Қоғам

"Немереңізді ауыртып аласыз": Бердібек Сапарбаев тұрғындарға үндеу жасады

© Sputnik / Владислав ВодневБердибек Сапарбаев
Бердибек Сапарбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Облыс әкімі желіде тараған ақпараттың бәріне сенбеуге, күн-түн демей жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің еңбегін бағалауға шақырды

АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды санитарлық нормаларды сақтап, сенімді ақпарат көзіне сенуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әлеуметтік желіде қайтыс болғандарға арналған қаптар түсірілген видео тарады. Ең алдымен ақпаратты соңына дейін оқу керек. Ол видеоны алып қарасақ, соңында Ақтау қаласында түсірілгені жазылған. Екіншіден, соның жанына Маңғыстау облысы әкімдігінің оны жоққа шығарғаны жазулы тұр. Оған барып Ақтаудың орнына Тараз деп жазып қойған. Бәрі сосын Таразда болды деп ойлап қалды", - дейді Сапарбаев.

Осындай жағдайда облыс әкімі желіде тараған ақпараттың бәріне сенбеуге, дәрігерлердің күн-түн демей жұмыс істеп жатқанын айтып, олардың еңбегін бағалауға шақырды.

"Бар болса да, жоқ болса да, кім жаман, дәрігер жаман болып кетті. Дәрігерлер болмаса, өлген адамның саны қаншама есе көп болатын еді. Әрине, кей дәрігердің, басшылардың кемшілігі бар. Егер аурухана ауласына бір топ адам жиналса, басшы түсуі керек, жағдайды білуі қажет. Екіншіден, қабылдау бөлімінде қанша адам отырғанын, неге ұзақ уақыт отыратынын білуі тиіс. Бас дәрігерлерге осы жайлы айтылды", - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев 65 жастан асқан зейнеткерлерден той-томалаққа бармауды өтінді.

"Індеттің тезірек азаюы өзімізге байланысты. Әрқайсымыз өзіміздің, ағайын-туыстың денсаулығын ойлауымыз керек. Егер барлық талапты орындайтын болсақ, онда бұл індеттен тез құтыламыз. Бас дәрігердің кейінгі қаулысы толығымен орындалуы қажет. Зейнеткерлер, 65 жастан азаматтарға далаға шығуға болмайды. Сіздер үйде отыруларыңыз керек. Сіздерге тойға, құдалық, беташарға баруға болмайды. Ертең немереңізді ауыртып аласыз", - деді Сапарбаев тұрғындарға.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 1 789 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, 598 адам жазылып шықты, 3 адам қайтыс болды. Қайтыс болған науқастың бірі – Павлодар облысының тұрғыны.

Жаңалықтар
0