Қоғам

Қазақстанда "оралман" сөзі ауыстырылды

© SputnikҚазақтар, архивтегі сурет
Қазақтар, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан ішкі істер министрінің жаңа бұйрығы келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда "оралман" термині "қандас" сөзіне алмастырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тиісті бұйрыққа қол қойды. Құжатта "оралман" сөзі "қандас" ұғымымен ауыстырылған.

"Қандастар – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақтар және олардың Қазақстан егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары", - делінген бұйрықта.

Қазақстан аумағында заңды негізде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың полиция департаменті басшысының атына өтініш жазуы керек.

Ал тұрақты тіркеуі жоқ қандастар тұрақты тұруға рұқсат және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін полиция департаменті басшысының атына және біруақытта азаматтық мәселелер бойынша шешім қабылдайтын келген мемлекеттің лауазымды адамына шетел азаматтығынан бас тартқаны туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтінішхатпен жүгіне алады.

Өтінішпен қоса мынадай құжаттар ұсынылады:

  • тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын қабылдауға сауалнама-өтініш;
  • бұрынғы азаматтықтан бас тартқаны туралы нотариалды куәландырылған өтініш;
  • Қазақстанның Конституциясы мен заңдарын сақтауға, республиканың мүддесін, оның аумақтық тұтастығын қорғауға, әдет-ғұрыпқа, дәстүрге, мемлекеттік тілге және оның аумағында тұратын барлық ұлттың тілдеріне құрметпен қарауға, Қазақстанның күш-құдіретін, егемендігін және тәуелсіздігін нығайтуға жәрдемдесетіні туралы міндеттеме;
  • ұлттық паспортының, азаматтығы жоқ адамның құжатының көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);
  • бірлесіп өтініш берген кезде, 16 жасқа толмаған баланың жеке басын куәландыратын туу туралы куәлігі немесе басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);
  • қазақ немесе орыс тілінде жазылған өмірбаян;
  • бұрын азаматтығын қабылдаған мемлекеттің жазбаша келісімі (ол шетелде тұрақты тұру үшін елден шығуға рұқсатты растайтын кету парағы немесе басқа құжат болуы мүмкін);
  • азаматтығын қабылдаған немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (сотталмағаны туралы) туралы құжат;
  • өтініш берушіге тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісім;
  • шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанға кіруге тыйым салатын сырқаттардың бар-жоғы туралы медициналық куәландыру туралы анықтама;
  • 14-тен 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалар ата-анасының өтінішіне өзінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімін қоса ұсынады;
  • өлшемі 3,5 х 4,5 см. төрт фотосурет.

Бұйрық 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Жаңалықтар
0