Марат Гарипов

"Боғауыздың өзін сағынамын": Бразилиядағы жалғыз қазақ балуанның ашық әңгімесі

2910
(Жаңартылды 15:58 04.10.2019)
Марат Гарипов өзін Бразилияда нөмірі бірінші балуан санайды, достары оны өздерінің ыңғайына қарай Гари деп атайды екен

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik, Нұргүл Абай. Осы күндері елорда есігі шетелдік балуандар үшін айқара ашық. Шартараптан жиналған спортшылар әлем біріншілігіне қызу дайындалып жатыр. Чемпионатта бағы мен бабы қатар шапқандар 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама алады. Кіл мықтылар арасында Бразилия атынан сынға түсетін қазақ жігіті Марат Гарипов та бар. Sputnik Қазақстан тілшісі өз елінің емес, өзге елдің намысын қорғап жүрген спортшыны аз-кем әңгімеге тартып, оның жырақтағы өмірі туралы сұрап білді.

34 жастағы Марат Гарипов – Алматыда туып, Таразда өскен. Грек-рим стиліндегі күреспен бала кезінен айналысады. 2010 жылы Қазақстан атынан Азия біріншілігіне қатысып, қола медаль иеленсе, ал 2018 жылы Панамерика чемпионатында Бразилия қоржынына қола жүлде салды.

Қазақ жігіті неге Бразилияның туын көтеріп жүр?

Қазақстаннан кету туралы ой Гариповке 2010 жылы келген. Айтуынша, басқа елдің құрамасына ауысуға қазақстандық балуандар арасындағы жоғары бәсекелестік себеп болыпты.

"Қазақстан құрамасы атынан сынға түсу үшін күрделі іріктеуден өту керек. Ел чемпионы атану аздық етеді, өзге елдерде өтетін жарыстарда мықтылығыңды үнемі дәлелдеп жүруің керек. Күрес жақсы дамыған елдердің бәрінде осындай тәртіп. Ал Бразилияда біршама жеңілдеу. Ол жақта чемпионаттарда боз кілемде бес балуан белдессе, Қазақстанда елу адам қатысады. Айырмашылығын көріп отырсыз ғой", - деп бастады әңгімесін спортшы.

Осы орайда көкейге "біздің жігіт неге көрші елдердің біріне емес, мұхит асып Бразилияға кетті?" деген орынды сұрақ оралады. Гарипов өз таңдауын былай түсіндірді:

"Менің түр-келбетім бразилиялыққа ұқсайды. Мына түрмен Жапония немесе Индонезияға бармаймын ғой (күлді). Оның үстіне Бразилия атынан Олимпиадаға қатысуға үлгеріп қаламын ба деген ой болды".

Бразилия құрамасына қабылдануға Гариповке сол елдің күрес федерациясының президенті көмектескен.

"Ол кісімен Мәскеуде таныстық. Мен оған "сіздің чемпиондарыңызды жеңдім" дедім. Бірақ ол балуан кубалық еді. Федерация президенті сөзіме сенген жоқ. Үстімде костюм-шалбар, аяғымда қара туфли болатын. Менің балуан екеніме күмәнмен қарады. Әдетте спортшылардың киім киісі басқаша ғой. Алайда Мәскеуге спорттық киім киіп барғанымда, мені гастарбайтер деп санайтын еді. Түсінбестік болмасын дедім. Әлгі президентке кубалықты жеңген видеоны көрсеттім. Таңғалды, кубалықтар мықты келеді ғой негізі. Сосын маған Бразилияның майкасын сыйға тартты", - деп еске алды спортшы.

Тағы оқыңыз: Моңғолиядағы қазақ баласы ең басты арманы, бүркітші қызбен таныстығы жайлы

Бразилияда тұрып жатқанына он жылдай болса да, Гарипов әлі де Қазақстан азаматы. Бразилияда спорт азаматтығын алған.

"Қалаған уақытымда Қазақстанға келе аламын. Бірақ мұнда мені ешкім күтіп отырған жоқ. Бұл жерде өз жұлдыздарымыз жетіп артылады. Спорттық мансабымды аяқтайтын кезге де жақындап қалдым, елге келудің еш қисыны жоқ", - дейді қазақстандық.

"Бразилияда нөмірі бірінші балуанмын"

Марат Гарипов – күрестен Бразилия құрамасындағы жалғыз қазақ.

"Бразилияда нөмірі бірінші балуанмын. Құдайға шүкір, әлі күнге солай. Бірақ, жұлдыз емеспін, оның ауылы әлі алыс", - деп санайды ол.

Марат Гарипов
© Sputnik / Абзал Калиев.
Марат Гарипов Нұр-Сұлтанда өтетін күрестен әлем біріншілігіне дайындалып жатыр

Қазақстан азаматы Бразилияда алатын жалақысына көңілі толатынын жеткізді.

"Табысым жақсы. Егер Бразилия чемпионы болсаң, саған 300 доллар төлейді. Панамерика чемпионатында жеңіске жетіп, үздік үштікке енсең, 500 доллар аласың. Әлемдік рейтингте үздік 20 спортшының қатарына кіргендерге 1000 доллар төленеді. Ал егер ТОП-15-те болсаң, 2000 доллар, алғашқы үштіктегілерге – 5000 доллар", - дейді балуан.

Айтуынша, Бразилияда оның өз үйі бар. Баспананы қала мэрі сыйға тартқан.

Боғауыздың өзі майдай жағады

Гарипов Қазақстанға келсе, Бразилияны, Бразилияға барса, Қазақстанды сағынатынын жасырмады.

"Бразилияда жүрген кезде, үш-төрт ай бойы жаным жабырқап, Қазақстанды сағынамын. Қазақтың етін, мәнтісін жегім келеді. Көшеде қазақша немесе орысша сөйлейтін адамдарды кездестіріп қалсам, олардың аузынан шыққан боғауыз сөздің өзі құлаққа жағымды естіледі", - деп күлді ол.

Қазақстан азаматы түр-келбетін бразилиялықтарға ұқсатқанмен, мінезім сәйкес келмейді дейді.

"Олар сыра ішіп, би билегенді жақсы көреді. Бірақ мен ондай емеспін. Билей де алмаймын, сыра да ішпеймін", - деп ағынан жарылды балуан.

Бала кезінде созылмалы бронхитпен ауырған қазақстандыққа Бразилияның климаты да майдай жаққан.

Бразилиялықтар жылқы етін неге жемейді

Гариповтың сөзіне сенсек, қазақтар мен бразилиялықтар ет жеу жағынан ұқсайды. Десе де, бір қызығы, олар жылқы етін жемейді екен.

Тағы оқыңыз: Елдос Сметов өміріндегі қиындықтар жайлы айтып берді

"Біз сияқты көп ет жейді. Мәселен, біз қазыны бағаласақ, оларда қуырылған сиыр еті немесе пиканья. Бірақ олар жылқының етін жемейді. Себебі жылқы малын мысықпен байланыстырады", - дейді спортшы.

Жай ғана "Гари"

Бразилиядағы дос-жарандары Маратты өз есімімен емес, Гари деп атайды.

"Тегім Гарипов қой. Соны қысқартып, өздерінің ыңғайына қарай ат қойып алған. Бірақ, португал тілінде Гариді "i" (Gari) әрпімен жазсаң, мағынасы мүлде өзгеріп шыға келеді. Көше сыпырушы дегенді білдіреді. Сондықтан мен оларға атымды "y" әрпімен (Gary) жазу керек деп айтамын", - деп күлді ол.

Қазақ тілін ұмытпаған 

Туған елінен жырақта жүрсе де, Гарипов қазақ тілін ұмытпаған, емін-еркін сайрап тұр.

"Бразилияда жүргенде, отбасыммен күн сайын амандық білісіп, хабарласып тұрамын. Бұрын скайп болатын, қазір WhatsApp, мессенджер арқылы сөйлесеміз. Біздің елмен тоғыз сағат айырмашылық бар. Мен ана жақта ұйқыға жатқан кезде, Қазақстанда адамдар, керісінше, оянып жатады", -дейді ол.

Марат Гарипов
© Sputnik / Абзал Калиев.
Бразилиядағы қазақ балуан журналистерге сұқбат беріп тұр

Гарипов бразилиялықтарға қазақ тілін үйретуге тырыспайды екен. Айтуынша, олар жалқау.

"Үйретсең де, пайда жоқ. Олар тіпті Қазақстанның қайда екенін білмейді. Ауғанстан, Пәкістан сияқты деп ойлайды", - дейді спортшы.

Бразилиядағы қазақ ұлттық мерекелерді атап өтпейді. Тіпті, Қазақстан жаңалықтарын да оқымайды. Туған елінде не болып жатқанын ата-анасы мен достарынан біліп тұрады екен.

"Еш өкінбеймін"

Марат Гарипов күрестің қыр-сырына қанықтырған Қазақстандағы бапкерлеріне дән риза. Еш өкпе-реніші жоқ.

"Елден кеткеніме еш өкінбеймін. Шетте жүріп достарым көбейді. Бәлкім, Қазақстанда қалғанда, бағым жанбас па еді. Қайткенмен, бәсеке мықты", - дейді балуан.

Бір қызығы, Мараттың атасы Жамбыл өңірінде грек-рим күресінің негізін қалаған адам болыпты. Спортшы ол жайлы атасы қайтыс болғаннан кейін бір-ақ білген.

Тағы оқыңыз: "Ашығын айтайын..." Данияр Елеусінов Головкинмен арадағы дауға нүкте қойды

"Атам маған күрес жайлы тіс жармайтын. Медальдарын да үйге ілген емес. Сөйтсек, бәрі сандықтың түбінде жатыпты. Оны кейін тауып алдық", - деп еске алды ол.

Марат бала кезінде Жақсылық Үшкемпіровпен танысқанын да айтты. Олимпиада чемпионымен әлі күнге дейін араласып тұратын көрінеді.

Жүрекке әмір жүрмейді  

Қазақ балуан "отызда орда бұзатын" жастан асса да, әлі үйленбеген. Жігіттің жүрегін жаулаған ару әлі кездеспепті.

"Бәрін бір Алла біледі. Ең бастысы, мен өз-өзіме сенімдімін. Денім сау, мақтаншақ емеспін", - дейді ол.

Спортшы үшін болашақ жарының қай ұлттан болатыны маңызды емес.

2910
Кілт сөздер:
Нұр-Сұлтан, күрестен әлем чемпионаты
Тақырып:
Шетел қазақтары (35)
Тақырып бойынша
Тоқаев Қытайда тек қазақ тілінде сөз сөйлеп жүр
Кеңес дәуіріндегі қазақ арулары: 50 жыл бұрын ел аузында жүрген сұлулар - фото
"Көбісі намыстанады": қазақ жігіті қойдың ішегінен қалай пайда тауып отырғанын айтты
Жеңілмеген қазақ боксшысы KeshYou тобының бұрынғы әншісі Ақботаға үйленді – видео
Танымал қазақ режиссері үйленді – фото
"Қазақ жігіттерінің намысына тиеді": Жанар Дұғалованың суреті жұрттың ашуын тудырды
Загрузка...