Қоғам

Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

© Sputnik / Владислав ВодневАқша, теңге
Ақша, теңге  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты барлық нормативтік-құқықтық актіні жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік алады. Зейнетақы қорындағы ақшаны кім, қандай мақсатта және қалай жұмсай алатынын Sputnik Қазақстан шолуынан оқыңыз.

721 мың қазақстандық ілігіп тұр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, келесі жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады.

Олар:

  • зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
  • зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.

Үкімет күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне де зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін ұсынып отыр. Олар 178 мың адамның ішіне кіреді.

Айта кететін жәйт, қорда зейнетақы жинағы бар зейнеткерлер қалған соманың 50%-ін ала алады. Бұл ретте жиынтық зейнетақы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ төлемдерін қоса алғанда) зейнетке шыққанға дейін алған жалақысының кемінде 40%-ін құрауы тиіс.

Тағы оқыңыз: Экономистер зейнетақы жинағын қай салаларда жұмыс істейтіндер алатынын айтты

Ал қалған азаматтар үшін шектеу қарастырылмаған. Яғни, олар жеткіліктілік шегінен асқан соманың түгелін өз қажетіне жарата алады.

Жеткіліктілік шегі деген не?

Жеткіліктілік шегі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоты бар салымшыға қажетті ең төменгі сома. Егер шоттағы жинақ сол сомадан асса, қалған ақшаны мақсатты түрде пайдалануға болады.

Жеткіліктілік шегінің негізгі параметрлері:

  • әйелдер мен ерлер үшін бірдей;
  • кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және тағы басқа параметрлерге сүйене отырып, жыл сайын қайта есептеліп отырады;
  • 20 жастан бастап әр жас үшін бөлек есептеледі.

Еңбек министрлігі жуырда әртүрлі жастағы адамдар үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жариялады.

© Photo : Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Facebook парақшасынанЖеткіліктілік шегінің мөлшері
Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады  - Sputnik Қазақстан
Жеткіліктілік шегінің мөлшері

Мәселен, 20 жастағы қыз-жігіттің шотында ең кемі 1 миллион 720 мың теңге болуы керек. Ал 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі 2 миллион 518 мың теңге, 40 жас үшін 3 миллион 437 мың, 55 жастағы адам үшін 5 миллион 84 мың теңге белгіленген.

Баспана, ипотека және қымбат ем

Үкімет қазақстандықтарға зейнетақы жинағын бірнеше мақсатқа пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Біріншісі. Жеткіліктілік шегінен артылған ақшаны адамдар баспана немесе жер учаскесін сатып алуға жұмсай алады. Айта кетерлігі, пәтерді жаңа үйден ғана емес, қолданыстағы тұрғын үйлерден де алу жағы қарастырылған.

Екіншісі. Ипотеканы қайта қаржыландыру немесе өтеу мүмкіндігі. Бұл жерде салымшының ипотеканы қай банктен және қандай бағдарламамен алғаны ескерілмейді. Зейнетақы қорындағы ақшамен кез келген бағдарлама бойынша, кез келген екінші деңгейлі банктегі қарызды жабу мүмкіндігі бар.

Үшіншісі. Жеке тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейту.

Еңбек министрінің айтуынша, тұрғын үйге қатысты бір ғана шектеу болуы мүмкін. Оған сәйкес, зейнетақы жинағына сатып алынған үйді бес жылдың ішінде сатуға болмайды.

Төртіншісі. Ем ақысын төлеу. Кез келген азамат зейнетақы жинағын өзінің, әйелінің немесе күйеуінің, жақын туысқандарының еміне жұмсай алады.

Бесіншісі. Зейнетақы жинағын қаржы компанияларына басқаруға беру.

Ақша қолға берілмейді

Зейнетақы қорындағы ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол да берілмейді. Бірыңғай оператор арқылы іске асырылады. Тұрғын үй саласында бірыңғай оператор Отбасы банкі болмақ.

Мәселен, сіз пәтер сатып алғыңыз келді делік. Отбасы банкіне зейнетақы жинағымның бір бөлігін баспана сатып алуға жұмсағым келеді деп өтініш жазасыз. Отбасы банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына хабарласып, сіздің шотыңызда артық ақша бар-жоғын тексереді. Осыдан кейін зейнетақы қорынан сіз сұратқан соманы алып, баспана сататын тұлғаның шотына аударып береді.  

Тағы оқыңыз: Министр зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді

Ипотеканы жабу немесе қайта қаржыландыру мәселесі бойынша да Отбасы банкіне жүгіну керек болады.

Зейнетақы жинағын ем-домға пайдалануға беру тетігі де денсаулық сақтау жүйесіндегі бірыңғай оператор арқылы іске асады. Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылады. Сол комиссиялар емдеу қажеттілігін айқындайды. Ал емделуге баратын адам клиниканы таңдағаннан кейін, өз өтінішін бірыңғай операторға тапсырады. Оператор зейнетақы жинағының бір бөлігін сол емханаға аударып, ем шығынын өтейді.

Яғни, азаматтар қағаз-құжат жинап, әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрмейді. Бәрі бірыңғай оператор арқылы шешіледі.

Бір отбасының ақшасын біріктіру

Зейнетақы жинағының бір бөлігін бір емес, бірнеше рет алу құқығы беріледі.

Салымшы ақшаны өзі үшін, жұбайы және жақын туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады.

Сондай-ақ, үкімет бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін де қарастырмақшы. Яғни, отбасы мүшелері зейнетақы жинақтарын қосып, белгілі бір мақсатта пайдалануға өтініш бере алады.

Жаңа норма қашан күшіне енеді

Ел президенті зейнетақы жинағына қатысты барлық нормативтік-құқықтық актіні жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды. Егер бәрі ойдағыдай іске асса, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар зейнетақы шотындағы ақшаны өз қажетіне жұмсау мүмкіндігіне ие болады.

Жаңалықтар
0