Әлем

Қазақстандық әскери дәрігерлер Ливаннан оралды

© Министерство обороныКазахстанские военные медики вернулись из Ливана
Казахстанские военные медики вернулись из Ливана  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандық әскери дәрігерлер Ливан астанасындағы жарылыстан зардап шеккен 635 науқасты қабылдап, 73 емделушіге ота жасаған

АЛМАТЫ, 27 тамыз – Sputnik. Қазақстанның арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасағы Ливаннан оралды. Әскери дәрігерлер екі аптадан астам уақыт бойы Бейрут, Боуар, Сайда, Машгара қалаларындағы жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті, деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс министрлігі.

Ливанда қазақстандық дәрігерлер барлығы 635 науқасты қабылдап, 73 емделушіге ота жасады.

"Дәрігерлер хирургиялық, травматологиялық және терапевтік науқастарды емдеуге жұмылдырылды. Күн сайын дәрігерлік-мейірбикелік бригадалар тексерулер мен консультациялар, қажетті дәрі-дәрмекпен емдеу іс-шарасын жүргізді. Әскери дәрігерлер ересектермен қатар кішкентай балаларға да көмек көрсетті. Ең қарт науқастардың бірі сол жақ жамбас сүйегі сынған 90 жастағы ер адам болды. Қарияға екі жақ мамандарының күшімен ота сәтті жүргізілді", – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар, Бейрут әскери госпиталіне Қазақстан тарапынан дәрі-дәрмек пен медициналық мүліктер гуманитарлық көмек ретінде тапсырылды.

Қорғаныс министрлігі бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, медицина қызметінің полковнигі Асқар Маруфов Ливан азаматтарының алғысын жеткізді.

"Жергілікті тұрғындар да жылы қабылдады. Әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханаларда жұмыс істеу барысында біз үлкен тәжірибе жинадық", – дейді жетекші хирург Маруфов.

Ынтымақтастық мәселесі талқыланды

Айта кетейік, әскери дәрігерлер Қазақстанға аттанар тұста Ливан қарулы күштері бас әскери-медициналық басқармасының бастығы генерал Джордж Юссеф және әскери госпиталь бастығы генерал Абудахир Насиммен кездесті. Кездесуге қатысушылар тәжірибе алмасу мен екі елде әскери медицинаны дамыту бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

4 тамызда Ливан астанасында әскери-теңіз күштерінің базасына жақын орналасқан Бейрут портының маңында қуатты жарылыс болып, 170-тен астам адам қаза болды. Жарылысқа 2014 жылы кеден қызметтері тәркілеп, қоймада сақталған 2 750 тонна аммиак селитрасы себеп болды. Ливан астанасы апат аймағы деп танылып, қалада 18 қыркүйекке дейін төтенше жағдай енгізілді.

Оқи отырыңыз: Ливан елшісі Астанаға көңілі толмайтынын жеткізді

8 тамызда қазақстандық арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақ Ливанға аттанды. Топ құрамында 29 медицина маманы мен 4 аудармашы болды.

Жаңалықтар
0