Қоғам

Президент жас қазақстандықтың бойында болуы тиіс қасиеттерді атады

© Sputnik / Абзал КалиевГлавный государственный флаг в столице Казахстана
Главный государственный флаг в столице Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президенттің пікірінше, ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Ал жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады

АЛМАТЫ, 1 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жастарының бойында болуы керек қасиеттерді атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын", – деді президент.

Айтуынша, ұлттың жаңа сапаға көшуі үшін күнделікті өмірлік ұстаным да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруы тиіс.

"Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы "білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек" дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды", – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ең алдымен, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.

Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.

Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Сонымен қатар темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршаның бойында болуы керек.

"Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз", – деді мемлекет басшысы.

Президент жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек екенін де айтып өтті.

"Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай "Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды" деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Абай айт­қан жал­қаулық жиі кездесетіні қынжылтады": Тоқаев мақала жариялады

Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн, деді президент. Сондай-ақ, Қазақстанда "Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам" жүйесі берік орнығуы керек.

Жаңалықтар
0