Үздік ұстаздар

"Көзіме жас алдым": үздік атанған ұстаздардың әңгімесі

1501
Бүгін – мұғалімдер күні. Қазақстанда осы мейрам жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik, Арман Асқар. Кәсіби мерекеге орай "Үздік педагог - 2019" республикалық байқауының қорытындысы да шығарылған болатын. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген 2019 жылдың үздік ұстаздары осы дәрежеге жетудің құпиясымен бөлісті.

Биылғы конкурсқа республика бойынша 4 мыңға жуық педагог қатысты. Олардың ішінен 633 ұстаз облыстық турға өтсе, финалда 178 педагог бас сынасты. Сөйтіп, 64 адам үздік ұстаз атанған болатын. Жеңімпаздарға арнайы төсбелгі мен марапаттау қағазы табысталды. Бұдан бөлек, әрбіреуіне 1000 айлық есептік көрсеткіш (2 миллион 525 мың теңге - Sputnik Қазақстан) көлемінде сыйақы беріледі.

"Интернет бәрімізді теңестірді"

Жеңімпаздардың ішінде Түркістан облысының Созақ аудандық мектеп-гимназиясының информатика мұғалімі Роман Қадырқұлов та бар. Оның еңбек өтілі 20 жылдан асып кетті. Бірінші болып информатикадан оқулықты қазақ тілінде жазып шықты.

Роман Қадырқұлов
© Sputnik / Абзал Калиев.
Информатика пәнінің мұғалімі Роман Қадырқұлов марапаттау кезінде көзіне жас алғанын айтады

"Соңғы үш жылдың ішінде мен жаңартылған білім мазмұны бойынша алты оқулық жаздым. Қазір сол оқулықтар бойынша республика мектептерінде сабақ беріледі. Негізі, осы саладағы оқулықтардың көбі аудармамен жазылады, яғни орысшадан қазақшаға жиі аударылады. Мен болсам, таза қазақ тілінде жазып шықтым. Содан барып оны орысшаға аударды. Қазақшадан орысшаға аударатындар аз екен. Ондай адамды әзер таптық қой", - деді Қадырқұлов.

Бүгінде Роман Аулауұлы мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін де атқарып жүр. Ал оның шәкірттері республикалық олимпиада деңгейінде жүлделі орындарды жеңіп отырады.

Тағы оқыңыз: Білім министрі қай мұғалімді үлгі тұтатынын айтып берді

"Мен өзім марапаттау кезінде көзіме жас алдым. Осы жетістікке қандай еңбекпен келдім? Не істедім? Қанша ауыртпалық болды? Бәрін еске алып жатырмын. Сөйтсем, 20 жылдың ішінде мен дайындаған 51 оқушы байқауларда бірінші орын алып, жүлдегер атанды. 25 бала облыстық деңгейде топ жарды. Республикаға шыққандар да аз емес. Мысалы, облыста үш қазақ-түрік лицейі және сегіз "Дарын" мектебі бар. Солардың бәрін жеңіп отырдық. Бізде қарапайым ауыл мектебі ғой", - дейді Қадырқұлов.

Ұстаздың айтуынша, бүгінде интернеттің арқасында қала мен ауыл мектебінің мүмкіндігі теңесіп отыр. Осының бәрін тиімді пайдалана білу керек. Бастама көтеріп, бар ынтамен жұмыс істеген дұрыс. Сонда нәтижесі де болады.

Шаблонмен жұмыс істемеу керек

Ақтөбе қаласының №9 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Михайлова да үздіктердің қатарынан көрінді. Ол ұстаз жолын таңдағанына бірде-бір рет өкінген емес.

Награждение педагогов
© Sputnik / Абзал Калиев.
Бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Михайлова ұстаз жолын таңдағанына бірде-бір рет өкінген емес

"Мен бала кезімнен мұғалім болуды армандадым. Әрине, алғашқы мұғалімнің әсері де болды. Әлі есімде, үйге келгесін қуыршақтарымды отырғызып, сабақ өткізетінмін. Сөйтіп, дәл сол бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдадым. Отбасымызда педагог болған жоқ. Барлығы - теміржолшылар. 23 жылдың ішінде мұғалімдікті таңдағаныма өкінген емеспін", - деді Михайлова журналистерге берген сұқбатында.

Михайлованың жеке жетістіктері аз емес. Бұған дейін облыс бойынша екі мәрте үздік мұғалім атанған болатын. Аймақ басшысының сыйақысын алды. Аттестация бойынша шебер-педагог дәрежесін алып шыққан. Осыдан алты жыл бұрын "Қазақстанның білім беру саласына еңбегі сіңген қызметкері" атағына ие болды. Әдеби оқу бойынша оқулық жазып шықты. Биыл Татьяна Михайлова магистратураны тәмамдаған.

Тағы оқыңыз: Мұғалімдер бірқатар жеңілдіктен қағылды – министр себебін түсіндірді

"Меніңше, мұғалім ең алдымен ата-аналармен тіл табыса білуі керек. Сосын авторитарлы стиль болмауы тиіс. Барлығымен бірдей сөйлескен дұрыс. Өзара түсіністік пен құрмет болса, жұмыс та жүреді. Әрине, жалақы үшін емес, мамандық үшін жұмыс істеу керек. Өзім бір шаблонмен жұмыс істегенді ұнатпаймын, үнемі жаңалық іздеп, соны күнделікті жұмысқа енгізуге тырысамын. Бәлкім, соның нәтижесінде бүгінгі дәрежеге жеткен шығармын", - деді Михайлова.

Болашақты ойлаған адам сапалы білім береді

Қызылорда облысының Еркін Әуелбеков атындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының физика-математика мұғалімі Гүлзина Бекмұхаметова осы салаға 33 жыл бұрын келген. Бүгінде шебер-педагог санатына құжат тапсырып қойған. Аттестацияға қатысып, 93 ұпай жинады. Сонымен қатар, "Үздік педагог - 2019" республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанып отыр.

Гүлзина Бекмұхаметова
© Sputnik / Абзал Калиев.
Қызылордалық ұстаз Гүлзина Бекмұхаметова тоғыз кітап жазған

"Мен бұл конкурсқа алғаш рет қатысып отырмын. Алдымен мектептің ішінде, одан кейін облыстық іріктеу болды. Сөйтіп, республикалық байқауға жолдама алдық. Мұғалімдерге айтарым, аянбай еңбек ете беріңіздер. "Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға" демекші, еңбектің жемісін міндетті түрде көресіздер. Мәселен, менің балаларым 14 ғылыми жобаны ұтып алды. Өзім кітап пен оқулық шығардым. 9 кітабым бар. Менің жеңісім барлық ұстаздар қауымының еңбегі деп білемін", - дейді Бекмұхаметова.

Ал Еркебұлан Ертаев Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылшаруашылық колледжінде ветеринарлық пәндер бойынша сабақ береді. Еңбек өтілі – 9 жыл. Оның айтуынша, үздік ұстаз атану үшін талап керек. Ал болашақты ойлаған мұғалім сапалы білім беруге тырысады.

Еркебұлан Ертаев
© Sputnik / Абзал Калиев.
Еркебұлан Ертаев үздік ұстаз атанудың құпиясымен бөлісті

"Ең бірінші таудай талап керек. Алға нақты мақсат қоя білу керек. Сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етсеңіз, мұратыңызға жетесіз. Шаршасаңыз, алдағы мақсатты еске түсіріп, ары қарай жұмыс істей беру керек. Сонда нәтижесі де болады. Енді, біз болашақты армандап, бәрі жақсы болсын деп тілейміз ғой. Қазір балаларды қалай тәрбиелеп оқытсақ, болашақта дәл солай өмір сүреміз. Сондықтан болашақты ойлайтын адам сапалы білім беруге тырысады", - дейді Ертаев.

Сайтымызда "Үздік педагог - 2019" республикалық байқауында жеңіске жеткен мұғалімдердің толық тізімі жарияланған болатын.

1501
Кілт сөздер:
миллион теңге, жалақы, үздік педагог, мұғалімдер
Тақырып бойынша
"Айлығым – мың доллар": астаналық ұстаз қалай жоғары жалақы алып отырғанын айтты
Білім министрі қай мұғалімді үлгі тұтатынын айтып берді
Осы айда мұғалімдердің жалақысы қалай өзгереді?
Білім министрі оқуды қызыл дипломмен бітірген мұғалімге жұмыс тауып берді
Екі жарым миллион теңге алатын мұғалімдердің есімдері белгілі болды
Жайылымда жүрген сиырлар, архивтегі сурет

Моңғолия мен Қытайда өршіген оба Қазақстанға қауіп төндіре ме

41
Қазақстан азаматтары Моңғолия мен Қытайда обаның өршуіне байланысты алаңдаушылық танытып, әлеуметтік желілерде ақпарат таратуда

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Моңғолия мен Қытайда оба өршіді. Арнайы түсініктеме берген ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық шаралар мен азық-түлік қауіпсіздігін ұйымдастыру басқармасының жетекшісі Салтанат Әбілқасымова Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай обаның өршуіне әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Тарихи аумақ тұрғысынан алғанда Қазақстан жануарлар обасының таралуы үшін қолайлы болып тұр. Сондай-ақ, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы бүкіл әлемде ірі қара обасының жағдайын қауіпсіз деп таныды. Барлық елдерде мұндай мәртебе бар",– деді Әбілқасымова.

Сонымен қатар, Қазақстан африкалық шошқа обасы бойынша қауіпсіз ел мәртебесіне ие болғанын атап өтті.

"Мемлекеттік ветеринарлық инспекция бірқатар бақылау және қадағалау функцияларын, сондай-ақ профилактикалық шаралар мен диагностикалық сынақтарды жүргізеді. Аурудың алғашқы белгісі анықталғаннан бері жағдай бақылауда",– деп түйіндеді Әбілқасымова.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында ауыл тұрғындарының сиырын ауру деп әкетіп жатыр

Бұған дейін Қытай билігі Ішкі Моңғолия автономиялық аймағында қойшының бубон обасымен ауырғаны туралы хабарлады. Ал Моңғолияда аталған ауруға күдіктенген үш жағдай анықталды.

Айта кетейік, бубон обасы бактериядан туындайды және антибиотиктермен тиімді емделеді.

41
Кілт сөздер:
Қытай, Моңғолия
Тақырып бойынша
ЕАЭО мен Қытай шекарасы арқылы тыйым салынған тауарларды өткізуге бақылау күшейеді
Моңғолия президенті барлық зейнеткердің кредитін жауып берді
Ірі қара малдың 2 мың терісі тиелген жүк көлік Қырғызстан шекарасында тоқтатылды
Ақтөбе облысында асыл тұқымды ірі қара мал неден қырылып қалды?
Байқоңыр маңында оба анықталған жоқ
Дәрігер, коронавирус

"Бұл екінші толқын емес": дәрігер Қазақстандағы коронавирус эпидемиясы туралы айтты

3448
(Жаңартылды 21:12 09.07.2020)
6 шілдеде Ресей дәрігерлері Қазақстандағы қазақ әріптестеріне көмектесу үшін келді. Реабилитологтар, инфекционистер, пульмонологтар, эпидемиологтар елімізде қай уақытқа дейін болатын белгісіз

АЛМАТЫ, 9 шілде – Sputnik, Ксения Воронина, Айгерім Таубай.  Ресейдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев Қазақстандағы екі күндік жұмыстың қорытындысы бойынша қауіпті індетті қашан жеңуге болатынын айтты. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында маман Қазақстандағы коронавирустың өршуі расымен де инфекцияның екінші толқыны ма деген сұраққа тоқталды.

- Қазақстан наурыз айында төтенше жағдай режимін және қатаң карантин шараларын енгізді. Коронавирустың өршуі неден пайда болды?

Әріптестерімнің әрекетін дұрыс немесе қате деп бағалай алмаймын. Қазақстанда дәрігерлердің деңгейі жоғары. Ұйымдастыру үдерісі зардап шегіп жатыр, бірақ барлық жерде олай емес.

Ауруханаларда таза және лас аймақтарды шектеу тиісті дәрежеде сақталмаған. Науқастардың қозғалысымен басқа жерге ауыстыру кезінде логистикада ерекшелік бар. Жалпы жаңа денсаулық сақтау басшылығы бұл мәселелерді білетінін көріп отырмын. Алексей Цой мен оның орынбасарлары мұны толық түсініп, шешіп жатыр.

Заместитель министра здравоохранения России Олег Гриднев
© Sputnik / Владислав Воднев
Ресейдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев

Вирустың өршуі, ең алдымен, бастапқыда енгізілген шектеулердің ерте алынып тасталуымен байланысты. Шектеу шараларының барлығы коронавирус инфекциясының таралуын созу үшін жасалды. Бір мезгілде медицинаға, стационарлар мен емханаларға, дәріханаларға салмақ түспеуі үшін қабылданды.
Шамасы, бұл кезеңде сақтық шаралары сақталмады, барлық режим, шектеу жеңілдетілді.

-  Қазақстанда екінші толқын уақытынан бұрын басталды ма?

Мұны екінші толқын деп атауға болмайды. Бұл әлі де болса бірінші толқын. Біз халықты иммундау аяқталғанша, аурудың әріқарай тарай беретінін түсінуіміз керек.Оны иммундау немесе фармацевтика тоқтата алады. Яғни, бұл вирусты емдейтін вакцина немесе препараттар тоқтатады.

- Ресей тәжірибесі Қазақстанға нені үйрете алады?

Пандемияның барлық ел үшін жаңа тәжірибе екенін түсіну қажет. Бұған ешкім алдын ала дайын болған жоқ. Біз де мұның бәрін бірден білген жоқпыз. Осы жолдан өтіп, қандай да нәтиже болғаннан кейін айтып отырмыз.

Ресей Шереметьевода алғаш өз тұрғындары мен шетелдік туристерде инфекция табылған сәттен бастап күресті қолға алды. Мәскеудегі өршулер және басқа да аймақтар бойынша тәжірибе бар, төсек-орын ашу, оттегі және жасанды тыныс алу аппаратымен жабдықтау, емдеуді таңдау жолынан өтті. Бізде емдеу хаттамасы жеті рет өзгерді, Қазақстанда 10 рет ауысты. Демек, Қазақстанда да үдеріс бір орында тұрған жоқ, адамдар жұмыс істеп жатыр.

Ресей мен Қазақстандағы емдеухаттамалары қаншалықты ұқсас?

Емдеу хаттамалары бір-біріне ұқсас, алайда мерзім жағынан аздаған өзгеріс бар. Әлем бойынша хаттамалар бір-біріне ұқсас.

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын емдеу үшін гидроксихлорохин, лопинавир және ритонавирді сынақтан өткізуді тоқтатты, оларды тиімсіз деп атады. Бірақ бұл препараттар, атап айтқанда,  гидроксихлорохин қазақстандық және ресейлік хаттамаларда да бар. Неге?

Расымен де, гидроксихлорохин бойынша сұрақтар туындап жатыр. Бірақ олар пандемия кейбір елде азайған кезде пайда болды. Бұл сұрақтар оны пайдалану барысында да қойылды.

Бұл дәрінің жанама әсері бар екенін, әсіресе, жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін ауыр препарат екенін түсіну керек. Біз осыны түсініп, беру мөлшерін азайттық, қолдану көрсеткішін төмендеттік. Оны науқас жасын қатаң бақылау арқылы амбулаторлық кезеңде қолдануға ауыстырды. Бұл дәрі жастарға тағайындалатын болды. Соған қарамастан, біз оны хаттамада алып қалдық, себебі дәрінің тиімділігін көріп отырмыз.

Ал қазақстандық дәрігерлер бұл дәріні аурудың ерте кезеңінде тиімді екенін білгендіктен хаттамада қалдырды. Бұл аурудың пневмонияның ауыр түріне ауысып кетпеуі үшін қажет.

Қазақстанда жазда инфекция таралуы бәсеңдеп, әсіресе, ыстық елдімекендерде аурушаңдық азаяды деген болжам жасалды. Сыртқы факторлардың коронавирустың таралуына қандай да бір әсері бар ма?

Температура мен ауа райы вирустарға әсер етпейді. Иммунитеті қалыптаспаған, яғни инфекция жұқтырмаған адамдар бар кезде вирус та тарала береді.

Халықтың 60%-і инфекция жұқтырған кезде бұл вирусты тоқтатып, баяу таралуына әкелетін популяциялық иммунитет қалыптасады. Бұл жағдайда оларға міндетті түрде ауырып шығудың қажеті жоқ. Ол ауру белгілерінсіз де өтуі мүмкін. Ондай жағдайда ол әдеттегі ЖРВИ сияқты болады.

- Пандемиямен күрестің осы кезеңіне қарап қандай қорытынды жасауға болады?

Талдауды кейін жасаймыз, қазір адамдарды емдеп, өмірін құтқарып, әріқарай таралмауы үшін алдын алу қажет. Ауру азайған жағдайда да төсек қорының, жабдықтардың, дәрі-дәрмектердің және қорғаныс киімдерінің қорын сақтауға дайын болатын тұрақты денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырып, байсалды түрде жұмыс істеу қажет.

 

3448
Кілт сөздер:
эпидемия, Қазақстан, дәрігер, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Дәрігер коронавирус кезінде нені жеуге болмайтынын айтты
Үкімет Қазақстанның бір облысында карантинді күшейтуді тапсырды
COVID-19: дәрігерге дер кезінде бармау неге әкеп соғады
Пандемия басталғалы 132 түркістандық дәрігер вирус жұқтырды
"Үлкен ауыртпалық түсіп жатыр": Шөкеев шекарадағы жағдайға алаңдады