бетперде киген адамдар

Демалыстағы қатаң карантин қанша уақытқа дейін созылады

4143
(Жаңартылды 13:13 14.08.2020)
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі аптадан кейін демалыстағы қатаң карантинді алып тастау мәселесін көтермек

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова демалыстағы катаң карантин неге сақталатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біріншіден, біз қатаң карантиннің нәтижесін сақтап қалуымыз қажет. Ал вирус қалай таралады? Адамдар жақын араласқанда инфекцияның таралу қаупі күшейеді. Демалыста ондай қарым-қатынас көбейеді. Халық сауда орталықтары мен базарларға барады. Сол себепті демалыстағы қатаң карантинді сақтай тұруға шешім қабылданды", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, сенбі-жексенбі күндері ірі сауда орталықтары жабылады. Себебі ондай жерде халық көп жиналады.

"Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың бір жерде шоғырлануына жол бермеу және қарым-қатынасты азайту. Соның арқасында инфекцияның таралу тізбегін үзе аламыз. Демалыстағы локдаунның негізгі мақсаты осы", - деп атап көрсетті Есмағамбетова. 

Әзірге демалыстағы қатаң карантин екі аптадай сақталады. Одан кейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы локдаунды алып тастау мәселесін көтермек.

"Кеше денсаулық министрі Алексей Цой демалыстағы локдаун екі аптадай болады деді. Біз өз кезегімізде табыстың 40 проценті демалыста түсетінін жеткіздік. Дегенмен, келістік. Осы уақыттың ішінде кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын ретке келтіріп, барлық санитарлық талапқа сай жүргізуі керек", - деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жұмағазиев.

"Егер екі аптадан кейін бәрі ойдағыдай болса, біз демалыстағы локдаунды алып тастауды сұрайтын боламыз. Бұл - кезең-кезеңімен шешілетін нәрсе. Себебі адамдардың өмірі мен денсаулығы маңызды. Кәсіпкерлер де оны жақсы түсінеді", - деп атап көрсетті ол.

4143
Кілт сөздер:
демалыс, карантин
Операторлар, иллюстративті фото

Журналистердің кәсіподағы құрылды

14
Жаңа ұйымның төрағалығына журналистика саласында 30 жылдық тәжірибесі бар танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек сайланды

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің "BAQ KASIPODAQ" салалық кәсіподағы құрылды. Бұл туралы бүгін ZOOM платформасында өткен бейнеконференцияда белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бейнеконференцияға танымал журналистер мен медиаменеджерлер қатысты. Сол жерде жаңа ұйымның төрағалығына журналистика саласында 30 жылдық тәжірибесі бар танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек сайланды. Осыдан кейін кәсіподақ басшысы құрылымның жоспары мен алдағы бағыттары туралы жан-жақты баяндап берді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда митингтен хабар тарататын журналистер нені білуі тиіс 

"Алда журналистердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсартуды көздейтін көптеген шаруа, игі бастамалар тұр. Әсіресе, журналистердің шеберлігін шыңдап, кәсіби өсуіне бағытталған және қазақстандық БАҚ-тың әлеуетін күшейтуге арналған ілкімді жобалар бар. Оны тек қана кәсіподақ атқарады деуге болмайды. Оның барлығына сіздермен, құрметті әріптестер, бірлесе отырып қана қол жеткізе аламыз", - деді Әліпбек.

Айта кетейік, 2020 жылдың 10 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 3669 БАҚ тіркелген. Республикада 2964 мерзімді басылым, 161 телеарна, 73 радио, 471 ақпарат агенттігі және желілік басылым бар.

14
Кілт сөздер:
журналистика
Шикі ет

Желіні шулатқан видео: полиция шикі ет жеп отырған баланың ата-анасын іздеп жатыр

121
Бүлдіршіннің заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі, қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қазнетте тараған видеода шикі ет жеп отырған баланың әке-шешесін іздестіріп жатыр.

Бұл туралы білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина хабарлады.

"Біз ақпаратты ішкі істер министрлігіне жолдадық. Баланың заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі. Ата-аналар балаларының денсаулығына, физикалық, психикалық, рухани және моральдық дамуына қамқорлық жасау керек екенін ұмытпауы керек", - деді ол.

Овечкина ата-аналарға балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Желіні шулатқан ролик 21 қыркүйекте жарияланды. Видеода бала шикі ет жеп отыр, кадр сыртынан әйелдің күлген даусы естіледі.

"Кәдімгідей тістеп отыр, жұлып алды әне. Бола берсін бе", - деп сұрайды бір әйел.  

"Не болады, жей берсін", - деп жауап береді екіншісі.  

Желі қолданушылары видеоны қызу талқылады. Бірі "мұнда тұрған ештеңе жоқ" десе, енді бірі баланың ішіне инфекция түседі деп алаңдаған.

121
Кілт сөздер:
ет, видео, бала
Омбыда Абай мәдени-іскерлік үйі ашылды

Омбыда "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылды

0
(Жаңартылды 17:17 22.09.2020)
"Абай" мәдени-іскерлік үйінің ғимараты қаланың орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Ресейдің Омбы қаласында "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Омбыдағы "Абай" мәдени-іскерлік үйінің ғимараты қаланың орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан.

Оқи отырыңыз: Абайдың 175 жылдығына арналған монеталар қыркүйектен бастап сатылады 

Орталықтың ашылу рәсімі онлайн форматта өтті. Оған ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Омбыдағы консулдығы, "Отандастар қоры" КЕАҚ, "Омбы қазақтары" қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

Орталық нақты төрт бағытта жұмыс істейді. Олар:

  • мәдени-гуманитарлық және қазақ тілін үйрету жобаларын іске асыру;
  • "Атамекен" іскерлік  бағыты бойынша қандастардың екі жақты тиімді бизнес жобаларына қолдау көрсету;
  • "Жас қазақ" бағыты арқылы әлемдегі жас қандастарды елге тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру;
  • "Атажұрт" бағыты арқылы шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың қауымдастығын құрып, өзара ақпараттық ынтымақтастықты арттыру.

"Жыл соңына дейін  "Абай" мәдени-іскерлік үйлері Өзбекстанның Тәшкент, Түркияның Стамбұл, Қырғызстанның Бішкек, Германияның Берлин қалаларында да ашылады. Бұның барлығы - ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және "Отандастар қорының"  бірлескен жобасы", - делінген ресми хабарламада.

0
Кілт сөздер:
Омбы, Абай
Тақырып бойынша
Петропавл түрмесінде Абайдың алып суреті салынды – фото
Тоқаев жаңа оқулық әзірлеуді тапсырды
"Абай айт­қан жал­қаулық жиі кездесетіні қынжылтады": Тоқаев мақала жариялады
"Сондай керемет!": Америкалықтар Абайдың өлеңін қазақ тілінде оқыды – видео
Тоқаев Абай мұрасын зерттеушілерді марапаттады