Бағлан Ибрагим

Финалға мұрны сынып шыққан Азия чемпионы жеңіске жетуге не көмектескенін айтты

136
Сынған мұрнына қарамастан кездесудің соңғы екі минутында жеңіске жеткен Азия чемпионы Бағлан Ибрагим жайында не білеміз?

АЛМАТЫ, 10 қыркүйек — Sputnik, Айгерім Таубай. Екінші қыркүйекте Джакарта мен Палембангта өткен 2018 жылғы Жазғы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы Азиадада барлығы 76 медальға ие болды – 15 алтын, 17 күміс және 44 қола. Жалпыкомандалық есепте еліміз 9-орында. 

31 тамызда 52 салмақта күрескен балуан Бағлан Ибрагим самбо күресінен Азия ойындарының чемпионы атанды. Балуан алғашқы кездесулерінде мұрнын сындырып алды. Жарақатына қарамастан жеңіс туын желбіреткен спортшы тілшісіне сұхбат берді. 

Бағлан Ибрагим кім?

Бағлан Ибрагим 1994 жылы 3 қарашада Түркістан облысы Маяқұм ауылында дүниеге келген. Бір жарым жасынан бері Қарағанды облысы Жезқазған қаласында тұрады. Отбасында 5 адам бар. Әкесі – зейнеткер, анасы – үй шаруасында. Ағасы – дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан ұлттық құрмасының бас бапкері. Азия чемпионы бүгінде Түркістандағы ХҚТУ-дың 4-курс студенті. 

Спортшының айтуынша, бір жарым жасында Жезқазғанға әкесінің жұмысына байланысты көшкен. 

"Спортқа келуіме ағам ықпал етті"

"Спортпен айналысып жүргеніме 14 жыл болды. Кішкентай кезімнен бастап ағама еліктеп өстім. Ағамның есімі – Төребеков Бақытжан. Менің спортқа келуіме, спортпен айналысуыма бірден–бір себепкер – ағам", – дейді Бағлан Ибрагим. 

Естерізге сала кетейік, жартылай финалда Бағлан Ибрагим тәжікстандық Хасани Джомиді 4:3 есебімен жеңді.  

"Жеңіске жету үшін, жақсы нәтиже көрсету үшін дайындалдым. Азия ойындарына дайындықтың нәтижесін көресту үшін қатыстым. Барлық спортшы жеңіске жетіп, қарсыласын жеңу үшін сайысқа қатысады. Өкінішке қарай, мен алғашқы кездесуде мұрнымды сындырып, жарақат алып қалдым. Демалу қиындап кеткені болмаса, ешқандай қорқыныш болған жоқ", – дейді балуан. 

Финалда Бағлан Ибрагим Моңғолия балуаны Эрденбаатар Шаллуумен күресті. Шаллуу алғашқы минуттарда қарсыласының иығын кілемге тигізіп, төрт ұпай алды. Кездесудің орта тұсында Бағлан Ибрагим де қарсыласын шалып жығып, екі ұпай иеленді. Кездесудің аяқталуына 2 минут қалғанда қазақстандық балуан Моңғолия спортшысының сол қолын аяғына бар күшімен қысты. Нәтижесінде Моңғолия балуаны өзінің жеңілгенін кілемді ұру арқылы көрсетті. Бағлан Ибрагим қарсыласын ауырту тәсілімен жеңіске жетті. 

 

 

"Финалға мұрным сынып, жарақатпен шықтым. Сол сәтте де маған сенім артып отырған қазақ еліне жеңіс сыйлауым керек деген ойда болдым. Маған қалың қазақ сенім артып тұрғандықтан, жеңілемін деген ой мүлдем болған жоқ. Сол кісілердің қолдауы маған рух беріп, жеңіске жеттім", – дейді Бағлан Ибрагим.

Алда әлем чемпионаты тұр 

"Біз әр жарыс сайын 5 келі тастау үшін дайындаламыз. Қатты қиналған кезде спортты тастаймын деп ойлағанмын. Түсінгенім қиындықтар өтеді, кетеді. Алдымда әлем чемпионаты тұр. Ол 9-12 қарашада Румынияның Бухарест қаласында өтеді", – деп алдағы жоспарымен бөлісті балуан. 

Ибрагим биыл маусымда Ұлан-Батырда (Моңғолия) өткен Азия чемпионатында алтынға ие болды.

136
Кілт сөздер:
самбо күресі, Азия ойындары, қазақстандық балуан, Бағлан Ибрагим
Тақырып бойынша
Қазақ күресінен Азия чемпионына қанша сыйақы беріледі?
Қазақ боксшы Азия ойындарында Қытайдың намысын қорғайды
Қазақстан жеңіл атлеттері Азия чемпионатында топ жарды
"Головкиннен күшті, "Канелодан" жылдам". Жас чемпион әлемді таңғалдыруда
Головкинді жекпе-жекке шақырған чемпион жеңіліп қалды – видео
Биоәжетханаға тығылып чемпион атанған спортшы жарыстан қуылды
Загрузка...