Уәхит пен Рахилә Қабдырашевтар

Гауһар тойын дүркіретіп тойлады: 60 жыл отасқан қариялардың әңгімесі - видео

791
Астана тұрғындары Уәхит пен Рахилә Қабдырашевтардың шаңырақ көтергеніне 60 жыл толып отыр. Олар таяуда ғана елорданың төрінде гауһар тойын дүркіретіп тойлады

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша, Арман Асқар – Sputnik. Бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған 84 жастағы Уәхит ата мен 78 жастағы Рахилә апа Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, бұрынғы салтпен қалай қосылғанын баяндады. Қариялар бақытты отбасының құпиясын да ашты.

"Қызды ат шанамен іздеуге шықтық"

Уәхит ата мен Рахилә апаның тағдыры ұқсас. Екеуінің де әкелері соғыста қаза болған. Бірақ Рахилә апаның әкесі майданға аттанғанда ол небары алты айлық сәби еді. Ал Уәхит атаның әкесі отбасымен қоштасқанда ұлы енді ғана алты жасқа толды. Араға 18 жыл салып, екеуі кездесіп, шаңырақ көтерген. Ақсақал жас кезінде ағасымен бірге сүйіктісін қалай іздеп шыққанын әңгімелеп берді.

"Сағит деген ағам мені шанаға отырғып алды да, саған қыз тауып беремін деп, күллі ауылдарды аралатты. Ол кезде жасым 24-те. Терісаққан совхозында бір қыз бар дегеннен кейін алдымен соған бардық. Ол үйде бір күн қондық. Дала боран. Мен кешке қарай шешініп, далада қармен денемді ысқыладым. Сөйтсе, қыз соны көріп қалып, мені ұнатпай қойған. Сағит ағам да "Ой, қояншық, өстіп бүкіл қыздарды үркітесің ғой" деп ұрысты. Амал жоқ, басқа ауылға кеттік", - деп еске алды қария.

Осылайша, бұрынғы Қима ауданынан (қазіргі Жақсы ауданы - Sputnik) шанамен шыққан ағалы-інілі 100 шақырымды артқа тастап, Братолюбовка (қазіргі Далабай - Sputnik) деген жерге жеткен.

"Ауылға кірсек, Рахилә шелек ұстап, суға бара жатыр екен. Мен оны бірден байқадым. Ағам да осы қыздың артынан қалмайық деді. Сөйтіп, соның үйіне бардық. Сонда сөйлестік, маған тиесің бе деп бастадым ғой. Тиемін деді. Сол күні алып қаштық", - дейді Уәхит ата.

18 жастағы Рахилә болашақ жарын бірден ұнатқан екен. Үлкен ағасы оқуда болып, үйде анасы екеуі ғана қалға болып шықты. Ал күйеу баланың қатты қуанғаны сонша, қызды алып қашқанда екі аттың ауыздығын салуды ұмытып кетіпті.

Уәхит Қабдырашев
© Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV
Уәхит Қабдырашев

"Содан екі ат қыз алып қашудың көкесін көрсетті. Жанымдағы ағам құлап кете жаздады. Әрең дегенде тоқтаттық, сөйтіп, ауыздығын салып, ауылға тарттық. Ауылға келсек, ел күтіп отыр. Той болды, таң атқанша ұйықтаған жоқпыз. Ол кезде күндіз жастар жиналап, ән айтады, күй шертеді. Одан кейін басқа үйге шақырады. Сөйтіп, бір аптадай тойладық", - дейді Қабдырашев.

Бақытты отбасының құпиясы неде?

"Адам кешірімді болуы керек. Андай-мындайды ішке жинамаған дұрыс. Өмірде бәрі болады. Бірақ өкпе-ренішті бірден шығарып отырған жөн. Оны ішке жинаудың пайдасы жоқ. Әйтпесе, одан да қатты ауырып қаласың. Меніңше, бақытты отбасының құпиясы сол. Сосын төзімді әрі сабырлы болу қажет. Әсіресе, әйел адамға барынша ұстамды болған жөн. Себебі еркектің бақыты – әйел", -  дейді Рахилә апа.

Оның айтуынша, еркектің жұмысы жүрмей тұрса, оны бетіне басуға болмайды. Керісінше, қолдау көрсетіп, демеп отыру қажет.

Рахилә Қабдрашева
© Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV
Рахилә Қабдрашева

"Өзім элеваторда істедім. Оның үстіне үйдің шаруасы бар. Малды қарадық, бие саудық. Қыста мұз ойып, су әкелеміз. Менің бақытыма енем жақсы болды. Қызындай көрді. Қазір мен де келіндеріммен татумын, бір ренжісіп көрген емеспіз", - дейді Рахилә апа.

Уәхит атаның жас кезінде мінезі қатты болған екен. Романтикаға жақын емес, бірақ шаруаға бекем, ісіне адал. Содан екеуі әлі күнге дейін махаббат жайында бір-бірімен ойнайды. Әжеміз "жақсы көремін деп айтшы" десе, атамыз "туф, қойшы" деп, бұрынғы мінезінен қайтпайды. Бірақ Рахилә әже еш ренжімейді, ер адамның қатты болғаны дұрыс деп санайды. Сонда ұл балалар қайратты әрі қажырлы болып өседі дейді.

"Бірлік-берекені сақтаудың құпиясы – татулықта. Біз Рахиләмен ешқашан қатты ұрсысып көрген емеспіз. Төбелес те болған жоқ (күлді). Әйелді сабайтын жағдайлар болып жатады. Бізде ондай да болған емес. Сөйтіп, шаңырақ көтергенімізге 60 жыл да толды", - дейді Уәхит ата.

Уәхит ата мен Рахилә апа
© Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV
Уәхит ата мен Рахилә апа

Көпұлтты отбасы

Бүгінде Уәхит пен Рахилә Қабдырашевтардың тұңғышы - Бекқожа 59 жаста. Оның жұбайы Жанна –әулеттің үлкен келіні. Олардың төрт баласы бар. Жанна өзінің үйлену тойы кезіндегі бір күлкілі жағдайды еске алды. Тұрмысқа шыққан ол өз фамилиясын ауыстырғысы келмеген. Бекқожа келісті. Бірақ неке туралы куәлікті алғанда, күйеуінің фамилиясын жазып қойғанын көреді. Сөйтсе, ауылдық кеңесте жұмыс істеген Уәхит атасы бәрін тындырып қойыпты.

"Атам мен енем маған бірде-бір рет қатты сөз айтпаған. Жолдасым екеуіміз келіспей қалсақ, бәрі мені қолдайды. Басқа келіндерін де солай ылғи қорғап жүреді. Әлі есімде, ашуланып тұрсам, енем құшақтап алады да, "бір ашуыңды берші" дейді. Сол кезде жүрегім жібіп кете беретін. Бұның барлығы үлкен даналық қой", - дейді Жанна Қабдырашева.

Қабдырашевтар - көпұлтты отбасы. Алена есімді бір келіні – украин, тағы бір келіні Нона -  шешен. Дәл осы Нона ата-енесімен 20 жылдан астам уақыт бірге тұрады. Осы уақыттың ішінде көп нәрсеге үйренгенін айтады.

Нона  Қабдырашева
© Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV
Нона Қабдырашева

"Мен мектепті бітірген бойда тұрмысқа шықтым ғой. Сол кезде тамақ та істей алмадым. Сиыр сауып көрген емеспін. Бәрін енем үйретті. Бүгінде қазақтың барлық салт-дәстүрін білемін. Ауызашар жасаймын, той өткіземін. Сол үшін енеме мың алғыс айтқым келеді. Бүгінде барлығы менің бауырсағымды жақсы көреді", - дейді Нона Қабдырашева.

Нона енесінен аспаймын деп, алты баламен тоқтауды жоспарлаған. Дегенмен, жетінші ұлын туып, жақында "Алтын алқасын" алмақшы. 

Бірде немерелердің біреуі қатты ауырып қалған. Сол кезде Қабдырашевтар әулеті бір жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген. Соның арқасында бала ауыр дертті жеңіп шықты.

Бүгінде ерлі-зайыпты Уәхит пен Рахиләнің немерелері біраз жетістікке жеткен. Біреуі "Алтын белгімен" мектеп бітірсе, енді біреуі шетелдің белді жоғарғы оқу орнында біліп алып жүр. Өз елімізде Назарбаев университетіне де түскендер бар.

"Тәуба дейміз, алты ұл және бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір 32 немереміз және 13 шөбереміз бар. Соларды қызықтап отырмыз. Барлығына осындай бақыт тілейміз!", - дейді Рахилә апа.

Ал Уәхит ата отбасылы болуды көздеп жүрген жастарға өз кеңесін берді.

"Жастардың арасында сүйіспеншілік болу керек. Махаббат болса, шаңырақ берік болады. Жастардың отбасы құрғаны дұрыс қой. Оларға тек бақыт тілеймін. Бір-екі сәбимен шектелмесін, балалары көп болсын!", - деген игі тілегін айтты Уәхит қария.

Уәхит пен Рахилә Қабдырашевтер
© Sputnik / Абзал Калиев. Abzal KALIYEV
Уәхит пен Рахилә Қабдырашевтар
791
Кілт сөздер:
қария, видео
Тақырып бойынша
Жүсіпбек Аймауытовтың жиені қызылордалық ақсақал 60 жыл құпия ұстаған сырын ақтарды
Қария 63 жылдан кейін мектептегі ғашығын тауып, үйленіп алды
85 жастағы қария қаруланған қарақшылардың сазайын берді – видео
Жүз он бір жыл жасаған қария өлімнен қалай "қашқанын" әңгімелеп берді
"Маған айтпағаны жоқ" Алматылық қария АҚШ-та тұратын қызын сотқа берді
"Қараудың өзі қорқынышты": Өткен айда қарттар үйіне түскен қария көз жұмды
Батагөйлер арасында чемпион атанған ақсақал бата берудегі басты кемшілікті атады
Компьютерлік клуб, архивтегі сурет

Қарағандыда қызмет көрсеткен клубта 70-ке жуық адам болған

89
(Жаңартылды 22:30 11.07.2020)
Клуб иелеріне шамамен 640 мың теңге шамасында айыппұл салынып, ал келушілер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды

НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Арнайы мониторингтік топ мүшелері Қарағандыда карантин кезінде жұмыс істеген компьютерлік клуб пен караокені анықтады.

"Мекеме есігі тапсырыс берушілер үшін ашық болған. Карантин кезінде бұл компьютерлік клуб пен караокенің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Соған қарамай ол жерде 70-ке жуық адам жүрді. Араларында кәмелетке толмаған балалар да бар", - делінген Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ендігі жерде клуб иелеріне шамамен 640 мың теңге шамасында айыппұл салынады. Ал келушілер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

Айта кетейік, мемлекеттік комиссия шешімімен Қазақстанда екі апталық карантин енгізілді.

Жабық жағдайдаға сауда және ойын-сауық орталықтары мен сұлулық салондарының қызметіне тыйым салынды.

Оқи отырыңыз: Карантин кезінде отшашу жасау заңды ма – ішкі істер министрлігі жауап берді

Ал азық-түлік дүкендері мен базарлардың жұмыс уақыты шектелді. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің де жүру кестесі қысқартылды.

89
Кілт сөздер:
карантин, Қарағанды
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин
Тақырып бойынша
Сағынтаев жаңа карантин кезінде Алматыда қанша адамның жұмыссыз қалғанын айтты
Өзбекстанда үш апталық қатаң карантин енгізіледі
Алматыда қандай аудан тұрғындары карантин режимін жиі бұзады
Локдаун режимі: демалыс күндері тағы қандай облыста карантин күшейтіледі?
5 шілдеден карантин басталады: ішкі істер министрі ескерту жасады
Дәрігерлер

Ешкімге сенбеңіз: еріктілер денсаулық министріне бейнеүндеу жолдады

182
(Жаңартылды 20:40 11.07.2020)
Денсаулық сақтау министрі еріктімен байланысқа шығып, медициналық ұйымдардарда халықтық бақылау жүргізетін болып уағдаласты

НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Ауруханалардағы науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерге көмектесетін қазақстандық еріктілер денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға интернет арқылы ашық бейнеүндеу жолдады.

Видео ерікті Аида Букаеваның Facebook-тегі парақшасында пайда болды.

Ол Қазақстанның ауруханаларында дәрі-дәрмек жеткіліксіздігін айтып, гуманитарлық көмектің тиісті орындарға жетпейтінін мәлімдейді.

"Құрметті денсаулық сақтау министрі, егер сізге дәрі-дәрмек жеткілікті деп барлық ауруханалар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін хабарлап жатса, мұның бәрі өтірік. Ешкімге сенбеңіз. Бізде бейне материалдар жеткілікті. Біз науқастардың туыстарынан сәлем-сауқаттарды қабылдап, оларды палаталарға жеткіземіз. Бізде көптеген бейнематериалдар бар және Қазақстанға қандай гуманитарлық көмек келетінін көрсетіп, адамдарды ашуландырмаңыз", - деді Аида Букаева.

Көмек тиісті орындарға жетпей жатқанын атап өткен автор министр тез арада оң шешім қабылдамаса, ауруханада түсірілген барлық бейне материалдарды жариялайтынын айтады. 

Сондай-ақ, ол дәріханалардағы кезек ауруханаларда дәрі-дәрмектің жетіспеуінен пайда болғанын айтады. Науқастардың туыстары препараттарды өздері іздеп, кезекке тұруға мәжбүр. Ал мұндай әрекет адамдардың жаппай коронавирус жұқтыру қаупін тудырады.

Министрмен қандай келісім жасалды?

Өз кезегінде министр Алексей Цой видео авторымен байланысқа шыққанын айтып, Facebook-те жазба жариялады.

"Мен Аида Букаеваның Facebook-тегі үндеуін көрдім. Жазылушылардың бірі  оның байланыс телефонын берді. Қоңырау шалып, сөйлестік. Бірнеше айдан бері ол ауруханалардағы дәрігерлерге көмек беріп, науқастарға қамқорлық жасап, еден жуып, сусынын жеткізіп отыр. Біздің дәрігерлер ерлікпен тең әрекеттер жасауда. Олар оқиға ортасында бола отырып, жұмыста кездесетін проблемалардың шынайы көрінісін көреді", - деп жазды министр.

Ол өзіне көптеген қазақстандықтар халыққа объективті көріністі көрсетіп, емделуге қатысты қарапайым ұсыныстарды түсіндіріп және коронавируспен ауыратын науқастарға қайырымдылық көмек көрсетуді сұрап жүгінгенін атап өтті.

"Біз медициналық ұйымдардың ішкі жағдайына өз бетінше қадағалау жүргізуге дайын азаматтардан халықтық бақылау құруға келістік. Яғни, бұл шынайы көріністі нақты бағалау үшін керек. Мұнда көмек көрсету туралы ұсыныстар беріліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу жайы, қызметкерлердің қорғалу деңгейі, олардың пациенттерге көмектесуі, басшылық құрамның ұжым мен пациенттерге назар аударуы бақыланады. Қажет болған жағдайда, әсіресе, жемқорлық сипаттағы препараттарды қайта сату жағдайларында қатаң шаралар қолданамыз", - деп толықтырды Цой.

Оқи отырыңыз: Президентке үндеу жасаған Айнұр Тұрсынбаева қуанышты жаңалық жариялады

Сондай-ақ, министр еріктінің аталған бағытта бақылау жүргізуді құптап, тіпті аймақтарды да аралауға дайын екенін білдірген.

"Біз сондай-ақ өңірлерде осындай жұмысқа қатысуға дайын азаматтарды іздеудеміз. Қазірдің өзінде ұлттық еріктілер желісі осы жобаға қатысуға ниет білдірді. Оларға біз медициналық ұйымдарға қол жетімділікті қамтамасыз етеміз. Сөйтіп, нәтижелер бойынша жағдайды жақсарту үшін нақты шешімдер қабылдаймыз", - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бұл жобаға ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да қолдау көрсетуге уәде берген.

182
Кілт сөздер:
денсаулық сақтау, еріктілер, емделу
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
"Хабар беруді өтінеміз": вице-премьер  қазақстандықтарға үндеу жасады
Шымкенттік дәрігер президентке үндеу жолдады - денсаулық министрі жауап берді 
Назарбаев туған күнінде қазақстандықтарға үндеу жасады – видео
"Немереңізді ауыртып аласыз": Бердібек Сапарбаев тұрғындарға үндеу жасады
"Халық сенбей отыр": Айнұр Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады