Қоғам

Перуашев қара халықты қорқытып-үркіткен вице-министрдің мәлімдемесіне шүйлікті

© Sputnik / Абзал КалиевПредседатель партии "Ак жол", депутат Азат Перуашев
Председатель партии Ак жол, депутат Азат Перуашев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілісмен салықшыларға қараша халықтың банк картасымен жасайтын операцияларын тексергенше, миллиондап пара алып, оны шетел асыратын жемқорлардың ізіне түсуге кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қаржы министрлігінің азаматтардың ақша аударымдарын тексеруге қатысты бастамасын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жуырда қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов ведомство келешекте қазақстандықтардың банк картасы арқылы жасайтын операцияларын тексеруді жоспарлап отырғанын айтқан еді. Осы мәлімдемеден кейін, Перуашевтың айтуынша, "Ақ жол" партиясына көптеген хат түскен. Мәлімдеме қоғамда үлкен дау туғызып, сынға ілінді.

Kaspi арқылы ақша аудару: Ұлттық банк өз ұстанымын айтты

"Вице-министрдің түсініктемесіне қарағанда, бұл шешімнің екі негізгі мақсаты бар: біріншісі, салықтан жалтарған кәсіпкерлердің табысын анықтау; ал екіншісі – бюджетке түсетін салықты ұлғайту. Жасырын табысты анықтауға қатысты мынаны еске салғым келеді. Президент өз жолдауында үкіметке шағын бизнесті 2020 жылдың 1 қаңтарынан үш жылға табыс салығынан босатуды тапсырды. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылға мораторий жариялады", - деді депутат үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Оның үстіне, Перуашев атап өткендей, ШОБ-тан түсетін табыс салығы жергілікті бюджеттерге берілетін болады.

"Осылайша, шағын бизнес айналымын әкімшілеудің мәні жоғалып отыр. Азаматтар жеке картасымен миллиондап ақша аударады деп ойламаймын, басым бөлігінің қолында мұндай ақша да жоқ. Қарапайым халық банк картасымен азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек сатып алғанда есеп айырысады", - деді ол.

Ол байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық туралы ірі халықаралық аудиторлық компаниялардың бірі жариялаған деректерді келтірді. Зерттеу нәтижесі табысы жылына 100 мың доллардан асатын қазақстандықтардың үлесі небәрі 0,4% екенін көрсеткен. Халықтың 97%-і жылына 10 мың доллардан аз табыс тапса, Қазақстанның бүкіл кірісінің жартысы 0,001%-ке немесе 162 адамға тиесілі екен.

"Сол себепті 0,4 процент үшін азаматтардың қалған 99%-ін қорқытып-үркітудің қажеті жоқ", - деді Перуашев.

Депутат карта ұстайтындардың дені кредитке күн көріп отырғанын жеткізді.

"Құрметті салықшылар, төлем карталарын бақылау арқылы табысын жасырған миллионерлерді таппайсыздар. Бұл адамдар үкіметтен еш нәрсе сұрап отырған жоқ, өз нанын өзі тауып жүр. Одан да миллиондап пара бопсалап, миллиардтарын офшорға шығаратындардың ізіне түсіңіздер", - деп кеңес берді мәжілісмен.

Айтуынша, егер Қазақстанда жалпыға ортақ декларация күшінде болғанда, карта операцияларын бақылау орынды болар еді.

"Бірақ, табыс декларациясы 2025 жылға дейін шегерілді. Сондықтан бұл бастаманың логикасы мүлде түсініксіз", - дейді ол.

Осы орайда депутат бюджет ақшасын оңды-солды шашатын араны ашылған шенеуніктерге шүйлікті.

"Даңғаза шараларды азайтыңдар, қымбат көлікке мінгенді қойыңдар, сонда ақша да жетеді, адамдар да салықтың дұрыстығына сенеді", - деді Перуашев.

Сөз соңында депутат "Ақ жол"фракциясының өтінішін жеткізді.

"Сізден вице-министр Шолпанқұловтың төлем картасы арқылы жасалатын операциялардың жекелеген түріне салық салу туралы мәлімдемесін растауды немесе жоққа шығаруды; егер министрліктің осындай жоспары болса, тым болмағанда, оны шағын бизнесті табыс салығынан босату мерзімі аяқталғанға дейін іске асырмауды сұраймыз", - деді ол.

Жаңалықтар
0