Ақша, теңге

Түнгі уақыттағы жұмыс үшін қандай жағдайда қосымша ақша төленетіні айтылды

785
(Жаңартылды 18:17 22.05.2020)
Сағат 22:00-ден таңғы 6-ға дейінгі аралық түнгі жұмыс уақыты болып саналады. Бұл уақытта кәмелеттік жасқа толмағандар мен жүкті әйелдер жұмыс істемеуі керек

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Түнгі уақыттағы жұмыс мереке немесе демалыс күніне түссе, қосымша ақша төленеді. Бұл туралы Алматыдағы кәсіподақтар орталығының төрайымы Зәуреш Өмірбаева мәлімдеді. 

"Еңбек кодексінің 110-бабына толықтыру енгізілді. Оған сәйкес, түнгі жұмыс уақыты мереке немесе демалыс күніне түссе, түнгі сағаттағы жұмыс үшін қосымша төлем жасалады", - деді ол баспасөз мәслихатында.

Еңбек кодексінде түнгі уақыттағы жұмыстың әр сағаты үшін еңбек шарты немесе ұжымдық келісімшартқа, жұмыс беруші актісіне сәйкес, жоғары деңгейдегі төлем жасалатыны жазылған.

Мереке немесе демалыс күндегі жұмыс үшін қосымша төлем бір күндік жұмыс еңбекақысының кемінде 1,5 есе көлемінде төленеді.

Сағат 22:00-ден таңғы 6-ға дейінгі аралық түнгі жұмыс уақыты болып саналады. Бұл уақытта кәмелеттік жасқа толмағандар мен жүкті әйелдер жұмыс істемеуі керек. 

Бұған дейін президент "Кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған болатын. Науқас отбасы мүшесін күтіп отырған қызметкерлер толық емес жұмыс күні режиміне көшу құқығына ие болды.

785
Кілт сөздер:
ақша, жұмыс, түн, мереке
Тақырып бойынша
Арнайы дайындық қажет емес - астаналықтарға жұмыс ұсынылды
Мереке күндері кімдер жұмыс істейді - президент тапсырмасы түсіндірілді
Депутаттар мүгедек баласы бар ата-аналарға жалақы төлеуді ұсынды 
Үйінен бір бума ақша шықты – құқық қорғаушылар департамент басшысын тергеуге алды
"Дүйсенбі жұмыс күні болуы тиіс": Тоқаев мереке күніне қатысты тапсырма берді
Халыққа қызмет көрсету орталығы

Жоспар өзгерді: Жамбыл облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылмайды

26
(Жаңартылды 14:13 25.05.2020)
Жедел штабтың өкілдері кезекті отырыста аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты шешімді күрт өзгертіп, тұрғындарды карантин талабына бей-жай қарамауға шақырады

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Жоспар бойынша 25 мамырдан бастап Жамбыл облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылуы тиіс еді. Алайда өңірде індет жұқтыру жағдайының ушығуына байланысты аталған нысандар іске қосылған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Соңғы күндері аймақта коронавирус індетін жұқтырушылардың саны күрт көбеюіне байланысты (22 мамыр күні – 20 жағдай, 23 мамыр – 10 жағдай) 25 мамырдан бастап карантин шаралары жеңілдетілмейтін болды. Жамбыл облыстық жедел штабы осындай шешім қабылдады", – делінген облыстық әкімдіктің хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде ХҚКО қалай жұмыс істейді?

Өңірде өткен тәулік ішінде 33 адам коронавирус жұқтырған.

"Карантин талабы тұрғындардың қауіпсіздігіне бағытталған. Сондықтан да азаматтарды тиісті шектеулер мен ескертулерге бей-жай қарамауға шақырамыз. 25 мамырға жоспарланған халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы кейінге шегерілді", – делінген жедел штаб мәлімдемесінде.

Бүгінге дейін Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандардың саны 292 адамға жетсе, оның ішінде 171 науқас жазылып шығып, бір адам көз жұмды.

Ал Қазақстан бойынша 8 531 адам індетке шалдығып, 4 352 адам ауруынан айықты. 35 науқас қайтыс болды.

26
Кілт сөздер:
эпидемия, халыққа қызмет көрсету орталығы, Жамбыл облысы
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин
Тақырып бойынша
Димаш Құдайбергенов Ақтөбедегі ХҚКО-да паспортты қалай жасатты?
ХҚКО-дағы компьютерден порно көрген ер адам жұрттың ашуына тиді
Нұр-Сұлтан тұрғыны ХҚКО қызметкеріне жұдырық ала жүгірді
Қазақстанның тоғыз өңірінде ХҚКО ашылды
Емшектегі баланы ұстап отырған ХҚКО қызметкерінің суреті желіде дау тудырды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

"Ұялудың еш қажеті жоқ": министр грантқа қалай түсе алмағанын айтты

123
(Жаңартылды 13:36 25.05.2020)
Білім және ғылым министрі ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді ештеңеден қорықпауға шақырып, өзі де мектеп бітірген соң, бірден грантқа түсе алмағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады.

"Барлығымыз үшін 25 мамыр ерекше жағдайда өтіп жатыр. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқу форматына көшумен сақталады деп ойлаймын. Қысқа уақыт ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін", - деді Аймағамбетов бейнеқұттықтауда.

Ол қашықтан оқыту форматы Қазақстанның білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға екенін атап өтті.

Аймағамбетов 2020 жылдың түлектеріне жеке тоқталды. Министр мектеп бітірушілерді ештеңеден қорықпай, мүмкіндіктерді пайдалана білуге шақырды.

Тағы оқыңыз: Білім басқармасы 1-сыныпқа қабылдау тәртібін түсіндірді  

"Алған беттен қайтпау өте маңызды екенін өз басым білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру керек. Мәселен, мен мектеп бітірген соң, бірден бір жылдың ішінде грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың еш қажеті жоқ. Менің алдымда екі таңдау болды: біріншісі, ақылы түрде оқу, екіншісі бір жыл дайындалып, келесі ҰБТ-ны қайта тапсыру. Сол кезде бір жыл дайындалып, тесті қайта тапсырам деп шешім қабылдадым. Бір жыл уақытымды табанды дайындықпен жұмысқа арнап, нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткіздім", - деді ол.

Министр ҰБТ түлектердің өміріндегі ең жеңіл емтиханның бірі болатынын айтты.

Сондай-ақ, ол түлектерді қателік жасаудан қорықпай, керісінше, одан сабақ алуға үндеді.

"Кішкентай кезімізден бізді қателік жасау дұрыс емес, кешірімсіз деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қателік жасамау біздің санамызға құйылып келді. Табысты адам ешқашан қателеспейді деген қате ұғым екенін айтқым келеді. Бәрі қателік жасайды, бастысы – одан сабақ алып, тәжірибе жинақтау. Қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау қажет", - деп кеңес берді ведомство басшысы.

Айта кетсек, биыл коронавирус індетіне байланысты 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн режимде өтті.

Мектеп түлектері үшін аттестат табыстау және соңғы қоңырау мерекесі 3-4 маусымға жоспарланған. Оқу мекемелерінің әкімшілігі іс-шараны мектеп ауласында ұйымдастырады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу дәстүр бойынша маусымның соңы мен шілденің басында өтеді. 

123
Кілт сөздер:
түлектер, білім және ғылым министрлігі, Асхат Аймағамбетов
Архивтегі фото

Оралда балабақшаның екі қызметкерінен коронавирус табылды

0
Қаладағы балабақшалардың жұмысы 15 маусымға дейін тоқтатылды. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері   инфекция жұқтырған жоқ   

АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Оралда балабақшаның екі қызметкерінен коронавирус анықталды, деп хабарлады жергілікті Мой город басылымы.

Бұл жайында Батыс Қазақстан облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді.

Облыста жалпы 414 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Мұсатаевтың айтуынша, олардың арасында балабақша мен білім беру бөлімінің қызметкері бар.

"Науқастрадың он бесі – 14 жасқа дейінгі балалар. 252 жағдай сырттан әкелінген, 162 адам байланыста болғандар, оның ішінде 64 медицина қызметкері, 5 полиция қызметкері, 2 балабақша қызметкері, 2 білім беру бөлімінің қызметкері, 2 оқу орталығының қызметкері, блок бекеттің бір қызметкері бар", - деді Мұсатаев.

Науқастардың арасында балабақша тәрбиеленушілері жоқ.

"Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері арасында инфекция жұқтырғандар жоқ, бірақ оқу орталығының оқытушысы мен білім алушыдан коронавирус табылды. Олармен байланыста болған барлық адам анықталды, медициналық бақылау жүргізіліп жатыр. Жұқтыру ошақтарына дезинфекция жасалып жатыр", - деді Мұсатаев.

Сонымен қатар облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен карантин режимі 15 маусымға дейін ұзартылды. Ал 25 мамырға дейін ашылған барлық нысан жұмысын жалғастырады, яғни қайта жабылмайды.

Орал әкімдігі жанындағы жедел штабтың шешімімен 25 мамырдан бастап Орал қаласындағы барлық балабақша жабылады.

Мұсатаевтың айтуынша, облыс аудандарында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді. Ақжайық ауданында 5, Бөрлі ауданында 7, Теректі және Жәнібек аудандарында – 2  адамнан, Сырым ауданында және Бәйтерек ауданында 5  адамнан, Тасқала ауданында 11 адам анықтады. Ал қалған 377 дерек қалада тіркелді.

Жоспар өзгерді: Жамбыл облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылмайды 

"Жәнібек ауданында екі адамның инфекция жұқтырғаны анықталды. Бірі Қамысты ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер. Ал екіншісі Теңіз кен орнынан вахтадан оралған Борсы ауылының тұрғыны. Коронавирусқа тапсырған алғашқы тестің нәтижесі теріс болды, алайда үйіне барған соң ауру белгілері пайда болды. Олар қазір облыстық ауруханаға жатқызылды", - деді ол.

Қамысты және Борсы ауылында карантин жарияланды. Сонымен қатар Сырым ауданында және Қарашығанақ кен орнында карантин шарасы енгізілді. Өйткені Қарашығанақ Петролиум Оперейтингтің бір қызметкерінен коронавирус анықталды, деп нақтылады Нұрлыбек Мұстаев.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 24 мамырда 16 адамнан инфекция анықталды, өсім 7,3%-ті құрады.

24 мамырда қала әкімдігі жанындағы жедел штаб балабақшалардың жұмысын 15 маусымға дейін тоқтатты.

0
Кілт сөздер:
балабақша, коронавирус
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин
Тақырып бойынша
COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастар үшін қауіпті дәрілер аталды
Қырғызстан парламентінің экс-спикері коронавирустан қайтыс болды
Ғалымдар коронавирус пандемиясы қашан аяқталатынын айтты
Коронавирус инфекциясын бір тәулікте 209 адам жұқтырды  
Атырауда үш жасар қыздың коронавирусты қалай жұқтырғаны анықталды