Қоғам

Мектеп бағдарламасына өзгеріс енгізу мәселесі көтерілді – министрлік жауабы

© Sputnik / Юрий Стрелец / Медиабанкке өтуШкольник на уроке, архивное фото
Школьник на уроке, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ерлер, әйелдер кәсібі деген ұғым қоғамда осыдан 5-10 жыл бұрын жоғалып кеткені баршаға мәлім, деді вице-министр

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек — Sputnik. Қазақстан мектептерінде еңбек және дене шынықтыру пәндерін "қыздар" және "ұлдар" тобына бөлу мәселесі алынып тасталған жоқ. Алайда оқушының таңдауы ескерілетін болды. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова айтты.

"Мектепте тиісті жағдай жасалған болса, оқушы мен ата-анасының қалауымен сынып ұлдар, қыздарға бөлінуі мүмкін. Ал білім алушылардың таңдауы басқаша болса, оған да тиісті мүмкіндік бар. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер осыны түсінуі қажет. Бұл бойынша әдістемелік қызметтерге тиісті жұмыс жүргізу тапсырылған болатын. Оқушы таңдауы - басты негіз", - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Вице-министрдің айтуынша, көптеген мектептерде оқушыларды бөліп оқытуға мүмкіндік жасалмаған.

"Темірмен, ағашпен жұмыс істейтін шеберханалар, аспаздық, тігін жабдықтар қарастырылмаған. Соған қарамастан, мектептер оқушыларды ұлдар тобы, қыздар тобы деп бөлген. Ол қаржылық бұзушылықтарға, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға алып келді", - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр ерлер, әйелдер кәсібі деген ұғым қоғамда осыдан 5-10 жыл бұрын жоғалып кеткені баршаға мәлім екенін жеткізді.

"Ендеше мектеп бағдарламасы осыны ескеруі қажет емес пе деген орынды сұрақ туындауы дұрыс", - деп жазды Қаринова.

Еске сала кетсек, қазақстандық оқу мекемелерінде бірінші тоқсан қашықтан оқыту форматында өтіп жатыр. Алайда кезекші сыныптар қарастырылған.

Жаңалықтар
0