Қоғам

"Қазір уақыт басқа": Сенаторлар жүйе құраушы кәсіпорындардың тізімін мақұлдамады

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента Казахстана
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенаторлар кәсіпорындарды жүйе құраушы санатқа жатқызатын өлшем шарттар жүйесін жаңартып, тұжырымдамалар мен тәсілдерді қайта қарау қажеттігін мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Сенат депутаттары жүйе құраушы кәсіпорындардың тізімімен келіспейді, олар мемлекеттік қолдау көрсетілетін компанияларды іріктеудің жаңа тәсілдері бойынша ұсыныстар әзірлеп жатыр. Бұл туралы спикер Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.

Дариға Назарбаева экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия мемлекеттен қолдау көрсетілетін жүйе құраушы кәсіпорындардың алдын ала тізілімін анықтағанын атап өтті.

"Кәсіпорындардың қазіргі тізімінде құрылыс пен сауда компаниялары көбірек, ал тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің үлесі төмен. Бірақ экономикалық стратегияның басты мақсаты импортты алмастыру саясатын күшейту ғой. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – аса маңызды әрі біз өзіміз өндіре алатын азық-түліктің импортынан бас тартуымыз керек", - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Сенаторлар талқылау барысында кәсіпорындарды жүйе құраушы санатқа жатқызатын өлшем шарттар жүйесін жаңартып, тұжырымдамалар мен тәсілдерді қайта қарау қажеттігін, өйткені қазіргі өлшемдер қарапайым заттар экономикасы стратегиясы мен экономикалық ахуалға сай келмей отырғанын атап өтті.

"Бәрімізге де оңай емес": Назарбаева сенатта маңызды мәселені көтерді

Жиында сөз алған төраға орынбасары Бектас Бекназаров мемлекеттік көмек агроөнеркәсіп кешенін қалпына келтіруге бағытталуы қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ 2011 жылы өлшем шарттарды құру туралы бұйрық жарық көргенін және Жеке кәсіпкерлік туралы заң оның негізі болғанын, ол заңның 2015 жылы күші жойылғанын жеткізді.

"Бізге осы тұжырымдамалар мен тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Алдымен халқымыз тоқ болуы үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. "Жүйе құрушы" деген ұғымнан бас тарту керек. Тұжырымдама басқаша болуы тиіс», - деді Б.Бекназаров.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға осы мәселе бойынша өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік берілуі керек. Сенаторлар мемлекеттік қолдау атаулы әрі дәл болуы, ал кәсіпорындарды таңдау өлшемдері мен оларды қолдау тетіктері жалпыға бірдей болмай, әр саланың ерекшелігі ескеріле отырып әзірленуі тиіс екенін атап өтті.

"Өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударылуы керек. Кәсіпорындар тізімі жаңа критерийлерді ескере отырып қайта қаралуы тиіс", - деді Д.Назарбаева.

Мемлекеттен көмек алуға үміткер кәсіпорындар өздеріне қандай міндеттемелер алатынын талдау жасап, нақты анықтау қажет.

"Бұл тізімді асығыс жасауға болмайды. Әзірге мемлекеттік көмек тетіктері мен құралдары нақты түсінікті емес, заңнамалық база да дайын емес. Қолдауға талаптанатын әрбір кәсіпорын ресми өлшемшарттарға сай келіп қана қоймай, олар жұртшылық алдында жұмыс орындарын сақтауға  және ұлғайтуға, салықтық түсімдер, дамуға инвестиция салу жоспарына сай ішкі сұраныс пен экспортты қанағаттандыруға міндеттемелер алуы тиіс. Онсыз болмайды, қазір уақыт басқа", - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Кеңес қорытындысы бойынша сенат депутаттарының атынан үкіметке Жүйе құраушы кәсіпорындардың тәсілдемелері мен өлшемдері тізілімін қалыптастыруға қатысты ұсыныстар әзірленетін болды.

Жаңалықтар
0