Қоғам

Сот залында Шымкенттегі әскери бөлімнен ұрланған қарудың қалай сатылғаны айтылды

© Photo : polisia.kzОружие, которое изъято у контрактника
Оружие, которое изъято у контрактника - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Айыпталушының бірі үш миллион теңгені келісімшарт бойынша әскери бөлімде жұмыс істеген Балғынбайға бергенін айтты

АЛМАТЫ, 27 тамыз – Sputnik. Шымкенттегі әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлау бойынша қылмыстық іске қатысы бар деген сегіз айыпталушының бірі Шыңғыс Сатай сотта ұрланған қаруды қандай бағаға сатқанын айтты, деп хабарлайды өңірлік Otyrar.kz сайты.

Айтуынша, ол 120 мың теңгеге сатып алған жауынгерлік тапаншаны 250 мың теңгеге сатқан. Осылайша 130 мың теңге таза пайда тапты.

"Ал 2 миллион 960 мың теңгені Абылай Балғынбайға (дезертир – Sputnik) бердім. Басында мен бас тарттым, кейін анықтап, қарудың қымбат тұратынын, жақсы пайда көруге болатынын білдім. Сол себепті саттым", – деді ол.

Бұған дейін сотта істің басты айыпталушысы Абылай Балғынбайдан жауап алынды. Сотталушы қылмыс жасарынан бірнеше күн бұрын майордың бөлімнен 100 автомат шығаруды ұсынғанын айтты.

Балғынбай әскери бөлімнен бірнеше рет қару алып шығып, сатқан. Айтуынша, бірнеше апта бойы майор Дәуітов оған қамқорлық жасаған. Тергеу кезінде Балғынбай бұл туралы тіс жармаған, сот барысында мұны айтуға қорыққанын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Қаруланған әскери қызметші бөлімнен қашты: жоспар қалай жүзеге асырылды?

Айта кетейік, Түркістан облысында 20 ақпанда әскери қызметші, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін сержант Абылай Балғынбай әскери салаға қатысы жоқ 1995 және 1996 жылы туған екі досымен бірге 29 автомат, 28 тапанша мен екі қару пышағын ұрлап, қашып кеткен. Ол сол күні кешке Алматыда ұсталды. Сот бұл істі қарауды тамызда бастады. Қазіргі кезде осы оқиғаға қатысты сот алдында сегіз адам жауап беріп жатыр.

Жаңалықтар
0