Шәміл Серіков

Олимпиада чемпионы Шәміл Серіков Қонаевқа қандай сауал қойды

1283
(Жаңартылды 20:57 26.07.2020)
Sputnik Қазақстан Мәскеуде 1980 жылы өткен жазғы Олимпиаданың қырық жылдығына орайластырылған кезекті мақаланы жариялайды

Бүгінгі біздің кейіпкерімізді ширақтығы мен ерекше таланты үшін ұлы балет әртісі Рудольф Нуриевпен жиі салыстыратын. Өкінішке қарай, 1989 жылы 33 жастағы Шәміл Серіков өзіне-өзі қол жұмсап, бұл дүниемен қош айтысты. Сіздердің назарларыңызға грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы және елге танымал спортшы Шәміл Серік туралы естеліктер ұсынамыз. 

Олимпиадаға дейінгі ауыр жол

Бала кезінде дене бітімі арықша келгеніне қарамастан, бапкерлер алматылық баланың бойындағы талантты бірден байқайды. Ерекше техникасы үшін оны "боз кілемдегі Нуриев" деп жиі атайтын. Мамандар бозбала балуан күрестің әдіс-тәсілдерін ерте жастан меңгергенін атап өтіп жатты. Әйтсе де Серіков үшін жасөспірімнен ересектер спортына ауысу оңайға соқпады. 

1978 жылға дейін Шәмілдің ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жеңістері болмады, ол жекпе-жектерде мерзімінен бұрын жиі жеңілетін. Тек 1978 жылы ғана болашақ Олимпиада чемпионы Мехикода әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына шығып, әлемге өзін танытты. Осы жеңістен кейін Шәмілді ешкім тоқтата алмады. 

Алайда Олимпиада алдында Серіковтің қолына сыздауық шықты. Соның кесірінен төрт жаттығуға бара алмады. Дүбірлі додаға санаулы күндер қалды, Олимпиада чемпионы Виталий Константинов өз бәсекелесін алмастыруға дайын еді. Бірақ, КСРО құрамасының дәрігерлері Серіковті емдеп шықты. Соның арқасында ол спорттық мансабындағы ең басты жеңісіне қол жеткізді. 

Көптен күткен жеңіс

Оның Олимпиада боз кілеміндегі жеңісті "биін" ешбір атлет тоқтата алмады. Мәскеуде Шәміл Серіков өз қарсыластарын ойнап жүріп жеңді. Алты жекпе-жекте төрт рет мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Олимпиада-80 финалында қазақ балуаны әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері поляк Юзеф Липеньнен айласын асырды.  

"Мәскеудегі Олимпиадада Шәміл алты кездесу өткізіп, барлығында топ жарды. Оның төртеуін мерзімінен бұрын аяқтады. Әлемнің ең үздік балуандары Шәмілмен белдескенде, бала сияқты қауқарсыз болып қалатын. Серіковке италиялық Антонио Кальтабиано мен поляк Юзеф Липень ғана мықты қарсылас болды, бірақ олардың өзі Шәмілдің күрес тәсілдеріне қарсы тұра алмады. 1980 жылғы Олимпиадада Серіковті жеңу мүмкін емес еді!", - деп еске алды күрестен спорт шебері, Қазақстанға танымал балуан Бауыржан Күлжанов.

Мәскеу Олимпиадасында диск лақтырудан қола иеленген Татьяна Лесовая Серіковтің өте ұяң, бірақ спортқа өте адал адам болғанын атап өтті. 

"Әлі есімде, Қонаевтың қабылдауында болған едік. Сол кезде Шәміл Серіков одан: "Жиындарға басқа елдерге бармас үшін Қазақстанда өз базамызды салуға бола ма?" деп сұрады. Бұл мәселе сол жылдары көтерілген еді –  әлі күнге дейін өз базамыз жеткілікті емес", - дейді атақты спортшы. 

Құрамадан неге шығып қалды

Олимпиададан кейін берген бір сұхбатында Серіков "жеңістер мені бұрынғыдай қуантпайды" деген екен. Шаршау, құлазу және мұң – спортшы одан кейінгі сәтсіздіктерінің себебін дәл осылай түсіндірген. 

1981 жылы мамырда Серіков спортшылармен бірге БАМ-ға барудан бас тартты. Осылайша басшылықтың бұйрығын бұзды. Құрама басшылығы мұны кешірмеді, спортшыны командадан шығарып тастады. Стипендиясын да тоқтатты, осыдан кейін Серіковке отбасын асырау қиынға соқты. 

Тағы оқыңыз: "Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты

Проблемалар бірінен соң бірі үйілді. Кеңес уақытында ел құрамасынан спортқа қатысы жоқ себептермен шығып қалу Отанды сатқанмен тең еді. Балуанды, тіпті, Ауған соғысына аттандырмақ болған. 

Мұнымен қоса Серіковті денесіндегі жарақаттары мазалай бастады. Спортшының сүйегі, қабырғасы, бұғанасы сынған – денесінде сау жері жоқ еді. Дәл сол сәтте ол қамқор жандардың көмегімен Қапшағайдағы спорт мектебіне жұмысқа тұрады. Ол жерде үш жыл еңбек етеді.

Өміріндегі сәтсіздіктер мен ауыртпашылықтар ұлы спортышының сағын сындырды. 1989 жылы 22 қарашада ол өз-өзіне қол салды...

Жақсының ісі өлмейді

"Бір кезде өзімді тұғырдың биігіне көтерген бапкерлерім тәрізді мен де бақытқа кенелгім келеді", - деп армандаған екен Серіков.

Шәмілдің ұлы Тимур Серіков әкесінің ісін жалғастырып, грек-рим күресінен бапкер атанды.

"Мен әкемді балуан ретінде таныған жоқпын. Мен әлі күнге дейін оны спортшы ретінде зерттеп келемін. Әкеммен жақын таныс болған адамдар маған жиі кездеседі. Олар әкем жайлы мен білмейтін естеліктерді бөліседі. Спортта биік асуларды бағындыру қаншалықты қиын екенін ұғынған бапкер ретінде мен әкемнің осы жолда қанша күш жұмсап, қандай қиындық еңсергенін түсінемін", - дейді кіші Серіков.

Тимур Серіков өмірінің тең жартысын әкесінің авторлық оқыту әдістемесі бар клуб ашу жоспарын жүзеге асыруға арнады. Қазір Алматыда кіші Серіков негізін қалаған "Аю" балалар күрес клубы жұмыс істейді. 

Айта кетсек, Қазақстанда жас спортшылар арасында грек-рим күресінен Шәміл Серіковті еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.

1283
Зілтемір

400 килограмдық зілтемірді көтермек болған спортшы екі аяғын сындырды видео

1853
(Жаңартылды 14:39 13.08.2020)
Спортшы алдағы екі ай бойы ешбір қозғалыссыз жатып, содан кейін жүруді қайта үйренетінін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Ресейлік спортшы Александр Седых Мәскеуде өткен Дүниежүзілік пауэрлифтинг федерациясының Еуропа чемпионатында өнер көрсетіп жатып, қос тізесін бірдей жарақаттап алды, деп хабарлайды Lad Bible.

Спортшы зілтемірді иығына қойып отырып-тұру тапсырмасын орындау керек болған. Қалақшаларымен қоса есептегенде зілтемірдің салмағы 400 келіні құрады. Бастапқы кезде Седых тепе-теңдікті сақтап, өзіне ыңғайлы кезде сәтті отырды.

Алайда, орнынан тұрып жатқанда, спортшының қос тізесі салмақты көтеруде шыдас бермеді. 

Жан дауысы шығып, алға ұмтыла құлаған атлетке дәрігерлер бірден көмекке келді.

Кейіннен ауруханаға жеткізілген спортшыға қос тізесінің буыны тайып, аяқ бұлшық етінің екі тұсы жарылған деп диагноз қойылған.

Алты сағатқа созылған операциядан кейін Седых өзіне тағайындалған емдеу процесі туралы айтты.

"Енді екі ай бойы ешбір қозғалыссыз жатып, содан кейін қайта жүруді үйренетін боламын", – деді ол.

Ауыр атлет мансабын қайта жалғастыра ма, ол жағы әлі белгісіз.

1853
Кілт сөздер:
зілтемірші, спортшы
Тақырып бойынша
Ауруханаға түсіп қалған Илья Ильин видео жариялады
"Қазасы қабырғама батты": президент желіде жазба жариялады
Спорттағы карьерасын аяқтаған Ильин қандай қызметке тағайындалды
Атыраулық чемпионның өліміне қатысты тың дерек шықты
Бекман Сойлыбаев: Ломаченкомен жұдырықтасатын күн алыс емес
Архивтегі фото

Қазақстан ескекшілері "Үлкен Мәскеу регатасына" қатысады

43
Ресей ескек есу федерациясы Қазақстан спортшыларының қандай талаптарды орындауы тиіс екенін хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Қазақстан спортшылары "Үлкен Мәскеу регатасы-2020" сайысына қатысатынын растады. Ресей ескек есу федерациясының президенті Алексей Свирин Sputnik Қазақстанға ұлттық құраманың ескекшілері өз елінде коронавирусқа тест тапсыратынын айтты.

Жарыс 7-9 тамыз аралығында Крылатское есу каналында өтеді. Үлкен Мәскеу регатасына ресейліктерден бөлек, Қазақстан, Молдова және Беларусь спортшылары қатысады.

"Біз барлық талапты жібердік, жарысқа қатысатындар оны орындауы тиіс. Олар өз елінде тест тапсырады", - деп мәлімдеді Свирин.

Ол шетелдік құрамалардың мүшелері тест тапсырғаннан кейін көп ұзамай Мәскеуге жететініне сенім білдірді.

"Бұл туралы ешқандай сұрақ туындамайды. Барлық құрама Есу каналында, бір жерде тұрады", - деп атап өтті Свирин.  

Сайыстар кезінде ұйымдастырушылар спортшылар мен делегация мүшелерінің денсаулығына күнделікті мониторинг жүргізіп, дене қызуын өлшеп тұрады. Егер күдік болса, шара қолданады.

43
Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер

0
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15  тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы  – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.

"Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді есімтанушы Бердалы Оспан.

Шәмшінің анасы Естайдың "Құсни Қорлан" әнін ерекше ұнатып орындаған.

"Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда "Қорлан" әнін салушы еді",  - дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші Қалдаяқовтың өнер жолы

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.

"Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым" дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес", - дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", - дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.

Екі мыңнан аса хат келді

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

"Арыс жағасында" әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде "Қазақ радиосының" музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

"Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек", - дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.

"Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, - деп еске алады Нүсіпжанов.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

"Ол тұс – Ақмоланы "Целиноград" атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. "Менің Қазақстаным" солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді", - дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Отбасы туралы не білеміз

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" повесі себеп болыпты.

"Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. "Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген", - деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін", - деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", - дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

0
Кілт сөздер:
композитор, Шәмші Қалдаяқов
Тақырып бойынша
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер