Қоғам

Нұр-Сұлтанда науқастар саны артты: шұғыл штаб бірнеше шешім қабылдады

© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаМодульная инфекционная больница, построенная в течение двух недель в условиях ЧП в связи с пандемией коронавируса в Нур-Султане
Модульная инфекционная больница, построенная в течение двух недель в условиях ЧП в связи с пандемией коронавируса в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы өте ауыр. Өкінішке қарай, тұрғындар медицина қызметкерлері айтып жатқан ережелерді сақтамай отыр, дейді қала әкімі

НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов шұғыл штабта эпидемиологиялық жағдайға байланыста бірнеше шешімнің қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әкімнің сөзіне қарағанда, бүгінде денсаулығына шағым айтып келетін адамдардың саны көбейді. Осыған байланысты Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар үшін қосымша 400 провизорлық орын ашылып отыр. Ал инфаркт, инсульт және қант диабеті бар науқастар үшін бөлек орындар жасақталды.

Оқи отырыңыз: "Белім ауырып тұр деді": Екібастұз тұрғыны коронавирустан қалай қайтыс болды 

"Коронавирусқа шалдыққан, бірақ симптомсыз жүрген адамдарды телемедицина арқылы емдеуге шешім қабылданды. Медицина қызметкерлері бейнеқоңыраулар және басқа да байланыс арналары арқылы тұрғындардың денсаулық жағдайын қадағалайды, коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларына барлық мәселе бойынша кеңес береді. Науқастарда симптомдар пайда болған жағдайда олар ауруханаға жатқызылады", - деп жазды Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, шетелден ұшып келген жолаушыларды оқшаулау тәжірибесі жалғасады. Ол үшін "Рамада Плаза" қонақ үйінде арнайы бөлемелер бар.

Шұғыл штабтың тағы бір шешімі – қаладағы сан алуан мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерін қашықтан жұмыс жасау режиміне барынша көшіру. Себебі бүгінде инфекцияны жұқтырғандардың жартысы – жұмысқа қайта шыққан адамдар.

"Қала тұрғындары санитарлық нормаларын қатаң сақтауы қажет. Отбасылық жиындар мен қонаққа барудан, үлкен топпен жиналудан бас тартқан жөн. Себебі қалада отбасылық ошақтар тіркеліп отыр, яғни бір отбасының барлық мүшесі індетті жұқтырған", - дейді Көлгінов.

Қалада дезинфекциялық жұмыстар жалғаса береді. Ал емханалар мен ауруханаларда дезинфекциялық түнелдер мен тепловизорлардың саны артады.

"Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы өте ауыр. Өкінішке орай, тұрғындар медицина қызметкерлері айтып жатқан ережелерді сақтамайды, өзін-өзі емдеумен айналысып, медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейді. Covid-19 инфекциясын өздігімен емдеуге болмайды, індет өте қауіпті. Санитария нормаларын сақтамау қатаң карантин режиміне оралуға әкелуі мүмкін", - деп жазды қала басшысы.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтанда қазіргі уақытта коронавирус жұқтырғандар саны 2 760 адам болды. 1 981 науқас дерттен сауықты, 15 адам қайтыс болды.

Жаңалықтар
0