Латын әліпбиіндегі диктант

Қазақстанда алғаш рет латын әліпбиіндегі жалпыхалықтық диктант өтті

419
Ашық диктанда республика бойынша 180 мың адам қатысқан

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Бүгін қазақ тіліндегі жалпыхалықтық диктант алғаш рет латын графикасымен жазылды. Оған республика бойынша 180 мың адам қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Диктант барлық аудандық және қалалық кітапханада өтті. Елордада бұл шара дәстүр бойынша Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылды. Оған біраз адам жиналып, өзге ұлт өкілдері де келді. Ал шараның басында депутат Геннадий Шиповских пен "Жаңғыру жолы" қозғалысының жетекішісі Михаил Споткай мемлекеттік тілде өз ойларын жеткізіп, латын графикасын енгізудің маңыздылығына тоқталды, негізгі мәселені де ашық айтты.

"Латын әліпбиіне оралудың ең басты мақсаты – әріптерді басқа әріптерге ауыстыру емес. Ең басты мақсат бұл – тіл бұзар орыс тілінің емле-ережесінен құтылу. Сондықтан біз алдағы уақытта өтетін тіл рефомасын дәл осылай қабылдауымыз керек", - деді Споткай.

Спикерлер қазіргі кезде қазақстандық қоғамда келісімді нығайту процесін басқа деңгейге шығаратын кездің келгенін де жеткізді. Сондықтан қазақ менталитеті негізінде барлық этностар қазақша сөйлейтін біртұтас ұлтқа айналуы қажет деді.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың осы екі азаматқа риза болғаны сонша - ресми бөлімнің соңында оларды диктант жазатындардың алдына тағы да шығарып, ерекше құрмет көрсетті.

Диктант на латинице
© Sputnik / Абзал Калиев.
Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Жансейіт Түймебаев диктант жазушылардың алдында сөз сөйледі

Тағы оқыңыз: Латын әліпбиіне көшу тағы 10 жылға созыла ма - министрліктің жауабы

Бүгінгі диктант жастар жылына арналды. Тақырыбы - "2019 jyl – Jastar jyly". Әрбір адамның алдына латын графикасындағы қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы да қойылды. Жалпы 139 сөзден тұратын диктантты жиналған адамдар 40 минутта жазып шықты. Соңында қалып, мәтінді қайта жазып шыққандар да болды.

Диктант на латинице
© Sputnik / Абзал Калиев.
Латын әліпбиіндегі жалпыхалықтық диктант

Бір беларус азаматы диктант орысша болады деп келген. Алайда кетіп қалған жоқ. Алдында тұрған әліпбиге қарап, диктантты жазып шықты. Ал түрік, өзбек сынды ұлт өкілдері латын графикасымен қазақ тіліндегі диктантты еш қиындықсыз жазып шыққандарын жеткізді. Себебі өз елдерінде латын графикасы бар.

Диктант на латинице
© Sputnik / Абзал Калиев.
139 сөзден тұратын диктантты жиналған адамдар 40 минутта жазып шықты

"Мен үшін диктант жазу қиын болған жоқ. Өйткені өзім өзбек мектебінде латын графикасында білім алдым. Енді әріптер жағынан өзгешелік бар, ұқсастық да жоқ емес. Негізі, бұл – өте дұрыс саясат. Мысалы, бүгінде қалада көптеген дүкендердің атауы латын графикасымен жазыла бастады. Бұл – өте ыңғайлы нәрсе. Мен өзім ол дүкендердің атауын жаттай бастадым", - деді өзбек этно-мәдени орталығының өкілі Фарангиз Ахметова Sputnik Қазақстан тілшісіне берге сұқбатында.

Тағы оқыңыз: Ресей министрі Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне қатысты пікір білдірді

Айта кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуі тиіс. Осы орайда Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбидегі кемшіліктер жайлы қоғамның пікірі ескерілетінін айтқан болатын.

419
Кілт сөздер:
Латын әліпбиі, латын графикасы
Тақырып:
Латын әліпбиіне көшу (46)
Тақырып бойынша
Сағынтаев ұйғыр тілін латын әліпбиіне көшіру туралы ұсынысқа жауап берді
"6 секунд ішінде": Астанада латын қарпіне көшуге арналған ІТ-жобалар таныстырылды
"Қазақ тілі – қазақтың жаны" Тоқаев латын әліпбиіне қатысты ұстанымын ашық білдірді
Ғалым: парламентте ілініп тұрған латынша "Мәңгілік ел" сөзінде 5 қате бар - фото
Абай Құнанбаев

Абайдың 175 жылдығы: ұлы ақын жайлы фильмдерді қайдан тамашалауға болады

56
"Қазақфильм" қазақ ойшылы мен әкесі Құнанбай туралы фильмдерді YouTube–каналда тамашалау мүмкіндігін ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр — Sputnik. "Қазақфильм" киностудиясы Абай туралы фильмдерді YouTube–каналға жүктеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Шәкен Айманов атындағы киностудия ағартушының 175 жылдығына орай көрермен назарына үш фильм ұсынып отыр. Сондай-ақ, "Абайдың әкесі Құнанбай туралы фильмдер" тақырыбындағы картиналар да қолжетімді.

  • "Абай. Өмірі мен творчествосы" деректі фильмі, режиссері - Тимурлан Арганчеев, 1983 жыл 
  • "Абай әндері" көркем фильмі, режиссерлер - Ефим Арон мен Григорий Рошаль, 1945 жыл (Мұхтар Әуезов романы желісі бойынша түсірілді)
  • 25 жыл бұрын түсірілген "Абай" кинолентасы, режиссері - Ардақ Әмірқұлов. Абайдың жастық шағы туралы картина түрлі кинофестивальдерде үздік деп танылды.
  • "Құнанбай" биографиялық фильмі, режиссері - Досхан Жолжақсынов. 2016 жылы түсірілген картина Абайдың әкесі - Құнанбай Өскенбайұлының тағдыры туралы баяндайды.

Төрт жыл бұрын картина авторлары әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік премияға ие болды.

Еске сала кетсек, биыл елде Абайдың 175 жылдығы аталып өтеді. Жыл бойы түрлі конференциялар, дәрістер, акциялар мен әдеби эстафеталар ұйымдастырылады.

56
Кілт сөздер:
фильм, Қазақфильм, ақын, Абайдың 175 жылдығы
Тақырып:
Абайдың 175 жылдығы
Тақырып бойынша
Абайдың экрандағы бағы жана ма – режиссерлердің пікірі
Абайдың мерейтойына қанша ақша жұмсалатыны жарияланды
Абайдың қара сөздері норвег тіліне аударылуы мүмкін
Абайдың отаны Семей туралы қызықты деректер
Абайдың әнін шырқаған 20 жастағы алматылық бойжеткен "Қазақ аруы" атанды
Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева

Жарты ғасыр өнерде бірге жүрген қос әртіс отбасылық өмірі жайлы айтты  

3403
(Жаңартылды 20:28 15.05.2020)
Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева 1971 жылы театрда танысып, бір жылдан кейін отбасын құрады. Ол кезде екеуі небәрі 18 жаста болды

АЛМАТЫ, 15 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның отау құрғанына және бір сахнада жүргеніне жарты ғасырға жуық уақыт болды. Бір ұл, екі қыз өсіріп, он немере сүйіп отырған қос актер Sputnik Қазақстан тілшісіне отбасы, шығармашылық жолы айтып берді.

Баянды іздеген Қозы

Сағат Жылгелдиев 16 жасында қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрда студияда оқып жүрген. Екінші курста оған Қозының рөлі беріліп, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов Баянның рөліне актриса іздейді. Осы кезде Құрманғазы атындағы консерваторияның екінші курсында білім алып жүрген Жібек Лебаеваны актриса Шолпан Жандарбекова Баянның рөлін сомдауға жібереді. Екі жас 1971 жылы театрда танысқан.

Қозы мен Баян болып танысып, Қаракөз бен Сырымның образын сомдады
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Қозы мен Баян болып танысып, Қаракөз бен Сырымның образын сомдады

"Есіктен кірген кезде қарадым да, осындай да әдемі қыз болады екен-ау деп отырып қалдым. Жүрегім біртүрлі болып кетті. Нағыз Баян осындай-ақ болған шығар деп ойладым" – деп еске алды Жылгелдиев.

Сол алғаш танысқаннан бері жарты ғасыр өтсе де жарымның көзқарасы,тазалығы өзгеріссіз қалды, дейді ол.

"Жылдардың салатын өрнегі бар. Жас кезімізден бері қаншама образ сомдадық, әр рөлде адамның бойына кішкентай да болса образ сіңеді. Пенде болған соң қуанатын, жылайтын кездерді бастан өткересің. Адамды жылдар, уақыт өзгертеді. Алайда өмірдің ағымында адам бойында өзгермейтін қасиеттер бар. Ал Жібектің бойында ол – тазалығы. Ұстазымыз Қадиша Бөкеева адамның болмысы оның жүрегінің айнасы – көзі деп айтатын. Осыдан жарты ғасыр бұрын алғаш кездескендегі көзқарасы жанарымда сақтаулы тұр", - деп жалғастырды Сағат Жылгелдиев.

Екі жас танысқан күні құдды бұрыннан таныс кісіше Қозы мен Баянның рөліне дайындалған. Артынша тіл табысып, ұстазының "әртіс болма, адам бол" деген сөзін басшылыққа алған жұп 1972 жылы отбасын құрған. Ол кезде екеуі небәрі 18 жаста болды.

Екі жыл екі қалада тұрған

"Қозы мен Баян болып таныстық, кейіннен менің Ақаным болды. Біржанның рөлінде ойнады. Қазақтың маңдайына біткен қыздардың бәрін ойнадым, тек Жібектің рөлін сомдамадым. Екеуміз Естай мен Қорланның рөлінде Бакуге де бардық", - дейді Жібек Лебаева.

Талантты актерлердің отау құрғанына жарты ғасырға жуық уақыт болды
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Талантты актерлердің отау құрғанына жарты ғасырға жуық уақыт болды

Отбасы құрған соң 1975 жылы Лебаева Талдықорғандағы облыстық театрға шақырту алған. Ол кезде Жылгелдиев Құрманғазы консерваториясында екінші курс оқып жүрген. Екі жыл екі жақта өмір сүрген ғашықтар сол кезде араларында азды-көпті кикілжің де болғанын жасырмады.

"Үйде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, тек соны сындырып алмау керек. Екі жыл екі қалада болған кезде түрлі оқиға болды. Бір-екі кісімен арадағы оқиғалар Жібектің құлағына жетіп, жолымыз бөлінеді дегенге дейін барды. Үлкен ағаларымыз ақылын айтып, біраз уақыт өткен соң басылды. Қазір де кей-кейде сол жайлы айтып отырады", - деп күліп еске алды Жылгелдиев.

Институтты бітірген соң Жылгелдиев 1977 жылы Талдықорғандағы облыстық театрға жұмысқа барды. Сол кезде Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз" драмасы сахналанғалы жатқан. Басты рөл Жібек Лебаеваға берілген, ал Сырымның рөліне үш жігіт таласқан көрінеді.

Әшірбек Сығай өнерлі жұптың 60 жылдығына арнап Қос саңлақ деген кітап жазды
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Әшірбек Сығай өнерлі жұптың 60 жылдығына арнап "Қос саңлақ" деген кітап жазды

"1977 жылы Талдықорғанға бардым. Сол уақытта Жібек Мұхтар Әуезовтің "Қаракөзін" алды. Сырымды үш жігітке берді. Біздің кезімізде өнерде талас болатын. Біраз дайындық болды, жеме-жемге келген кезде Сырымды мен ойнадым. Үлкен сахнада, үлкен образ бейнесінде алғаш кездескен сәтіміз осы болды", - деді актер.

Ол осы рөл бірге сомдаған образдардың ішінде ерекше ыстық екенін айтады.

Тұңғышын халық әртісі сұраған

1975 жылы тұңғыштары дүниеге келіп, бір айдан кейін жолдасының анасы сәбиді Қызылордадағы ауылына алып кеткен.

"Жас күнімізде Қадиша Бөкеева апамыздың үйінде жүрдік. Жолдасымды оқуға алған да сол кісі. Сол үйде жүріп күнде тәтті тағам жеймін, тұңғыш балама аяғым ауыр кез. Жағдайымды жасап, Хадиша апам асты-үстіме түседі. Айым-күнім жақындап, екі апта қалғанда баламды сұрады. Ол кісілердің баласы жоқ еді. Мен "берсек берейік" деп айттым. Осылай болып жатыр деп ауылдағы анамызға хабарласқанымда ол кісі келіп, баланы алып кетті", - дейді Лебаева.

Ал Жылгелдиев ешқашан ұшаққа отырмаған анасының келіп, баланы алып кеткенін күліп еске алды.

Жылгелдиев өмірлік серігінің елу жылдан бері өзгермей келе жатқанын айтты
© Photo : Жылгелдиев пен Лебаеваның жеке архивінен
Жылгелдиев өмірлік серігінің елу жылдан бері өзгермей келе жатқанын айтты

Талдықорғанда облыстық театрда 22 жыл жұмыс істеген өнерлі отбасы 1997 жылы Алматыға қайта көшіп келеді.  

Биыл қос актер 67 жаста, 60 жылдығына арнап театр сыншысы Әшірбек Сығай "Қос саңлақ" деген кітап жазды.

Ал Жылгелдиев өмірлік серігінің елу жылдан бері өзгермей келе жатқанын айтты.

"Биік болатын кезде биік болады, кішірейетін кезде кіші бола біледі. Бойындағы бар қасиеті сақталып келе жатыр деп ойлаймын. Кешірімді әрі қатесін тез жөндеуге тырысатын адам. Алдауды, жалған сөз айтуды білмейтінін алғаш танысқанда жанарынан көрдім", - дейді ол.

Өзін бақытты санайды

Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Он немересі бар. Айтуларынша, балаларының өнерге келуіне қарсы болған.   

"Бірге жұмыс істеудің қиындығы жоқ. Бұрын үлкен театрлар гастрольдік сапарға бір ғана ай шығатын, әрі кетсе 45 күн шығады. Біз облыстық театрда алажаздай гастрольде жүретінбіз. Сондай кезде құдай қосқан жарыңның қасында болғаны жақсы, кейде жағдайың болмай қалады, көңіл күйіңді аулайды, қас-қабағыңа қарайды. Балаларымыз актерлік жолға түспеді, оны біз де қаламадық", - дейді Жылгелдиев.

Ал Жібек Лебаева өзін бақытты әйел санайды. Жас күнінде жолдасының серілігі болғанын күліп еске алады.

"Өнерде де, өмірде де өзімді бақытты әйел санаймын. Армандаған рөлімнің бәрін сомдадым. Сағатқа "кейде перісің", "кейде серісің" деп айтатынмын. Кең болсаң, кем болмайсың деген тәрбие көрдік. Сол тәрбиемен өмір сүріп келеміз, ұрпағымызға да соны айтып келеміз", - дейді Лебаева.

3403
Кілт сөздер:
әртіс, театр
Тақырып бойынша
"Бала-шағамды зейнетақымен асырап отырмын": Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы
Режиссер Обаев Әуезов театрындағы жанжал туралы: шындықты неге бұрмалайды?
Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туған күні: әйгілі композитор туралы қызықты деректер
"Бірінші орында - отағасы": Данагүл Темірсұлтанова отбасы жайлы айтып берді
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова өмірден озды
Депутаттардың пленарлық отырысы

Судьялардың өкілеттігін кеңейтетін заң Тоқаевқа жіберілді

0
Заң күшіне енген соң әділ шешім қабылдау үшін судьяның процессуалды жағынан еркіндігі қамтамасыз етіледі

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Парламент сенаты қазақстандық судьялардың өкілеттігін кеңейтуді көздейтін заңды екі оқылымда да қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатта Азаматтық процессуалдық кодекске соттар жұмысының заманауи форматын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденовтің айтуынша, заң жобасының мақсаты сот процесін жеңілдету, соттарды қажетсіз функциялардан арылту екенін атап өтті.

Заң жобасы үш бағыттан тұрады:

  • соттардың жұмысын заманауи форматқа көшіру;
  • азаматтық процессуалдық тиімділікті арттыру;
  • сот ісін жүргізуді цифрландыру.
"Соттарға айтылатын ең басты өкпе – судья істі қараған кезде оған тереңірек үңілмей, басқа мән-жайларды анықтамай, тек ұсынылған дәлелдерге қанағаттанып шешім шығарады деп жатады. Оған себеп – қолданыстағы Азаматтық процессуалдық кодекс", – деді Таймерденов сенат отырысында.

Оның түсіндіруінше, кодекс бойынша судьяға талап-арыз аясынан шығуға тыйым салынған. Тараптар нені талап етсе, тек соны қарап, сол бойынша шешім қабылдауға міндетті. Ал өз бетінше басқа мән-жайларды анықтау, өзге дәлелдерді іздеуге еш құқығы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күнде судьялардың қолы байлаулы деп айтуға болады.

Проблеманы шешу үшін судьяның процестегі рөлін түбегейлі өзгерту ұсынылып отыр. Әділ шешім қабылдау үшін судья дауды жан-жақты, бүге-шігесіне дейін түсініп алуы қажет. Яғни, судья процессуалды жағынан еркін болуы тиіс. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеймін десе де, өзі анықтауы қажет.

Судья еркіндігін қамтамасыз ету қажет

Таймерденовтің айтуынша, бұл озық дамыған елдердегі соттардың бұрыннан қалыптасқан тәжірибесі.

Сонымен қатар, заң жобасында ауызша сот ісін жүргізуді жазбаша процеске алмастыру қарастырылған.

Оңайлатылған сот өндірісі үшін межені жеке тұлғаларға 200 АЕК-тен 1 000 АЕК-ке дейін (555 600 және 2 778 000 теңге), ал заңды тұлғалар үшін 700 АЕК-тен 2 000 АЕК-ке дейін (1 944 600 және 5 556 000 теңге) көтеру ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, қолданыстағы Азаматтық процессуалдық заңнамадан жеті сот ұйғарымын алып тастау көзделген.

"Бұл сот процесін басқа күнге қалдыру, соттың хаттамасымен танысу немесе оған наразылық келтіру, азаматтық істің соттылығы, қай сотта қаралу мүмкіндігі бар деген сияқты ұйғарымдар. Осы ұйғарымдар бүгінде тараптарға да, сотқа да ешқандай зиян келтірмейді", – деді Таймерденов.

Оқи отырыңыз: Сенат Жоғарғы сот судьяларын қызметінен босатты

Сондай-ақ, енді судьялар Азаматтық процессуалдық кодекс бойынша шешім шығарар алдында ақылдасу бөлмесіне бармайды.

Заң жобасында сот процестерін цифрландыру мәселесі де қаралған.

Сенат депутаттары заң жобасын екі оқылымда қабылдады.

0
Кілт сөздер:
заң, сот, судьялар
Тақырып бойынша
Қазақстан президентіне қосымша өкілеттік беріледі 
ЕАЭО аумағында тауарларды қадағалап отыру жүйесі енгізіледі
Сенат сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды қабылдады
Тоқаев митинг туралы заңға қол қойды
Парламенттік оппозиция туралы заң президентке жіберілді