Баян Мақсатқызы

Баян Мақсатқызы Алагөзова туралы не білеміз?

3523
(Жаңартылды 18:32 27.08.2018)
Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы Алагөзованың өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Баян Мақсатқызы Алагөзова – қазақстандық продюсер, Shine Production компаниясының басшысы, тележүргізуші, актриса, әнші. Алғаш рет 1993 жылы "Махаббат бекеті" фильмінде басты кейіпкерді сомдап, жұртшылыққа танылды, кейін ұзақ жылдар бойы телевидениеде тілші және жүргізуші болып қызмет етті. 2006 жылдан бері қазақстандық музыкалық топтар мен жеке орындаушылардың продюсері болып жүр. 2010 жылдан бастап бірнеше фильм мен телехикаяға түсті.

Балалық шағы

Баян Мұхитденова (қыз күніндегі фамилиясы) 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында дыбыс режиссері Мақсат Мұхитденов пен актриса Гүлжамал Мұхитденованың отбасында дүниеге келді. Өзінің айтуынша, "кішкентайынан әртіс болуды армандаған", бірақ анасы қарсы болып, мұғалім болғанын қалапты. Екі жыл педагогикалық училищеде оқыған Баян ата-анасына айтпай, кино  факультетіне ауысып кетеді.

Журналистік мансабы

1993 жылы "Махаббат бекеті" фильмінде басты кейіпкердің ғашығын сомдаған Баян кең танымалдыққа ие болды. Алғашқы сәтті қадамынан кейін ұзақ уақыт бойы жұртшылыққа көрінбей кетті. 1994 жылы жиырма жасында Баян Мұхитденова Бақытбек Есентаевқа тұрмысқа шығып, күйеуінің фамилиясын алды.

ҚазМУ-да тележурналистика факультетін тәмамдаған Баян жаңалықтар тілшісі болып жұмысқа орналасып, "Таң" телеарнасында "Желтый салон" атты бағдарламасын ашқанша жеті жыл бойы еңбек етті. "Таң" арнасы жабылып қалған соң, екі жыл бойы НТК телеарнасындағы "На шпильке" бағдарламасында жүргізуші болды.

Продюсерлік мансабы

2006 жылы Баян Есентаева КешYOU тобының продюсері атанды. Кейін соған ұқсас басқа да жобаларды қолға алды. 2010 жылы Shine Production компаниясы "Ғашық жүрек" фильмін түсіріп, продюсердің өзі басты рөлдердің бірін ойнады. 2011 жылы бұл фильмнің жалғасы түсірілді — "Ғашық жүрек 2".

2013 жылы Баян Есентаева "Осторожно, корова!" фильмінде басты кейіпкерді сомдады. 2014 жылы "Қазақ аруы"жобасы басталды, Lashyn тобы құрылды, ал қанатының астындағы әншілердің бірі Жанар Доғалова Тюрквидение байқауында жеңімпаз атанды, "Махаббатым жүрегімде" телехикаясы шықты.

2017 жылы 25 желтоқсанда Баян продюсерлік еткен "Баян сұлу" телехикаясы жарық көрді. Бірақ бұл жұмысы сәтсіздікке ұшырап, басы дауға қалды. Жұрт "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" телехикаясын ұлттық арнаның эфирінен алып тастауды талап етті. Qazaqstan телеарнасының басшылығы телехикаяны эфирге енді шығармауға уәде беруге мәжбүр болды.

Бақытбек Есентаевпен арадағы жанжал

2016  жылы 10 маусымда Есентаева күйеуі Бақытбек Есентаев және оның жиенімен бірге Алматыдан көлікпен шығады. Жолда Есентаеваның мас күйеуі әйелін соққының астына алады. Бақытбек Есентаев көлікті жүргізіп келе жатқан жиенін жанармай бекеттерінің бірінде қалдырып, Баянды әрі қарай ұрып-соғып, төрт рет пышақ салады да, "сексуалды сипаттағы әрекетке" барады. Оқиға орнына келіп жеткен Есентаеваның қызы әкесін тоқтатып, анасын Талғар қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізген. Бақытбек Есентаевтың адвокатының айтуынша, жанжал қызғаныштан туындап, күйеуі Баян Есентаеваны ұстап қалғысы келген. Оқиғадан бір жыл бұрын Баян Есентаева күйеуін сүйіспеншілігі мол, бірақ өте қызғаншақ адам ретінде сипаттап, некедегі алғашқы он жылын "соғыс" деп атаған еді.

Бақытбек Есентаев ұсталғаннан кейін сот оны екі айға қамауға алуға шешім шығарып, ҚР ҚК 106-бабы — "Денсаулығына қасақана ауыр зақым келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, кейінірек Есентаевтың ісі 99-баптың 1-тармағына "Қастандық жасауға" өзгертілді. 

Оқиғадан кейінгі алғашқы сұхбатында Баян 22 жыл оттасқан жұбайы Бақытбек Есентаевпен ажырасқанын айтты. Оның айтуынша, күйеуімен бұрын да ажырасқысы келгенімен, Есентаев қарсылық білдіріп, қоқан-лоққы көрсеткен. Сонымен бірге, Есентаева "тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғау бойынша қоғамдық ұйым" құрғысы келетінін мәлімдеді. 

Арада 4 ай өткен соң Баян Есентаева өзінің соттағы өкілі арқылы күйеуін кешіргенін хабарлады. Ол Бақытбек Есентаевтың жазасын жеңілдетіп, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Бірақ соған қарамастан 2016 жылы 3 қарашада Алматы облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Есентаеваның күйеуін 9 жылға соттады. 

Екінші некесі

2017 жылы 22 қаңтарда Баян Мақсатқызы танымал бизнесмен Тұрсынғали Алагөзовтің күйеуге шығу туралы ұсынысын қабылдағанын мәлімдеді. Бұдан бұрын БАҚ-та Мақсатқызы мен Алагөзовтың ғашықтық хикаясы туралы сыбыс тарап кеткен еді.

Сол жылдың 7 желтоқсанында Баян Мақсатқызы мен Тұрсынғали Алагөзов некесін қидыртты.

Қаржылық жағдайы

2013—2015 жылдары Баян Алагөзова Forbes Kazakhstan журналы бойынша шоу-бизнес пен спорт жұлдыздарының үздік бестігінен орын алып келді. 2013 жылы сарапшылардың есебі бойынша 480 мың АҚШ долларын тапса, 2014 жылы табысы — 850 мың долларға, 2015 жылы — 1 млн долларға жетті. Shine Production компаниясы жеті музыкалық жобаға продюсерлік етіп келеді.

Баян Алагөзованың отбасы

Әкесі — Мақсат Мұхитденов, анасы — Гүлжамал Айдарқызы Мұхитденова. Әпкесі — Бәтес Мұхитденова — қазақстандық әнші Аша Матайдың (Ақбота Асқарбекова) анасы. Сіңлісі — Бағым Мұхитденова Баян сияқты музыкалық продюсер болып қызмет етеді.

Баян мен Бақытбек Есентаевтың екі қызы бар – Айсәуле және Айару. Үлкен қызы Айсәуле (1996 жылы 22 мамырда туған) Дубайдағы Америкалық университетте оқиды, кіші қызы (2003 жылы 19 желтоқсанда туған) – мектеп оқушысы.

Баян Мақсатқызының кітабы

2017 жылдың 3 шілдесінде Баян Мақсатқызы "Баян. Обо мне и не только" атты кітап шығарды. Кітаптың сатылымынан түскен қаражаттың басым бөлігі әйелдер құқығын қорғау бойынша қоғамның құрылуына жұмсалады.

Баян Мақсатқызының кітабы
© Sputnik / Ксения Воронина
Баян Мақсатқызының кітабы
3523
Кілт сөздер:
қыздары, күйеуі, өмірбаян, фото, отбасы, Бақытбек Есентаев, Баян Есентаева, Баян Мақсатқызы, Тұрсынғали Алагөзов, Баян Алагөзова
Тақырып:
Өмірбаяндар (79)
Тақырып бойынша
Баян Алагөзова не үшін кешірім сұрады?
Баян Алагөзова мен МС Сайлаубек үйлерін көрсетті
Баян Алагөзова Алматы судьясын бар шындықты айтамын деп қорқытты
Баян Алагөзова: Мөлдіржан, мүмкін қалай болғанын көзіме қарап айтарсың?
Баян Алагөзова жаңа фильмінің даулы трейлерін жариялады
Загрузка...