Үйдің кілті

Мемлекет арендалық баспана ақысын қалай төлейді?

498
Келесі жылдан бастап жарты миллионнан астам қазақстандықтың үй жалдауға кететін шығындары бюджет есебінен өтелуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Қазіргі жоспарға сәйкес, мемлекет аренда құнының 70-80 процентін өтейді. Осылайша, халық мемлекеттік бағдарламалар аясында салынатын арендалық баспананы күтіп, жалға алып отырған үйіне көп ақша шығармайды. Өз пәтеріне ақша жинай алады деп болжанып отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі арендалық төлемді субсидиялау жүйесінің қалай іске асатынын зерделеп көрді. 

Тоқаевтың тапсырмасы

Биылғы жолдауда мемлекет басшысы арендалық төлемді субсидиялау тетігін енгізуді тапсырған болатын. Онымен әкімдіктің баспана кезегінде тұрған мыңдаған адам қамтылады деген жоспар бар. Бұл жүйені қолға алудың негізгі себебі қандай? Бүгінде жергілікті билік кезекте тұрған адамдар үшін арендалық баспана салады. Бірақ бюджеттік және сатып алу процедураларына көп уақыт кететіндіктен, арендалық үйлердің құрылысы баяу жүргізіледі. Соның салдарынан әкімдік кезегінде тұрған адамдар азаймай отыр. 

"Осы схемаға өзгеріс енгізетін кез келді. Енді, қаржыны тек құрылысқа ғана емес, арендалық төлемді субсидиялауға да бағыттау қажет. Бірінші жылы бұл көрсеткіш бірден 10 есеге өседі. Осылайша, 100 мыңнан астам отбасы нақты көмек алады", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында. 

Президенттің айтуынша, арендалық төлемді субсидиялау жұмысымен Отбасы банкі (қазіргі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі - Sputnik) айналысады. Ал жаңа жүйенің талаптарын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлейді. 

Арендалық төлемді субсидиялау қалай іске асады

Жақында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жаңа бастаманың негізгі талаптарын жариялады. Бірақ бұның барлығы әзірше жоба ғана. Оны әлі де талқылайды. Ал жылдың соңына дейін нақты шешім шығарылады деген жоспар бар. 

Министрдің айтуынша, қазіргі жоба бойынша арендалық төлемнің 70-80 проценті бюджет есебінен өтеледі. Жалға алынған баспанаға қатысты талап та болады. Атап айтқанда, арендалық үйдің ауданы 40-80 шаршы метр болуы шарт. Ал отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 32 668 теңгеден аспауы тиіс.

Демек, бір үйде төрт адам болса, барлығына есептегенде жалпы табыстың көлемі 130 668 теңгеден артық болмауы қажет. 

Әрине, бұның барлығы әлі де талқыға салынады. Дегенмен, қазірдің өзінде жаңа талаптарға кімнің сай келетінін есептеп көруге болады. 

Жалғызбасты анаға беріле ме

Біз астанада пәтер жалдап тұратын Баян Кәрімоваға хабарласып, арендалық пәтерге кететін шығындары туралы сұрап көрдік. Баян – жалғызбасты ана. Екі баланы өзі тәрбиелеп отыр. Әкімдіктің баспана кезегінде толық емес отбасы ретінде тіркелген. 

"Менің астанаға көшіп келгеніме 16 жыл болды. Содан бері пәтер жалдап келемін. Шыны керек, ақша жинау өте қиын. Себебі аренда қымбат. Мысалы, қазір мен бір бөлмелі үйді 95 мың теңгеге жалдаймын. Осы ақшаны 38 шаршы метр үшін төлейміз. Коммуналдық қызметтермен бірге 120 мың шығады", - деді Кәрімова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, арендалық төлемді субсидиялау тетігі енгізіліп, мемлекет есебінен жалға алу ақысының 70-80 проценті өтеліп отырса, үнемделген ақшаны жинауға мүмкіндік болады.

Дегенмен, Баян қазіргі талаптарға сәйкес келмейтін тәрізді. Өйткені үйдегі үш адамға есептегенде жалпы табыстың көлемі 98 004 теңгеден (3 x 32 668 теңге) аспауы тиіс. Қазіргі пәтеріне ол 120 мың теңге төлейді. Демек, оның табысы қазіргі талаптан жоғары.

Аренданың ақысы – 1 500 теңге

Бүгінде әкімдіктен берілетін арендалық баспананың саны көп емес. Дегенмен, оның төлемақысы өте тиімді болып тұр. Мысалы, астаналық Мирас (атын өзгертуді сұрады) мүгедек ретінде арендалық үй алған. Ауданы – 36 шаршы метр. Мирас әкімдік берген арендалық үйде ұлымен бірге тұрады. 

"Бізде арендалық төлемнің ақысы көп емес. Осы үйге айына небәрі 1 500 теңге төлейміз. Ал коммуналдық қызметтермен бірге санағанда 10 мың теңгедей шығады", - дейді Мирас.

Оның сөзіне қарағанда, жеке өз үйіңе ақша жинау қиындау. Себебі зейнетақының көлемі көп емес, шамамен, 80 мың теңге. Бүгінде азық-түлік қымбаттап кеткен. Оған қоса, ай сайын дәрі-дәрмек алып тұру қажет.

"Енді, ұлыма ақша жинауға болады. Бірақ ол маған қарайды. Ал кешке жұмыс істейді", - деп атап көрсетті Мирас.

Баспана кезегі бес жылда шешіле ме

Сонымен, бүгінде әкімдік кезегінде тұрған адамдардың барлығы бірдей арендалық төлемді субсидиялау талаптарына сай келмейтін тәрізді. Иә, оның орнына әкімдіктің арендалық баспанасын да күтуге болады. Дегенмен, президенттің өзі осы санаттағы үйлерді салуға біраз уақыт кететінін айтып отыр. Өйткені бюджет қаржысын бөлу және тендер өткізу процедуралары бар. Одан кейін құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Бұдан бөлек, тағы бір маңызды мәселені атап өткен жөн. Әкімдіктен берілетін арендалық баспананың құны арзан болғандықтан, сапасы сын көтермейді. 

"Мысалы, біз әкімдіктен арендалық үйді алғанда өз ақшамызға жөндеу жасап шықтық. Себебі ол пәтерде тұруға жағдай болмады. Тесіктерден жел саулап тұрғасын терезелерін де ауыстырдық. Жарты миллион теңгедей кетті. Еден қисық. Балконы қапталмаған. Әлі есіктерін ауыстыру қажет", - дейді жалға алушылар.

Жаңа жылға дейін арендалық төлемді субсидиялау талаптары тағы өзгеретін шығар. Сонда әкімдік кезегінде тұрғандар өздеріне ыңғайлы әрі жылы үйді таңдап, төлемақының бір бөлігін мемлекеттің есебінен өте алады. 

Негізі, бүгінде баспана кезегінде тұрған адамдар аз емес. Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша 530 мыңнан астам адам әкімдікте тіркеліп, баспана жағынан көмек күтіп жүр. Ал президенттің "алғашқы жылы бірден 100 мыңнан астам отбасыға нақты көмек беріледі" деген сөзі орындалса, қазіргі баспана кезегін бес-ақ жылдың ішінде шешіп тастауға болатын сияқты.

498
Кілт сөздер:
ақша, пәтер, мемлекет
Тақырып бойынша
Зейнетақы жинағына баспана алу шарттары белгілі болды
Баспана алуға арналған бағдарламалар: мамандар жиі қайталанатын қателікті атады
Министрлік көпқабатты тұрғын үйдің пәтер иелеріне жер салығын салмауды ұсынды
Мемлекет арендалық пәтер ақысын төлеуге көмектеседі – Тоқаев тапсырма берді 
2021 жылы салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға пайдалана алады
Бурабай

Бурабай мен Көк Жайлаудағы жердің бір бөлігі қайтарылады Тоқаев заңға қол қойды

78
Туризм инфрақұрылымын салуға бөлінген, алайда мақсатқа сай пайдаланылмаған жерлер мемлекетке қайтарылады

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Токаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.

Заң Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Бурабай және Көк Жайлау табиғи парктері жерлерінің бір бөлігін мемлекет меншігіне қайтаруды көздейді. Заң Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев "Көк Жайлау" құрылысына қатысты соңғы сөзін айтты 

"Өзгерістер ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар және қайтарылған жер учаскелерінде орналасқан табиғи қорық қорының табиғи кешендері мен нысандарын сақтау қажеттілігінен туындады", - деп түсіндірді бұған дейін мәжілісмен Роман Ким сенат қабырғасында заң жобасын таныстыра отырып.

Заң нормалары туристік нысандар мен құрылыстарды салу және пайдалану үшін алынған, бірақ сол мақсатта пайдаланылмай жатқан жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтаруға мүмкіндік береді. 

78
Кілт сөздер:
Қасым-Жомарт Тоқаев, "Көк Жайлау" курорты, Бурабай
Тақырып бойынша
"Асығыстық танытуға болмайды" Тоқаев Байбектің шешіміне қолдау білдірді
Бурабай мен Көк Жайлаудағы жерлердің бір бөлігі мемлекетке қайтарылады
Архивтегі фото

Еуразиялық патенттік ұйым Төрегелді Шармановқа алтын медаль табыстады

44
Патенттік ұйымның алтын медалі өнертапқыштық қызметке және өнертабыстардың құқықтық қорғалуын дамытуға елеулі үлес қосқан адамдарға беріледі

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Еуразиялық патенттік ұйым Қазақстандық өнертапқыштарды алтын медальмен марапаттады, деп хабарлады әділет министрлігінің аспасөз қызметі.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының және Ресей ғылым академиясының академигі, өнертапқыш Төрегелді Шарманов және тау-кен және мұнай саласындағы жетістіктерімен танымал Satbayev University В.И. Блинников атындағы алтын медалмен марапатталды.

Мұндай шешім Еуразиялық патенттік ұйым әкімшілік кеңесінің 36 отырысында қабылданды.

Оқи отырыңыз: Төрегелді Шарманов ұзақ өмір сүрудің құпиясын бөлісті

Салтанатты марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Әділет органдары қызметкерлерінің күніне орай өткізілді. Аталған марапаттарды Алматы қаласы әділет департаменті басшысы Абай Арап тапсырды.

Айта кетейік, В.И. Блинников атындағы алтын медаль Еуразиялық патенттік конвенцияға қатысушы мемлекеттер үшін маңызды өнертапқыштық қызметке және өнертабыстардың құқықтық қорғалуын дамытуға елеулі үлес қосқан адамдарға беріледі.

44
Махамбет Досмұхамбетов

Атырау облысының әкімі орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын

0
Әкімнің бірінші орынбасары мен құрылыс басқармасының бастығы 420 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев шынымен де кінәлі деп танылып, сот үкімі шықса, қызметінен кететінін мәлімдеді.

Әкімнің орынбасары мен құрылыс басқармасының бастығы 182 миллион теңге (420 мың доллардан астам) көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды, деп жазды "Ақ Жайық" басылымы.

"Заң бәріне ортақ. Егер тергеу аяқталып, сот оны кінәлі деп тапса, онда мен заңға сәйкес, отставкаға кетуге дайынмын. Оны қабылдай ма, жоқ па, президент өзі шешеді", - деді әкім Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қарашасында "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес қарамағындағы қызметкердің кінәсі дәлелденіп, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін басшы қызметінен кетуге міндетті.   

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бірнеше әкім отставкаға кетуге өтініш берді 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұған дейін заң аясында қандай қызметкерлер тікелей бағынышты ретінде қарастырылатынын түсіндірген болатын.

0
Кілт сөздер:
отставка, әкім, Атырау облысы
Тақырып бойынша
Білім саласында жемқорлық неге көбейді?
Нұр-Сұлтанда әкім қызметінен кетті
Жезқазғанға жаңа әкім тағайындалды
Тоқаевтың тапсырмасы: облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі отставкаға кетті