалы, ұзақ уақыт түнде жұмыс істейтін мамандық иелері бар. Олар – шахтерлар, метро жүргізушілері, медбикелер, реаниматологтар және тағы басқа. Бұл мамандардың түрлі ауруға шалдығу қаупі жоғары. Оның ішінде ұйқысыздық, жүрек-қан тамырлары аурулары, күретамырлық қысым, қант диабеті ауруы бар", - дейді ол.

Қорылдан адам өліп кетуі мүмкін

Әлия Байдәулетова қорылдың екі түрі бара екенін айтады. Біріншісі, адамның денсаулығына зиянын тигізбейді. Бірақ дәрігерге қаралған жөн. Екіншісі, адамның өміріне қауіп төндіреді. Ол бұл ауруды 16 жыл бойы зерттеп жүр екен.

"Қорылдың бұл түрін "храп остановками дыхания" немесе ұйқының обструктивтикті апноэ синдромы дейді. Пациент ұйықтаған кезде 400-500 рет тыныс алу ритмі бұзылады. Ол түнде 1-1,5 минут демалмауы мүмкін. Бұл ауру артық салмағы бар адамдарда кездеседі. Тыныс тоқтаған соң, жүрек қатты соғады, әрі миға ауа жетпейді. Демалу ритмі бұзылған соң, адам өліп кетуі мүмкін", - дейді сомнолог.

Ол бұл дерттің сипап әдісі арқылы емделетінін жеткізді. Яғни науқас ұйықтар алдында арнайы құралға бекітілген масканы киіп, құралды іске қосады. Маскадан адамға ауа беріліп тұрады. Осылайша, пациенттің түнде тынысы бұзылмайды.

Кофе миға салмақ түсіреді

Сомнолог ұйықтар алдында кофе ішуге кеңес бермейді. Себебі, бұл ұйқыны бұзады.

"Кофе мидағы аденозин рецепторларына әсер етеді. Ол адамның өзін сергек сезінуіне көмектесетін механизмді іске қосады. Миға салмақ түседі. Кофе ішкен кезде ұйқы гормоны мелотаниннің мөлшері төмендейді. Адамға еңбек қабілеті жоғарылағандай көрінеді. Алайда бұл адамның жүйке жүйесіне артық салмақ түсіреді", - дейді дәрігер.

Әлия Байдәулетова түскі үзілісте 15-20 минут мызғып алу артық етпейтінін жеткізді. Ол адамның еңбек қабілетін күшейтіп, күш-қуатын арттырады.

Дәрігердің кеңесі

Сөз соңында сомнолог қазақстандықтарға кеңес берді.

"Дұрыс ұйықтау – денсаулықтың кепілі. Ғажайып болмайды. Тісті қалай күтсеңіз, ұйқыны да солай күтіңіз. Уақытында тұрып, уақытында ұйықтаңыз. Түнде қорыл пайда болмас үшін салмағыңызды қадағалаңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз", - деп түйіндеді сөзін Әлия Байдәулетова.

14772
Кілт сөздер:
ұйқы қанбау
Тақырып бойынша
Мұндай дертке шалдығу қаупі 35 жастан кейін артады  – дәрігерлер дабыл қақты
Дәрігерлер рактан да қауіпті бес ауруды атады
Сүтті шайдың ешкім күтпеген зияны анықталды
Баланы неше жаста сүндетке отырғызу керек – дәрігер кеңесі
Мүлдем ішпеу керек: дәрігер адам үшін аса қауіпті сусынды атады
Архивтегі фото

1 шаршы метрі 100 теңге: әлеуметтік коттедждер кімдерге арналып салынады

17
Президенттің бастамасы іске асатын болса, ауылда жұмыс істейтін азаматтар, әсіресе, көпбалалы отбасылар арендалық коттедждерге ие болады

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. "Нұрлы жер" бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысына арналған бағыты алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Бұған дейін пилоттық жоба аясында коттедждер жекеменшікке сатылса, енді осы санаттағы баспаналар табысы төмен азаматтарға арналып салынады. Президент бұл ретте әсіресе, көпбалалы отбасыларға баса назар аударып отыр. Себебі ондай үй баспана ғана емес, қосымша кіріс көзі де бола алады. Sputnik Қазақстан тілшісі көпбалалы отбасыларға арналған коттедждердің қалай таратылатынын және оның құны қанша болатынын зерделеп шықты.

Биылғы жолдауда мемлекет басшысы "Нұрлы жер" бағдарламасының маңызды бір тұсына тоқталған болатын. Құжатта жеке тұрғын үй құрылысы бойынша біраз шаруа атқару қажеттігі жазылған. Мысалы, кезек бойынша жер учаскесін алып, жеке үй тұрғызуға болады. Ал құрылыс жұмыстарына бас қатырғысы келмейтіндерге дайын коттедж сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бірақ осы жұмыстың бәрін бір ғана нәрсе тежеп отыр. Ол – инженерлік желілер. Су мен электр жүйелері баяу тартылады. Ал заң бойынша жер учаскесінде құрылысты бастау үшін инженерлік желілер болуы шарт. Бұны Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті. Осы орайда президент үкімет пен әкімдіктерге әлеуметтік санаттағы жеке тұрғын үйлерді салу үшін коммуникациялық инфрақұрылымды тездетіп жасақтауға тапсырма берген болатын.

"Жер үй бұл баспана ғана емес, табысы төмен азаматтарға экономикалық демеу де бола алады. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін тиімді. Депутаттардан осы маңызды мәселенің шешілуін бақылауға алуды сұраймын", - деп атап өтті Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы санаттағы баспанамен ауылда жұмыс істейтін азаматтарды қамту қажеттігін жеткізді. Ал арендалық үйлерді жұмыс берушілердің есебінен салып, артынан құрылысқа кеткен шығындарды субсидиялауға ұсыныс жасады.

Дайын үйді жекеменшікке сатып алуға болады

Президенттің бастамасы іске асатын болса, ауылда жұмыс істейтін азаматтарға, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін арендалық коттедждер салынады. Әрине, оған дейін депутаттар осы мәселені бақылауға алып, заңнамаға, атап айтқанда, "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізуі керек. Себебі заңмен бекітілген норма сияқты кепілдік болмаса, жұмыс берушілер – кәсіпкерлер арендалық коттедждерді салуға бара қоймайды.  

Ал осы уақытқа дейін "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында коттедждер қалай салынды? Осы баспана қандай шарттармен сатылды? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, өткен жылы пилоттық жоба аясында үш облыста 253 үй салынған. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында – 54 үй (жалпы ауданы 5,08 мың шаршы метр), Қостанай облысында –163 үй (15,8 мың шаршы метр) және Павлодар облысында –  36 үй (4,6 мың шаршы метр). Сонда ең үлкен коттедждер Павлодар өңірінде салынған тәрізді. Өйткені жалпы ауданын салынған үйлердің санына бөлгенде әрбір коттедждің аумағы 127,7 шаршы метрден шығып тұр.

Оқи отырыңыз: Президент "Нұрлы жер" аясында салынатын үйлерге қатысты ұсыныс жасады 

Биыл осы санаттағы баспананың саны екі есеге өсті. Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша жалпы ауданы 42,6 мың шаршы метр болатын 520 жеке тұрғын үй салынып жатыр. Соның ішінде Павлодар қаласы (37), Талдықорған (48),  Қарасай ауданының Әйтей ауылы (320 үй, соның ішінде 200 үй 2021 жылы пайдалануға беріледі), Арал қаласы (40), Қазалы ауданының Әйтеке би ауылы (40), Жалағаш ауылы (10) және Шиелі кенті (25) бар. Осы жолы да ең үлкен коттедждер Павлодар облысында салынады екен. Әрбір коттедждің орташа ауданы – 159 шарты метр. Ал ең шағын жеке үйлер Қызылорда облысында тұрғызылып жатыр, әрбір типтік коттедждің ауданы небәрі 50 шаршы метр болады. Бұның барлығы – кредиттік баспана. Бұл дегеніміз, әкімдік кезегінде тұрған адамдарға дайын үйді жекеменшікке сатып алуға болады. Ал ақшасы жетпей тұрса, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдікпен кредит алуға мүмкіндік бар. Ондай баспананың бағасы бір шаршы метрі үшін 120 мың теңгеден аспауы тиіс.

Бұдан бөлек, Алматы, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында жүздеген арендалдық коттедж салынып жатыр. Президент дәл осы баспананы жұмыс берушілердің есебінен тұрғызып, артынан олардың шығындарын өтеуді ұсынып отыр.

Коттедждің арендалық ақысы – 15 000 теңге

Бүгінде ол коттедждер жергілікті әкімдіктердің облигацияларынан түскен ақшаға салынып келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі президенттің тапсырмасы бойынша жобаны алдын ала дайындап қойған.  

"Жұмыс беруші үлгілік типтік жоба бойынша алаңы 100 шаршы метрден және жалпы құны 10 миллион теңгеден аспайтын өз қаражаты есебінен тұрғын үй салады. Ал мемлекет үйдің белгіленген құнының 50 процентін субсидиялайды", - дейді министрлік мамандары.

Олардың айтуынша, осы іспетті қолдау шараларының арқасында ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартып, агроөнеркәсіп саласының дамуына қосымша серпін беруге болады.

Айтпақшы, министрлік мамандары арендалық төлемнің мөлшерін де айтты. Қазіргі әдістемеге сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін алынатын бір айдағы төлем мөлшері 1 шаршы метр үшін орта есеппен 100 теңгені құрайды. Демек, Павлодар облысында бір коттедждің арендалық ақысы шамамен 15 000 теңге болады. Оған коммуналдық шығындар кірмейді. Ендігі мәселе, жұмыс берушілер арендалық баспана салуға келісе ме?

17
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, баспана, Нұрлы жер
Тақырып бойынша
Үкіметте жеке тұрғын үй мәселесін шешу жайы талқыланды
Көпбалалы отбасылар баспана алу үшін жеке кезекке тұрады
Атамқұлов Тоқаевқа 61,3 мың отбасының тұрмысы жақсарғанын айтты
"5-10-20" және "7-20-25" бағдарламалары бойынша қалай баспана алуға болады
Ауа райы

Қазақстанда үсік жүреді: алдағы үш күнге ауа райы болжамы шықты

148
(Жаңартылды 15:05 23.09.2020)
Апта соңына қарай елдің басым бөлігінде жауын-шашын біртіндеп тоқтағанымен, республиканың кей өңірлерінде үсік жүреді

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек - Sputnik. Синоптиктер алдағы үш тәулікте Қазақстанда ауа-райының күрт өзгеретінін болжады. Елдің оңтүстік-шығысында қатты жаңбырдың соңы үсікке ұласады.

"Аптаның ортасынан бастап Атлантикалық циклон Қазақстанның солтүстігі мен шығысына әсер етуін жалғастырады. Сондай-ақ, күзгі салқын ауа-райы қалыптасып, жауын-шашын мен жел күшейеді. Ал апта соңына қарай елдің басым бөлігінде ауа-райы батыс антициклонмен анықталады және жаңбыр біртіндеп тоқтайды деп болжанды. Елдің оңтүстік-шығысындағы кей жерлерде үсік жүреді", – делінген Қазгидромет хабарламасында.

Құрғақ және жылы ауа-райы елдің батыс өңірінде ғана сақталады.

24 қыркүйекте мегаполистердегі ауа райы

Нұр-Сұлтанда жаңбырлы ауа-райы сақталады, күндізгі температура: +7 .. + 9 ° C, түнде: +1 .. + 3 ° C. Желдің жылдамдығы 9-14 м / с, күндіз екпіні 15-20 м / с жетеді.

Алматыда күн бұлтты болады, жаңбыр күтілмейді. Температура түнде: +8 .. + 10 ° C, күндіз: +21 .. + 23 ° C.

Шымкентте бұлтты ауа райы сақталады, жауын-шашынсыз. Түнде ауа температурасы: +8 .. + 10 ° C, күндіз: +21 .. + 23 ° C болады. Желдің жылдамдығы: 8-13 м / с.

Күзде ауа-райы қандай болады

Бұған дейін Қазгидромет қыркүйекке арналған ұзақ мерзімді болжамын жариялаған болатын.

Синоптиктердің айтуы бойынша, айдың бірінші жартысында Қазақстанның басым бөлігінде температураның төмендеуі байқалды. Ал енді айдың соңына қарай мұндай ауа райы елдің оңтүстік облыстарында қалыптасады.

Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары болады деп болжанды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, Қостанайдың солтүстігінде, Алматының оңтүстік-шығысында, Жамбыл, Түркістан облысының таулы аймақтарында жаңбыр жиі жауады. Ал Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облысы мен Қарағанды ​​облысының батысында нормадан аз түседі.

148
Кілт сөздер:
ауа райы болжамы, ауа райы