Иллюстративті фото

Депутаттар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басты кемшілігін атады

917
(Жаңартылды 13:43 07.10.2019)
Депутаттардың пікірінше, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бағдарламасы ауыл халқының қалаға көшуін күшейтіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Парламент мәжілісінің депутаттары тұрғын үй жинақ жүйесінің кемшін тұстарын атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілісте өткен үкімет сағатында бірнеше депутат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ауылды жерлерде баспана салмайтынын жеткізді. Соның салдарынан жастар жаппай қалаға көшіп жатыр. Ал ауылға жас мамандар келмесе, жергілікті жердің жағдайы көтерілмейді.

"Бүгінде ауылды жерлерде халықтың жартысы тұрады. Осы уақытқа дейін ауыл халқының 10 проценті ғана жинақ жүйесі бойынша кредит алды. Олардың көбісі қалаға көшіп кетті. Демек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бағдарламасы ауыл халқының қалаға көшуін күшейтіп отыр. Қазір Нұр-Сұлтан, Шымкен пен Алматыда жұмыс істейтін жастарға пәтер береміз деп жатырмыз. Ол да жастардың қалаға жаппай көшуіне жағдай жасайды. Сондықтан ауылда тұрғын үй салу бағытын дамытудың уақыты келді деп ойлаймыз", - дейді депутат Сапар Ахметов.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимованың сөзіне қарағанда, банк күн сайын 150-300 заем беріп отырады. Осылайша, күнде жүздеген адам өз баспанасына кіреді.

"Бізде жинақ есепшотын ашқан ауыл тұрғындары да аз емес. Олар барлық салымшының 20 процентін құрайды. Ол жағынан Алматы, Жамбыл пен Солтүстік Қазақстан облыстары жақсы жұмыс істеп келеді", - деп атап көрсетті Ибрагимова. 

Банк басшысы ауыл тұрғындарына, көбінесе, облыс орталығынан баспана алуға ұсыныс жасалатынын да мойындады. Себебі жинақ жүйесі бойынша үйлердің басым бөлігі ірі қалалар мен облыс орталықтарында салынады. Мәселен, Ақтөбе қаласында ауыл мұғалімдеріне арналған тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Депутат Владимир Божко да осы мәселеге баса назар аударды. 

"Енді қараңыз, Ақтөбеде ауыл мұғалімдеріне арналған пәтерлер бөлінді. Олар ауылдан кетеді. Демек, жергілікті мектептер педагогсыз қалайын деп тұр. Дәл осы мәселеге баса назар аудару керек. Ондай болған дұрыс емес. Одан да баспананы ауылда салыңыздар. Сонда мамандар ауылда қалады", - деді Божко.

Тағы оқыңыз: Экономист зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру баспана мәселесін шешпейтінін мәлімдеді

Ал депутат Екатерина Никитинская тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша кредит алудың машақаты туралы айтып берді. Оның айтуынша, Қостанай облысында жас маман бес жылдың ішінде 20 проценттік алғашқы жарна – 2,8 миллион теңгені жинаған. Одан кейін Заречный кентінде 16 миллион теңге тұратын пәтерге өтініш берген. Бірақ банк оның өтінішін мақұлдаған жоқ.

"Себебі отағасы төрт адамды асырып отыр. Сосын жалақысы 350 000 теңге болуы керек деді. Бұдан бөлек, банк бірнеше кепілгерді алып келуге кеңес берді. Қостанайда орташа жалақы 80 000 – 100 000 теңгені құрайды. Сонда жастар бұл бағдарламаға қалай ілігеді?", - деді Никитинская.

917
Кілт сөздер:
ауыл, депутаттар, баспана, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі
Тақырып бойынша
Кімдерге зейнетақы жинағын алуға рұқсат берілетіні айтылды
Аналармен жанжалдасқан әкім орынбасары енді не істейтінін айтты
Банк басшысы 2%-тік ипотека алғысы келетіндерге аса маңызды үш кеңес берді
Қанат Ислам көпбалалы ананың арманын орындады
Көлгінов астанадағы қолжетімді баспана кімге берілетінін айтты
Қазақстандықтарға жеке үй салуға 40 мың жер учаскесі беріледі
Загрузка...