Дәрігерлер, архивтегі сурет

Қазақстандық депутаттар дәрігер мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

72
(Жаңартылды 11:42 10.09.2020)
Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оған триллиондаған теңге бөлінді

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Сенаторлар премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында дәрігерлер мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Депутат Мұрат Бақтиярұлы пандемиямен күрес кезінде отандық медицина саласының ең осал тұстары анықталғанын атап өтті. Отандық медицина нарығы ауыр сынаққа төтеп бере алмаған. 

"Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оған триллиондаған теңге бөлінді. Алайда саланы нығайтуға бағытталған жұмыстар денсаулық сақтаудың қазіргі проблемаларын неге жоя алмады, жүйені жоспарлы жаңғыртуды көздеген реформалардың игілігін неге көре алмадық деген заңды сұрақ туындайды. Қаншама қабылданған шараларға қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі халық денсаулығын қорғауды дамытудың жүйелі жолын таба алмағаны түсініксіз", - деп қапаланды Бақтиярұлы. 

Айтуынша, еліміздегі көптеген ауруханада тыныс алу аппараттары, орталықтандырылған оттегі, компьютерлік томография тапшы. Стандарт бойынша ауруханалардағы төсек-орынның кемінде 10 проценті жасанды тыныс алу аппараттарымен жарақтандырылуы тиіс. Алайда Қазақстанда мұның бірде бірі сақталмаған. Депутат осындай ауруханалардың қызметіне  лицензия қалай беріліп келгеніне таңғалды. 

Мұрат Бақтиярұлы Маңғыстау облысындағы 170 мыңнан астам тұрғыны бар Мұнайлы ауданын мысалға келтірді. 

"Көптеген аудандарда, ірі елді мекендерде аудандық ауруханалар, ауылдық амбулаториялар тапшы не талапқа сай емес. Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша ең ірі аудандардың бірі саналатын 170 мыңнан астам халқы бар Мұнайлы ауданында көпсалалы аурухана жоқ болғандықтан, тұрғындар емделу үшін Ақтау қаласына сабылып, онсызда төсек-орны жетпей жатқан қала ауруханаларына үлкен салмақ түсіруде. Осындай жағдай Шымкент қаласында да орын алуда", - деді ол. 

Сонымен қатар, халық қалаулысы отандық дәрі-дәрмек өндірісіне де тоқталды. Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмектің үлесі небәрі 20 процент, қалған 80%-і шет елдерден импортталады. 

"Жеріміз дәрі жасайтын шөптерге өте бай. Өкінішке қарай, өзімізде оларды пайдалану жеткілікті түрде жолға қойылмаған. Есесіне дәрілік шөптерді заңсыз сыртқа шығару күшейіп келеді. Бұлай жалғаса берсе, кейбір дәрілік қасиеті мол шөптердің тұқымы құрып кетуі мүмкін", - деп алаңдады сенатор. 

4 мың дәрігер жетіспейді 

Медицина саласындағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. 

"Мысалы қазір емдеу орындарында 4 мың дәрігер жетіспейді. Тіпті індет қаупі сейілмей тұрған ірі орталықтар мен өңірлерде 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр. 2018 жылы "Диплломмен ауылға" бағдарламасымен барған 706 жас маманның тек 355-і ғана көтерме ақы алды. 102 дәрігерге тұрғын үй бұйырды. Қазір дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші қалада 56,8 пайыз болса, ауылда небәрі 16,1 процент қана", - дейді Мұрат Бақтиярұлы. 

Сенат депутаттары медицина мамандарын даярлайтын 6 жоғары оқу орнында жабылып қалған медициналық, профилактикалық факультеттерді қайта ашу қажет деп санайды. 

"Қазақстанда денсаулық сақтау саласында 250 мың медицина қызметкері, оның ішінде 72 мың дәрігер қызмет етеді. Денсаулық саласын қандай озық технологиялармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етсек те, ол білікті дәрігерді алмастыра алмасы анық.  Сондықтан адам денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, ажалға араша түскен дәрігерлер қауымы үшін дәрігерлер мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынамыз", - деп түйіндеді сөзін ол.

 

72
Кілт сөздер:
заң, дәрігерлер, депутаттар
Тақырып бойынша
"Ақша қайда?": Мәжіліс депутаты Дания Еспаева білім министріне шүйлікті
Депутат білім министріне шүйлікті: ведомство жауабы қандай
Науқастар дәлізде жатыр – дәрігерлер желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді
2023 жылға дейін дәрігерлер еңбекақысы орташа жалақыдан екі есе артық болады
Дәрігерлер коронавирустан емдеу үшін жылқының антиденелерін пайдаланбақ
Шикі ет

Желіні шулатқан видео: полиция шикі ет жеп отырған баланың ата-анасын іздеп жатыр

24
Бүлдіршіннің заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі, қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қазнетте тараған видеода шикі ет жеп отырған баланың әке-шешесін іздестіріп жатыр.

Бұл туралы білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина хабарлады.

"Біз ақпаратты ішкі істер министрлігіне жолдадық. Баланың заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі. Ата-аналар балаларының денсаулығына, физикалық, психикалық, рухани және моральдық дамуына қамқорлық жасау керек екенін ұмытпауы керек", - деді ол.

Овечкина ата-аналарға балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Желіні шулатқан ролик 21 қыркүйекте жарияланды. Видеода бала шикі ет жеп отыр, кадр сыртынан әйелдің күлген даусы естіледі.

"Кәдімгідей тістеп отыр, жұлып алды әне. Бола берсін бе", - деп сұрайды бір әйел.  

"Не болады, жей берсін", - деп жауап береді екіншісі.  

Желі қолданушылары видеоны қызу талқылады. Бірі "мұнда тұрған ештеңе жоқ" десе, енді бірі баланың ішіне инфекция түседі деп алаңдаған.

24
Кілт сөздер:
ет, видео, бала
Жеңіс күні

Алматы облысында 95 жастағы қария өзінің соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай жүр

37
(Жаңартылды 14:54 22.09.2020)
Жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары Тоқманбетов туралы толық ақпарат алу үшін Ресейдің қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына сұрау салған

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында 95 жастағы қария әлі күнге соғыс ардагері мәртебесін ала алмай жүр. Фашистерге қарсы соғыс кезінде "резервте болдым" деген Әбдібай Тоқманбетов, артынша жапон соғысына аттанып, елге тек 1948 жылы оралған. Бірақ оған тек тыл ардегері деген мәртебе берілген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан оның жапон соғысына қатысқанын растайтын құжаты да табылған екен. Алайда, іс содан әріге жылжымай тұр.

Шөбереге ертегідей естілген ата әңгімесі Әбдібай ақсақалдың көңілінде әлі сайрап жатыр. От ортасынан оралғанына жетпіс жылдан асқанмен, жанкешті күндер көрінісі жанарындағы жаспен әлі күнге сырғиды.

"Жапонияға бардым. Сол Жапонияда 7-8 жыл соғысып, аман-есен оралдым ауылға. 42-жылдан 48-ші жылға дейін", – дейді ардагер Әбдібай Тоқманбетов.

Ақсақалдың айтуынша, ол Екінші дүниежүзілік соғыста резервте болып, артынша жапон майданына аттанады. Бірақ елге оралғанда Тоқманбетовке тек тыл ардагері деген мәртебе берілген. Қарияның өзі оны дауламай жүре берген. Тек артындағы ұрпағы, атаның еңбегі еленуі керек деген пікірде. Сөйтіп сұрау салып жүріп, бертінде Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан Әбдібай ақсақалдың соғысқанын растайтын құжат та алдырыпты.

"1943 жылы Владивостокта болады. Содан 1948-жылы әскери қызметін бітіріп бері қайтады. Сонда менің бір түсінбейтін нәрсем, бұл кісі қазір "тыл еңбеккері" дейді. Бұл кісі екі жақта жүре ме", – дейді ақсақалдың ұлы Ерік Тоқманбетов.

Ал Тоқманбетовтің туысы Рыскелді Жақаубаев та осындай пікірді ұстанады.

Масақ ауылындағы ақсақал үйінде "Соғыс ардагері" деген балалары орнатқан тақтайша тұр. 9 мамырда көңілін кірбің басатыны олардың да жанына батады.

Мәселенің мәнісіне қатысты сұрақ қойылғанда Еңбекшіқазақ ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі бөліміндегілер сұхбат беруден бас тартқан.

Бар айтқаны Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағат Тоқманбетов туралы толық ақпарат алу үшін Ресейдің қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына сұрау салған. Бұл жақ соның жауабын күтіп отыр. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары жауаты осылайша ауызша қысқа қайырған.

Оқи отырыңыз: Ұлы отан соғысы жылдары Қазақстанның қай өңірі бомбаланды

Демек, Ресейдің орталық мұрағатынан ресми жауап күтуден басқа амал жоқ. Әбдібай ақсақал бұл жауапты селқос, салқын қабылдады. Соғыстың бейнетін көріп, отынан өткенмен, 95 жасына дейін бір тілім жапырақ қағаздың кесірінен тиісті мәртебесін ала алмай келеді. Оның ұрпағы жергілікті мекемеден қайыр болмаса, онда арашаны Қорғаныс министрлігінен сұрамақ.

37
Кілт сөздер:
Ұлы Отан соғысы ардагері, ардагер
Тақырып бойынша
Ардагер: Бигелдинов пен Қошқарбаев секілді батырларды жастардың білмеуі қынжылтады
"Келін тамақ істемей қойды": қарттар үйіндегі ардагер ананың әңгімесі
700-ден астам ардагер Нұр-Сұлтан мен Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады
Алматылық ардагер "Қалқан және раушан" сыйлығын алды
Тараздық ардагер соғыста өзі құтқарған баланы іздеп жүр
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров

Әлем бөлектенуден шаршады - Лавров

0
Барған сайын қарқын алып келе жатқан жаһандық проблемаларға дер кезінде жауап беру қиындық тудырып тұр, дейді дипломат

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Әлем бөлінуден шаршады, деп мәлімдеді Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталық сессиясында ҰҚШҰ елдері атынан сөйлеген бейнеүндеуінде.

"Қазір, өкінішке қарай, төрткүл дүниенің әр аймағында қарулы қақтығыстар өршіп тұр. Оған халықаралық терроризм, есірткі және киберқылмыс, климаттың өзгеруі секілді қазіргі заманның өткір сын-қатерлері қосылды. Биыл бұл тізім тағы бір қауіппен  - әлеуметтік-экономикалық және басқа да салалардағы дағдарыстарды ушықтырған коронавирус пандемиясымен толықты", - деді дипломат.

Оның айтуынша, барған сайын қарқын алып келе жатқан жаһандық проблемаларға дер кезінде жауап беру қиындық тудырып тұр, деп жазады РИА Новости.

"Бұл көп жағдайда, кейбір елдердің өзге мемлекеттердің заңды мүдделерімен санасқысы келмегендігімен байланысты болып отыр", – деп атап өтті Лавров.

Ол "құқықтарға негізделген әлемдік тәртіп" сынды тұжырымдар мен стандарттарды мықтап бекіту белең алып келе жатқанын жеткізді. Бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің артықшылықтарын бұза отырып, біржақты санкцияларды қолданумен елдердің ішкі істеріне араласудан, төзімсіздік пен өшпенділік көріністерінен айқын көрініп келеді.

"Алайда, тарихтың табиғи бағытын өзгерту мүмкін емес. Бүгінде халықаралық аренада экономикалық өсімнің жаңа орталықтары күшейіп, қарулы қақтығыстарды тек бейбіт жолмен реттеу қажеттілігі артып келеді, өзара тәуелділік деңгейі өсіп отыр. Әлем "бөлектену сызығынан", мемлекеттерді "біздікі" және "өзгенікі" деп бөлуден жалықты, әлем жан-жақты өзара көмек көрсету мен ынтымақтастықты дамытуды талап ете бастады. Яғни, 75 жыл бұрын БҰҰ құрылған кезде тұжырымдалған мақсат-міндеттер өзектілене түсуде", - деді министр.

Лавров сонымен қатар, тарихты қайта қарау, фашизмді жеңуге шешуші үлес қосқан халықтардың рөлін төмендету әрекеттерін миға қонымсыз деп атап өтті. Ол өткеннен сабақ алуға, азат етуші жауынгерлердің ерліктерін қастерлеуге, олардың даңқын көтеру мақсатында орнатылған ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуге шақырды.

Ресей СІМ басшысының айтуынша, қазіргі жағайда, БҰҰ өзінің жарғысына сәйкес қатаң үйлестірілген жұмысты жүргізетін тиімді құрылым болып қалуы керек және БҰҰ жүйесінің негізгі органдарының мандаттарын жеңілдетуге және олардың өкілеттіктерін қайталауға жол берілмеуі тиіс.

Лавров халықаралық құқық нормалары негізіндегі келіссөздер аясында қақтығыстарды дипломатиялық, бейбіт құралдармен реттеу әлемдік қауымдастықтың басты міндеттерінің бірі болып қалуы керектігін, бұл жерде басымдық терроризм мен ұйымдасқан қылмыспен күрес кезіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге берілетінін атап өтті.

Министр сонымен қатар, жаһандық тұрақтылықты сақтау үшін қару-жарақты бақылау, қарусыздану және таратпау жүйесін әлсіретуге тырысу әрекеттеріне тосқауыл қоюға шақырды.

0