Медицина қызметкерлер

Бас санитар дәрігердің өкілеттігі кеңейтілді

583
(Жаңартылды 17:54 01.05.2020)
Қазақстанда эпидемиологтар арнайы мемлекеттік органдарға теңестіріледі, бас санитар дәрігер жаңа мәртебеге ие болды

НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр — Sputnik. Қазақстандағы бас санитар дәрігердің өкілеттігі кеңейтіледі. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру және COVID-19-бен күресу шараларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы отырысында айтылды. Отырысқа денсаулық сақтау Елжан Біртанов қатысты.

"Бас санитар дәрігер қаулы шығарып елдің барша аумағында шектеу шараларын енгізе алатын болады", - деп хабарлады министрлік.

Енді бұл үшін нормативтік-құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден өткізу міндетті болмайды. 

"Қазіргі уақытта бұл қиындық тудырып отыр. Өйткені өзгеріс аптасына бір рет енгізіледі. Ал тіркеу процесі ұзақ уақытты талап етеді", - деді ведомствода.

Санитар дәрігер қандай мәртебеге ие болады

Бас санитар дәрігер мемлекеттік шекара арқылы кіріп-шығуға шектеу енгізу құқығына ие болады.

Сондай-ақ, карантин аймақтарын бекіту, инфекция таралуынан қорғау аймақтарындағы эпидемияға қарсы шараларды толықтай үйлестіре алады.

Тағы оқыңыз: "Ешқайда кетпейді": бас санитар дәрігер коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады

583
Кілт сөздер:
коронавирус, мәртебе, дәрігер
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (869)
Тақырып бойынша
"Бұл вирус бізбен ұзақ уақыт болады": ДДҰ басшысы мәлімдеме жасады 
Бас санитар дәрігер: мамырдың соңына дейін 5 300 адам COVID-19 жұқтыруы мүмкін
Дәрігер індет кезінде қандай азық-түліктен бас тарту қажет екенін айтып берді
Дәрігер COVID-19-дан жазылғандардың болашағы туралы айтты
Көптеген дәрігер коронавирустың жоғары жұққыштығын жете бағаламады – вице-министр  
Бос әмиян

"Сіздің атыңыздан кредит алады": алаяқтардан қалай қорғану керек

602
Алаяқтардың қармағына түсетін адамдардың көбіне құпия мәліметті өздері айтып қояды. Мамандар біреу қоңырау шалып, жеке мәліметтерді сұраса, телефон тұтқасын бірден қоя салған дұрыс екенін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуымен алаяқтық әрекеттер де көбейіп келеді. Біреудің банк картасы арқылы сауда жасау, тіпті, есепшоттағы барлық ақшаны ұрлап кету фактілері де аз емес. Sputnik Қазақстан тілшісі киберқауіпсіздік саласындағы кәсіби мамандармен сөйлесіп, алаяқтардан қорғанудың негізгі жолдарын біліп алды.  

Аңқау болмаңыз

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов алдымен аңқау болмауға кеңес беріп отыр. Себебі алаяқтардың қармағына түсетін адамдардың көбісі құпия мәліметті өздері айтып қояды.

"Мысалы, біреу "банк қызметкерімін" деп, сізден PIN кодты немесе картаның артындағы CVC кодты сұраса, оны ешқашан және ешкімге айтпаңыз. Ондай мәліметтер банк қызметкеріне де айтылмайды. Осыны ұмытпау керек. Меніңше, бұл – басты мәселе", - деді Әбдіқалықов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Маманның айтуынша, біреулер қоңырау шалып, жеке мәліметтерді сұраса, телефон тұтқасын бірден қоя салған дұрыс. Сосын банктың өзіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білуге болады.

Бұдан бөлек, банкоматты пайдаланғанда сыртқы өзгерістердің бар-жоғына баса назар аударған жөн. Өйткені алаяқтар банкоматтың пернетақтасы мен карта салынатын жеріне тура сондай өз құрылғыларын орнатып қоюы мүмкін.

"Сонда сіз банк картасын салғанда ол құрылғылар бірден барлық жеке мәліметіңізді сақтап қалады. Одан кейін алаяқтар картаның көшірмесін жасап, ақшаңызды оп-оңай алады. Сондықтан банкоматтың тұрған жеріне және артық құрылғылардың бар-жоғына баса мән берген дұрыс. Пернетақта қалың болса, ал карта салынатын жері ішке қарай тым қатты кіріп тұрса, басқа банкоматты пайдаланған жөн. Жалпы, бүгінде банк картасымен емес, мобильді қосымша арқылы төлем жасаған қауіпсіз", - деп атап көрсетті Әбдіқалықов.

Компьютер мен телефонды тексеріп тұрыңыз

Алаяқтар вирусты тарату арқылы кез келген адамның компьютері мен смартфонына кіре алады. Сөйтіп, интернет-банкингті бұзып, ақшаны ұрлайды.

"Иә, ондай вирустар "Троян бағдарламалары" деп аталады. Олар интернет арқылы компьютерге де, смартфонға да кіре алады. Ал компьютерде немесе смартфонда интернет-банкинг болса, алаяқтар есепшоттағы ақшаны ұрлап кетуі әбден мүмкін. Себебі Троян бағдарламаларында "пернетақта тыңшысы" бар. Бұл дегеніміз, сіз пернетақтамен PIN кодты басқанда бағдарламада бәрі сақталып қалады. Осылайша, алаяқтар сіздің жеке кабинетіңізге де кіріп кетеді", - дейді Әбдіхалықов.

Маманның сөзіне қарағанда, компьютер мен смартфонда вирусқа қарсы бағдарлама болуы қажет. Ондай қорғанысы жоқ құрылғымен интернетке шығуға болмайды. Себебі Троян бағдарламасы автоматты түрде орнатылып кетеді. Ол үшін бір нәрсені басудың да қажеті жоқ.

"Мысалы, мен өзім вирусқа қарсы бағдарлама болмаса немесе ондай бағдарлама жаңартылмай тұрса, интернетке мүлдем кірмеймін. Сондықтан смартфонға да вирусқа қарсы бағдарламаны орнатып қойған дұрыс. Ондай бағдарламалар көп, тегін нұсқалар да бар. Вирусқа қарсы бағдарлама болса, Троянның өтіп кетуі екіталай", - деп атап көрсетті Әбдіқалықов.

Жеке құжатты WhatsApp-пен жібермеңіз

Мамандар WhatsApp сияқты мессенджерлер арқылы жеке құжаттардың фотоларын да жіберуге болмайды деп отыр. Өйткені алаяқтар адамның атынан кредит рәсімдеп алуы әбден мүмкін. 

Банктер арқылы алаяқтық әрекет жасау қиын. Себебі жеке куәліктің фотосымен несие берілмейді. Банкте құжаттың иесі өзі келуі тиіс. Ал микроқаржы ұйымдары ақшаны көптеп беруге тырысады. Сол кезде алаяқтық әрекетке жол берілуі мүмкін. 

"Сондықтан WhatsApp-пен жеке құжаттардың фотосын жібергеннен кейін бірден жойып тастаңыз, я болмаса, мүлдем жібермеуге тырысу керек. Өзіңіз апарып беріңіз. Мысалы, бір туысыңызға сеніп, оған жеке құжаттың фото нұсқасын жібердіңіз дейік. Ол адам қауіпсіздік шараларын сақтамайды, смартфонына Троян бағдарламасы кіріп кеткен. Сонда хакерлер сіздің телефоныңыздан емес, туысқаныңыздың смартфонынан жеке құжатыңызды ұрлап кете алады", - дейді Руслан Әбдіқалықов.

Wi-Fi-ға сақ болыңыз!

T&T Security компаниясының директоры Арнұр Тоқтабаев жеке мәліметтерді толтыруды сұрайтын сан алуан сайттармен абай болуға кеңес беріп отыр. Себебі алаяқтар банк сайтының көшірмесін, я болмаса, мобильді қосымшасының көшірмесін жасап, адамның жеке мәліметтерін қолға түсіруі мүмкін. Ойын сайттары да банк картасымен төлем жасауды сұрап жатады. 

"Банк картасын және оның артындағы СVV-кодты сұрайтын сайттарға көп сене бермеңіз. Порталдың қолтаңбасын тексеріп алған дұрыс. Куәлігі бар ма? Жоқ па? Порталдың атауы мен куәліктегі мәліметтер сәйкес болуы шарт", - деді Тоқтабаев.  

Оның айтуынша, қоғамдық жерде отырғанда Wi-Fi-ға сақ болу керек. Себебі хакерлер Wi-Fi нүктені айырбастап, оны дәмхананың нүктесі ретінде көрсете алады. Ал адам банк есепшотына кіргенде өзі білмей, барлық мәліметтерін алаяқтарға жіберіп қояды. 

"Сондықтан Wi-Fi-ға қосылғанда алдымен нүктелердің атауларын қарап шыққан дұрыс. Атауы бірдей Wi-Fi болмауы керек. Жалпы, мен өзім мобильді интернетпен ғана жұмыс істеуге тырысамын. Өйткені 4G байланысы арқылы алаяқтық әрекет жасау өте қиын. Оны провайдердің өзі ұсынады және желі үшін жауап береді. Банк картасын да, портмоне де ұстамаймын", - деп атап көрсетті Тоқтабаев.

602
Кілт сөздер:
банк, телефон, ұрлық, алаяқтық
Тақырып бойынша
Шығын 40 миллионнан асады: Алматыда ер адам тұрғындарды ерекше тәсілмен алдаған
Қызылордада "таксистерді" ерекше әдіспен алдаған алаяқ қоғамдық резонанс туғызды
Ақтөбе тұрғыны ерекше тәсілмен ұрлық жасады
Қарағанды облысында алаяқ басшы ұсталды
Түркістанның бас судьясы алаяқтық жасағаны үшін сотталды
Ауызашар дастарқаны

Қаза оразаны өтеу: 1700 теңгені кімдер береді

91
Діни басқарма өкілінің айтуынша, Рамазан айынан қалған қарыз күндерді арасын үзбей де, бөліп те ұстауға болады

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы қаза оразаны өтей алмаған жағдайда не істеу керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, қаза оразасы барлар өзі тұратын елді мекеннің намаз кестесін басшылыққа алуы тиіс. Әдеттегідей таң намазы басталғанға дейін ас-суын ішіп, шам намазы кірген уақытта ауыз ашады.

Рамазан айынан қалған қарыз күндерді арасын үзбей де, бөліп те ұстауға рұқсат етілген.

"Қаза оразаны мүмкіндігінше тездетіп ұстап біткен абзал. Алла Тағала Құранда ауырып қалып немесе сапарға шығып, белгілі бір себептермен ораза ұстай алмайтын болса, оны кейінгі күндерге қалдырсын дейді. Егер денсаулығына байланысты қаза оразасын ешқашан өтей алмайтын болса, онда ол адам підия төлейді. Підия дегеніміз – бір адамның таңғы және кешкі тойып ішетін тамағы. Биыл оның ақшалай мөлшері шамамен 1700 теңге", - деп түсіндірді Медет Құрмашұлы.

Яғни, қаза оразаны ұстауға шамасы келмегендер мұқтаж жандарды тамақтандырады немесе ақшалай береді.

Басқарма өкілі қарыз күндерді келесі Рамазан айына дейін ұстап біткен абзал дейді. Ал егер келесі ораза келіп қалып, адам қарызын әлі өтеп бітпесе, онда келесі оразаны ұстай береді. Қаза күндерін Рамазан айы аяқталған соң бір-ақ өтейді.

Сонымен қатар, Медет Құрмашұлы Рамазан айының артынан келетін Шәууәл айына да тоқталды. Бұл ай, әдетте, отыз күнге созылады.

Тағы оқыңыз: Қадір түнінде бір топ жігіт Әзірет Сұлтан мешітінің алдына жиналды

"Шәууәл айында адамдар алты күн ораза ұстайды. Бұл нәпіл ораза деп аталады. Алты күндік оразаның сауабы өте мол. Нәпіл ораза ешкімге міндет емес, ұстау-ұстамау әркімнің өз еркінде. Яғни, нәпіл оразаны ұстамағандар күнәһар болмайды", - деді бөлім маманы.

Ол алты күндік оразадан бұрын қаза оразаны бірінші ұстап өтеуге кеңес берді.  

"Қаза ораза мен нәпіл оразаға ниет етудің арасында айырмашылық бар. Қаза оразаға түннен бастап ниет қылу керек. Ал нәпіл оразаға бесін намазына бір сағат уақыт қалғанға дейін ниет етсе болады. Қаза оразаны өтеген кезде, түнде ауыз бекітуді ұмытып, таңертең тұрып ниет қылу дұрыс емес. Түннен бастап ниет ету міндет", - деді басқарма өкілі.

Айта кетсек, биыл коронавирус індетіне байланысты Рамазан айы елдегі төтенше жағдай режимімен тұспа-тұс келді. Республикада барлық мешіт жабылып, жамағатпен оқылатын намаздарға тыйым салынды. Қазақстандықтарға қасиетті Қадір түнін де үйде қарсы алуға тура келді. Вирустың таралуына жол бермеу үшін мешіттерде Ораза айт намазы оқылған жоқ. 

91
Кілт сөздер:
қарыз, Ораза
Рахман Омар

"Алып шыға алмайтынымды сездім": актер Рахман Омармен сұхбат

277
(Жаңартылды 17:19 31.05.2020)
Актер 1993 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істейтінін айтты. Алпыс шақты рөлді сомдаған

АЛМАТЫ, 31 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері, көпшілікке тележүргізуші ретінде танымал Рахман Омар 26 жылдан бері Мүсірепов атындағы мемлекеттік театрда еңбек етіп келеді. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ", "Қызық екен" секілді бағдарламалар арқылы көрермен көңілінен шыққан азамат театрда қандай рөлді сомдағысы келетінін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Ең бастысы – театр

"Басты мамандығым – театр актері екенін біреу білсе, біреу білмейді. Көбі тележүргізуші ретінде таниды. 1993 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеймін. Үлкенді-кішілі 60 шақты рөлді сомдадым. Телеарна саласында бірнеше жобада жүргізуші болдым. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ" бағдарламасын ел аузында әлі күнге дейін жүр. Барлық арнада қызмет атқардым", - деп бастады әңгімесін актер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рахман Омар (@rakhmanomar)

Айтуынша, игермеген саласы кино, алайда Досхан Жолжақсыновтың "Құнанбай" фильмінде эпизодта ойнаған.

"Құнанбай" фильмінде тілмаштың рөлін сомдадым, көркем фильмге түскенім осы болды. Эпизодтағы шағын ғана рөл болды. Одан бөлек телехикаяларға шақырады, алайда қандай фильм екеніне қарап, бас тарттым. Өйткені қайталау көп. Мен үшін ең бастысы – театр", - дейді Омар.

Түрік және корей телехикаялары жаулап алды

"Телеарнада 1-2 жылға жоспарларланған жобаларға қатысып тұрамын. Соның бірі – "Қызық екен", "Кім білгір" секілді интелектуалды бағдарламалар. Бір жылға жоспарланған "Қызық екен" бағдарламасы көрерменнің сұрауы бойынша екі жылдай жүрді. Қазір де сұрайды.

Өйткені қазір телеарнада интеллектуалды бағыттағы бағдарламалар өте аз. Кезінде "ХХI ғасыр көшбасшысы" секілді бағдарлама болды. Қазір қай арнаны қоссақ та, қойыртпақ дүние көп, телеарнаның барлығын түрік және корей телехикаялары жаулап алған. Артында қомақты қаржы тұрған шығар, ол жағы маған беймәлім. Арнаның ішкі асханасына қол сұқпаймын", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рахман Омар (@rakhmanomar)

Рахман Омардың айтуынша, телеарнада басшы ауысқан сайын қызметкерлер құрамы да ауысады. Мұндай жағдайда еңбегі сіңген кісілердің өзі қызметін босатуы қажет.

"Әр басшы келген сайын өз командасын алып келу үрдіске айналған, соның зардабын тәжірибелі мамандар да көріп жатады. Әсіресе, техникалық жағында 30 жыл қызмет еткен кісіге жаңа басшы келгенде орнынан кетуге тура келеді. Ал ол адам студияның әр шегесінің қайда қағылғанын біледі. Біз де солардың қатарына жатамыз. Жаңа басшының талғамына қараймыз",- дейді Омар.

Сонымен қатар телеарнада өткен ғасырдың соңында көрсетілген бағдарламаларды қайтадан көрсету жайлы ұсынысын да айтты. Бұл ескілікті аңсау емес, телеарнаның нағыз майталмандарын насихаттау деп түсіндірді сөзін.

"Өзінің өткенін ұмытқан, болашақтың наласына қалады" деген қанатты сөз бар. Кестені толтыру үшін күнделікті болмайтын бағдарламалар көрсетіп жатады. Соның орнына неге осы ретро, архивтегі дүниелерді көтеріп, өскелең ұрпаққа телеарнаның не екенін, оның сүрлеуі мен даңғылды дара жолынан, тарғыл жолымен өткен нағыз майталмандардың көрсетпеске деп ойлаймын. Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза ағаларымыз 70-80 жылдары телеарнаның басы-қасында жүрген кезде тұщымды дүниелер көп болды. Қазақтың руханияты, салт-дәстүр, әдетіне байланысты дүниелер шықты", - дейді Омар.

Жағымсыз образды ойнау ұнайды

Театрда комедия, драма, трагедия деген үш бағыт болса, үшеуінен де құралақан емес актер астарын ашып, психологиясын жеткізу күрделі рөлді ойнағанды ұнататынын айтты.

Актер үш жанрды да тең деңгейде меңгеруі қажет. Кей актердің ыңғайы комедияға келіп, драмаға нашарлау болады, біреуінде керісінше. Маған осы үш жанрда да рөл бұйырды. Жаныма жақыны "Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы" Жантықтың бейнесі. Гамлетті армандадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын, Гамлетті ойнайтын актер көп. Маған астарын ашатын рөл, жағымсыз образ қатты ұнайды", - дейді Рахман Омар.

Отыз жасында Жантықтың рөлін алып шығатынына сенімді болмаған актер бірнеше жыл өткен соң ғана образды ашуға дайын болғанын, сол себепті ең сүйікті рөлі ретінде сақталғанын айтты.

"Театр актері "бұйыртқан рөл" деп сөйлейді. Отызға толмаған шағымда режиссер Балтабай Сейітмамытов "Қозы Көрпеш" қойылымын қойды. Сонда маған екінші құрамда Жантықтың рөлін берді. Бірінші құрамда Сағат Жылгелдиев ойнады. Мен өз шамама қарап, алып шыға алмайтынымды сездім. Рөлді Сағат ағам өзі ойнап кете берді. Мен дайын болған жоқпын. Араға біраз жыл салып, жасым қырыққа таяған шағымда режиссер Жанат Қажиев "Қозы Көрпешті" қайта қойды. Сол кезде Жантыққа дайын болдым", - дейді ол.

Кемел Абайды сомдағысы келеді

"1994 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясында диплом жұмысымыз Шәкен Аймановтың сценарийі бойынша "Желсіз түнде жарық ай" қойылымын қою болды. Ол жерде Абайдың жастық шағын ойнаймын. Институтты бітіріп, театрға қабылданған кезде сол қойылымды Нұрқанат Жақыпбаев Мүсірепов театрында қойды. Институттан келген дайын Абай ретінде сол рөлді сомдау бақытына ие болдым. Ол Абайдың 150 жылдық мерейтойы болатын",- дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рахман Омар (@rakhmanomar)

2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның кемелденген шағын сомдағысы келетінін айтты.

"Абайдың пәлсапалық ойлары қырық жастан асқан соң шыға бастаған. Қазір Абайдың сол бір шағын ойнағым келеді. Құнанбайұлының образы өте күрделі образ, екінің бірі ойнамайды. Сырт келбеті жағынан да ұқсастық бар: бетім домалақ, орта бойлы. Ішкі жан дүниесін, арпаласын алып шығу актер үшін өте қызық. Қазір Абайды сомдасам қалай болар екен деймін. Кім білсін, он жылдан кейін "Король Лирді" ойнағым келетін шығар", - дейді Рахман Омар.

 

277
Кілт сөздер:
тележүргізуші, актер, телеарна, театр, сұхбат
Тақырып бойынша
"Жанымды жегідей жейді" Азамат Сатыбалды ешкімге айтпаған сырымен бөлісті
Дулыға Ақмолда: Актер деген мамандықты төменге түсіріп жібердік...
"Түрімді ұмытып қалды" Назарбаевтың рөлін сомдаған актер көрген қиындықтары туралы айтты
"Тревога" десе, үй киімімен барасың": арнайы жасақтағы қыздар ашық сұхбат берді
Театр үздіктері анықталды