Қоғам

Вице-премьер Bek Air ұшағымен талай рет ұшқанын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр индустрии и инфраструктурного развития Казахстана Роман Скляр на АЭФ 2019
Министр индустрии и инфраструктурного развития Казахстана Роман Скляр на АЭФ 2019 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ол ұшақтың ескі немесе жаңа екенін сырт көзбен тіпті кәсіби маманның өзі ажырата алмайтынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Bek Air компаниясының ұшағымен талай рет әуеге көтеріліпті. Оның айтуынша, ұшақтың техникалық жағдайын көзбен бағалау мүмкін емес, ол арнайы приборлармен жүзеге асырылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мен Bek Air-мен көп ұштым. Өйткені ол кездері авиация саласына жетекшілік еткен едім, министр орынбасары, министр болдым. Сондықтан әртүрлі әуе компаниясымен ұшуға тырыстым, соның ішінде Bek Air де бар", - деді Скляр үкімет кулуарында.

Ол ұшақтың ескі немесе жаңа екенін сырт көзбен тіпті кәсіби маманның өзі ажырата алмайтынын атап өтті. Ұшақтың техникалық жағдайы арнайы приборлармен бағаланады.

"Бұл ұшақ (Fokker 100 – Sputnik ескерт.) 1996 жылы шығарылған. Бірақ, ол өз ресурсының 50 процентін ғана ұшып өтті. Түсінесіздер ме? Егер ол техникалық қызмет көрсету бойынша барлық қажетті регламенттен өтсе, проблема жоқ деп ойлаймын. Бұл ұшақтар әлемде де пайдаланылатынын білесіздер. Сондықтан борттағы өздігінен жазатын құралдар объективті тексерілгеннен кейін нәтижесін білеміз",  - деді вице-премьер.

Роман Скляр егер әуе компаниясы тарапынан қандай да бір заң бұзушылық анықталса, ол ең қатаң жазаға тартылатынын ескертті.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері одан "үкімет өзін кінәлі сезіне ме?" деп сұрады.

"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Мен авиация саласының кураторы ретінде әрине жауапкершілікті сезінемін. Біздің де қабырғамыз қайысты, сеніңіздер. Бұл қорқынышты трагедия", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына өтемақы қалай төленеді

Айта кетсек, ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазір 46 пациент ауруханада, оның тоғызы – бала. Денсаулық сақтау минстрлігі балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты. Тоғыз адамның жағдайы әлі ауыр.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Жаңалықтар
0