Қоғам

Дәретхана суына тұншықтырды: Алматы облысында ер адам өз отбасын көп жыл азаптаған

© Photo : pixabay.comАгрессия, угнетение, иллюстративное фото
Агрессия, угнетение, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Күдіктіні полиция ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Балаларды азаптаған ер адам жеті жылға дейін сотталуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Алматы облысында ер адамның көптен бері әйелі мен балаларын аяусыз азаптап келгені мәлім болды. Келіншегін қорқыту үшін ол тіпті үш айлық баласын дәретхана суына тұншықтырған. Бұл туралы "Не молчи" қоғамдық қорының өкілдері хабарлады.

Ерлі-зайыптылар бір жылдан астам уақыттан бері бірге тұрған. Осы уақыт ішінде әбден қысым көрген әйел полицияға хабар беруге қорыққан. Бірінші некеден тоғыз және төрт жасар екі ұлы бар әйелдің соңғы күйеуінен ортақ перзентінің туғанына үш ай болған.

"3 тамызда әйелдің анасы бізге қоңырау шалып, қызының күйеуінен зәбір көріп жатқан сәті түсірілген суреттер жіберді. Оны немересі түсіріп алған екен және мұндай жайт бірінші рет емес көрінеді. Оны біліп қалған ер адам телефондарды жиып, есіктерді жауып алып, оларды көмек сұрау мүмкіндігінен айырған", - деп жазды қордың негізін қалаушы Дина Смайылова.

Қоғамдық қор өкілінің айтуынша, тоғыз жасар бала жуыну бөлмесіндегі су ағызу шүмегін абайсызда сындырып алғаны үшін ер адам оны ұрып-соққан.

"Содан кейін ол анасы мен балаларды ұрып-соғып, денесін көгерткен. Тіпті, үш айлық баланы ұстап алып, әйелін қорқыту үшін дәретхана суына тұншықтырып өлтіруге тырысқан. Әйелдің қабырғасы сынып, бас миы шайқалған. Сондай-ақ, үлкен ұлының да қабырғасы сынып, ауруханаға түсті", - дейді ол.

Зардап шеккен әйелдің анасының айтуына қарағанда, ер адам олардың отбасына үш жыл бұрын келген және бірнеше айдан кейін-ақ әйеліне қорлық көрсете бастаған. Сонымен қатар, әйелдің шешесі ер адам төрт жасар баланы зорлаған болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Дина Смайылова қазіргі кезде балалар қосымша сараптамалық тексерістен өтіп жатқанын мәлімдеді. Ол мұндай сұмдық жағдайға қатысты ақпаратты Іле аудандық полиция бөліміне шұғыл тапсырған.

Қазіргі уақытта ер адам кәмелетке толмағандарды азаптады деген күдікпен қамауға алынды.

"Не молчи" өкілдерінен осындай хабар түскен бойда іске шұғыл кірістік. Әйел өзі мен балаларының зорлық-зомбылық көргенін айтып, арыз жазды. 1976 жылы туған ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді полицейлер.

Оқи отырыңыз: Бала зорлық-зомбылыққа ұшыраса, қайда хабарласу керек – "111" нөмірі қайта іске қосылды

Қазіргі кезде күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша (кәмелетке толмағанға қатысты азаптау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Жаңалықтар
0