Алматыда Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды

Қазақтың қабырғасы қайысқан күн: 2019 жылы өмірден озған ардақты азаматтар

3755
Биыл қазақ халқы бірқатар тарлан талантынан айырылды. Олардың әдебиет, өнер, спорт және тағы басқа салаларға сіңірген еңбегі зор

НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Sputnik Қазақстан 2019 жылы өмірден озған бетке ұстар азаматтарымызды еске алғанды жөн көрді.

Қазақтың қара өлеңін жинаған Оразақын

Қаңтар айында қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқардың 84 жасқа қараған шағында дүниеден озғаны туралы суық хабар жетті.

Оразақын Асқар Қытайда дүниеге келген. 20 жасында атамекені - Қазақстанға көшіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды. Қазақ КСР Ғылым академиясында, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде еңбек етті.  "Жалын" баспасында аға редактор болды.

Оразақын Асқар жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырып үлгерді. "Әлем балалар әдебиетінің" қазақ тіліндегі 50 томдығын шығару жұмысына да атсалысты. Жалпы, 40 кітап шығарған.

"Қара майордың" ерлігі ұмытылмайды

Ақпанның басында Ауған соғысының ардагері, ҚР Қарулы Күштерінің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаев дүние салды. Атақты "Қара майор" 71 жаста еді. 

Борис Төкенұлы Керімбаев Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдап, он жылдан кейін Ауған соғысына аттанған. Сол жақта үш жыл бойы  арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болды.

Батыр командирдің сарбаздары аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жетіп отырған. Пандшер шатқалында моджахедтердің атақты қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың әскерімен соғысты. Қарсыластар оның ерлігіне таңғалды. Содан "Қара майор" деп атап кетті.  Оның аты аңызға айналып, күллі аймаққа тарады.

1992 жылы Борис Керімбаев денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты. Ол туралы "Қара майор" фильмі түсірілді.

Латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді

Ақпан айында тағы бір суық хабар келді. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Қайдар 95 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Академик Қайдар - қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін тіл білімі саласын дамытуға, ғалымдарды даярлауға арнады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті болды.

Жас кезінде майданға өзі сұранып аттанды. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІІ дәрежелі "Даңқ" (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі "Отан соғысы" (1944), екі мәрте "Қызыл Жұлдыз" (1945) ордендерімен, "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" және "Мәскеуді қорғағаны үшін" медальдармен марапатталған. Бұдан бөлек, Қазақстанның көптеген наградаларын алды. 

Әбдуәли Қайдар бірінші болып, латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп, Елбасыға хат жолдаған. Ғалымның әзірлеген нұсқасы негізінде "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі қазақ тіліндегі хабарларын латын әліпбиімен таратуды бастаған болатын. 

Әнші мен спортшыдан айырылдық

Наурыздың соңында "Жетіген" ансамблінің солисі, белгілі музыкант, композитор Қобылан Мусин 67 жасында өмірден озды. Оның "Біздің бақтағы қыс" (В нашем парке зима) әні халық арасында хитке айналған. Ол біраз уақыт Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" шығармашылық оркестрінде өнер көрсетті.

Ал келесі айда Қазақстанның дзюдо ұлттық құрамасының мүшесі Аэлита Щербакова қайтыс болды. Щербакова 1995 жылғы 5 ақпанда Алматы облысында туған. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Қазақстан чемпионы, әлемдік Гран-При кезеңінің қола жүлдегері (Ташкент, 2017), Азия кубогының күміс жүлдегері (Ақтау, 2018) болған.

80 жасқа толатын еді

Сәуірде Қазақстан ұлттық агроөнеркәсіп палатасының басшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов қайтыс болды. Тура он күннен кейін қоғам қайраткері 80 жасқа толатын еді.  

Қажымқан Мәсімов 1939 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. Омбы темір жол институтын, Павлодар индустриалды институты мен Алматы дене шынықтыру институтын бітірген. Қазақ ұлттық туризм және спорт академиясының спорт медицинасы кафедрасының құрметті профессоры мәртебесін алған. Бүгінде осы академияда Қажымқан Мәсімов атындағы стипендия тағайындалып отыр.

2016 жылдың қарашасынан бастап "Қазақстан ұлттық агроөнеркәсіп палатасы" заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы болып сайланған болатын.

Қазақ өнерінің абыз анасы

Қарашада 103 жасқа қараған шағында көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллина өмірден өтті.

Көрнекті сахна шебері 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігінде Жамбылдай жыр алыбы, Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбековтермен бірге өнер көрсетті. Декада қорытындысы бойынша Сталиннің қолынан "Еңбек Қызыл Ту" орденін алды.

Айша Абдуллина тұңғыш рет Дездемона бейнесін сомдады. Шымкент қаласына қоныс аударғаннан кейін Ж.Шанин атындағы академиялық театрда 65 жыл бойы үзіліссіз актриса болып қызмет етті. Ол бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнені сомдап, әйелдер бейнесінің толыққанды галереясын жасады. Солардың ішінде Еңлік, Қыз Жібек, Дездемона бейнелері де бар.

Актриса "Парасат", "Құрмет белгісі", "Ұлы Отан соғысының ардагері" ордендерінің иегері болған.

Осы айда қазақ халқы танымал театр және кино актрисасы Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды. Ол 1963 жылы режиссер Сұлтан Қожықовтың "Менің атым – Қожа" фильмінде ұстаз Майқанованың рөлімен халыққа кеңінен танылды. Саналы ғұмырында 30-ға жуық фильмге түскен.

Актриса театра и кино Казахской ССР Раиса Мухамедьярова
© Sputnik / Иосиф Будневич
Раиса Мұхамедиярова

1964 жылы Раиса Мұхамедиярова жазушы Ғабит Мүсіреповке тұрмысқа шығып, 8 жыл некеде болған. Актриса 80 жасында дүниеден озды.

Конституцияны жасады

Жылдың соңында Қазақстанның Ата заңын әзірлеуге атсалысқан ғалым Сұлтан Сартаев 93 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Сартаев – 1993 жылғы алғашқы Конституциясын жасаушылардың бірі. Оның бастамасымен Конституцияға Қазақстанның жері мен жер қойнаулары, ұлттық рәміздері туралы көптеген маңызды ұсыныс енгізілді. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасын да жасауға атсалысты.

Ғалым 500-ден астам ғылыми еңбек жазды. 1962 жылы заң факультетінің жанынан қазақ бөлімін ашуға күш салды. Ол заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, елге еңбегі сіңген ғылым қайраткері атағын алып, Құқық және халықаралық қатынастар институтының ректоры, Қазақ байырғы халықтар мен этникалық азшылықтар халықаралық қорының президенті және Қазақстан заңгерлер қауымдастығының вице-президенті болды.

3755
Кілт сөздер:
2019 жыл
Тақырып бойынша
Танымал қазақстандық режиссердің кенже ұлы қайтыс болды
Белгілі актриса 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды
Үш дүркін олимпиада чемпионы қайтыс болды
Танымал қазақ композиторы өмірден озды
Иманғали Тасмағамбетовтің анасы өмірден озды
Назарбаевтың құдасы қайтыс болды
Аты аңызға айналған әнші қайтыс болды
Загрузка...