Архивтегі фото

Білім саласында жемқорлық неге көбейді?

314
(Жаңартылды 15:15 29.08.2020)
Өткен жылы жеті айдың ішінде білім саласында 164 іс қозғалса, биыл дәл осы кезеңде 201 қылмыс анықталған. 100-ден астам қылмыстық іс сотқа жолданды

НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Осы аптада білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзіне қарасты ведомствода "жоғары лауазымды шенеуніктің тергеуге алынғанына" қатысты пікір білдірді. Оның сөзіне қарағанда, вице-министрлердің бәрі жұмысқа келіп жүр. Демек, тергеуге алынған "жоғары лауазымды шенеуніктің" дәрежесі төмен болуы да мүмкін. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүгінде министрлікте ғана емес, жалпы білім саласында жемқорлық фактілері көбейгенін атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

21 шілде күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісі өткен болатын. Сол жерде агенттік басшысы Алик Шпекбаев екі қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі жоғары лауазымды тұлға тергеуге алынған. Біреуі білім және ғылым министрлігінде істесе, екіншісі – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің қызметкері. Шпекбаев "жоғары лауазымды тұлғалардың" аты-жөнін атаған жоқ. Олардың кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ агенттік басшысы екі қылмыстық істің цифрландыруға қатысты екенін ашық айтты. Демек, осы салада бюджет қаражаты ұрлануы әбден мүмкін. Ал цифрландыруға қазынадан қыруар қаржы бөлініп тұрады. Пандемия кезінде ол ақшаның көлемі артты. Себебі қашықтан жұмыс істейтіндер және онлайн сабақ алатындар көбейді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бірнеше әкім отставкаға кетуге өтініш берді

Шпекбаевтың мәлімдемесінен кейін сан алуан алып-қашпа әңгіме тарай бастады. Тіпті, білім және ғылым вице-министрінің ұсталғаны жайында айтылды. Алайда министр орынбасарларының жұмыста екенін айтып отыр. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен тергеуге қатысты ескерту хаты да келмеген.

"Менің барлық орынбасарым жұмыста. Рүстем Айдарбекұлына (Биғари) қатысты ондай ақпарат алмадым. Сосын кінәсіздіктің анық-қанығына жету деген бар. Сондықтан болжам жасау қиын. Өйткені іскерлік атақ-абырой мәселесі тұрады. Егер нақтыланған ақпарат болса, онда ашық айтуға болады", - деді Аймағамбетов бейсенбі күні өткен онлайн брифингте.

Сыбайлас жемқорлық 20 процентке көбейді

Сонымен, білім және ғылым министрлігінде ұсталған шенеуніктің кім екені әзірге белгісіз. Белгілісі, білім саласында жемқорлық көбейген.

Статистикаға сәйкес, биыл жергілікті деңгейде білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері 20 процентке өскен. Өткен жылы жеті айдың ішінде 164 іс қозғалса, биыл дәл осы кезеңде 201 қылмыс анықталған. Бүгінде 100-ден астам қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде сотталған адамдардың саны 40-қа жуықтап отыр. Ал аяқталған қылмыстық істер бойынша залалдың көлемі 10 есеге өсті.

"Балабақша меңгерушілері жасаған қылмыстың саны екі жарым есеге, мектеп директорлары - екі есеге, колледж директорлары тарапынан болған қылмыстардың төрт есеге артқанын атап өткен жөн. Жеті айдың ішінде 6 мектеп директоры, 2 балабақша меңгерушісі және 2 колледж директоры сотталды", - дейді тәртіп сақшылары.

Оқу орындарының басшылары, көбінесе өздеріне жүктелген сенімді теріс пайдаланып, бюджет қаражатын талан-таражға салады. Атап айтқанда, ақшаны банк карточкаларына заңсыз аудара салады, я болмаса, бір адамды жұмысқа тіркеп қояды да, соның жалақысын алып жүреді. Ал ресми түрде жұмысқа тұрғызған адамдардан "қайырымдылық танытқаны үшін" ақша алады. Тіпті, жұмыстан шығармағаны үшін де "ставка" бар екен. Ондай фактілер аз емес.

Мәселен, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орта мектеп директоры мұғалімді жұмыстан шығармағаны үшін 420 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Тура сондай фактілер Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды.

Ал өткен аптада Шиелі ауданына қарасты "Бірлестік" ауылдық округіндегі № 142 орта мектептің директорына 9 миллион теңгенің айыппұлы салынды. Ол күзетшіні жұмысқа алғаны үшін 300 мың теңге көлемінде пара алған. Сол сияқты Үштерек ауылының мектеп директоры 8 миллион теңгенің айыппұлын арқалады. Ол да мұғалімді жұмысқа орналастырғаны үшін 200 мың теңге алған.

Вице-министр қызметінен кетуі мүмкін

Білім басқармалары да жемқорлық статистикасына ілініп отырады. Бір сорақысы, балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге арналған ақшаны ұрлаудан да тайынбайтын шенеуніктер бар. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары төтенше жағдай кезінде 6 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталды. Осы ақшаға 100 дана ноутбук сатып алынады деген жоспар болған.

Шынымен де, коронавирус пандемиясының салдарымен күресуге қыруар қаражат жұмсалып жатқанда ол қаржыны мақсатсыз пайдалану және жымқыру қаупі арта түседі. Осы мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударған. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік жобаларға қыруар ақша бөлініп жатыр. Бір жылдан кейін дәл осы ақшаның ұрланбайтынына кепілдік болуы керек. Өкінішке қарай, әзірше ондай кепілдік жоқ.

Айтпақшы, Шпекбаев айтқан "жоғары лауазымды тұлға" білім және ғылым министрлігіне қарасты құрылым басшысы болса, онда "жұмыста отырған" вице-министрлерінің біреуі отставкаға арыз жазуға мәжбүр болады. Себебі елімізде қол астындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін бірінші басшының жауапкершілігі заңмен бекітілді. Әрине, ол үшін ұсталған шенеуніктің кінәсі сотта дәлелденуі тиіс.

314
Кілт сөздер:
сыбайлас жемқорлық, білім
Тақырып бойынша
Тоқаев жемқорларды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды тапсырды
"Бірігетін кез келді": Тоқаев жемқорларға қарсы күрес тәсілін өзгертетінін мәлімдеді
Жемқорлық қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін - мемлекет басшысы
Тоқаев қанша адам өте ауыр мемлекеттік қылмыс жасағанын мәлімдеді
Қорғаныс саласында жемқорлық көбейді – әскери басшылар ұсталды
"Өте қауіпті симптом": Тоқаев ұсталған облыс әкімдері жайлы айтты
Nur Otan партиясының ғимараты

Nur Otan праймериз қарсаңында өрескел тәртіп бұзушылықтарды анықтады

47
Ондаған партия мүшесі бір телефон нөмірімен тіркелгені белгілі болды. Ал басқа азаматтар белгіленген мерзімнен кейін партия қатарына кіруге тырысқан

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. "Nur Otan" партиясының орталық аппараты Нұр-Сұлтан қаласында жаңа мүшелерді қабылдау кезінде тәртіп бұзушылықтар болғанын анықтады. Бұл туралы партиялық бақылау комитетінің отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.

"Nur Otan" орталық аппараты партияның жаңадан қабылданған мүшелері мен "Праймериз" ақпараттық жүйесінде тіркеуден өткендерге талдау жүргізеді.

Оқи отырыңыз: Nur Otan партиясына адам қабылдау тоқтатылды – Байбек себебін түсіндірді 

Осылайша, кезекті тексеру барысында елордада "Азия Орталық Снаб" ЖШС бастауыш партия ұйымы қабылдаған 2466 жаңа партия мүшесінің есептік мәліметтері расталмады. 11 қыркүйектен 4 қазанға дейін партияға қабылдау тоқтатылғанына қарамастан, 12-17 қыркүйек аралығында азаматтар партия қатарына қабылданған.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцевтің пікірінше, бұл – өрескел тәртіп бұзушылық. Партияға кейбір "қажетті" кандидаттарға дауыс беруді ұйымдастыру үшін өздерінің бір сәттік мәселелерін шешетіндер, жай ғана қара көбейтетіндер қажет емес.

"Сондықтан дауыс беру кезінде бұрмалауды болдырмау үшін праймериз кезеңінде партияға қабылдау тоқтатылды. Осы фактілерді ескере отырып, партияның астаналық филиалы "Азия Орталық Снаб" ЖШС БПҰ-дағы барлық партия мүшелерінің деректерін салыстырып, тексеруі тиіс", – деп мәлімдеді Казанцев.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, партиялық бақылау комитетінің тексерісі барысында партия мүшелерін бір телефон нөмірімен тіркеу деректері анықталды.

Мысалы, Ақмола облысының Бурабай ауданында "Білім Бурабай" және "Бірлік Бурабай" БПҰ-да партияның 105 мүшесінің бір телефон нөмірі бар. Ал Қарағанды облысының Балқаш қаласында "Ардагер", "Гүлдер", "Балқаш станциясы" және "Шипагер" БПҰ-да бір телефон нөмірінің иелері 279 адам болды.

Отырыс қорытындысы бойынша аймақтық және аумақтық партиялық бақылау комиссияларына барлық айқындалған фактіні анықтап, кінәлілерді жазалау тапсырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек праймеризде онлайн дауыс берудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы растау (верификация) жүйесі (интернет-банкинг үлгісі бойынша жеке тұлғаны анықтау) қолданылатынын айтқан болатын.

Партияның баспасөз қызметі барлық тәртіп бұзушылық деректері бойынша 8 (800) 080 4441 "жедел желіге" (қоңырау шалу тегін) немесе komek@nurotan.kz электронды поштасына  хабарласуға болатынын атап өтті.

47
Тақырып бойынша
Nur Otan праймеризі: Байбек қауіпсіздік шаралары туралы хабарлады
Бауыржан Байбек Елбасының шешімін жария етті
Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жасады
Елбасының баспасөз хатшысы праймеризге қатысты ақпарат жариялады
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуына байланысты түсініктеме берді

749
(Жаңартылды 18:43 25.09.2020)
Мемлекет басшысы шын мәнінде өлім жазасы Қазақстанда болмағандықтан, елдің негізгі заңына өзгеріс енгізудің қажеті жоқ екенін баса айтты  

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қоюына байланысты түсініктеме берді.  

Тоқаев өлім жазасынан бас тарту туралы екінші факультативті хаттамаға қосылу Конституцияға толық сәйкес келетіндігін атап өтті.

"Негізгі заңға ешқандай өзгерту енгізудің қажеті жоқ, өйткені өлім жазасы біздің тұңғыш президентіміз жариялаған мораторийде қарастырылған және шын мәнінде өлім жазасы біздің елде жоқ", - деді президент.  

Айта кетейік, 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Біріккен ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қойды.

2003 жылы президент бұл жазаны қолдануға мерзімсіз мораторий енгізген болатын.   

749
Кілт сөздер:
өлім жазасы, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Абзал Құспан педофилдер үшін өлім жазасын енгізуге қарсы шықты
"Жала жабу" қылмыс қатарынан шығарылады – Тоқаев
Иранда қылмыскердің қолын шапты  
Он бір жыл бойы өлім жазасын күткен адам кінәсіз болып шықты
Қазақстан ресми түрде өлім жазасынан бас тартты
Диктофон

Релизден бас тарту керек кәсіби PR маманының лайфхактары

0
SputnikPro сарапшысы онлайнды дамыту, ерекшеленуден қорықпау, адамдарға сену – БАҚ-ты алға жылжытудың негізгі ерекшелігі екенін айтады  

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. "Россия сегодня" медиа тобы баспасөз қызметінің жетекшісі Анна Старкова көрші елдердің журналистеріне неліктен релиз жазудан бас тарту керектігін айтып берді.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары іс-шараның ақпараттық серіктесі бола отырып, өзінің логотипін түрлі алаңдарда орналастыратын. Пандемия кезінде жағдай өзгерді. Өзін-өзі таныту үшін медиа топтың баспасөз қызметі ерекше кейстерді ойластыра бастаған.

Сарапшының бірінші ұсынысы: стандартты релиздерді жазу тәжірибесінен бас тарту.

"Адамдармен оларға түсінікті тілде сөйлесу керек. Кері байланыс орната бастасаңыз, ол нарықтың ойыншысы болсаңыз, сізді тыңдайды, сізге келіп, оқи бастайды", - деп санайды Старкова.

Сарапшының келесі кеңесі – бұқаралық ақпарат құралдары онлайнды ғана дамытпау керек.

"Мұны пандемия кезінде істей бастадық. Біз барлығы дерлік интернетті қолданатын әлемде өмір сүріп жатырмыз", - деп атап өтті маман.

Қазір, оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі анонимділік танымал болудан қалып барады.

"Бізді ("РИА Новости" ХАА Телеграм каналы) оқи бастады, өйткені РИА Новости, мысалы, Лукашенконың инаугурациясында не болғанын айтты. Сол кезде ол жаңалыққа айналады, бұл тексерілген ақпарат. Шын мәнінде болған нәрсе, сыбыс емес", - деп атап өтті Старкова.  

Сарапшының тағы бір ұсынысы – ерекшеленуден қорықпау. Баспасөз қызметі пандемия жағдайында "трендтерді қарап, оларды батыл түрде пайдаланған".

"Сізбен бірге жұмыс істейтін адамдарға сенім арту керек, өйткені ең алдымен біреумен араласуың керек. Оларды алға жылжытуың керек, нәтижесінде сіздің брендіңіз алға жылжиды", - деп сендірді Старкова.

Кәсіби PR маманының бесінші кеңесі – дос болу.

"Бұл, шынын айтқанда, ең маңызды кеңес. Басқа ақпарат құралдарымен, баспасөз қызметтерімен, тіпті бәсекелестермен де достасу керек. Кофеге шақырыңыз, бранчи жасаңыз, лайфхактармен бөлісіңіз. Бұл бәріне қатысты", - деп есептейді ол.  

SputnikPro білім беру жобасының жиырма бірінші онлайн-сессиясына Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Абхазия және Осетия БАҚ өкілдері қатысты.

SputnikPro – Sputnik халықаралық ақпарат агенттігі мен радиосының журналист, студент, баспасөз қызметі мен медиа саласында жұмыс істеп жүрген маман иелеріне арналған жоба. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу әрі медиа саласында кәсіби байланысты нығайту.

0