Спорт

Илья Ильин 2020 жылғы Олимпиадаға қатыса ма?

© Sputnik / Болат ШайхиновИлья Ильин
Илья Ильин - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандық ауыр атлет екі жылға спорттан шеттетілген болатын

АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысатын-қатыспайтыны қаңтар айында белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Олимпиадаға қатысамын деп нақты айта алмаймын. Әрине, мен әлі жаспын, 29-да ғанамын. Қатысуға барлық мүмкіндік бар. Ол үшін, ең алдымен, еліміздің спорт басшылығымен сөйлесу керек. Бұл жолда қандай қиыншылықтар, кедергілер күтіп отыр, талдау жасау қажет. Содан кейін әр спортшы сияқты толық тексерістен өту керек. Себебі, біраз уақыт өтті, әрине, спортпен белсенді шұғылданып, жаттығу жасап жүрдім, салауатты өмір салтын ұстандым. Десек те, бір жарым жылдай менің организміме ауыр салмақ түскен жоқ.  Егер дәрігерлер маған "сенің организмің мықты, жарыстарға қатыса аласың" десе, онда мен Олимпиадаға дайын екенімді  анық біліп, нық сеніммен сынға түсе аламын", — деген спортшы тағы бір мәрте Олимпиадада бақ сынап көргісі келетінін айтты. 

Ильин Олимпиадаға қатысатын-қатыспайтыны нақты қаңтар айында белгілі болатынын атап өтті.

Илья Ильин - Sputnik Қазақстан
Спорт
2018 жылы маусымда Ильиннің дисквалификация мерзімі аяқталады

Естеріңізге салып өтсек, Илья Ильин допинг сынамасында тыйым салынған заттар табылғаннан кейін, 2008 жылғы және 2012 жылғы Олимпиадаларда жеңіп алған алтын медалінен айырылған болатын. IWF тәртіптік комиссиясының шешімімен, ауыр атлет екі жылға спорттан шеттетілді. ҚР Ауыр атлетика федерациясының көмегімен спортшы Олимпиададан басқа додаларда алған марапаттары мен титулдарын сақтап қалды. 

Дисквалификация заң бұзушылық анықталған сәттен бастап, яғни 2016 жылдың 10 маусымында күшіне енді. 

Осылайша, Ильиннің спорттан шеттетілу мерзімі 2018 жылдың маусымында аяқталады, содан кейін спортшы Токиода өтетін Олимпиадаға қатыса алады. 

Айта кетсек, Илья Ильин – үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы, 94 келі салмаққа дейінгі Азия ойындарының екі дүркін чемпионы.

Жаңалықтар
0