Головкин - Альварес

"Бүгін мен үшін қаралы күн!" Танымал спортшылар Головкиннің жеңілісі туралы не айтты?

1386
(Жаңартылды 10:28 17.09.2018)
WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин карьерасында алғаш рет жеңіліс тапты

АСТАНА,  16 қыркүйек – Sputnik, Нұргүл Абай. Кәсіпқой бокста бірде-бір қарсыласынан жеңіліп көрмеген отандасымыз бүгін жеңілістің ащы дәмін татты. Лас-Вегастың T-Mobile аренасында өткен қарымта жекпе-жек төрешілердің шешімімен мексикалық Сауль Альварестің пайдасына шешілді. Осылайша Геннадий Головкин барлық чемпиондық белбеуінен айырылып қалды. GGG-дің жеңілісі оны әрдайым жеңіс тұғырынан көріп үйренген жанкүйерлеріне ауыр тигені рас. Десе де, спорттың аты – спорт, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бастысы – жеңіліске мойымай, тек алға жүріп, биіктерге ұмтылу.  Sputnik Қазақстан Головкин-"Канело" рематчынан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ беттеріне көз жүгіртіп, танымал отандық және шетелдік спортшылардың қазақстандық боксшының жеңілісін қалай қабылдағанына шолу жасады. 

"Үшінші жекпе-жек өткізу әділетті болар еді"

Бокстан Олимпиада чемпионы, Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев бүгін Головкиннің жылдамдығы бұрынғыға қарағанда бәсең болды деген пікірде. Оның есебінше қос боксшы осы жолы да тең түскен.

"Генаға жылдамдық жетіспеді. Әділ төрелік етуге тырыстым, бірақ менің есебім 6:6, тең түсіп отыр. "Канело" алғашқы жекпе-жекке қарағанда, мықты жұдырықтасты. Мүмкін, бүгін Мексикада Тәуелсіздік күнінің тойлануы да әсерін тигізген шығар. Бұл да жоққа шығаруға болмайтын адами фактор. Альварестің промоутерлері мұны да ескерген. Геннадийдің неге жылдамдықтан ұтылғанын білмеймін...Себеп көп болуы мүмкін. Қалай болғанда да, тағы бір жекпе-жек болады деп ойлаймын", - деді Сәпиев Sports.kz сайтына берген сұқбатында. 

Бокстан тағы бір Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев Головкин-Альварес рематчының нәтижесіне көңілі толмай отыр. Ең әділеттісі үшінші кездесу өткізу дейді ол.

"Мен үшін бұл түсініксіз шешім. Менің пікірімше, Головкин жеңді. Тартысты жекпе-жек болды, қос боксшы да аянып қалмады. Үшінші жекпе-жек өткізу әділетті болар еді деп ойлаймын", - деді Артаев Qazsport телеарнасына.

"Бүгін мен үшін қаралы күн!

Ал аралас жекпе-жек шебері, қазақстандық спортшы Қуат Хамитов үшін бүгін қаралы күн.

"Бүгін мен үшін қаралы күн! Спорттан дер кезінде кету керек деп айтқанымда, осы күннен қорыққан едім. Спорт ешкімді аямайды! Бірақ не болса да, Головкин біз үшін әрдайым чемпион болып қала береді. Оның арқасында бүкіл әлем Қазақстанды таныды. Менің чемпионға деген құрметім шексіз, естен кетпес жекпе-жек болды!", - деп жазды Хамитов инстаграмдағы парақшасында. 

GGG-дің қарымта жекпе-жекте кеткен есесін қайтарғысы келетін отандасымыз да табылды. 25 жастағы кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы әлемнің жаңа чемпионы "Канелоны" айқасқа шақырды. 

"Канело", қуанышың ұзаққа созылмайды. Мен сені сұлататын алғашқы боксшы атанамын. Саған қазақ боксының стилін көрсетемін. Мен дайынмын!  Бұйыртса белбеулерді қайтарып аламыз! 2019 жылы менің промоутерім  "Канелоның" промоутерімен келіседі деп сенемін. Асыға күтемін!", - деп жазды былғары қолғап шебері инстаграмдағы парақшасында.

Қазақстандық боксшы Ержан Залилов Головкинді кезекті жеңісімен құттықтады. 

"Ақымақ төрешілердің кезекті ақылға қонымсыз шешімі! Кезекті жеңісің құты болсын, Гена! Сен чемпионсың! Альварес те осал емес. Даусыз! Бірақ тағы да жеңіліп қалды!, - деп жазды ол инстаграмдағы парақшасында. 

"Қазақстанда Головкинге қарсы үш "Канело" жұдырықтасса, бәрібір Гена жеңер еді"

Бокс аңызы Джордж Форман "Канелодан" мұндай жеңісті күтпегенін айтады. Десе де америкалық боксшы ұлы боксшылар арасында тағы бір айқас өткізу керек деп санайды.

"Канело" өте батыл! Құттықтаймын! Мен мұны күткен жоқ едім. Ұлы боксшылар арасында тағы бір жекпе-жек өткізу керек",- деп жазды Форман твиттерде. 

Қолданушылардың бірі одан бүгінгі айқастың жеңімпазы кім деп ойлайтынын сұраған. 

"Канело" жеті раундта басым түсті", - деп жауап берді ол. 

Тарихтағы үздік баскетболшылардың бірі Леброн Джеймс те Лас-Вегаста Головкин-Альварес кездесуін тамашалаған. 

"Өмірімде көрген үздік жекпе-жектердің бірі. "Канело" мен GGG арасындағы таңғаларлық айқас. Екеуіне де құрмет көрсетемін. Бұл жекпе-жекті күн сайын көрер едім", - деп кездесуден алған әсерін жеткізді спортшы твиттерде. 

Отандасымыздың бұрынғы қарсыласы Дэниел Джейкобс та бір ауыз пікірін білдірді.

"Тамаша жекпе-жек. Менің ойымша, екі раунд басымдықпен GGG жеңді. Головкин "Канелоға" қарағанда көп жұмыс істеді", -дейді ол. 

Америкалық боксшы Альвареспен шаршы алаңға шығудың сәті түссе, оны нокаутқа жіберемін деп отыр. 

"Альваресті нокаутқа жіберуге дайынмын. Маған тек мүмкіндік беріңдер", - дейді Джейкобс. 

Төрешілердің шешімімен келіспей отырғандардың бірі – АҚШ-та бақ сынап жүрген украиналық кәсіпқой боксшы Иван Редкач. Ол Головкин кем дегенде 8 раундта басым түскенін айтып, "Канелоны" жалған чемпион деп атады. 

"Егер Қазақстанда бір кеште Геннадий Головкинге қарсы үш "Канело" жұдырықтасса, бәрібір Гена жеңіске жетер еді. Гена – чемпион! Гена 8 раундта жеңіске жетті. Менің пікірімше, мұндай чемпиондар – жалған. "Канелоға" реванш керек, сонда Гена өзінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Геннадий, сен – бокс фанаттары үшін аңыз адамсың. Сен — чемпионсың, сен үздіксің. Бокс фанаттары мені қолдайды", - деп жазды Иван инстаграмдағы парақшасында. 

Жартылай ауыр салмақтағы бұрынғы екі дүркін әлем чемпионы Сергей Ковалев те қазақстандық боксшыға қолдау білдірді. 

"Альварестің командасын құттықтаймын, бірақ Головкин – үздік", - деп жазды ресейлік инстаграмдағы парақшасында.

1386
Кілт сөздер:
қарымта жекпе-жек, кәсіпқой бокс, Сауль "Канело" Альварес, Геннадий Головкин
Тақырып бойынша
Головкин кәсіби бокста алғаш рет жеңіліс тапты
Головкин "Канеломен" жұдырықтасқаны үшін қанша гонорар алады?
"Канело" салмақ өлшеу рәсімінде Головкинді ұрып жібермек болды – видео
"Головкинді нокаутқа түсір". Санчес "Канеломен" жекпе-жекке дәл болжам жасады
"Енді болмайтын шығар ...". Головкин жанкүйерлерін алаңдатып қойды
Загрузка...