Аурухана қызметкерлері

Тоқаевтың кеңесшісі пневмония мен COVID-ке қатысты жазба жариялады

288
(Жаңартылды 11:57 17.07.2020)
Президент кеңесшісі бұл тәсіл коронавирус инфекциясынан болатын өлімнің санын он есеге арттырады деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Қазақстандағы коронавирус статистикасына көзқарасты қайта қарау қажет деп санайды.

"Коронавирус статистикасы денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы жіберген ақпараттық сәтсіздіктердің біріне айналды. Осыған байланысты халықтың коронавирустық бастамаларға деген сенімі төмендеді. Ал Қытайдың Қазақстандағы елшісінің ұсынған ақпараты бойынша біздің ел түсініксіз вирустың ошағы ретінде әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналды", – деп жазды Құдайбергенов Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, коронавируспен ауыратындарды симптоматикалық және асимптоматикалық деп бөлу қателік болған.

"Наурызда алғашқы тест сынақтары басталды, бастапқы кезде тест өткізу аз болды. Сәуірдің ортасына қарай біз күніне 20 мыңға жеткіздік. Ал мамыр айының басында бұл көрсеткіш күніне шамамен 30 мыңға жетті. Сондай-ақ, мамыр айында симптоматикалық емделушілерді бөлек жеке бағанмен есептей бастады және бұл сөзсіз қателік еді. Осылайша, біздің есеп әлемдік статистикаға мүлдем кереғар болды. Яғни, пациенттердің жалпы санымен қатар, ауыр науқастардың санына есеп жүргізілмеді. Бұл тәсіл бізде әлі де жоқ",– деді Құдайбергенов.

"Тестілеумен қамту вирустың таралуымен сәйкес келе бермейтіні түсінікті. Ауыр науқастардың саны өсе бастады. Ал ПТР-тесттен өтпегендерді ауруханаларға қабылдамаған соң, науқастардың жағдайы нашарлай түсті. Нәтижесінде, маусымның ортасында өкпе зақымдануының пайыздық мөлшерін көрсететін КТ тексерісі болса, науқастарды қабылдау керек деп шешім шығарды. Сол-ақ екен КТ-да кезек пайда болды. Дегенмен, екеуінің бірінен өту мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болды әрі КТ-да пневмонияны дәл көрсетті. Ал ПТР-тесттің жалған көрсеткіштеріне күмән әлдеқайда көп болды", – деп жалғастырды ол.

ПТР-тесттің теріс болу себебінің мүмкіндіктері:

  • тесттің өзі сезімтал емес немесе қателігі болса;
  • жұғындысы дұрыс қабылданбаған болса;
  • талдау барысында қате манипуляциялар болса.

"Адамнан кеткен қателіктердің себебін тестілеу орталықтарындағы қызметкерлердің алғашқы құрамының ауырып қалуымен, олардың орнына жаңа қызметкерлердің келуімен байланысты деп түсіндірілді. Өйткені, кез келген жағдайда олардың құзыреті төмен болғандықтан, қайта оқытылуы керек. Алматы мен астанаға қарағанда бұл жағдай тіптен төмен. Тестілеумен қамтуды кеңейту мақсатында орталықтарды көп елді мекендерге орналастыру сөзсіз теріс сынақтардың санын көбейте түсті", – деді Құдайбергенов.

Бұрмаланған статистика

Президент кеңесшісі пневмонияның пайда болуын, коронавируспен ешқандай байланысы жоқ деп түсіндіреді.

"Адамдар пневмониядан қайтыс болғанда, марқұмның тест сынағының оң-теріс қорытындысы болды. Сондай-ақ, мүлде тесттен өтіп үлгермегендердің де денесі туыстарына берілді. Содан кейін жаназа, жерлеу рәсімдері мен еске алу шаралы өтіп жатты. Бұл коронавирустың тез және кең таралуына жағдай жасады. Тіпті, марқұмды соңғы сапарға шығарып салуды ешбір шектеу, кедергісіз, қалыпты жағдайда өткізу үшін дәрігерлермен келісіп, өлім себебін инсульт, инфаркт, тромбоз, жедел жүрек жеткіліксіздігі деп көрсеткен жағдайлар да жоқ емес. Мүрдені мәйітханадан бірден зиратқа апарып жерлеген сәттер болғанымен де, аурудың жұғуы тыйылмады. Бірақ статистика бұрмаланды",–  деген Құдайбергеновтің пікірінше, пневмониядан қайтыс болғандарды коронавирустан көз жұмғандардың статистикасына қосу керек.

"Шын мәнінде, науқастарды коронавирустан емдеген ауруханаларда пневмониядан немесе басқа аурулардан қайтыс болған адамдарды коронавирустан көз жұмғандармен теңестіру керек. Бұл жерлерде адамдардың инфекцияны жұқтырмауы екіталай. Содан соң олардың жалпы санын ПТР сынағымен немесе басқа да белгілер түрінде расталғандарға бөлуге болады. Бұл тәсіл өлім-жітімді 10 есеге дейін арттырады деп ойлаймын",– деп атап өтеді президент кеңесшісі.

"Ал статистиканы түзету кезінде өлім мен пациенттер санының тағы да бір күнде күрт өсіп әлемдік БАҚ назарына ілінбеу үшін Worldometer.info-ға хабарласу керек. Себебі, соңғы реттегі күрт өсу асимптоматикалық емделушілердің болмауына байланысты болды. Олардың саны бір күнде енгізіліп, инфекция бойынша ел бірден бірінші орынға көтерілді", – деп еске алды Құдайбергенов.

Оқи отырыңыз: Бұл сұмдық трагедия – президент кеңесшісі Қазақстандағы жағдай туралы айтты

Сондай-ақ оның пікірінше, науқастарды емдеуге қатысқан, тест тапсырмаса да пневмониядан қайтыс болған дәрігерлердің әрқайсысына 10 миллион теңгеден төлеу керек. Сонымен қатар, коронавирусты емдеуге қатысып, коронавируспен немесе пневмониямен ауырған барлық дәрігерлер 2 миллион теңгеден алуға лайықты.

288
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (1391)
Тақырып бойынша
"Котёл" ойыны: Тоқаевтың кеңесшісі өз ойын ашық айтты
Алматы атауын өзгерту ұсынысы: президент кеңесшісі пікір білдірді
Министр Нұрымбетов президент кеңесшісінің атышулы жазбасына жауап берді   
Армян көліктерінің мәселесі: президент кеңесшісі қабылданған шешімді түсіндірді
Президент кеңесшісі төтенше жағдайдың ұзартылуына қатысты жазба жариялады
Архивтегі фото

Отставкаға өтініш берген шенеуніктердің аты-жөні жарияланды

4699
(Жаңартылды 21:19 14.08.2020)
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі отставкаға жіберу туралы екі өтінішті қарап жатыр. Шешім президент әкімшілігімен келісіле отырып қабылданады

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі отставкаға өтініш берген шенеуніктердің аты-жөнін жариялады. Олардың қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық жасағаны дәлелденген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі отставкаға жіберу туралы екі өтінішті қарап жатыр.

"Біріншісін 28 шілде күні оның орынбасары Федяев жазды. Себебі 25 шілде күні сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Қалабаевқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді", - делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, 3 тамызда Ақжар ауданының әкімі Мадияров та өтініш берді. Оның орынбасары Досымбеков өз кінәсін мойындап, келтірген залалдың көлемін өтеді. Оған қатысты тергеу шаралары тоқтатылған болатын.

Оқи отырыңыз: Облыс әкімі орынбасарының заңсыз әрекеті видеоға түсіп қалды 

"Мемлекеттік қызмет туралы" заңның 60-бабы, 2-тармағына сәйкес отставканы қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешім бір ай мерзімде президент әкімшілігімен келісіле отырып қабылдануы тиіс", - дейді агенттік мамандары.

Отставкаға тағы кім өтініш жазады

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық бойынша бірқатар іс сотта қаралып жатыр. Айыптау үкімдері заңды күшіне енген жағдайда отставкаға кету туралы өтінішті төмендегі лауазымды тұлғалар беруі тиіс:

  1. Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Нұртаев. Оның орынбасары Тәжібаевқа қатысты үкім 3 шілдеде шықты, прокуратураның наразылығы бойынша отырыс 25 тамызға тағайындалды.
  2. Түркістан облысы Келес ауданының әкімі Есбаев. Апелляцияға өтініш берілмесе, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Құрманалиевке қатысты үкім 15 тамызда күшіне енеді.
  3. Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Өнербаев. 22 тамыз күні Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы Норқұловқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енеді.
4699
Кілт сөздер:
шенеуніктер, отставка
Тақырып бойынша
Министрлер мен әкімдер отставкаға кетеді: Бектенов жаңа заңды түсіндірді
Қазақстанда бірнеше әкім отставкаға кетуге өтініш берді
Алтай Көлгінов өзінің отставкасы туралы сұраққа жауап берді
Қостанай әкімі отставкаға кетуі мүмкін 
Архивтегі фото

"СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы ұсталды

1635
(Жаңартылды 18:55 14.08.2020)
Ол медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттігін теріс пайдаланған, хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. "СК-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басшысы ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ол төтенше жағдай жарияланған кезеңде медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттігін теріс пайдаланған.

"СК-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген ресми хабарламада.

14 тамызда соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.

"Соңғы шешімді сот шығарады. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - дейді агенттік қызметкерлері.

Оқи отырыңыз: Медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшылығы тергеуге алынды 

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" ЖШС жұмысын сынға алып, басшылығын жұмыстан босатуды тапсырған болатын. Қажет болса тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берді. Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды.

12 шілдеде "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы қызметіне Ерхат Есқалиев тағайындалды.

 

1635
Тақырып бойынша
"СК-Фармацияның" басшысы қанша жалақы алатынын айтты
Мамин министрлер мен әкімдерге тапсырма берді
"СК-Фармация" басшылығы қазақстандықтардан кешірім сұрады
"СК-Фармация" басшысы атышулы фотосын не себепті алып тастағанын түсіндірді
Министрлік тегін дәрі алу үшін не істеу керек екенін айтты
Архивтегі фото

Нұр-Сұлтанда басқарма басшысы 1 миллион теңгеге дейін пара алған видео

0
Елорда әкімдігінің лауазымды қызметкерлері заңды тұлғаларға құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуға лицензияларды заңсыз берген

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елорда әкімдігінің лауазымды тұлғасын тергеуге алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, "Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы мен басқа да тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Олар 100 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейінгі ақшалай сыйақы үшін заңды тұлғаларға құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуға 1,2,3-санаттағы лицензияларды заңсыз бергені үшін айыпталып отыр", - дейді тергеушілер.

Ал Алматы облысы Кербұлақ ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы мен басқа да қызметкерлері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін тергеуге алынды.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясының лауазымды тұлғасы қылмыс үстінде қолға түсті – видео

"Олар 2019 жылдың шілде-тамыз айларында "Сарыөзек ауылының сумен жабдықтау жүйесін ағымдағы жөндеу" объектісі бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін 35 855 570 теңгені аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырды",- делінген ресми хабарламада.

0
Кілт сөздер:
видео, пара