ҰБТ - 2020

ҰБТ-2020: 138 балл жинаған ауыл баласы тестті қалай тапсырғанын айтты

13807
(Жаңартылды 11:42 24.06.2020)
Абзал осы күндері тест тапсырып жатқан талапкерлерге таза білімге ғана сену керектігін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні республика бойынша 39 талапкер 130 балдан жоғары жинаған. Бірақ олардың ішінен оқ бойы озық шыққан бір ауылдың баласы бар. Оған максималды балға екі-ақ ұпай жетпей қалды. Түркістан облысындағы Теспе ауылының мектеп түлегі Абзал Әбдіманап ҰБТ-дан 138 бал жинап шықты. Sputnik Қазақстан тілшісі онымен хабарласып, тестке қалай дайындалғанын және сұрақтарға қандай әдіспен жауап бергенін білді.

Директор ағайдың әңгімесі

Теспе ауылы Түркістан қаласынан 150 шақырым шалғай жерде орналасқан. Ордабасы ауданына кіреді және Бөріжар ауылдық округіне қарайды. Біз Абзалды Теспе орта мектебінің директоры Бақыт Тұрғанбекұлы арқылы таптық. Телефон арқылы хабарласақанда директор ағай Абзалдың үйіне бара жатқан. "Балаға жолығып кетейін деп келгенмін, сіз звондап қалдыңыз", - деп, жол-жөнекей Абзал туралы айтып берді.

"Абзал алдымен Ынтымақ ауылында Сұлтан Ысқақов атындағы тоғыз жылдық мектепте оқыған. Өзі сол жерде тұрады. Теспе мен Ынтмақтың арасы 9 шақырымдай болады. Соны үздік бітіріп шыққаннан кейін Теспе жалпы орта мектебіне келіп, 10-11 сыныпты тәмамдаған. Енді, бір мектептен екіншісіне ауысқанда кішкене болса да, психологиялық қиындық болады ғой. Содан 11 сыныпты көк аттестатпен тәмамдады", - дейді Тұрғанбекұлы.

ҰБТ-дан 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап
© Photo : Абзал Әбдіманаптың жеке архивінен алынды
Ұлттық біріңғай тесттен 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап пен мектеп директоры Бақыт Тұрғанбекұлы

Директордың айтуынша, Абзал мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан. Спорттық жарыстарға ғана емес, қашықтан білім олимпиадаларына да қатысып жүрді.

"Бала бір сыдырғы ақкөңіл өзі, әке-шешесінің үлкені. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп, мектепті жақсы оқып бітірген. Әне, өзі де тұр ғой, атасымен әңгімелесіп. Қазір телефон тұтқасын берейін", - деді де, Абзалды шақырды.

Абзалдың дайындығы

Телефонның арғы жағынан өте сыпайы әрі байсалды дауыс естілді. Абзал ұлттық бірыңғай тестілеуге екі жыл бойы қатты дайындалғанын айтты. 10-шы сыныптан бастап сабақтан кейін мұғалімдермен де дайындық жасады. Карантин кезінде қосымша онлайн курстарға қатысты.

"Шыны керек, ҰБТ жақындағанда дайындық қатты болды. Бұрын оқығандарым есімнен шығып кете береді, соның бәрін түнімен қайталап отырдым. Мен тоғыз жылдықты үздік бітіргенмін. Ал 11-сыныпты көк аттестатпен тәмамдадым, біраз төрттер болды. Бірақ мен өзім "Алтын белгіге" қызыққан жоқпын. Бар күшімді ұлттық бірыңғай тестілеуге салып, грант ұтып алуды мақсат еттім", - дейді Әбдіманап.

Оның айтуынша, дайындықты күнде бір уақытта жасаса, адам ондай тәртіпке тез үйреніп қалады.

Абзал тестті қалай тапсырды?

"Біз ҰБТ-ны Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте тапсырдық. Маған көбінесе, оқыған сұрақтар келді, өткен тақырыптар келді. Солай жинадым. Жоғары балл жинайтыныма сенімді болдым. Сұрақтар қатты қиын болған жоқ. Өткен тақырыптар келген соң, соның бәрін оқығаннан кейін оңай болды", - деді Абзал.

Абзал биология мен химияны таңдады. ҰБТ кезінде биологиядан 39 бал жинаса, химиядан 40 ұпай алып шықты. Ал Қазақстан тарихынан бір сұрақтан ғана жаңылысты. Сөйтіп, максималды 140 балдың ішінен 138 ұпайға ие болды.

ҰБТ-дан 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап
© Photo : Абзал Әбдіманаптың жеке архивінен алынды
Абзал құрдастарымен бірге

"Мен алдымен математикалық сауаттылықтан бастадым. Одан кейін Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, биология мен химияны белгілеп шықтым. Білмеген сұрақтарды қалдырып отырдым. Артынан ойланып, асықпай жауап бердім. Соңына дейін отырдым, бәрін қайта-қайта тексердім. Шынымды айтсам, 138 балл алатынымды ойлаған жоқпын, бірақ 120-дан артық шығатынына сенімді болдым", - деп атап көрсетті Әбдіманап.

Абзал аппеляцияға берген жоқ. "Осыған да шүкір, қанағат", - деп отыр.

Абзалдың жоспары

Теспе ауылының мақтанышы медицина мамандығына түсуді қалайды. Ол тіс дәрігері – стоматолог боламын дейді.

"Мен – үйдің тұңғышымын. Отбасымда төрт баламыз. Екі бала, екі қыз. Үйдің тұңғышы болған соң, алдыма мақсат қойдым. Ата-анама салмақ салмайын дедім. Грант ұтып алуға күш салдым. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын", - деді Абзал.

Оқи отырыңыз: ҰБТ нәтижесі жойылған талапкерлерге қатысты жағымды жаңалық жарияланды

Абзал бүгінде тест тапсырып жатқан талапкерлерге де кеңес берді. 

"Енді, "шпор" немесе телефон алып кіремін деп, қатты сеніп қалмасын. Ол жерде мүлдем қолдана алмайды. Таза білімге ғана сену керек", - дейді Абзал.

13807
Кілт сөздер:
талапкерлер, ҰБТ
Тақырып бойынша
ҰБТ-да талапкерлерді қалай тексереді – видео
Нұр-Сұлтанда түлектердің бірін ҰБТ-ға кіргізбей қойды  
ҰБТ-2020: калькуляторды қолдану тәртібі жарияланды 
ҰБТ-2020: 164 талапкердің нәтижесі жойылды
Ауыл мектебінің оқушысы ҰБТ-да 138 балл жинады
Дәрігерлер, архивтегі сурет

Айнұр Тұрсынбаева желіде жазба жариялады - басы дауға қалған компания жауабы

1955
(Жаңартылды 22:10 10.07.2020)
Бүгін Тұрсынбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан жиналған ақшаға Түркияда 125 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынғанын жариялады. Алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. "СК-Фармация" компаниясы айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның үндеуіне жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"СК-Фармацияның" баспасөз қызметі компания гуманитарлық көмекті қабылдаудың бірыңғай операторы болып саналатынын жеткізді. Алайда қайырымдылық көмек тек компания арқылы жасалуы керек деген шарт жоқ. Қайырымдылық жасайтын адамдар оны өздігімен де жасай алады. 

"СК-Фармацияны" гуманитарлық көмекті қабылдаудың бірыңғай операторы ретінде белгілеудің негізгі мақсаты – медициналық препараттар мен бұйымдарды тарату және дер кезінде жеткізу. Ондайда дәрі-дәрмектерді сақтау мен тасымалдаудың өзіндік талаптары болады. Ол үшін компанияда логистикалық желі бар. Бұдан бөлек, "СК-Фармацияның" құрылымдық бөлімшелері медициналық препараттарды кедендік рәсімдеу мен рұқсат құжаттарын алуға көмектеседі. Алайда бұның барлығы басқа адамдардың біреуге көмек көрсетуіне шектеу бола алмайды", - дейді мамандар. 

Айта кетсек, бүгін Айнұр Тұрсынбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан жиналған ақшаға Түркияда 125 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынғанын жариялады. Алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтты. 2 тонна жүкті тұтас жеткізетін мүмкіндік болмаған. Осыған орай, айтыскер президенттен, денсаулық министрі мен қорғаныс министрінен көмек сұрады. Ол тыныс алу аппараттарын Қазақстанға жеткізгеннен кейін тарату жұмысын өздеріне тапсыруды сұрады. Себебі СК "Фармация" компаниясына сенім жоқ екенін айтты.

"Біз алған аппаратты Қазақстанға барған соң СК "Фармация" деген мекеме қабылдап алады. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр. Осы аппараттарды таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен. Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жіберсе, тұтас апаруға болады", -дейді Тұрсынбаева.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Айнұр Тұрсынбаева (@aidyn_nury)

Оның сөзіне қарағанда, Түркиядағы зауытпен екі аптада арзан бағаға 500 аппарат сатып алуға келісім жасалған. Оның ақшасын да жинауға мүмкіндік бар. 

Тыныс алу аппаратарына ақша жинауға көмектесіп жүрген блогер Дәулет Төлеутайұлы да өз парақшасы арқылы бейнеүндеу жолдады. Оның айтуынша, 125 аппараттың ақшасы бір күнде жиналды. Ал вице-министр Людмила Бюрабекова ондай көмекті жеткізудің тәртібін түсіндірген.  

"Маған вице-министр Людмила Витальевна хабарласты. Ол маған елдегі заңды түсіндірді, яғни, заң аясында сол "СК-Фармация" қабылдайды екен немесе әрбір елдімекеннің әкімшілігімен біз келісімшартқа отыруымыз керек екен. Бұның барлығы уақыт алады, бюрократия. Бүгінде "СК-Фармация" халықтың сенімінен айырылып отыр. Біз 125 аппаратты 125 елдімекенге таратқанда 125 әкіммен келісімшарт жасасақ, уақыт жоғалтамыз", - дейді Төлеутайұлы.  

1955
Кілт сөздер:
медицина, компания, желі, Айнұр Тұрсынбаева
Тақырып бойынша
"Халық сенбей отыр": Айнұр Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады
Тоқаев үкіметтің бастамасы туралы: жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін
Дәрігер дене қызуы көтеріле бастағанда не істеу керектігін айтты
Қазақстандағы "белгісіз пневмония": министр Тоқаевтың сауалына жауап берді
Пневмониясы барларға қалай дұрыс жату керек – пульмонолог кеңесі
Аурухана, архивтегі сурет

Қазақстандағы "белгісіз пневмония": министр Тоқаевтың сауалына жауап берді

807
(Жаңартылды 21:36 10.07.2020)
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биыл елде түрлі пневмонияға шалдыққандар саны күрт артқанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрінен Қазақстандағы "белгісіз пневмония жағдайлары" туралы сұрады.

"Біздің елде пневмонияның белгісіз түрі өршігені туралы ақпарат тарап жатыр. Ол біздің статистикада көрсетілмей жатқаны айтылады. Бұл қандай пневмония?" - деп сұрады Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

"2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 98 546 адам пневмонияға шалдықты. Өсім - 55,4%", - деп жауап берді Цой.

Мемлекет басшысы бұл пневмония салдарынан қанша адам қайтыс болғанын нақтылады.

"Бірінші жартыжылдықта 1772 жағдай тіркелді. Өткен жылы (бір жылда) 1 780 адам қайтыс болды", - деді Алексей Цой.

Президент бұл төтенше жағдай екенін айтты. 

"Сонда жағдай төтенше деген сөз бе? Көп адам қайтыс болды, мұны мойындау керек", - деді Тоқаев.

807

Дәріні ұшақпен қалай тасымалдау керек - видео

0
Бүгінде дәрі-дәрмек тапшылығына байланысты кейбір медициналық препараттарды табу қиын. Алыпсатарлар да көбейді

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik,Арман Асқар. Туған-туысқанына көмектесеміз деген қарапайым адамдар бір қаладан тауып алған дәріні басқа қалаға беріп жіберуге тырысады. Әуежайға барып, жолаушыларға жалынады. Sputnik Қазақстан тілшісі Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда болып, дәрі-дәрмекті тасымалдау тәртібін біліп қайтты. Жолаушылардың өзге біреудің дәрісін жеткізіп беруге қатысты ойын да сұрады. 

Ұшаққа қалай кіргізеді

Әуежайдың тексеру қызметінің бастығы Серікбол Сәдуақасовтың айтуынша, әрбір жолаушы тек өзіне қажетті дәріні ғана ұстап жүре алады. Өзге біреудің медициналық препараттарын тасымалдауға болмайды. Жолжүкте артық дәрілер анықталса, әуежай қызметкерлері хаттама толтырып, препараттарды қоймаға апарып қояды. Оны хаттаманың көшірмесімен 30 күннің ішінде алып кетуге мүмкіндік бар.  

"Негізі, медициналық препараттарды аз мөлшерде ғана алып жүруге болады. Ол адамның қолжүгінде болуы керек және нақтылануы керек. Яғни, дәрігердің нұсқауы болуы шарт. Рецептпен бірге ұстайды. Сосын "обезболивающий" дейміз ғой. Сондай препараттар аз мөлшерде, бір-екі таблетканы өткізуге болады", - дейді Сәдуақасов. 

Жеткізіп беруге дайынбыз

Жолаушылардың көбісі ережені білмейді. Бірақ өзге біреудің дәрісін жеткізіп беруге қарсы емес.

"Адамдар ауырып жатыр. Оларға көмектесу керек. Ал бір жағынан қарағанда, қазір әр түрлі махинациялар жасап жатыр ғой. Дәрілерді қымбатқа сатуда. Бәлкім, контрабанда жасайтын шығар. Оны білмейміз ғой. Негізі, көмектескен дұрыс. Бірақ оны адамдар емес, мемлекет істеу керек қой", - дейді олар.

Сұхбат берген жолаушылардың басым бөлігі дәріні жеткізіп беруге келісті. Дегенмен, шұғыл пошта қызметін қолдануға кеңес бергендер де болды.

Дәрі-дәрмек тапшылығы қашан шешіледі

Халыққа үндеу жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын күндері дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешілетінін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бүгінде медициналық препараттарды сертификаттау, жеткізу және сатып алу  жеңілдетілді. Осының арқасында қажетті дәрі-дәрмекті ауруханалар мен дәріханаларға дер кезінде жеткізуге мүмкіндік бар.

Қазірдің өзінде стационарлар үшін шамамен 30 мың науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмек сатып алынды. Бұл қазіргі қажеттіліктен 70 процентке көп. Бөлшек сауда желісіне де медициналық препараттар түсіп жатыр. Парацетамолдың 800 мың қаптамасы жеткізілді. Осы аптаның аяғына дейін тағы 900 мың қаптаманы әкеледі. Ал антибиотиктердің 150 мың қаптамасы дәріханалар желісіне тапсырылды. 

Мемлекет басшысы халықты дүрбелеңге салынып, дәріні артығымен алмауға үндеді. Себебі одан тапшылық басталады.

0
Кілт сөздер:
коронавирус, видео, дәрі, ұшақ
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
"Халық сенбей отыр": Айнұр Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады
Дәрігер дене қызуы көтеріле бастағанда не істеу керектігін айтты
Айнұр Тұрсынбаева желіде жазба жариялады - басы дауға қалған компания жауабы
Пневмониясы барларға қалай дұрыс жату керек – пульмонолог кеңесі
Қазақстандағы "белгісіз пневмония": министр Тоқаевтың сауалына жауап берді