Архивтегі фото

"Менің ісім емес екен": Кәсібі бар жұлдыздар туралы не білеміз?

437
Бүгінде отандық шоу бизнесте "бренд" сөзі сәнге айналды. Олар өз есімдерін брендке айналдыру үшін барын салып, кәсіп ашып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Қазір танымал әншілер өнер мен кәсіпті қатар алып жүруге тырысады. Себебі кәсіптен түскен қаржы қосымша мүмкіндіктерге жол ашады. Бизнесте бағын сынап жүрген әншілер кімдер, олар қандай салада еңбектеніп жүр? Sputnik Қазақстан тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қайрат Нұртас: KN бренді

Халық арасында хит әндерімен танымал болған Қайрат Нұртас 2013 жылдың қазанында сән саласында бағын сынап көруге бел буды. Сол жылы Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде Kairat Nurtas бутигі ашылды. Мұнда KN брендімен әншінің киімдері сатыла бастады.

Жаңа киім желісіне дайындық Қайрат Нұртастың өмірі мен шығармашылығын баяндайтын "Өкініш" фильмінің премьерасынан соң басталған.

Әншінің фирмалық бутиктерінде ерлер, әйелдер киімдерімен қатар, аяқкиімдер мен сөмкелер сатылады. Ондағы ең арзан зат шұлық екен. Оның бағасы – 1500 теңге. Мұндағы ең қымбат киім – әйелдерге арналған фрак, құны – 250 мың теңге.

Алайда 2014 жылдың шілдесінде Алматыдағы сауда орталықтарында орналасқан әншінің киім дүкендері жабылып қалды. Оған сауда орындарындағы жалға алу құнының өсуі себеп болған көрінеді.

2018 жылдың 28 желтоқсанында Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова Instagram желісіндегі жеке парақшасында киімдерін 50%-тік жеңілдікпен сататынын айтып, хабарландыру жасаған. Оның арасында KN брендінің киімдері де бар. Олар 70 және 90% жеңілдікпен сатылды.

"KN киімдері 70 және 90% жеңілдікпен сатылады. Мысалы 14 мыңның ерлер жейделері 2500 теңгеден, 25 мың теңгелік жемпірлер 5 мыңнан, әйелдер көйлектері 3000 теңгеден де табылады. Бұл жерге әлі ілінбегендері қаншама", - деп жазды әншінің анасы.

Димаш Құдайберген: Dimash шайы мен DQ Scent of Music әтірі

Әлемді ерекше дауысымен мойындатқан жас әнші Димаш Құдайберген де жеке кәсіпті қолға алды. 2018 жылдың күзінде Dimash шайын шығара бастады. Бұл жаңалықты әлеуметтік желіде эстрада жұлдыздары жарыса жазды.

"Ұлым екеуіміз Димаш шайының таныстырылымына келдік. Қанат, Света, Димаш сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Аллам тек тіл-көзден аман қылсын", - дейді Айгүл Иманбаева.

Ал осы жылдың күзінде Димаш Құдайберген француз парфюмерлерімен бірігіп DQ Scent of Music атты әтірді шығарды. Қазақстандық БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, бір флаконның бағасы – 85 доллар (33 065 теңге, 1 доллар – 389 теңге).

Айдар Тұрғанбек: "Айдар" шайы 

"Жігіттер" квартетінің мүшесі Айдар Тұрғанбек 2016 жылдың жазында шай шығарумен айналыса бастағанын хабарлаған.

"Жақын арада еліміздің әр сауда орындарында "Айдар" шайы сатылымға шығады. Өнермен бірге қатар алып жүретін бұл менің жеке кәсібім. Бұл салада да біраз жетістікке жетсек деген жоспар бар. Кәсіпкерлік сапарыма сәттілік тілеп қойсаңыздар, қуанып қалар едім", - деп жазды әнші Instagram желісіндегі жеке парақшасында.

Тағы оқыңыз: Бағдат Сәмидинова "халтурщик" әншілер деп кімдерді айтты? 

Алайда 2017 жылдың жазында әнші бұл кәсібін тастап кетті. Оның айтуынша, оған уақыт тапшы болған.

"Бір жігіттің ұсынысымен шай өндірісін бастадық. Адам пенде, бір байып қалғысы келеді. Солай байып көреміз деп аштық, бір жылдай істедік. Соңғы жағында менің ісім емес екенін түсіндім. Өйткені ойым басқада болды. Өнерімнің қалып бара жатқанын түсіндім. Отбасыма да уақыт бөле алмай қалдым. Соңында мұны істемей-ақ қояйын деп шештім", – дейді Айдар Тұрғанбек "Медиаметрикс" радиосына берген сұқбатында.

Сондай-ақ ол бизнесін жүргізу барысында ешкімді алдамағанын, сапалы өнім шығарғанын атап өтті.

"Ең бастысы, сапалы шайларды алдырып, өнім шығардық. Халықты алдамайықшы дедім. Өйткені қиянат қой. Сондықтан бір алған адам қайта-қайта сұрай берді", – деді әнші.

Төрағали Төрәлі: Toresh бренді

Кәсібін ашпастан бұрын жұртшылыққа "Ұлы дала баласы" есімімен танылған Төреғали Төреәлі 2018 жылы "Ұлы дала комедиясы" атты фильм түсірді. Басты рөлді өзі сомдады. Сол жылдың 18 қазанынан Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетілді. Алайда әнші кино арқылы пайда табу қиын екенін журналистерге ашық айтты.

"Табыс көзі ретінде қарауға қиын. Шығын шықты. Өзіміздің маңдай терімізбен, табан етіміз мүжіліп, қажалып жүріп тапқан, Алланың бергенін жұмсап жатырмыз", - дейді ол 31 телеарнаның "Айта берсін" бағдарламасына берген сұқбатында.

Кейін әнші Toresh брендін дамытуға кірісті. Брендтің аясында шай, хош иісті иіссу, футболка, кепка, тақия кіреді. Журналистерге берген сұқбатында Төрағали Төрәлі иіссу шығару жобасы әкесінің, ал шай шығару анасының идеясы екенін хабарлаған. Тіпті, әнші Instagram желісіндегі жеке парақшасында әтірінің қымбат тұратынын жазған.

"Бұл әтір өте қымбат әрі сапалы май қоспаларынан жасалған. Хош иісін ұстап тұру мерзімі кем дегенде 2-3 күн", - делінген жазбасында.

Бағлан Әбдірайымов: той орталығы

"Жігіттер" квартетінің мүшесі 2017 жылдың жазында той орталығын ашты. Тіпті, оған өз есімін берген. Бұл туралы әлеуметтік желіде Айнұр Тұрсынбаева жазды.

"Адамның артынан артық әңгіме айтпайтын, бос сөзді бойына жуытпайтын, екіжүзділіктен ада, атағына абыройы сай, азамат деген атына лайықты тірлікпен ғана жүретін парасатты Бағлан бауырымыз үлкен той орталығын ашып жатыр. Оразадағы бастаманың игілігін көр!" – деп жазды ол жеке парақшасында.

Қыдырәлі мен Қарақат: Balbala және мектеп-студия

Отандық шоу бизнестегі алғашқы продюсерлердің бірі, әнші Қыдырәлі Болманов ойыншық бизнесінде де бағын сынап көрген еді. Кейін ол Balbala батереяларын шығарып, сата бастады. Оның айтуынша, бұл батереялар екі есе қуатты, әрі екі есе арзан.

Оның жұбайы Қарақат Әбділдина жеке мектеп-студиясы бар. Болмановтың Instagram желісіндегі жеке парақшасындағы мәліметіне сәйкес, алғашқы мектептің негізі осыдан 12 жыл бұрын Астанада қаланыпты. Ал бүгінде олардың саны 10-ға жуықтаған. Онда екі мыңға жуық шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Мұнда оқушылар әртүрлі ұлттық аспаптарда ойнап үйреніп, би, актер шеберлігі сынды пәндерден тәлім алып, ән айтуды үйренеді.

Тағы қандай әншілердің жеке кәсібі бар

Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, әнші Жазира Байырбекованың мерекелік көйлектерді жалға беретін салоны, әнші-сазгер Роза Әлқожаның орамал сататын дүкені бар.

KeshYou тобының бұрынғы мүшесі, әнші Айдана Меденова қызмет көрсету саласында кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол Алматыда "Aidanamedenovabeauty" атты сән студиясын басқарады.

Әнші Інжу қыз-келіншектерге арналған фитнес орталығын ашып, осы салада кәсібін дөңгелетіп отыр.

Танымал әнші Ерлан Көкеевтің жеке мейрамханасы бар.

437
Кілт сөздер:
Гүлзира Айдарбекова, Димаш Құдайберген, Қарақат, Қыдырәлі Болманов, Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, қазақ әншілері
Тақырып бойынша
"Жүрегім ауырады": Қазақ әншілері қартаюға қатысты ойын айтты
Қазақстандық жұлдыздар балаларына қандай ерекше есімдер қойып жүр?
"Аузымыз аңқиып күтетінбіз" Әншілер бала кезде Аяз атадан қандай сыйлық сұрағанын айтты
2018 жылы ерекше образымен жұртты шулатқан қазақстандық жұлдыздар — фото
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты
"Басына бақ қонды": Қазақстанда қандай әншілер бір әнімен жұлдыз болды?
Загрузка...