Қоғам

Тоқтар Серіков: Кедеймін, жағдайым нашар деп жыламаған едім

Жазылу
Әнші бір сұхбатында елдің жағдайына тоқталып, көзінен еріксіз жас шыққанын айтты. Алайда оны жұрт басқаша түсініп қалған

АЛМАТЫ, 7 қыркүйек  — Sputnik. Бір ұстаздан сабақ алған Тоқтар Серіков пен Мейрамбек Бесбаев әнші Жанар Айжанованың жобасына қатысып, бірлесіп сұхбат берді. Әңгімеге салт-дәстүр, үйдегі тәрбие тақырыбы арқау болды. Сонымен қатар Тоқтар Серіков мессенджерлерде тараған хабарламаға қатысты ойын айтты.

Серіков біраз уақыт халықтың кедей екенін айтып, көзіне жас алған болатын. Алайда әншінің бұл әрекетін басқаша түсінген белгісіз біреу Whatsapp арқылы хабарлама таратқан.

"Елді айтсам, көзімнен жас шығады. Бір сұхбатымда елдің жағдайын айтып, көзіме еріксіз жас үйірілді. Біздің елде кедей көп дедім, өзімді кедеймін деп айтқан жоқпын, жағдайым жоқ деп жыламаған едім. Соны біреу "Тоқтар несіне жылап отыр? Оның Ақтоғай деген жерде 300 КамАЗы бар, Қарағандыда 400-500 КамАЗы бар, 5000 асыл тұқымды жылқысы бар" деп жазып, таратып жіберіпті", - дейді Серіков.  

Айтуынша, бұл хабарлама тыңдаған адамның құлағына түрпідей тиеді, тіпті көңіліне алып қалатындар да болуы мүмкін. Себебі біреу қарнының, енді бірі көңілінің аштығынан жылап отыр.

"Кейінгі кезде әншілер жөнінде халықтың арасында дау-дамай жиі туады. Осындай кісілердің әңгімесінің кесірінен біз туралы басқа пікірлер пайда болады. Бәрі әншілерді бай, семірген, жегені алдында, жемегені артында деп санайды", - дейді ол.

Әңгімеге қосылған Мейрамбек Бесбаев халық барлық өнер адамының жағдайын бес-алты адамның жағдайымен өлшейтінін айтты.

Алтынбек Қоразбаевтың ізімен

Әңгіменің ауаны шәкірт тәрбиелеу тақырыбына ауысқан кезде қос әнші де қазіргі жас өнерпаздардың өнерді бизнес ретінде қарайтынын айтты.

"Талантты бауырларымызды шама келгенше жер-жерден тауып алып жүрдік. Жол көрсеттік. Ұстазымыз Алтынбек Қоразбаевтан көргенімізді жалғауға тырыстық. Ал қазіргі жастар ұстаздықты интернеттен алады. Тумай жатып "мен мықтымын" дейтін әңгімелері бар. Ұстаз болуға бізде де уақыт жоқ", - дейді Бесбаев.

Оның айтуынша, тегі мен тәрбиесінде негіз бар адам ұстаздың айтқанын бірден түсініп алады, үлкеннің жолын кесіп өтпейді.

Оқи отырыңыз: Әли Оқапов шаңырақ көтеріп жатыр - Рымбаева келіні туралы не ойлайтынын айтты 

"Өнерді бизнеске айналдырды, ата-ана баласы өнерге келсе, бірден пайданы көздейді. Бұл – жаман нәрсе. Қазіргі баланың бәрі сондай. Екі ән жазып, "аға, бізді тойға қашан жібересіз" деп сұрайды", - дейді Серіков.

 Үйдегі бала тәрбиесі

Серіковтің айтуынша, ол отбасыда ана тілін білуді басты орынға қояды. Әнші тіпті өз ана тілін білмеген баланың болашағынан үміт күтпейтінін айтты. Ана тілін сыйлаған адам әкесі мен анасын, туған жерін, мемлекеттік туын сыйлайды.

"Баламды бай боласың деп тәрбиелемеймін, себебі ол мені өспей жатып тонап кетуі мүмкін. Қазіргі жастарды тәрбиелеп жатқан трендтің бәрі – аяқ астынан миллионер болу, миллиардер болу. Оның оқуы қайда? Адам бірінші адам болуы керек, адал болуы керек", - дейді әнші Тоқтар Серіков.

Сонымен қатар сұхбат барысында Тоқтар Серіков бақуатты таныстарының өміріне шүйлікті. Айтуынша, ол отбасының қызы үнемі достарымен шетелге демалысқа кетіп отырады.

"Менің төрт ұлым бар, бірақ мен бір отбасының қызының шетелге достарымен бірге демалуға кеткенін естігенде, өзгенің қызын қызғанып кеттім. Ол басқа жақта не істеп жүр? Қасында кім бар екенін уайымдадым. Оның өз әке-шешесі бар, бірақ соларға "қалай жібересіңдер?" деп айтып қоя жаздадым. Қазір біз білетін тәрбиеден бөлек ұлын да, қызын да іздемейтін тәрбие бар", - дейді Серіков.

Сондай-ақ, әнші үйленбеген ұлын жеке тұруға жіберетіндерді түсінбейтінін айтты. Болашақта төрт ұлын үйлендіріп, олар бала сүйген соң ғана бөлек тұруға рұқсат беремін, дейді ол.

Жаңалықтар
0