Серік Қонақбаев сол жақта

"Серікке жанкүйер болдық": Олимпиада-80 куәгері ойынның қалай өткенін айтып берді

572
1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарындағы қазақстандық боксшы Серік Қонақбаевтың күміс жүлдесін жерлестері алтыннан жоғары қояды. Олимпиада ойындарының өткеніне қырық жыл толуына байланысты Sputnik Қазақстан куәгерлерден тарихи сәт жайлы сұрады

АЛМАТЫ, 24 шілде – Sputnik, Ксения Воронина, Айгерім Таубай. 1980 жылы Орал жастары Мәскеуге Олимпиада ойындарын тамашалуға барды. 30 адамның ішінде 23 жастағы комсомол әрі футболшы, қазір "Батыс Қазақстан электр тарату желісі компаниясы" АҚ президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі атанған Яхия Чудров та болды.

- Олимпиадаға қалай бардыңыз және қандай оқиға есіңізде қалды?

- Олимпиада мен үшін ірі оқиға болды. Ол кезде "Спутник" жастар туризм бюросы жұмыс істеді. Бюро Олимпиадаға баратын делегация құрды. Біздің облыстан шамамен отызға жуық адам барды. Мен ол кезде 23 жаста едім. Комсомол қызметкерлерінің арасында футболмен айналыстым. Соның арқасында іріктеуден өттім.

Алдымен Киевке, одан кейін Мәскеуге бардық. Ол жерде бірнеше күн ғана болдық, спорттан бөлек мәдени бағдарлама болды. Сол себепті үлкен әсер алдық.

Церемония открытия XXII летних Олимпийских игр в Москве
© Sputnik / Владимир Акимов
Мәскеуде өткен XXII Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі

Спорт түрінен жеңіл атлетика есімде жақсы сақталды, жүз метрге жүгіруден Кеңес желаяғы Людмила Кондратьева жеңіске жетті. Оның жеңісін көрдім.  

Алайда бізге, қазақстандықтарға бокс өте маңызды болды, Серік Қонақбаевтың алаңға шығуын тағатсыздана күтумен болдық.

Жақсылық Үшкемпіровтің жекпе-жегін көрген жоқпын. Ол "алтын" алған алғашқы қазақ болды, бірақ ол кезде біз Қонақбаевты пір тұттық.

– Бокс әуесқойлары әлі күнге дейін жеңісті Қонақбаевқа беру керек еді деп санайды. Бұл жайында не айта аласыз?

- Дәл солай! Ол көпшіліктің сүйіктісі болды. Серік финалда Патрицио Оливамен жұдырықтасты. Әрине, барлығы, әсіресе біз, қазақстандықтар кеңес спортшысы Серікке жанкүйер болдық. Сонымен қатар барлығы оны олимпиада жарысындағы техникасы мықты спортшы деп есептеді. Оның жеңіп шығатынына ешкімнің күмәні болмады.

Алайда Серіктің жартылай финалда жарақат алғанын ешкім білмеді. Жекпе-жек лайықты деңгейді өтті, бірақ, өкінішке қарай, Серік күміс жүлде алды.

Ал Олива үздік боксшы ретінде Вэл Баркер кубогын алды. Бұл жүлде 1936 жылдан қазірге дейін Олимпиада ойындарында техникасы ең мықты боксшыға беріледі. Бұл жүлде Серікке табысталуы керек еді.

Себебі сол кезде үздік техниканы Серік қолданды. Жеңіл, жылдам спортшы әлемдегі ең танымал боксшылардың бірі болды. Ол Әлем және Еуропа чемпионатын, КСРО чемпионатында жеңіске жетті.

Сол кезде Серік жастардың нағыз кумирі болды.

- Олимпиадада онымен кездесе алдыңыз ба?

- Олимпиадада кездескен жоқпын, бірақ кейін танысып, достасып, комсомол ұйымында бірге жұмыс істедік. Серікпен өте жақсы қарым-қатынастамыз.

Серебряный призер Олимпиады-80 Серик Конакбаев
© Sputnik / Юрий Абрамочкин
1980 жылы өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев

Бір қызығы, мен Серіктің жанкүйері болдым, содан кейін өмірде кездестік, бұл сексенінші жылдары болған жағдай. Қазірге дейін бір-бірімізді қолдап отырамыз. Ол өте жақсы адам.

- Олимпиададан қандай кәдесыйлар әкелдіңіз, қазірге дейін сақтаулы тұрған дүниелер бар ма?

- Кәдесыйларды алып келдік, бәрін таратып жібердік. Ең бастысы әлі күнге дейін шетел адамдарымен, шетелдегі құрдастарыммен алғаш рет танысқанымды есте сақтап келе жатырмын. Бұл біз үшін жаңа мүмкіндік, жаңа дүниетаным болды.

Меніңше, қазір Олимпиада ойындары сол кездегідей қабылданбайды. Ол кезде Олимпиада барлығы күтіп, дайындалатын айтулы оқиға болды. Ал қазір ойындарға аса көңіл аудармайды.

- Сапар кезінде қандай да бір қызықты оқиға болды ма?

- Үйге дейінгі жол өте ұзақ болды, ауа райы да нашар болып, ұзақ уақыт әуежайда отырдық. Алайда алған әсеріміз келеңсіздіктердің орнын басып тастады.

Яхия Чудров жайлы не білеміз

Яхия Киндашевич 1957 жылы 17 қыркүйекте Сарытау облысы Дергачев ауданы Первомай ауылында дүниеге келген.

14 жылдан астам уақытын комсомол-партия жұмысына арнаған. Қызмет жолын Орал қаласы комсомол комитетінің нұсқаушысы болып бастап, қызмет жолын бүкілдодақтық лениндік коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің хатшысы болып аяқтады.

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі.

Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының құрметті профессоры. Допты хоккейден Қазақстан-Ресей аймақтық қауымдастықтың президенті.

"Құрмет" орденімен марапатталған.

572
Кілт сөздер:
бокс, олимпиада
Тақырып бойынша
Мәскеуде өткен ХХІІ Олимпиада ойындары қалай ашылды – таңғажайып суреттер
"Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты
Қырық жыл бұрын Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада алтынын қалай жеңіп алды
Олимпиада-80: қазақстандық балуан Анатолий Быков қалай күміс жеңіп алды
Олимпиада алтыны: балуан Шәміл Серіковтің Мәскеудегі жеңісі
Зілтемір

400 килограмдық зілтемірді көтермек болған спортшы екі аяғын сындырды видео

1853
(Жаңартылды 14:39 13.08.2020)
Спортшы алдағы екі ай бойы ешбір қозғалыссыз жатып, содан кейін жүруді қайта үйренетінін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Ресейлік спортшы Александр Седых Мәскеуде өткен Дүниежүзілік пауэрлифтинг федерациясының Еуропа чемпионатында өнер көрсетіп жатып, қос тізесін бірдей жарақаттап алды, деп хабарлайды Lad Bible.

Спортшы зілтемірді иығына қойып отырып-тұру тапсырмасын орындау керек болған. Қалақшаларымен қоса есептегенде зілтемірдің салмағы 400 келіні құрады. Бастапқы кезде Седых тепе-теңдікті сақтап, өзіне ыңғайлы кезде сәтті отырды.

Алайда, орнынан тұрып жатқанда, спортшының қос тізесі салмақты көтеруде шыдас бермеді. 

Жан дауысы шығып, алға ұмтыла құлаған атлетке дәрігерлер бірден көмекке келді.

Кейіннен ауруханаға жеткізілген спортшыға қос тізесінің буыны тайып, аяқ бұлшық етінің екі тұсы жарылған деп диагноз қойылған.

Алты сағатқа созылған операциядан кейін Седых өзіне тағайындалған емдеу процесі туралы айтты.

"Енді екі ай бойы ешбір қозғалыссыз жатып, содан кейін қайта жүруді үйренетін боламын", – деді ол.

Ауыр атлет мансабын қайта жалғастыра ма, ол жағы әлі белгісіз.

1853
Кілт сөздер:
зілтемірші, спортшы
Тақырып бойынша
Ауруханаға түсіп қалған Илья Ильин видео жариялады
"Қазасы қабырғама батты": президент желіде жазба жариялады
Спорттағы карьерасын аяқтаған Ильин қандай қызметке тағайындалды
Атыраулық чемпионның өліміне қатысты тың дерек шықты
Бекман Сойлыбаев: Ломаченкомен жұдырықтасатын күн алыс емес
Архивтегі фото

Қазақстан ескекшілері "Үлкен Мәскеу регатасына" қатысады

43
Ресей ескек есу федерациясы Қазақстан спортшыларының қандай талаптарды орындауы тиіс екенін хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Қазақстан спортшылары "Үлкен Мәскеу регатасы-2020" сайысына қатысатынын растады. Ресей ескек есу федерациясының президенті Алексей Свирин Sputnik Қазақстанға ұлттық құраманың ескекшілері өз елінде коронавирусқа тест тапсыратынын айтты.

Жарыс 7-9 тамыз аралығында Крылатское есу каналында өтеді. Үлкен Мәскеу регатасына ресейліктерден бөлек, Қазақстан, Молдова және Беларусь спортшылары қатысады.

"Біз барлық талапты жібердік, жарысқа қатысатындар оны орындауы тиіс. Олар өз елінде тест тапсырады", - деп мәлімдеді Свирин.

Ол шетелдік құрамалардың мүшелері тест тапсырғаннан кейін көп ұзамай Мәскеуге жететініне сенім білдірді.

"Бұл туралы ешқандай сұрақ туындамайды. Барлық құрама Есу каналында, бір жерде тұрады", - деп атап өтті Свирин.  

Сайыстар кезінде ұйымдастырушылар спортшылар мен делегация мүшелерінің денсаулығына күнделікті мониторинг жүргізіп, дене қызуын өлшеп тұрады. Егер күдік болса, шара қолданады.

43
Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер

0
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15  тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы  – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.

"Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді есімтанушы Бердалы Оспан.

Шәмшінің анасы Естайдың "Құсни Қорлан" әнін ерекше ұнатып орындаған.

"Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда "Қорлан" әнін салушы еді",  - дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші Қалдаяқовтың өнер жолы

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.

"Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым" дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес", - дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", - дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.

Екі мыңнан аса хат келді

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

"Арыс жағасында" әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде "Қазақ радиосының" музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

"Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек", - дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.

"Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, - деп еске алады Нүсіпжанов.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

"Ол тұс – Ақмоланы "Целиноград" атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. "Менің Қазақстаным" солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді", - дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Отбасы туралы не білеміз

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" повесі себеп болыпты.

"Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. "Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген", - деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін", - деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", - дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

0
Кілт сөздер:
композитор, Шәмші Қалдаяқов
Тақырып бойынша
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер