Қазақстанның Конституциясы

Қазақстанның Ата заңына 25 жыл толды

2138
(Жаңартылды 09:20 30.08.2020)
Биыл қазақстандықтар Конституция күні мерекесіне орай қатарынан үш күн – 29, 30 және 31 тамыз демалады

НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Бүгін – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата заңға 25 жыл толып отыр.

Конституция қалай қабылданды

Тәуелсіз Қазақстанда елдің негізгі заңы екі рет қабылданды. Алғаш рет – 1993 жылы 28 қаңтарда. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. 1993 жылғы құжатта Қазақстан парламенттік республика атанды. Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай келмеді. Адамның жеке құқығы мен бостандығы, және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын. Сол себепті 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде жаңа Конституция қабылданды.

Дәл сол күні Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, елдің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Референдумға сайлаушылардың 90,58%-і қатысты. Олардың 89,14 проценті жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Қолданыстағы Ата заң 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

Тағы оқыңыз: Конституция күніне орай Нұр-Сұлтанда автобус қозғалысы тоқтатылады

Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Тұңғыш президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптап, зерделеп шықты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан.

Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады.

Ата заңға енгізілген өзгерістер

1995 жылы қабылданған Конституцияға бірнеше рет өзгеріс енгізілген.

2007 жылы Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізілді. Ол бойынша "бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды".

2011 жылдың ақпанында Ата заңға президенттің кезектен тыс сайлауын белгілеу және өткізуге қатысты өзгерістер енді. Сол кезде Қазақстанның бірінші президентіне "Елбасы" мәртебесі берілді.

2017 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жария етті. Елбасы өз өкілеттігінің біраз бөлігін үкімет пен парламентке өткізді.

Конституцияда не жайлы айтылған

Ата заңның 1-бабында "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" делінген.

3-бап

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық.

12-бап

Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.

14-бап

Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.

36-бап

Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.

Мереке қалай аталып өтеді

Биыл қазақстандықтар Ата заң күніне орай қатарынан үш күн – 29, 30 және 31 тамыз демалады. Әдетте, мереке күні ел астанасы мен облыстарында мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып, мейрам жоғары деңгейде аталып өтетін. Алайда осы жылы коронавирус індетіне байланысты қазақстандықтар Ата заңның 25 жылдық мерейтойын онлайн форматта тойлауға мәжбүр.

Тағы оқыңыз: Ұлттық банк Конституцияның 25 жылдығына арналған монеталарды айналымға шығарды

Мерекеге орай Нұр-Сұлтанда веложарыс өтеді. Сайысқа қаланың кез келген саябағында сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін, қалаған уақытта қатысуға болады.

Орталық кітапханада "Конституция – Тәуелсіздіктің негізі" онлайн инсталляциясы көрсетіледі.

Сонымен қатар, 30 тамызда тұрмысы төмен отбасылар үшін қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады.

Мереке күні "Жастар" театры әлеуметтік желілерде "Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң" атты онлайн концерт ұсынады.

Бұдан бөлек, бүгін Nomad театрының әртістері патриоттық әндермен онлайн құттықтау жолдайды.

2138
Кілт сөздер:
конституция күні
Архивтегі фото

Қазақстанның 6 облысында дабылды ескерту жарияланды

1804
Синоптиктер Жамбыл, Алматы, Қарағанды ​​облыстарында кей жерлерде 1-3 градус үсік жүреді деп болжады, сондай-ақ бірқатар өңірде тұман түсіп, жел күшейеді

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қазгидромет 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында алты облыста дабылды ескерту жариялады.  

30 қыркүйекте, 1-2 қазанда Жамбыл облысында кей жерлерде тұман түсіп, шаңды дауыл тұрады, солтүстік-шығыстан жел соғады, күші 15-20 м/с, 30 қыркүйекте екпіні 23 м/с жетеді деп болжанып отыр. 30 қыркүйекте, 1-2 қазанда түнде және таңертең кей жерлерде 1-3 градус үсік жүреді.

30 қыркүйекте Қарағанды облысының кей жерлерінде солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, күші – 15-20 м/с. Қарағанды қаласында 30 қыркүйекте түнде тұман түседі.

Оқи отырыңыз: Үсік жүреді – қыркүйекте ауа райы қандай болады  

30 қыркүйекте Қостанай облысының кей жерлерінде тұман түседі деп болжануда.

30 қыркүйекте түнде және таңертең Ақмола облысында кей жерлерде тұман түседі.

30 қыркүйекте Түркістан облысының кей жерлерінде шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с жетеді.

30 қыркүйекте күндіз Қызылорда облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрады. Солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, күші кей жерлерде – 15-20, күндіз екпіні 23 м/с болады. Күндіз төтенше өрт қаупі сақталады.

1804
Кілт сөздер:
дабылды ескерту, үсік, ауа райы
Праймериз

700-ге тарта адам Nur Otan праймеризіне қатысудан бас тартты

99
Қазіргі уақытта 11 249 адам партияның праймеризіне қатысуға өтініш берді, оның ішінде 10 235 кандидат тіркелді

АЛМАТЫ, 29 қыркүйек – Sputnik. Nur Otan праймеризіне қатысып жатқан 734 кандидат тіркеуден шығарылды, оның ішінде 668 адам өз еркімен шықты. Бұл туралы партия хатшысы Әлібек Әлденей мәлімдеді.

Оның айтуынша, праймериз өткізу ережелері мен партияның басқа да ішкі нормаларына қайшы келетін әрекет үшін қатаң шара қолданылып, келеңсіздікке жол берген үміткерлер партияішілік іріктеуден шығарылып жатыр.

"29 қыркүйекке дейін 734 үміткер тіркеуден шығарылды. Оның ішінде 668 адам өз еркімен шықты. Аймақтық ұйымдастыру комитеттерінің шешімімен 64 үміткердің өтініші күшін жойды. Олардың 27-сі дебатқа қатысудан бас тартқан. Төртеуі партия жарғысы мен әділ саяси бәсекенің талаптарына қайшы келетін әрекеттері үшін шығарылса, тағы 33 кандидат бойынша бастауыш партия ұйымдары өтініштерін кері қайтарып алды", – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Қазіргі уақытта 11 249 адам өтініш берді, оның ішінде 10 235 кандидат тіркелді.

Әлденей барлық арыз-шағымға және заң бұзушылықтарға мониторинг жасап, оларға жедел түрде тиісті шара қолданылып жатқанын айтты.

Оқи отырыңыз: Nur Otan праймериз қарсаңында өрескел тәртіп бұзушылықтарды анықтады 

Nur Otan хатшысы қандай да бір тәртіп бұзу фактісіне куә болған жағдайда "Nur Otan" партиялық бақылау органдарына хабарлауды сұрады. Сондай-ақ, 8 (800) 080 4441 телефонына хабарласып (хабарласу тегін) немесе komek@nurotan.kz электронды поштасына хат жолдауға болады.

Nur Otan праймеризі

1 қазаннан (00.00) және 3 қазанға (14.00) дейін мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды түрде дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр.

Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылды. Интернет жоқ елді мекендерде қағаз бюллетеньдер бойынша дауыс бере алады.

Праймериз қорытындысы 5 қазанда жарияланады.

Nur Otan праймеризі партия көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет жалпыреспубликалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді.

99
Тақырып бойынша
Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жасады
Елбасының баспасөз хатшысы праймеризге қатысты ақпарат жариялады
Назарбаев: партия қазақстандықтарды біріктіруі тиіс
Nur Otan партиясына адам қабылдау тоқтатылды – Байбек себебін түсіндірді
Nur Otan праймеризі: Байбек қауіпсіздік шаралары туралы хабарлады
Архивтегі фото

Қытайда тәрбиеші өлім жазасына кесілді

0
Балабақша қызметкері Ван Юнь әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улағаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қытайдың Цзяоцзо қаласында халық соты балабақша қызметкерін өлім жазасына кесті, деп хабарлады РИА Новости.

Сот материалдарына сәйкес, "Мэнмэн" балабақшасында жұмыс істеген Ван Юнь деген келіншек орта топқа жауапты тәрбиешімен жанжалдасып қалған. Артынан әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улауға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 2019 жылы 27 наурызда таңертең Сунь есімді тәрбиешінің балалары жейтін ботқаға натрий нитритін салып жіберген. Сол күні 25 бала уланып, ауруханаға түсті. Бір бала көз жұмды.

Оқи отырыңыз: Балабақшадағы балалар есек етін жеп келгені әшкере болды 

Тергеу шаралары барысында Ван Юньн осы іспетті тағы бір қылмыс жасағаны анықталды. Осыдан үш жыл бұрын үйдегі жанжалдан кейін ол күйеуін улаған. 2017 жылы ақпан айында алдымен интернет арқылы натрий нитритіне тапсырыс берген. Ал химиялық затты алғаннан кейін суға қосып, күйеуіне берген. Ол кезде ер адам уланғанмен қатты зардап шекпеген.    

Цзяоцзо қаласының орта санаттағы халық сотының шешімімен Ван Юнь өлім жазасына кесілді.

0
Кілт сөздер:
Қытай, балабақша
Тақырып бойынша
Шымкентте балабақшада төрт бала мен тәрбиеші уланып қалды
Алматы облысында балабақшадағы видеодан кейін тәрбиеші хабарсыз кетті
Алматыда балабақшадан сәби ұрламақ болған әйелге қатысты тың дерек шықты
Бүлдіршінді сорпамен күйдірген балабақша қызметкері жазадан құтылды
Шипажайда баланы сүлгімен ұрған тәрбиеші қылмыстық жазаға тартылмайтын болды