Жаңбырлы күн

Қазақстанның жартысы күзге енгендей кейіпте болады: 3 күнге ауа райы болжамы

7122
(Жаңартылды 16:35 17.08.2020)
Солтүстікке суық циклон келе жатыр. Кей жерлерде найзағай ойнап, дауылды жел тұрады, қатты жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз — Sputnik. Қазгидромет мамандары 18-20 тамызға ауа райы болжамын жасады. 

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы үш күннің синоптикалық жағдайына суық циклон әсер етеді.

"Қазақстанның солтүстік жартысы күзге енгендей кейіпте болады. Күзгі салқын түсіп, жаңбыр жауады, кей жерлерде найзағай ойнап, дауылды жел тұрып, қатты жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі", - делінген хабарламада.

Күндіз ауа температурасы 15-20 градусқа дейін төмендейді.

Республиканың оңтүстік өңірлерінде де өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз температура 22-30-дан 30-35 градусқа дейін жылынады.

Оқи отырыңыз: Синоптиктер жаздың соңғы айында ауа райы қандай болатынын айтты

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы мен 12 облыста дабылды ескерту жарияланған болатын.  

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті 18 тамызда күндіз облыстың басым бөлігінде жаңбыр жауатынын хабарлады. Кей жерлерде тұман түсіп, найзағай ойнайды, күндіз дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстік-батыстан күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, екпіні 23 м/с жетеді.

7122
Кілт сөздер:
ауа райы, бұршақ, жаңбыр, күз
Операторлар, иллюстративті фото

Журналистердің кәсіподағы құрылды

3
Жаңа ұйымның төрағалығына журналистика саласында 30 жылдық тәжірибесі бар танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек сайланды

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің "BAQ KASIPODAQ" салалық кәсіподағы құрылды. Бұл туралы бүгін ZOOM платформасында өткен бейнеконференцияда белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бейнеконференцияға танымал журналистер мен медиаменеджерлер қатысты. Сол жерде жаңа ұйымның төрағалығына журналистика саласында 30 жылдық тәжірибесі бар танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек сайланды. Осыдан кейін кәсіподақ басшысы құрылымның жоспары мен алдағы бағыттары туралы жан-жақты баяндап берді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда митингтен хабар тарататын журналистер нені білуі тиіс 

"Алда журналистердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсартуды көздейтін көптеген шаруа, игі бастамалар тұр. Әсіресе, журналистердің шеберлігін шыңдап, кәсіби өсуіне бағытталған және қазақстандық БАҚ-тың әлеуетін күшейтуге арналған ілкімді жобалар бар. Оны тек қана кәсіподақ атқарады деуге болмайды. Оның барлығына сіздермен, құрметті әріптестер, бірлесе отырып қана қол жеткізе аламыз", - деді Әліпбек.

Айта кетейік, 2020 жылдың 10 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 3669 БАҚ тіркелген. Республикада 2964 мерзімді басылым, 161 телеарна, 73 радио, 471 ақпарат агенттігі және желілік басылым бар.

3
Кілт сөздер:
журналистика
Шикі ет

Желіні шулатқан видео: полиция шикі ет жеп отырған баланың ата-анасын іздеп жатыр

67
Бүлдіршіннің заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі, қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қазнетте тараған видеода шикі ет жеп отырған баланың әке-шешесін іздестіріп жатыр.

Бұл туралы білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина хабарлады.

"Біз ақпаратты ішкі істер министрлігіне жолдадық. Баланың заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі. Ата-аналар балаларының денсаулығына, физикалық, психикалық, рухани және моральдық дамуына қамқорлық жасау керек екенін ұмытпауы керек", - деді ол.

Овечкина ата-аналарға балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Желіні шулатқан ролик 21 қыркүйекте жарияланды. Видеода бала шикі ет жеп отыр, кадр сыртынан әйелдің күлген даусы естіледі.

"Кәдімгідей тістеп отыр, жұлып алды әне. Бола берсін бе", - деп сұрайды бір әйел.  

"Не болады, жей берсін", - деп жауап береді екіншісі.  

Желі қолданушылары видеоны қызу талқылады. Бірі "мұнда тұрған ештеңе жоқ" десе, енді бірі баланың ішіне инфекция түседі деп алаңдаған.

67
Кілт сөздер:
ет, видео, бала