Қоғам

Магистратура бойынша грант иегерлерінің тізімі жарияланды

© Sputnik / Алексей Мальгавко / Медиабанкке өтуСтудентка в библиотеке
Студентка в библиотеке - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл он мыңнан аса адам магистратура бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Конкурсқа жалпы 12 мыңнан аса адам қатысты

АЛМАТЫ, 7 қыркүйек  — Sputnik. Қазақстанда 2020-2021 оқу жылында магистранттарға 10 202 грант тағайындалды. Бұл жайында білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жетінші қыркүйекте магистратура дәрежесі бойынша гранттарды тағайындау бойынша конкурстық комиссияның соңғы отырысы өтті. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына мемлекеттік органдар, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, мүдделі мемлекеттік органдардың, ЖОО қауымдастығының өкілдері, БАҚ қызметкерлері кіреді. Бұл тізімде ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өкілдері де бар", - деді Тойбаев брифинг барысында.

2020-2021 оқу жылында магистратураға 12 829 грант бөлінді. Оның ішінде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 12 119 грант, бейіндік магистратураға 710 грант бөлінді. 
Кешенді тестілеу 17 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтті. Биыл магистратураға қабылдау үшін тестілеу алғаш рет электронды-компьютерлік форматта өткізілді.

Кешенді тестілеуге 38 199 адам өтініш білдірген, оның ішінде 34 746 адам тестілеуге қатысты. Тест тапсырған талапкерлердің ішінде 13 051 үміткер мемлекеттік білім беру грантын тағайындау мүмкіндігіне ие болды, яғни олар 75 ұпайдан жоғары балл жинаған.

Оның ішінде 12 179 адам конкурсқа қатысуға өтініш білдірді. Комиссияның шешімімен, 10 202 талапкер грант иегері атанды, оның ішінде 128 үміткер бейінді магистратура негізінде білім алады:

  • педагогика ғылымдары бойынша – 3 267 грант;
  • өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша – 570 грант;
  • әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағыты бойынша – 401 грант;
  • бизнес және құқық бойынша – 825 грант;
  • жаратылыстану, математика және статистика бойынша – 963 грант;
  • ақпараттық-коммуникация технологиялары бойынша – 1 170 грант;
  • инженерлік өңдеу және құрылыс материалдары бағыты бойынша – 2 250 грант;
  • ауыл шаруашылығы және биоресурстар бойынша – 204 грант;
  • ветеринария бойынша – 72 грант;
  • денсаулық сақтау саласы бойынша – 115 грант;қызмет көрсету саласы бойынша – 237 грант тағайындалды.

"Республика бойынша ең жоғары конкурс шет тілі педагогтарын даярлау бойынша өтті. Ең төменгі конкурс ветеринария саласы бойынша болды", - деді Тойбаев.

Магистранттар 14 қыркүйектен бастап қашықтан оқу форматында білім алатын болады. Сегізінші қыркүйектен бастап жергілікті әкімдіктер тарапынан гранттарды тағайындау конкурсына құжаттар қабылдау басталады. Мемлекеттік грантқа ие болған талапкер 11 қыркүйекке дейін ЖОО-ға түсу үшін құжаттарын тапсырады, оны виртуалды қабылдау комиссия арқылы тапсыруға болады. 

Жергілікті әкімдіктер тарапынан гранттарды тағайындау конкурсына құжаттар виртуалды түрде қабылданады. Ол сегізінші қыркүйек кешке дейін жалғасады.

Грант иегерлерінің тізімімен Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан да танысуға болады.

Жаңалықтар
0