Студенттер, архивтегі сурет

Студенттер шағымынан кейін "Астана" университетінде тексеріс басталды

118
(Жаңартылды 17:26 07.09.2020)
Студенттер оқу орнында оқытушылардың жоқ екенін, сондай-ақ, басқа оқу орнына ауысу үшін құжаттарын ала алмай жүргенін айтып шағымданды. Оқуды бітірген кей студент әлі күнге дейін дипломын алмаған

АЛМАТЫ, 7 қыркүйек  — Sputnik. Білім және ғылым министрлігі студенттердің шағымы бойынша "Астана" университетіне қатысты жоспардан тыс тексеруді бастады. Жетінші қыркүйекте жоғары оқу орнына сарапшылар комиссиясы студенттер және журналистермен бірге барды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрліктің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашевтың айтуынша, тамыздың соңында "Астана" университетінің 14 студенті мен түлектерінен өтініш келіп түсті. Шағымда негізгі үш мәселе көрсетілген.

"Ең алдымен, олар университетте оқытушының жоқ екенін, соған байланысты кей студенттің дипломдық тақырыпты бекіте алмайтынын айтса, енді бірі тақырыпты бекітіп қойған, алайда ғылыми жетекшімен жұмыс істей алмай жүр", - деді Жұмашев.

Студенттер оқу жылының басында өздеріне ғылыми жетекшінің тағайындалғанын, содан кейін ол жетекшінің жұмыстан шығып кеткенін айтты. Ал ол оқытушының орнына ешкім келмеген.

Екінші мәселе - қазіргі жағдайға байланысты кей студент басқа университетке ауысқысы келеді, алайда олар құжатын ала алмай жүр.

"Алайда "Астана" университетінің әкімшілігі құжаттарын беруден бас тартқан. Салдарынан студенттер жағдайдың құрбаны болып отыр: басқа оқу орнына ауыса да алмайды, оқи да алмайды", - деп түсіндірді Жұмашев.

Сонымен қатар университетті бітірген кей студент әлі күнге дейін дипломын алмаған. Студенттер білім министрлігіне жүгінгеннен кейін жоспардан тыс тексеру басталды. Алты адамнан тұратын сараптамалық комиссия оқу орнын тексеруге барды.

"Студенттерге хабарласып, қалада жүрген студенттермен бірге оқу орнына бардық. Олар университет өкілдерімен сөйлесті, алайда өз сұрағына жауап ала алмады. Біз оған куә болдық", - деді білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басшысы.

Тексеріс кезінде университеттің ректоры Назымгүл Жанғарашева және университет проректорлары орнында болмай шықты.

"Бізге ректордың Алматыға біліктілікті арттыруға кеткенін, ректордың орнына атқарушы болып ешкім тағайындалмағанын, проректорлардың да жоқ екенін хабарлады. Оның бірі ауырып қалса, енді бірі жұмысқа шыққысы келмеген", - деп атап өтті Жұмашев.

Білім министрлігі өкілдері мен студенттерге университтеттің заңгерімен сөйлесті, ол өтінішпен танысты, бірақ тексеру актісіне қол қоюдан бас тартты. Комиссия университетте жұмыс күнінің соңына дейін болады.

Жұмашевтың айтуынша, егер жоғары оқу орны өтініш бойынша құжаттарды ұсынбаса, онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабына сәйкес "мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау" әкімшілік хаттама толтырылады.

"Барлық құжатты тексереміз, егер қандай да бір бұзушылық анықталса, онда хаттама толтырылады, ЖОО-ға айыппұл салынады. Сонымен қатар университет лицензиясынан уақытша айырылады, оның мерзімі бір айдан алты айға дейін созылады. Егер бұзушылықтар жойылмаса, онда ЖОО-ның қызметі тоқтатылады", - деп қорытындылады Жұмашев.

Айта кетейік, министрлік пен "Астана" университеті арасындағы сот талқылаулары бірнеше жылдан бері тоқтамай келеді.

2018 жылы жоспарлы тексерулер кезінде университет кедергі келтірген болатын. Білім министрлігі хаттама толтырды, сот университетке 100 АЕК айыппұл салды.

2020 жылы ақпанда кезекті жоспарлы тексеру кезінде қайтадан сол мәселелерге тап болды. 

"Біз хаттама толтырып, сотқа жібердік және жеңіп шықтық. Университетке тағы да айыппұл салынды, олар қарсы талап қойды. Сот пен карантиннің салдарынан сәуірде тексеру қайта басталмай қалды", - деп түсіндірді ведомство өкілі.

Министрлік сот талқылауларын жеңіп  шықты және қыркүйектің соңында жоспарлы түрде тексеріс өткізбек болды. Алайда студенттерден өтініш ертерек келіп түсті, сондықтан жоспардан тыс тексеру өткізу туралы шешім қабылданды.

 

118
Кілт сөздер:
Астана медициналық университеті, студенттер
Тақырып бойынша
Әйелді ұруға болады деген университет оқытушысы жұмыстан қуылды
Түркістан қаласында жаңа университет ашылды
Тоқаев пен Путин бірлескен мектеп пен университет ашу мәселесін талқылады
Сағынтаев кезекші сыныптарға студенттер сабақ береді деген ақпаратты жоққа шығарды
Ғылыми дәрежесі жоқ ІТ мамандарға университетте сабақ беруге рұқсат етіледі
Жеңіс күні

Алматы облысында 95 жастағы қария өзінің соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай жүр

35
(Жаңартылды 14:54 22.09.2020)
Жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары Тоқманбетов туралы толық ақпарат алу үшін Ресейдің қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына сұрау салған

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында 95 жастағы қария әлі күнге соғыс ардагері мәртебесін ала алмай жүр. Фашистерге қарсы соғыс кезінде "резервте болдым" деген Әбдібай Тоқманбетов, артынша жапон соғысына аттанып, елге тек 1948 жылы оралған. Бірақ оған тек тыл ардегері деген мәртебе берілген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан оның жапон соғысына қатысқанын растайтын құжаты да табылған екен. Алайда, іс содан әріге жылжымай тұр.

Шөбереге ертегідей естілген ата әңгімесі Әбдібай ақсақалдың көңілінде әлі сайрап жатыр. От ортасынан оралғанына жетпіс жылдан асқанмен, жанкешті күндер көрінісі жанарындағы жаспен әлі күнге сырғиды.

"Жапонияға бардым. Сол Жапонияда 7-8 жыл соғысып, аман-есен оралдым ауылға. 42-жылдан 48-ші жылға дейін", – дейді ардагер Әбдібай Тоқманбетов.

Ақсақалдың айтуынша, ол Екінші дүниежүзілік соғыста резервте болып, артынша жапон майданына аттанады. Бірақ елге оралғанда Тоқманбетовке тек тыл ардагері деген мәртебе берілген. Қарияның өзі оны дауламай жүре берген. Тек артындағы ұрпағы, атаның еңбегі еленуі керек деген пікірде. Сөйтіп сұрау салып жүріп, бертінде Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан Әбдібай ақсақалдың соғысқанын растайтын құжат та алдырыпты.

"1943 жылы Владивостокта болады. Содан 1948-жылы әскери қызметін бітіріп бері қайтады. Сонда менің бір түсінбейтін нәрсем, бұл кісі қазір "тыл еңбеккері" дейді. Бұл кісі екі жақта жүре ме", – дейді ақсақалдың ұлы Ерік Тоқманбетов.

Ал Тоқманбетовтің туысы Рыскелді Жақаубаев та осындай пікірді ұстанады.

Масақ ауылындағы ақсақал үйінде "Соғыс ардагері" деген балалары орнатқан тақтайша тұр. 9 мамырда көңілін кірбің басатыны олардың да жанына батады.

Мәселенің мәнісіне қатысты сұрақ қойылғанда Еңбекшіқазақ ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі бөліміндегілер сұхбат беруден бас тартқан.

Бар айтқаны Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағат Тоқманбетов туралы толық ақпарат алу үшін Ресейдің қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына сұрау салған. Бұл жақ соның жауабын күтіп отыр. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары жауаты осылайша ауызша қысқа қайырған.

Оқи отырыңыз: Ұлы отан соғысы жылдары Қазақстанның қай өңірі бомбаланды

Демек, Ресейдің орталық мұрағатынан ресми жауап күтуден басқа амал жоқ. Әбдібай ақсақал бұл жауапты селқос, салқын қабылдады. Соғыстың бейнетін көріп, отынан өткенмен, 95 жасына дейін бір тілім жапырақ қағаздың кесірінен тиісті мәртебесін ала алмай келеді. Оның ұрпағы жергілікті мекемеден қайыр болмаса, онда арашаны Қорғаныс министрлігінен сұрамақ.

35
Кілт сөздер:
Ұлы Отан соғысы ардагері, ардагер
Тақырып бойынша
Ардагер: Бигелдинов пен Қошқарбаев секілді батырларды жастардың білмеуі қынжылтады
"Келін тамақ істемей қойды": қарттар үйіндегі ардагер ананың әңгімесі
700-ден астам ардагер Нұр-Сұлтан мен Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады
Алматылық ардагер "Қалқан және раушан" сыйлығын алды
Тараздық ардагер соғыста өзі құтқарған баланы іздеп жүр
Интенсивті терапия палатасындағы дәрігер

Белгілері ұқсас: дәрігер коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болатынын айтты

447
Елордалық дәрігер салқын тиіп, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, бірден учаскелік дәрігерге хабарлауға кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Күз мезгілінде ел ішінде тұмау дерті өршитіні белгілі. Оған биыл коронавирус індеті қосылып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Көпбейінді медициналық орталығының дәрігер-инфекционисі Эльмира Әбішева COVID-19 бен тұмаудың айырмашылығы жайлы және олардан қалай сақтануға болатынын айтты.

Коронавирустың тұмаудан айырмашылығы

Әбішеваның айтуынша, науқас коронавирусқа қарағанда тұмаудан тез жазылады. Айналдырған үш-бес күннің ішінде сауығып шығуы мүмкін. Ал COVID-19 инфекциясы кезінде адам күн өткен сайын әлсірей береді.

"Тұмауға шалдыққан адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін барады. Өзін әлсіз сезініп, мұрны бітеледі. Ал коронавирус кезінде температура қатты көтерілмейді – 37 градус шамасында. Әлсіздік басымырақ болады. Егер дене қызуы үш күн бойы түспей, әлсіздік ұзаққа созылып, дәм және иіс сезу қабілеті жоғалса, бұған қоса ентікпе және жөтел пайда болса, бұл коронавирустың белгілері", - деп түсіндірді инфекционист.

Дәрігер адам коронавирус пен тұмауды қатар жұқтыруы мүмкін бе, жоқ па, ол әзірге белгісіз екенін айтты. Тұмау маусымы енді басталғандықтан, мұндай деректер тіркелмеген.

Вакцина COVID-19 жұқтыру қаупін азайта ма?

Әбішеваның айтуынша, тұмауға қарсы вакцина салдырған адамдар вирус жұқтырмауы мүмкін. Тіпті, жұқтырған күннің өзінде, ауру жеңілірек өтеді, одан әрі асқынып, пневмонияға айналу қаупі төмен. Сол себепті инфекционист қазақстандықтарға тұмауға қарсы екпе салдыруға кеңес берді.

Сондай-ақ, дәрігер COVID-19 жұқтырып, дертінен құлан-таза айықпаған пациенттерге тұмау маусымы кезінде абай болуға кеңес берді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қай кезде ең қатаң карантин жарияланатыны белгілі болды

"Коронавирустан кейін организм әлсіреп қалады. Сондықтан инфекциядан емделмей жатып, тұмауға шалдықса, адамның ағзасы көтере алмауы мүмкін. Инфекциядан толығымен құтылу үшін сауықтыру шаралары өте маңызды. Атап айтқанда, тыныс алу гимнастикасы, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты, демалыс. Мұның бәрін ұстанса, тұмау жұқтыру қаупі де азаяды", - деді ол.

Тұмау, әлде COVID-19? Алғашқы белгілер пайда болса, не істеу керек?

Елордалық дәрігер салқын тиіп, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, бірден учаскелік дәрігерге хабарлауға кеңес берді.

"Тұмау мен коронавирустың симптомдары ұқсас болғандықтан, ауруды ажырату қиын. Егер адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтерілсе, бірінші кезекте, учаскелік дәрігерге хабарлау керек. Олар ауру белгілері негізінде қандай анализ тапсырып, қандай дәрі ішу керектігін түсіндіреді. Бірақ, менің айтарым: көп су ішіңіздер. Қонаққа бармаңыздар, барынша оқшауланыңыздар", - деді инфекционист.

Ол дәрігердің нұсқауынсыз өз бетінше дәрі ішпеуге шақырды. Айтуынша, науқастардың дені үйде емделемін деп ауруын асқындырып алады.

Әбішева тұмау кезінде антибиотиктер көмектеспейтінін, вирусқа қарсы препараттарды қолдану қажет екенін атап өтті.  

Дәрігер қазақстандықтардан жеке бас тазалығын сақтап, маска киіп, ара қашықтықты сақтауды сұрады.

447
Кілт сөздер:
тұмау, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Коронавирустың екінші толқыны: денсаулық министрлігі неге алаңдап отыр
Министр Цой: коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатырмыз
Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны шамамен қашан басталатыны айтылды
"Коронавирус бақылаудан шығып барады": БҰҰ бас хатшысы мәлімдеме жасады
Архивтегі фото

"Бомба түскендей шулап жатыр": әкімдік спортзалдағы оқиғаға қатысты түсініктеме берді

30
(Жаңартылды 15:57 22.09.2020)
Салынып жатқан спортзалдың бір блогында шатырдың кішкентай бір шеті құлап кеткен, дүрлігуге себеп жоқ, дейді Алматы облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында дене шынықтыру кешенінің шатыры опырылып құлауына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, мамандар апаттың себебін анықтауға кірісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматы облысының әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, Ұйғыр ауданындағы Шоңжы ауылында дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің үшінші блогы – спортзалдың шатырын жасағанда металл конструкция опырылып құлаған. Бұл блоктың жалпы ауданы 1058,4 шаршы метрді құрайды. Ал бірінші және екінші блоктарға зақым келмеген. 

"Зардап шеккен және қайтыс болған адамдар жоқ. Құрылыстың бас мердігері – "Лидер-НК" ЖШС. Нысанның құрылысы өткен жылы қараша айында басталды", - дейді әкімдік мамандары.

Қазіргі кезде облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған әкімнің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов басшылық етеді. Жұмыс тобының өкілдері апаттың себебін анықтау мақсатында оқиға орнына аттанды. Олардың арасында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаев та бар. Оның айтуынша, дүрлігуге себеп жоқ. Өйткені шатыр құлаған нысан – дене шынықтыру кешенінің бір блогы ғана. Ал фотодан үлкен бір аймақ сияқты көрінеді.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкер Нұр-Сұлтанның қымбат үйлерінің қорқынышты фотоларын жариялады   

"Қазір жұрт ядролық бомба түсіп кеткендей шулап жатыр. Шын мәнінде бір блокта шатырдың кішкентай бір шеті құлап кеткен. Ана бір жас бала фотоға түсіргенде дұрыс қырынан алмаған. Сөйтіп, суретті жан-жаққа таратып жіберген. Қазір комиссия қай жерден қате кеткенін анықтауға кірісті. Бір айдың ішінде белгілі болатын шығар. Біз де осында жүрміз", - деді Усманов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.       

Оның сөзіне қарағанда, дене шынықтыру кешені Шоңжы ауылының шетінде орналасқан. Құрылыстың екі блогы салынып тұр. Үшінші блоктың шатыры қалпына келтіріледі.

"Жоспар бойынша нысанды жыл соңына дейін тапсыру қажет. Болмаса, тағы бір айға созамыз. Ауыр жұмыс емес, жылдам аяқтайды", - деп түйіндеді Усманов.

Құрылыстың жалпы құны – 1,1 миллиард теңге. Ол жерде бір уақытта 180 спортшы жаттығу жасай алады.

30
Кілт сөздер:
бомба, шатыр, спорт зал
Тақырып бойынша
Оралда темекі тартуға шыққан тұрғындар балконмен бірге құлап кетті
Астанада кран құлап, 29 жастағы жігіт қаза тапты
Петропавлда жұмысшының үстіне құрылыс плитасы құлап кетті
Астана билігі "сақалды" құрылыстардағы крандарды алып тастауға кірісті
"Отырамыз ба тозып?" Қарағандыда құлап қалған үйдің тұрғындары шу көтерді