РФ-ның Қазақстандағы төтенше әрі өкілетті елшісі Алексей Бородавкин

Ресей елшісі: Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының болашағы зор

72
(Жаңартылды 15:38 13.06.2018)
РФ-ның Қазақстандағы төтенше әрі өкілетті елшісі Алексей Бородавкин "Байқоңыр" ғарыш айлағында алғаш рет болды

АСТАНА, 12 маусым — Sputnik. Жуырда "Союз МС-09" зымыраны ұшырылуына қатысқан Ресейдің Қазақстандағы төтенше әрі өкілетті елшісі Алексей Бородавкин "Байқоңыр" ғарыш айлағында алғаш рет болып, алған әсерімен бөлісті.

Елші атап өткендей, "Байқоңыр" әлемдегі ең белсенді ғарыш айлақтарының бірі. Бұл жерден әртүрлі ресейлік зымырандар ғарышқа ұшырылады. Соның арқасында Халықаралық ғарыш станциясының жұмысы алға ілгерілеуде.

"Әрі қала, әрі ғарыш айлағы болып табылатын "Байқоңырдың" болашағы зор деп ойлаймын. Экономикалық және әлеуметтік дамуы бойынша идеялар бар, оларды әлі қарастырып, талқылап жатырмыз. Меніңше, бұл өте әлеуетті бастамалар", — деп ойымен бөлісті Алексей Бородавкин Sputnik агенттігіне берген сұхбатында.

РФ елшісі сапары барысында Байқоңыр қаласының мэрі Константин Бусыгинмен кездесіпті. Қала басшысының айтуынша, Қазақстанның арқасында Байқоңыр тұрғындары үшін барлық жағдай жасалып жатыр, газдандыру жұмысы жолға қойылып, қалаға газ тартылмақ. 

Сонымен бірге, Ресей бюджетінен бөлінген қаражатқа Сырдария жағалауында демалыс орны ашылған.

Бородавкин сұхбат барысында Байқоңырдан Ресей әскери қызметкерлерін шығару және ғарыш айлағында коммерциялық ұшыруларды жүзеге асыру туралы пікір білдірді.

"Ғарыш айлағында болғанымда Ресейдің де, Қазақстанның да әскерилерін көрген жоқпын. Бірақ министрдің айтқан сөзімен келісемін. Байқоңыр алдағы уақытта Ресейдің зымырандарын ұшыру, жаңа ғарыш бағдарламаларын іске асыру мақсатында пайдаланылып қана қоймай, Ресей, Қазақстан және халықаралық серіктестеріміздің мүдделері үшін коммерциялық спутник ұшырумен де айналысатын болады деп сенемін", — дейді елші.

Айта кетсек, жақында Біріккен Араб Әмірлігі Қазақстан мен Ресей бірнеше жылдан бері жүзеге асыруды жоспарлап келген "Бәйтерек" жобасына қатысуға ниет білдірді. РФ-ның тұрақты әрі өкілетті елшісі осы орайда өз ойымен бөлісті.

"Біз шетелдік инвесторларды тартуды құптаймыз. БАӘ ғарыш айлағының инфрақұрылымына қаражат құйғысы келеді. Бұл дұрыс, өйткені Байқоңырдың айтарлықтай инвестиция салуға әлеуеті бар. Ресей де, Қазақстан да Біріккен Араб Әмірлігімен инвестициялық ынтымақтастық жасасып келеді. Байқоңырдағы жобаларды дамытуға Парсы шығанағы елдерінен инвесторлар тартуға еш кедергі көріп тұрған жоқпын", — деп пікір білдірді Бородавкин.

Естеріңізге сала кетсек, 6 маусым күні "Байқоңыр" ғарыш айлағынан халықаралық экипаж мінген "Союз МС-09" көліктік кемесі бар "Союз-ФГ" зымыраны ұшырылған болатын.

72
Кілт сөздер:
ғарыш, Алексей Бородавкин, БАӘ, Қазақстан, Ресей, Байқоңыр