НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Карантинге жабылған "Нұр-Сұлтан" әуежайына жанармай құю үшін түнде бірнеше ұшақ қонды. Олар Еуропадан Қытайға бағыт алған. Ішінде жолаушылар болмады, деп хабарлайды әуежайдың баспасөз қызметі.
"Кеше түнде үш Wizz Air (Мажарстанның бюджеттік әуе компаниясы – Sputnik) және бір LOT Polish Airlines (LOT поляк әуе компаниясы) рейсі астаналық әуежайға жанармай құю үшін қонды. Ұшақтар гуманитарлық көмек тасымалдау мақсатымен Қытай астанасы Бейжіңге бағыт алған. Ұшақта жолаушылар болған жоқ", – делінген хабарламада.
Ұшақтардың Еуропаға кері қайтуы да осы бағытпен жүзеге асырылады. Нұр-Сұлтан әуежайында ешқандай жүк түсірілмейді.
Айта кетейік, сәуірдің 1-і мен 13-і аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайлары карантинге жабылды. Барлық халықаралық және эвакуациялық жолаушылар рейстерін қабылдау тоқтатылды.
Дегенмен, сыртқы істер министрлігінің сұрауы бойынша отандық әуе компанияларыны4 азаматтық ұшақтары ұшуға дайын.