Азия ойындарының чемпионы Дидар Хамза

Азия ойындарының чемпионы Бекзат Саттарханов секілді болғысы келетінін айтты

110
(Жаңартылды 19:18 20.09.2018)
Джакартада өткен Азия ойындарында қазақстандық дзюдошы Дидар Хамза 81 келіде чемпион атанды. Ол финалда Иран балуаны Саид Моллаиден басым түсіп, жеңіске жетті.

АЛМАТЫ, 19 қыркүйек – Sputnik, Айгерім Таубай. Түркістанның тумасы Дидар Хамза тілшісіне берген сұхбатында өзінің жерлесі Бекзат Саттарханов секілді Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытуды көздейтінін айтты.

"10 жылдан бері спортпен айналысып келемін. 4-сыныпта оқып жүрген кезде дзюдо күресімен айналыса бастадым, сол уақыттан бері спорт –  өмірімнің бір бөлшегі", — деді спортшы. 

Спортшының жаттықтырушысы да, ынталандырушысы да – әкесі. Отбасы мүшелері де спортшылар. 

"Менің жаттықтырушым – әкем. Ағам да дзюдо күресінен Қазақстан бойынша жастар арасында жеңімпаз. Екеумізді де әкем спортқа баулып, осындай биіктерге жеткізіп келе жатыр", – дейді Хамза. 

Азия ойындарында Қазақстан балуаны Дидар Хамза финалға дейін Таиланд бауланы Масаюки Тераданы, моңғолиялық Ууганбатар Отгонбаатарды, жапон споршысы Такеши Сасакиді жеңді. Ал спортшы жеңісіне себепші әкесі мен Ұлттық құрама бапкерлеріне өз алғысын айтып отыр. 

"Дұғамыз қабыл болды"

"Жеңіске жетуіме ең алдымен Алла себепші. Дұғамыз қабыл болып, биіктен көріндік. Бар жігерлі сөзін аямаған, мені шыңдаған әкемнің еңбегі ерекше. Ұлттық құраманың бапкерлері де күш беретін сөздерін айтумен болды. Бұдан да үлкен жарыстарда топ жарып жүргендіктен еш қорқыныш болған жоқ. Азия ойындары – өткінші жарыстардың бірі. Еліме жеңіс сыйлау үшін бардым, дайындықтың нәтижесін көрсеттік", – дейді спортшы. 

Тағы оқыңыз:

Дидардың айтуынша, әрбір спортшының басына спортты тастау туралы ой келеді. "Менде де қиналған кезде спортты тастау туралы ой болды. Сондай сәтте жігерлі сөздерді есітіп, есімді жиямын", – дейді спортшы. 

"Мақсатым – Қазақ елін әлемге таныту"

"Алдағы уақытта Бакуде өтетін Әлем чемпионатында топ жарып, елімнің туын көкке көтергім келеді. Мақсатым – Токиода өтетін Олимпиада ойындарында жеңіске жету", – дейді спортшы. 

Әңгіме соңында Түркістан қаласының тумасы әрі Йасауи атындағы ХҚТУ 4-курсында білім алып жүрген спортшы өзінің арманымен де бөлісті. 

"Әр қазақтың мақсаты да, арманы да – Қазақ елін әлемге таныту. Бекзат Саттарханов ағамыз секілді Қазақстанды әлемге таныту деген мақсат, ниетіміз бар", – деп түйіндеді сөзін Дидар Хамза.

110
Кілт сөздер:
Азия ойындары, спортшы, қазақстандық балуан, Дидар Хамза, Бекзат Саттарханов, Түркістан облысы
Тақырып бойынша
Бекзат Саттарханов бүгін 38 жасқа толар еді
Қазақстандық гимнасшы Азиада ойындарының сегізінші алтынын жеңіп алды
Ашхабадтағы Азиада: Рыпакова екінші алтын алды
Азиада-2018: Апалы-сіңлілі синхронды жүзушілер қола жүлдеге ие болды
Загрузка...