Есеп-қисап

Коммуналдық қызмет үшін төленетін 30 мың теңгені қалай алу керек

13221
(Жаңартылды 15:20 17.05.2020)
Аталған көмекті қолжетімді ету мақсатында бүгінде әкімдіктер өтінімді қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық жүйелерді іске қосты

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik.  Қазақстанда карантин кезінде коммуналдық қызметтерді мемлекет есебінен өтеу тәртібі бекітілген болатын. Оған сәйкес, тізімге кіретін әрбір адамға сәуір мен мамыр айында 15 мың теңгеден аударылады. Осылайша, екі айға 30 мың теңге төленеді. 

Коммуналдық төлем кімге беріледі?

18 сәуірде коммуналдық қызметтерді өтеу тәртібі бекітілді. Сол кезде әкімдіктерге өтінім қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық ресурстарды ашу міндеті жүктелді. Осы төлемді алатын адамдардың санаты да анықталған. Олар:  

  • 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер;
  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
  • мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • көпбалалы отбасылар;
  • ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
  • мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
  • атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

Мамырдың басында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі карантин кезінде коммуналдық шығындарды өтеу ережесіне өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, бұған дейін бекітілген санатқа кіретін адамдар ғана емес, олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де коммуналдық төлемдер берілетін болды. Ал пәтерді жалдап тұрғандарға ондай жеңілдік жасалмайды.

15 мың теңгені қалай алу керек?

Бүгінде әкімдіктер өтінімді қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық жүйелерді іске қосты. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы сайт – Komtolem.kz ашылды. Ол жерде алдымен жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет. Ақпараттық жүйе өтініш берушінің тізімде бар-жоғын тексереді. Егер адамның жеке сәйкестендіру нөмірі базада болмаса, +7 (7172) 28 09 59 нөміріне хабарласу керек. Бұдан бөлек, өтінішті @KOMTOLEM_BOT  Telegram-боты арқылы да жіберуге болады.

Алматыда 341-05-27 телефонына хабарласып, жеке сәйкестендіру нөмірін айту қажет. Мамандар адамның тиісті санатқа кіретінін, я кірмейтінін анықтайды да, өтінішті қабылдайды. Байланыс орталығы таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер өтініш берген адамның мәртебесі расталмаса, әлеуметтік әл-ауқат басқармасына хабарласып, мәселенің мән-жайын білеуге болады. 

Осы орайда барлық ақпараттық ресурстарда шындыққа жанаспайтын ақпарат үшін жауапкершіліктің қарастырылғаны туралы ескертіледі. Қылмыстық кодекстің 190-бабы – "алаяқтық" және 195-бабы – "алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру" бойынша айыппұлдан бастап екі жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы қарастырылады.

Коммуналдық шығындар қалай есептеледі?

15 мың теңгеге барлық коммуналдық қызмет – газ, су, электр энергиясы, жылу, қоқыс шығару, лифт және су бұруды төлеуге болады. Бір айдың шығындары 15 мыңнан кем болса, қалған ақша келесі айға қалады.

"Ал бір айдың шығындары 15 мыңнан артық шықса, онда ақша коммуналдық қызметтер арасында тең бөлінеді. Мәселен, түбіртекте 23 мың теңге көрсетілген дейік. Жылу үшін 5 570 теңге тұрса, мемлекет тарапынан 3 632 теңге өтеледі. Сол сияқты ыстық су үшін 1 617 теңге шықса, 1 054 теңге өтеледі де, қалғанын тұтынушы өзі төлеуі тиіс", – дейді мамандар.

Оқи отырыңыз: Алматыда 60 мыңға жуық адам екі ай бойы коммуналдық төлем алады

Айта кетейік, мамырда сәуір айының шығындары өтелсе, маусымда мамыр айы үшін тағы 15 мың теңге аударылады. Ақша әрбір өтінім берушінің дербес есепшотына түседі. Одан тек коммуналдық қызметтер ғана төленеді.

Бюджеттен қанша ақша бөлінді?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, карантин кезінде коммуналдық шығындарды өтеуге жататын адамдардың санатына республика бойынша 1,6 миллион отбасы кіреді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 49,3 миллиард теңге бөлінді.

13221
Кілт сөздер:
төтенше жағдай, коммуналдық қызмет
Тақырып бойынша
Алматыда үш жарым мың медицина қызметкері қосымша төлем алады
Табысынан айырылған екі жүз мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды
Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бірыңғай жиынтық төлем өзгере ме
42 500 теңге: министрлік әлеуметтік төлем алғандар саны көп үш өңірді атады
Мемлекеттен әлеуметтік төлем алуға құқылы азаматтар тізімі өзгерді
Наручники, архивное фото

Қазақстанда спорт комитеті төрағасының орынбасары ұсталды видео

0
Күдіктілер Өскемен қаласында ұсталды және сол жерде уақытша ұстау абақтысына тоғытылды, қазір тергеу жүріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр - Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары 400 миллион теңге шамасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, күдіктілер Өскемен қаласында ұсталды және сол жерде уақытша ұстау абақтысына тоғытылды. Сот біреуін 2 айға қамауды ұйғарды.

"Олар "Риддер қаласындағы олимпидалық резев бойынша республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледж" РМК-сы 300 орындық оқу корпусының құрылысы кезінде 380,8 миллион теңгенің бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Күдіктілер нақты жұмыстар атқарылмаса да, ол ақшаны мердігердің есепшотына аударған", - деді Биғайдаров бүгінгі онлайн брифингте.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шараралары жүргізіліп жатыр.

0
Кілт сөздер:
видео
Әскерилер, архивтегі сурет

Әскерге шақырылғандар он төрт күнге карантинге алынады 

5
(Жаңартылды 12:50 28.05.2020)
Әскери бөлімдерде сарбаздардың денсаулығын үнемі бақылайтын медициналық қызметкерлер бар. Олар алгоритмге сай жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақырылғандар он төрт күн карантинге алынып, коронавирусқа тест тапсырады. Бұл туралы Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің басшысы Амантай Өсербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ол төтенше жағдай аяқталуына байланысты мерзімді әскери қызметке шақыру және мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарды запасқа шығару жұмысы басталып кеткенін айтты. 

"Биылғы мерзімді әскери қызметке шақырудың негізгі мақсаты – Қарулы күштер әскери бөлімдерінің қатарына коронавирус инфекциясы бар азаматтарды жібермеу. Себебі ондай жағдай болса, әскери бөлімдердің жауынгерлік жағдайына тікелей қауіп төнеді", - деді Өсербаев онлайн брифингте. 

Айтуынша, қала әкімінің шешімімен медициналық комиссияның құрамына инфекционист дәрігер қосылды. Барлық әскерге шақыру пунктінде медициналық бекет қойылды. Ол жерде әрбір азаматтың дене қызуы өлшеніп, әрі қарай онымен инфекционист сөйлеседі. Егер адамның бойында ауру белгілері байқалмаса, ол әскери комиссиядан өткізуге жіберіледі. 

"Әскерге шақырылғандар әскери бөлімге келгеннен кейін он төрт күнге карантинге алынады. Сол жерде олар коронавирусқа ПТР тест тапсырады. Он күн бойы олар әскери дайындықтан өтіп, жауынгерлік өмірге бейімделеді", - деп түсіндірді ол. 

Әскери бөлімдерде сарбаздардың денсаулығын үнемі бақылайтын медициналық қызметкерлер бар. Олар алгоритмге сай жұмыс істейді. 

Әскерге шақыру пунктерінде күніне екі рет дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп тұрады.

5
Кілт сөздер:
карантин, әскери
Тақырып бойынша
Президент әскерилер мен полицейлерді марапаттады
Назарбаев тәуелсіздік алған кезде әскер басқаратын жалғыз генерал тапқанын еске алды
Жаңа бағдарлама: мамырдан бастап әскерилерге баспана алу жеңілдеді
Әскерилер коронавирус індетімен күресуге қауқарлы ма?
2019 жылғы Қазақстанның ең үздік спортшысы әскер қатарына алынды