Бокс қолғабы

Өткен жылы карьерасын аяқтаған қазақстандық танымал 10 спортшы

694
(Жаңартылды 09:24 06.01.2019)
2018 жылы карьерасын аяқтаған танымал қазақ спортшыларының арасында 4 боксшы, 3 футболшы, 2 дзюдошы бар

АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik. Prosports.kz сайты 2018 жылы карьерасын аяқтаған қазақстандық танымал 10 спортшының тізімін жасады.  

1. Жанат Жақиянов

2018 жылдың ақпан айында қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов (27-2, 18 КО) спорттағы мансабын аяқтады. Жеңіл салмақта (53,5 келі) жұдырықтасқан қазақстандық кәсіпқой боксшы ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті.

Жанат Жақиянов Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл округінде дүниеге келген. Бокспен 16 жасынан бастап шұғылданған. Әуесқой бокста аты шықпаса да, кәсіпқой бокста биік белестерді бағындырды. Жеңіл салмақта WBA супер және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы, WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы (2015-2017), EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы (2014-2015) болды. Кәсіпқой бокста өткізген 10 жыл ішінде 12 мемлекетте 29 жекпе-жек өткізіп, 27 мәрте жеңіске (18 нокаут) жетті. Әйгілі Рикки Хаттонның өзі Жанатқа зор сенім артты.  

2. Ақжүрек Таңатаров

Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та былтыр мансабын аяқтады. Балуан спорттағы жолын тәмамдап, шәкірт тәрбиелеуге ден қоймақ. Ақжүрек Олимпиада ойындарынан бөлек, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017 ж) және Азия чемпионы (2017 ж). Талай халықаралық жарыстарда топ жарған. ҚР Еңбек спорт шебері. Құрмет орденінің иегері. Балуан өткен жылдың мамыр айында Тараздағы облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. 

3. Әлібек Бөлешов

Қазақ футболы жанкүйерлері Әлібек Бөлешовті жазбай таныса керек. Себебі жасыл алаңда жасындай жарқылдап, "Қайрат" сапында талай қақпа торын тулата соққан голдары жұрт жадынан ұмытыла қойған жоқ. Бойы аласа болса да, өз мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысатын шабуылшы ел премьер-лигасындағы үздік сұрмергендердің бірі болды. "Жетісу", "Қайрат", "Ақтөбе", "Ордабасы", "Атырау", "Тараз", "Сұңқар" және "Оқжетпес" клубтарында доп тепті. Ұлттық құрама сапында да ойнады. 19 жыл ішінде 2 рет ел чемпионы, 2 рет бірінші лигада жеңімпаз болды. 2 рет ел кубогын иемденді. Шабуылшы Қазақстан премьер-лигасында 333 ойын өткізіп, 100 гол соқты. Жерар Гоуға дейін "Қайрат" клубы тарихындағы ең үздік сұрмерген болды. Бірінші лигада 92 ойынға қатысып, 62 гол соқты. Мансабын Көкшетаудың "Оқжетпес" клубы сапында аяқтады.

4. Әділбек Ниязымбетов

Лондон және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов те енді шаршы алаңға шықпайды. Боксшы денсаулығына байланысты мансабын аяқтады. 

"Үйдегілер Лондон Олимпиадасынан кейін боксты қойсаңшы деген. Бірақ мен жаттығудың адамымын. Бірден тоқтағым келмеді. Рио Олимпиадасынан кейін үш турнирге ғана қатыстым. Биыл көктемде Қазақстан бокс федерациясы тарапынан бөлінген қаржымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға барып келдім. Ол жақтағы мамандар белімнің қазіргі ахуалымен спортта жүре беруге болмайтынын қатаң ескертті. Бапкеріммен ақылдаса келе, былғары қолғапты шегеге ілуге тура келді", — деді боксшы "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында. 

Әділбек Ниязымбетов — қазақ боксы тарихында Олимпиада жүлдесін екі реттен иеленген төрт боксшының бірі.

5. Самат Смақов

Қазақ футболы дегенде Самат Смақовтың есімі қатар аталады. Тас қамал қорғаушы талай ойында командасына көп көмегін тигізді. Соңғы рет Шымкенттің "Ордабасы" клубында ойнап, кейіннен ресми қоштасу кездесуін өткізді. Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында өткен ойынға жергілікті команданың ардагерлері мен футболшының достары қатысты. Ақтөбе қаласының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, автокөлік мінгізді. Сондай-ақ ел футболының жанашырлары сөз алып, Саматтың алдағы қызметі мен ісіне табыс тіледі. Қызметі демекші, Самат "Ақтөбе" клубын сатып та алды. Алдағы 7 жылда футболшы клубқа иелік етіп, оның дамуына үлес қосатын болады. Самат Смақов спорттық мансабында Қазақстанда "Елімай" (Семей), "Қайрат" (Алматы), "Ертіс" (Павлодар), "Жеңіс" (Астана), "Ақтөбе" және "Ордабасы" клубтарында доп тепті. Ресейдің "Ростьселмаш", Түркияның "Ризеспор" командаларында ойнады. Ол Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең көп ойынға қатысқан футболшы. 76 ойынға шығып, 2 гол соққан.

6. Максим Раков

Қазақстандық танымал дзюдошы Максим Раков та 2018 жылы мансабын ресми түрде аяқтады. Оған себеп: түрлі жарақаттары мен жас шамасы. Енді ол өзін халықаралық жарыстарда төреші ретінде сынап көрмек. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын әкесімен бірге Қарағандыда ашқан мектебінде шәкірт тәрбиелеуге ден қоймақ. Максим Раковтың спорттағы жетістігі аз емес. Өз салмағында (100 кг-ға дейін) үздіктер қатарында болды. 2009 жылы әлем чемпионы атанды. 2011 жылы Парижде күміс алды. 2 рет Азия чемпионатында (2009, 2017 ж) топ жарды. Азия ойындары, Гран-При жарыстары мен халықаралық турнирлерде жүлдесіз қайтпаған дзюдошылардың бірі болды. Екі бірдей Олимпиада ойындарында жанкүйерлер Максимнен жүлде күтті. Алайда спортшы өзге жарыстарда жүлде еншілеп қайтқанмен, Олимпиадада аты оза шаппады.

7. Берік Әбдірахманов

Қазақстандық боксшы Берік Әбдірахманов та 2018 жылы спортпен біржола қоштасты. Боксшы 60 келі салмақтың көшін 2013 жылы Ғани Жайлауов мансабын аяқтағаннан кейін ұстаған болатын. Маңғыстаулық боксшы 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері және сол жылы Амманда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы болды. Сонымен қатар 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына да қатысты. Бірақ турнирдің бірінші айналымында америкалық Карлос Балдермастан жеңіліп қалды.

8. Нұрбол Жұмасқалиев

2018 жылы танымал қазақ футболшысы Нұрбол Жұмасқалиев те спортпен қош айтысты. "Тобыл" сапында талай жыл тер төгіп, талай рекорд иесі болды. Премьер-лиганың аяқталған маусымында қостанайлық клуб қола жүлде еншіледі. Ал Нұрбол Жұмасқалиев мансабын аяқтады. Команда капитаны "Тобыл" сапындағы соңғы ойында гол соғып, жанкүйерлеріне ерекше қуаныш сыйлады. Команданы марапаттау рәсімінде қазақ футболының аңызы мансабын аяқтағанын айтты.  

Нұрбол Жұмасқалиев — Қазақстан премьер-лигасы тарихында ең көп гол соққан (167 гол) және ең көп ойынға қатысқан (523 ойын) футболшы. Бұл — рекордтық көрсеткіш.

9. Азамат Мұқанов

Былтыр мансабын аяқтаған спортшылардың бірі – Азамат Мұқанов. Дзюдошы халықаралық жарыстарда талай рет қазақ елінің абыройын асырды. 3 рет әлем чемпионатында (2008, 2009, 2012) қола алса, 2013 жылы күміс медаль еншіледі. 2014 жылғы Еуропа кубогының жеңімпазы. "Үлкен дулыға" жарыстарында 2 рет күміс медаль иемденді. Гран-При турнирлерінде жүлделі орыннан көрінді. Дзюдодан өзге Азамат самбо спортымен де шұғылданды. 2010 жылы осы спорт түрінен әлем чемпионы атанды.

10. Антон Пинчук

Ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Антон Пинчук та 2018 жылы спорттағы жолын аяқтады. Ұлттық құрама сапында жұдырықтасқан боксшының жетістігі аз емес. Антон 4 рет ел чемпионы (2012, 2013, 2016, 2017) атанды. 2013 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында алтын алды. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында топ жарды. 2018 жылдың наурыз айында Варшава өткен халықаралық турнирде жеңімпаз болды. Жыл соңына қарай бокс қолғабын шегеге ілді. Антон Пинчук "Astana Arlans" бокс клубы сапында WSB жобасында да бақ сынады. 

 

694
Кілт сөздер:
боксшы, дзюдо, футболшы, Қазақстан
Тақырып бойынша
Төрт қазақстандық кәсіпқой боксшы спорттан шеттетілді
Қатарынан 39 рет жеңілген боксшы карьерасын аяқтады
Қазақстандық спортшылар Олимпиаданы жалғыз "қоламен" аяқтады
"Шахтердің" экс-ойыншысы қатерлі ісікті жеңіп, мансабын аяқтады
Архивтегі фото

Қазақстан ескекшілері "Үлкен Мәскеу регатасына" қатысады

29
Ресей ескек есу федерациясы Қазақстан спортшыларының қандай талаптарды орындауы тиіс екенін хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Қазақстан спортшылары "Үлкен Мәскеу регатасы-2020" сайысына қатысатынын растады. Ресей ескек есу федерациясының президенті Алексей Свирин Sputnik Қазақстанға ұлттық құраманың ескекшілері өз елінде коронавирусқа тест тапсыратынын айтты.

Жарыс 7-9 тамыз аралығында Крылатское есу каналында өтеді. Үлкен Мәскеу регатасына ресейліктерден бөлек, Қазақстан, Молдова және Беларусь спортшылары қатысады.

"Біз барлық талапты жібердік, жарысқа қатысатындар оны орындауы тиіс. Олар өз елінде тест тапсырады", - деп мәлімдеді Свирин.

Ол шетелдік құрамалардың мүшелері тест тапсырғаннан кейін көп ұзамай Мәскеуге жететініне сенім білдірді.

"Бұл туралы ешқандай сұрақ туындамайды. Барлық құрама Есу каналында, бір жерде тұрады", - деп атап өтті Свирин.  

Сайыстар кезінде ұйымдастырушылар спортшылар мен делегация мүшелерінің денсаулығына күнделікті мониторинг жүргізіп, дене қызуын өлшеп тұрады. Егер күдік болса, шара қолданады.

29
Боксшы қолғабы

Қазақстандық боксшы қарсыласын жойқын соққымен нокаутқа түсірді - видео

2698
(Жаңартылды 11:30 05.08.2020)
2017 жылдан бері кәсіби бокста өнер көрсетіп жүрген спортшы осы уақытқа дейін 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Беларусь астанасы Минск қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық боксшы Жан Кособуцкий қарсыласын нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Аса ауыр салмақтағы жекпе-жекте Кособуцкий поляк боксшысы Камила Соколовскимен жұдырықтасты. Он раундқа созылған кездесуде қазақстандық спортшының басымдығы анық байқалды. Бесінші раундта қазақстандық Соколовскиді нокдаунға жіберді. Ал оныншы раундта тағы сұлап түсті. Бірақ бұл жолы аяққа тұра алмады.  

Осылайша, 31 жастағы Жан Кособуцкий кезекті жекпе-жегін нокаутпен аяқтады. 2017 жылдан бері кәсіби бокста өнер көрсетіп жүрген спортшы осы уақытқа дейін 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Соның ішінде 13 жекпе-жекті нокаутпен аяқтады. Бұған дейін Кособуцкий ганалық Абрахам Табулды уақытынан бұрын жеңген болатын. 

 

2698
Кілт сөздер:
видео, нокаут, қазақстандық боксшы
Тақырып бойынша
"Суық хабар жетті": үш қазақстандық балуан жол апатынан қаза болды
Жеңілмеген қазақстандық боксшы журналистің бетіне су шашып жіберді – видео
Видео жарияланды – өзбек боксшы қазақстандықты нокдаунға жіберді
Бірде-бір рет жеңілмеген қазақстандық боксшы желіде видео жариялады
Атырау облысында болашағынан үміт күттірген үш боксшы қаза болды  
СҚО тасжолында КамАЗ бен Тойота соқтығысты

Солтүстік Қазақстанда жантүршігерлік жол апаты болды: жеңіл көлік жапырылып қалды  

0
Апат Челябі – Новосібір  тасжолында Пеньково ауылының маңында болды. Соққыдан кейін КамАЗ жол жиегіне ұшып түсті, ал шетелдік көлік металл үйіндісіне айналды

ПЕТРОПАВЛ, 12 тамыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында екі адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жол апаты Челябі – Новосібір автожолында Қызылжар ауданындағы Пеньково ауылының маңында болған.

"Мағжан Жұмабаев ауданының 62 жастағы тұрғыны Toyota Camry көлігімен қарсы жолаққа шығып кетіп, Булаево қаласының 56 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан КамАЗ автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Toyota Camry жүргізушісі мен оның 1957 жылы туған жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. КамАЗ жүргізушісі зардап шеккен жоқ", - деп хабарлады полиция.

КамАЗ и Тойота столкнулись на трассе в СКО
© Photo : пресс-служба департамента полиции Северо-Казахстанской области
СҚО тасжолында "КамАЗ" бен "Тойота" соқтығысты

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полковник Қанат Айтбаевтың айтуынша, барлық қажетті сараптама тағайындалды.  

Осы жылдың жеті айында Солтүстік Қазақстан жолдарында 98 жол апаты болып, салдарынан 13 адам көз жұмып, 129 адам жарақат алды.

0
Кілт сөздер:
Солтүстік Қазақстан облысы, жол апаты
Тақырып бойынша
Ақтау – Жаңаөзен тасжолында бірнеше адам көз жұмды – видео
Атырау облысында болашағынан үміт күттірген үш боксшы қаза болды  
Қостанай облысында 7 жасар бала полициядан қашқан әкесінің көлігінде көз жұмды
Алматыда дрифт жасаған жүргізуші ірі апатқа себепкер болды