Байга. Архивное фото

"Астана жұлдызы" республикалық турнирінің ашылуы өтеді

35
(Жаңартылды 10:53 15.09.2016)
Ертең, 10 қыркүйекте ұлттық спорт түрлерінен І "Астана жұлдызы" республикалық турнирінің ашылуы өтеді деп хабарланады елорданың ресми сайтында.
Астана, 9 қыр – Sputnik. Ертең, 10 қыркүйекте ұлттық спорт түрлерінен І "Астана жұлдызы" республикалық турнирінің ашылуы өтеді деп хабарланады елорданың ресми сайтында.

10 қыркүйекте "Қазанат" атшабарында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған ұлттық спорт түрлерінен бірінші "Астана жұлдызы" республикалық турнирі ашылады. Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен барлық 14 облыстың командалары қатысады. Турнирді ұйымдастырушылар — Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы. Елорда тұрғындары мен қонақтары атшабарға №№ 27,43 қалалық маршруттармен және қала маңына қатынайтын №№302,303,308,309 бағдарлармен бара алады.

Қалың жұртшылық үш күн бойы қазақтың ұлттық ойындарының сан түрін тамашалай алады. Атап айтқанда, көкпар, аударыспақ, тоғызқұмалақ пен асық ату, сондай-ақ, теңге ілудің ең үздік шеберлері мен қыз қуудың теңдессіз жұптарының өнері назарға ұсынылады. Шу асауды жүгенсіз мінетін жүректі жігіттер асау үйрету сайысына түседі.

Қыран баптап түлкі, қасқыр аулаған, қаршыға мен сұңқар баптап сан түрлі құс ілдірген құсбегілер көрсетілімі болады, ор қоянды қыр асырмай ұстайтын жүйрік тазылар фестивалі өтеді. Үш күндік турнир барысында әйгілі өнер иелерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламалар, қолөнер көрмелері және тойшы қауымға арнап ұлттық тағам түрлерінен фестивальдар ұйымдастырылады.
35