Государственный секретарь США Майк Помпео

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Қазақстанның осал тұсын атады

8172
Помпео Қазақстан мен Өзбекстан секілді Қытаймен көрші елдердің вирусқа қарсы тұратын инфрақұрылымы дайын емес екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Америка коронавируспен күресуге арналған 100 миллион доллар көлеміндегі бюджет қаражаты есебінен Қытайға ғана емес, өзге елдерге, мысалы Қазақстан мен Өзбекстанға көмек көрсетуге ниетті екенін айтты.

Помпео Қазақстан мен Өзбекстан секілді Қытаймен көрші елдердің вирусқа қарсы тұратын инфрақұрылымы дайын емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, қауіп-қатерге ғаламдық, уақытылы және дұрыс жауап беру керек, деп жазды РИА Новости.

"Бізді лайықты инфрақұрылыммен (вирустан қорғану үшін) жабдықталмаған жерлердің болуы алаңдатып отыр. Мен Қытаймен шекаралас аймақтарда, Қазақстан мен Өзбекстанда болдым, олардың да коронавирус сияқты кез келген ауқымды қатерге төтеп беретін мүмкіндігі жоқ",  - деді Помпео журналистерге берген сұхбатында.

"Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз (эпидемияны тоқтату үшін). Көмекке 100 миллион доллар бөліп қойдық. Одан да көп қаржы қарастырылуы мүмкін. Ол Қытайға көмектесу үшін беріледі, бірақ бұл қаржы қауіп-қатерге уақытылы және дұрыс жауап беретінімізге көз жеткізу үшін әлемнің басқа елдерінде де қолданылады", - деп атап өтті Помпео.

Бұған дейін Помпео Қазақстанға сапары кезінде коронавирустың елге кіруіне жол бермеу үшін Қазақстан қабылдаған шараларға таңғалғанын айтқан болатын.

Оқи отырыңыз: АҚШ Қытайда қысым көрген этникалық қазақтарға қатысты мәлімдеме жасады

"Вирустың таралуын тоқтатуға бағытталған Қазақстанның жедел әрекеті таңғалдырды", - деді Помпео.

Оның айтуынша, Қазақстанмен қатар, басқа елдер де Қытайда коронавирустың таралуын бақылауда ұстап отыр.

Коронавирустың таралуы

2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Хубэй провинциясының Ухань қаласында белгісіз пневмония таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар індеттің қоздырғышын анықтады – 2019-nCoV коронавирусы.  

13 ақпандағы мәлімет бойынша коронавирустан 1 369 адам өлді, оның 1310-ы Хубэй провинциясында, қалғаны Қытайдың әр аймағында көз жұмған. Сондай-ақ Гонконгта бір, Филиппинде бір адам қаза болды.

Жазылып кеткендердің саны 6 017-ге жетті, оның 3441 –Хубэй провинциясының тұрғындары.  

8172
Кілт сөздер:
вирус, Қазақстан, АҚШ
Тақырып бойынша
АҚШ мемлекеттік хатшысы Назарбаевқа Трамптың сәлемін жеткізді
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Қазақстанға келді
АҚШ-тың санкциялары Қазақстанға салқынын тигізе ме?
Майкл Помпеоның Орталық Азияға сапары қалай өтті?
Қытай Помпеоның Шыңжаңдағы қазақтар қысым көріп жатыр деген мәлімдемесіне жауап қатты
Загрузка...