Тұрсынбек Қабатов отбасымен бірге, танымал әзілкеш

Тұрсынбек Қабатов туралы не білеміз?

4449
(Жаңартылды 22:45 04.09.2018)
Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Ол — ешбір өнер мектебін бітірмесе де, тәңір берген талант пен тынымсыз еңбектің арқасында халық ықыласына бөленген жан.

Тұрсынбек Қабатовтың отбасы
Төреғали Төреәлі
© Photo : әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Отбасында алты ағайынды, оның үшеуі — ұл, үшеуі — қыз. Тұрсынбек үйдің екіншісі. Ағасы Мырзабек бүгінде өзімен бірге жүріп, барлық жұмысына атсалысады. Оны әзілкештің директоры деп те айтуға болады. Өзінен кейінгі қарындасы Зәмзагүл алматылық азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде осы жерде тұрып жатыр. Бұдан кейінгі қарындастары Баршагүл мен Еркем Орал қаласына өздерінің отбасыларымен қоныстанған. Кенже інісі Мейрамбек те үйленген. Анасы дәл қазір осы інісінің қолында. Балалары аналарын атымен "Типа" деп атайды. Шын есімі Талиға.

Әзілкештің есімін батыр бабасына ұқсасын деген ниетпен нағашылары қойған. Жұбайының аты — Мөлдір, балалары — Әдемі, Айым, Айару мен Нұриман. 

Шопан болып, қойларға концерт берген жылдар

Ол Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетті тәмамдаған. Бірақ, мектептен кейін бірден оқуға түспей, ауылда шопан болады. Кейін еңбек жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастайды.

2001 жылы Көңілді тапқырлар клубында ойнайды. Сондай-ақ, университет қабырғасында жүріп "Аграрка сарбаздары", "Астана.кз", "Казахи" сынды командаларда өнер көрсетеді.

Публикация от @nazaraudarr 25 Май 2018 в 8:48 PDT

Қабатов алғашқы концертін қойларға бергенін айтып жиі әзілдейді. Сондай-ақ, далада ән айтып жүрген жігітті ешкімнің сынамайтыны өзіне ұнайтынын жасырмайды. 2000 жылы Астанаға бара алмаса, Оралда жүріп әртіс боламын деп шешім қабылдайды. Осы арманмен ауылдан Оралға жол тартады. 

Тағы оқыңыз: Бекболат Тілеуханның өмірбаяны

Мәдениет жылында өнерпаздарға арналған кастинг өтіп, Тұрсынбек те құрдастарымен бірге бақ сынап көреді. Қолында дипломының жоқтығы мен орыс тілін білмеуі айтарлықтай кедергі келтіреді деп ойлайды. Кастингке бір күн қалғанда әзілкеш түнімен Маяковский мен Қадыр Мырза Әлінің орыс тіліндегі өлеңдерін оқып, оларды жаттай бастайды. Ертесінде кастингте алғаш қойған әзілі Мырзабаев деген студент туралы болады. Бір қызығы, Қабатов сол сәтте әзіл айтамын деп ойламаған. Бұл әзілді де сол кезде сахнада тұрып ойлап тапқан. Бүгінде өз әзілдерінің 80%-і импровизация арқылы жасалатынын айтып жүр.

Осылайша ол Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға алғаш рет жұмысқа тұрады. Кейін Астана қаласында өткен "Дала дарындары" атты фестивальге қатысып, бірінші орын жеңіп алады. Әзілкеш осы кезде Астанада өткізген үш күнде аяғының тоңып жүргенін жымия отырып еске алады. Қалың аяқ киім алуға ақшасы жетпеген екен.

Кейін араға бір ай салып Астана мәдениет басқармасынан концертте өнер көрсетуге шақырту алады. Турист қонақүйінде жатып, төртінші күні елбасының алдында концерт береді. Осы концерттен кейін не істерін білмеген Қабатов бір айға жуық уақыт қонақүйде жатады. Ақырында мәдениет басқармасына барып өзінің көптен бері сол жерге жұмысқа алынғанын біледі. Мұны өзіне ешкім ескертпеген екен.

Араға екі жыл салып Төлеген Мұхамеджанов оған Еуразия университетінің жанынан үш бөлмелі пәтер берілетінін хабарлайды. Бірақ, ол айлық пәтер ақысы қымбат болар деген оймен бұл пәтерден бас тартады. Ақырында 2001 жылы айтылған пәтерді 2010 жылы бірақ алады. Оның кілтін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов табыстайды.

Тұрсынбек өзіне қарамай қойған Мөлдірді қалай алып қашты?

Сүйіктісімен аграрлық университеттің қабырғасында жүріп танысады. Мөлдір сол жерде домбыра үйірмесіне қатысатын болған. Бастапқы екі ай қазіргі жұбайы қарамай қояды. Кейін екеуі 8 ай қыз-жігіт болып жүріп, сүйіктісі 3-курста оқып жүрген шағында алып қашады. Мөлдір Мұқанова бұл кезде 20 жаста.

"Жазғы демалыста үйге кеттім. Содан күні бойы үйдің телефонына дамыл болмайтын. Таңым Тұрсынбектің "Қайырлы таң! " деген сөздерімен атып, кешім оның "Қайырлы түн! " деген сөздерімен бататын. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Тұрсынбек маған хабарласу үшін арнайы сөйлесу пунктіне барады. "Үйіңе тұрмысқа шығамын деп айтып қой, мен сені алып қашамын" дейді. Демалыс кезінде басқа біреу алып қашып кетеді деген қызғаныш пен қорқынышы болса керек", — деп келіншегі алғаш қосылған жылдарын еске алады.

Мөлдір Мұқанова Оралға келін болып келгенде әйел адамдардың орамал тақпайтынына, сондай-ақ, жасы үлкендерге сәлем салмайтынына таңғалады. Тіпті, "басымда орамал жоқ" деп көліктен түспей қойған екен.

"Мөлдірге сәлем салған ұнайды. Бірақ сол сәлемін қабыл алатын адам болмай жүр", — деп әзілдейді Тұрсынбек Қабатов.

Әзілкеш Дос және Еркебұлан деген достарымен бірге сүйіктісін көлікпен алып қашады. 23 маусымда қашқан сіңілісін бірінші болып Мөлдір Мұқанованың Айгүл есімді әпкесі байқап қалады. Көпке дейін отбасы мүшелеріне айта алмай қиналған екен. Кейін жеңгесіне қолқа салған.

Астанаға келгелі Тұрсынбектің мінезі қалай өзгерді?

Қабатовтың айтуынша, елордаға келгелі мінезі еш өзгермеген. Десе де 20 жастағы Тұрсынбек пен 37 жастағы Тұрсынбектің айтарлықтай айырмашылығы бар екенін жасырмайды. 25 жасында КВН ойнайтын жас жігіт болса, бүгінде бір шаңыраққа ие болып, ел ағасы болып үлгерген. Өзі "Ең бастысы, халыққа деген құрметім өзгерген жоқ. Қарапайым, шынайы болып қалдым" дейді.

Залға жиналған бірнеше мың адамды күлкіге қарық қылса да, әзілкештің әзілдері отбасына "өтпейді" екен. Бұл бала-шағасы үшін қалыпты болып қалған. Айтуынша, халықты күлдіруді өзіне жұмыс санайды. Яғни жұмысты сыртта қалдырып, отбасында отағасының, әкенің рөліне енеді.

Ақ кроссовка "жыры"

Өзінің әкесі шопыр болып жұмыс істеген. Ресейге, Оралға, Воронежге жиі баратын болған. Жұмыстан түнгі сағат он екіде келіп, таңғы сағат алтыда қайта кететін болғандықтан әкесін көп көрмеген. Әкесінің үйге келіп кеткенін дастархан үстіне қойылған нан мен шұжықтан білетін болған. Сондай-ақ, әкесінің мінезі қатал екенін айтады.

6-сыныпта оқып жүрген шағында әкесінің сыйға тартқан ақ кроссовкасын бүгінде жымия отырып еске алады. Оны әкесі Воронежден сатып алған екен. Бірақ, осы кроссовкасын ағасы Мырзабек қыздармен кездесуге киіп кетіп ашуына жиі тиетін.

Тағы оқыңыз: Әнші Ернар Айдардың өмірбаяны

"Ол заманда кроссовкалардың түсі қап-қара болатын. Әлі күнге дейін аяғыма киіп алып жерді таңдап басып жүрген шағым есімде. Мырзабек ағамыз екеуіміз құрдас секілді өстік. Өйткені арамыз бір ғана жас. Жаңағы кроссовканы арасында сол киіп кетіп, күні бойы менен жасырынып жүреді. Кешке қарай қыздарға немесе би кештеріне барады. Мен артынан барып тұрсам көрмегендей түр жасайтын", — дейді ол.

Тұрсынбектің ақшаны "қырып табатыны" рас па?

Қабатовтың айтуынша, КТА (КВН) оған еш пайда әкелмейді, керісінше шығынға батырады. Ол мұның заңды екенін сөз етті. Шығынға батыратын істі қолға алуына жастық шақтағы арманы себеп болған екен.

Астана
© Photo : предоставлено Государственным архивом Астаны

"КТА мен үшін әлі нәресте секілді. Ал баладан ешнәрсе күтпейміз ғой. Екі жастағы баладан не күтуге болады. Оған маған ақша алып кел деп отыра алмайсың. Бұрын КВН ойнап жүрген кезде өз басым жолымыз бен қонақүйімізді төлеп берсе, сахнаға шығатын киімімізді тігіп, тамақ берсе, тамаша болатын еді деп ойлайтынмын. КТА-ның өнерпаздарға істеп отырған жағдайын әлемде ешкім жасап отырған жоқ. Мұндай, тіпті, Мәскеуде де жоқ. Жалпы көкейімде осындай арман болатын", — дейді ол.

Айтуынша, бүгінде барлық әзілкеш осы мәселелерге келгенде қиналып, өнерден бас тартып жатады.

Сондай-ақ, Қабатовтың өткен жылдан бері асабалық қызметінің гонорарын 15 мың долларға дейін көтергені белгілі. 5-7 мыңнан басталған ставканың бірнеше еселеп көтерілуіне себеп жоқ емес. Асабалық қызметінің гонорары аз кезінде той иелері мазасын алып, араға "көкелері" мен министрлерді салып, тіпті, есігінің алдына келіп алатын кездер болған. Той басқарып жүріп басқа жобаларым шетте қалып кетпесін деген ойы болғанын да жасырмайды. Ақырында қадірі кетіп, 100-200 долларға құдалық басқарып кетемін бе деген қорқынышы да бар екен.

Публикация от @_video_prikol_tut 27 Дек 2017 в 9:14 PST

Тұрсынбек қыздарына құлағын тесуге рұқсат бермейді

Әзілкеш әйелі Мөлдірге қарағанда қыздарымен жақын сөйлеседі. Тіпті, оларға болашақ жарды өзі таңдап бермек ниетте. Бұл айтқанымен қыздары да келісіп отыр. Сондай-ақ, ол әлі күнге дейін қыздарының құлағын теспеген. Болашақ жарлары сырға салуға келген кезде ғана тесіп беретінін айтады.

Мұнымен қатар, ол қыздарымен физиологиядағы өзгерістер тақырыбында ашық сөйлесетін болып шықты. Осыны білмегендіктен ертең қыздары арам ойлы жігіттерге алданып қалмаса екен деген ниетте.

Туысқандарына сыйлы, келіншегі үшін сүйікті, балаларына жан дос болған Тұрсынбек Қабатов бүгінде Әзіл Әлемі, КТА, Назар аудар сынды театрлардың директоры. Жаз айында ЭКСПО аумағында орналасқан жаңа театрдың жетекшісі болып тағайындалды.

4449
Кілт сөздер:
әзілкеш, әзіл-сықақ театры, өмірбаян, отбасы, әртіс, әке, Тұрсынбек Қабатов, Орал, Астана
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
Нұржан Төлендиев (Тука) туралы не білеміз?
Баян Мақсатқызы Алагөзова туралы не білеміз?
Димаш Құдайбергенов туралы не білеміз?
Венера Назарбаева келін болып түскен Шайжүнісовтер әулеті жайлы не білеміз?
Дариға Назарбаеваның қызының тойы: жас жұбайлар туралы не білеміз?
Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз?
Мұхтар Шаханов

Мұхтар Шаханов бүгін 78 жасқа толды: жазушы туралы қызықты деректер

2823
Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

"Бүкіл Қазақстан шулады"

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу елді мекенінде төбенің басында әкесі қаздырған жертөледе өтті. Сол жертөленің жоғары жағында тау бар, бала ақын алғашқы өлеңдерін таудың бетінде тастан жасалған орындықта отырып жазған. Ақынның әкесі Қасқасу елді мекенінде қари молда болған, ол Мұхтар 9 жаста болған кезде дүниеден өтті. Анасы 13 құрсақ көтерген.

"Алғашқы өлеңімді бала кезімде жаздым, кейін 16 жасымда республикалық газетке шықты. Сол кезде "16 жасар ақын шықты" деп жарияланды. Бүкіл Қазақстан шулады. Елдің түкпір-түкпірінен 400-ден аса хат келді. Екі адам іздеп келді, оның бірі – Шәмші Қалдаяқов, екіншісі – қазақтың дара тұлғалы ақыны Төлеген Айбергенов", - дейді Мұхтар Шаханов.

Мұхтар Шахановтың анасы Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовты өз ұлындай көрген, екеуі де Шахановтың анасын өз анасындай құрметтеп өткен.

Шахановтың айтуынша, ол нағашы ағасы Ысқақтың қолында тәрбиеленген. Ол кісінің күніне бір адамға жақсылық жаса деген қағидасын өміріне азық етіп алып қалған. Сол кісінің өмірден өтерде араққа әуес болма деген бір ауыз сөзін де жерге тастаған емеспін, дейді ол.

"Анамыз көңілі дархан кісі болатын. Ол кісінің қолына ақша түссе, дүкеннен өзіне қажетін алып келіп, бөлмесіне қойып қоятын. Үйге келген кісілерге соны таратып, содан қуанышқа бөленетін. Атамызды көрген жоқпын. Мұқаңның түр сипаты сол кісіге ұқсаған деп ойлаймын. Енем үнемі тақымын қысып, іштей тілеуін тілеп отырушы еді", - дейді ақынның жары Ханшайым Шаханова.

Мухтар Шаханов
Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов

Қызмет жолы

"Мектепте бұзық балалардың бірі болдым. Өзен жағалап келе жаттым, Қасқасу тасып жатқан кез еді. Бір балықты толқын шетке лақтырып жібергені сол еді, ұстап алдым. Жанымдағы балалар қуырып жейтін болдық деп қуанып кетті. Білектей балық еді. Мен оған қарадым да, жаным ашып, өзенге қоя бердім. Содан біраз жерге барды да, балық бұрылып қарап тұрды. Сол оқиғаны әлі ұмытқан жоқпын", - дейді ақын бозбала шағы жайлы.

Мұхтар Шаханов 1961-65 жылдары Шымкент педагогикалық институтында білім алған. Оқуды бітірген соң "Оңтүстік Қазақстан" газетінде корректор (1960-65 жж.), "Лениншіл жас" газетінде (1965-70 жж.) оңтүстік өңірдегі меншікті тілші, отандық телевизия, радио, редакцияларда жұмыс істеді. 1976 жылдан Қазақ КСР министрлер кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы қызметін атқарды.

"Менің негізгі мамандығым – тракторшы. Мамандығымның төңірегінде елдік ұлттық мүддеге жақын жүретін адаммын. Қазіргі кезеңде материалдық байлықтың, спорттың, жеңіл әндердің бірінші қатарға шығуына байланысты шындық керек болмай қалды. Көп жағдайда ақты ақ, қараны қара деп айта алмаймыз. Осыған байланысты кім шындығын жоғалтып алса, сөзі басқа, ісі басқа болса, елдік ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, үлкен ақын, ғалым, саясаткер, жазушы болсын – оның құны көк тиын", - дейді Шаханов бір сұхбатында.

1984 жылы "Жалын" альманағының бас редакторы болды. 1986 жылы "Жалын" журналының бас редакторы қызметіне кірісті.

1988 жылы республикада тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал мен Балқаш мәселесі жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болды.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде қазаққа "ұлтшыл" деп айып таққан КОКП орталық комитеті саяси бюросының қаулысына қарсы бас көтерді.

1988 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен тыйым салынған "Наурыз" мерекесінің 62 жылдан кейін қайта салтанат құруына мұрындық болды.

"1988 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге "Наурыз" мерекесіне қатысты хат жаздым. Бюродан мені екі-ақ адам қолдапты, оның бірі – сол кезде министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков", - дейді ақын.

1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ал 1991 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

1992 жылы Олжас Сүлейменовпен бірлесіп, "Халық конгресі" партиясын құрды.

1993-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.

"Қырғыз еліндегі бірден бір досым, аға досым, сана биігінде жолыққан досым – Шыңғыс Айтматов. Екеуміз көп мәселенің басында бірге жүрдік, ақылдастық, сырластық. Достықты да жай мәселе деп есептемеймін. Бұл да екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы", - дейді ақын досы Айтматов жайлы.

2004-2007 жылдары ҚР парламенті мәжілісінің депутаты болды.

2010 жылдан "Тәуелсіздікті қорғау" атты 50-ден астам қоғамдық ұйымның, партия, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және республикалық "Жалын" журналының бас редакторы болды.

Шығармашылығы мен марапаттары

Ақынның алғашқы өлеңі 1959 жылы жарияланды, ал "Бақыт" аталатын тұңғыш жыр жинағы 1966 жылы басылып шықты. Одан кейін 1968 жылы "Балладалар", 1970 жылы "Ай туып келеді", 1974 жылы "Қырандар төбеге қонбайды", 1976 жылы "Сенім патшалығы" кітаптары шықты.

"Мұхтар Шахановтың түйсігі – таза ақындық пайым-парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас, шыншыл түйсік", - деп жазды халық қаһарманы Қасым Қайсенов.

"Махаббат заңы", "Сенім патшалығы", "Сократты еске алу түні" атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған "Құз басындағы аңшының зары" атты эссе кітабы мен "Сократты еске алу түні" атты драмасы көптеген тілге аударылды.

"Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды.

Шахановтың "Өркениеттің адасуы", "Жазагер жады космоформуласы" ("Шыңғыс ханның пенделік құпиясы") атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. 

"Өлең деген – ешкім айтпаған ойларды айту. ЮНЕСКО менің жырларымды әлемдік поэзияның осы замандық биігі деп таниды. "Өркениеттің адасуы", "Жазагер жады космоформуласы" деген романымның әрқайсының өзінде 20-30 романның оқиғасы берілген. Солардың ішінде ешкім айтпаған ойлар бар. Сондықтан өлең жазу басқа, ұйқастыру басқа, нағыз ақын болу басқа. Соңымыздан келе жатқан жастардан осындай биікке көтерілуін талап етемін", - дейді Шаханов.

Мұхтар Шаханов 60-тан аса елден 120-ға тарта сыйлық алған. 2002 жылы Эйнштейн атындағы алтын медаль берілді.

"Эйнштейн атындағы сыйлықты дүние жүзінде менен бұрын 18 адам алған екен. Менің есімім БҰҰ алтын кітабына жазылған. АҚШ, Англия, Франция, Германия, Жапония секілді жиырмаға тарта елдің құрметті азаматымын. Бірақ атақ пен даңққа қызыққан адам емеспін. Кезінде маған "Халық қаһарманы" атағын берді, қол қойып қойған кезінде мен алмай қойдым", - дейді ол.

Мұхтар Шахановқа 1994 жылы Қырғыз Республикасының халық ақыны атағы берілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы атанды.

Одан бөлек Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының лауреаты, Түркияның "Түрік дүниесіне қызметі үшін" халықаралық сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының халықаралық "Руханият" сыйлығының лауреаты атанды.

2006 жылы Түркия, Әзербайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған "Түркі әлеміне ерен еңбегі үшін" атағы берілді.

Махаббат жайлы үзік сыр

"Үш рет үйлендім. Маған сана биігінде бір болатын әйел жолыққан жоқ. Ол ілуде бір болады. Маған жолыққан жоқ. Оған мен кінәлі емеспін", - дейді Шаханов.

Махаббат деген мүлде басқа дүние. Жер шарында жеті жарым миллион адам бар. Көп бөлігі әйел, соның барлығы бір-бірімен татуласады. Кез келген жәндік те баласын тудырып жатады. Махаббат деген – екі пайымды, парасатты адамның сана биігінде жолығуы, деді ақын сұхбаттарының бірінде.

"Дінмұхамед Қонаевпен жақын дос болдым, бірі-бірімізге деген көңіліміз мүлде бөлек еді. Димекеңнің Зухра деген әйелі болды, бірақ балалары болмады. Туыстары сізден ұрпақ алып қалуымыз керек деп келген екен. Зухра сонда Димекеңнің өзі шешеді, мүмкін кінә менен болар деп ештеңе айтпапты. Сомен оған 20 жастағы қызды дайындап қойыпты, ол қыз да ұрпақ алып қалуға құлшынып тұр екен. Қонаев көнбей қойыпты. Мен қай қалаға барсам да, барған жерімнен бір кітап алып келемін. Оны Зухраға беремін. Зухра соны оқып шығады, екеуміз соны талқылаймыз. Қанша әйелді білемін, маған Зухрадай сана биігінде жолыққан адам жоқ дейтіні бар", - дейді Мұхтар Шаханов Қонаевтың махаббаты жайлы.

2823
Кілт сөздер:
жазушы, өмірбаян, Мұхтар Шаханов
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды: "Әдемі қартайып келемін"
Бүгін Қасым Қайсеновтің туған күні: қазақтың қас батыры туралы қызықты деректер
Хасанғалиевтің әніне неге тыйым салынды – сексенге толған әнші жайлы қызық деректер
Назарбаевтың туған күні президент жайлы не дейді? Нумеролог сандарды "сөйлетті"
Кәрім Мәсімов бүгін 54 жасқа толды: ҰҚК басшысы туралы қызықты деректер
Асанәлі Әшімов

"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз

1947
Көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, "Отан", "Құрмет", "Қазақстанның Еңбек ері" орденінің иегері Асанәлі Әшімовтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Ел мен жердің киесі

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келді. Асанәлінің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді.

"Қырқыншы жылдары елдегі колхоздастыру, соғыстың зардабы бәрімізге тиді. Тапқан таянғанымыз соғысқа жіберілді. Әкеміз ол кезде соғыста еді. Барлығын сол кісілерге жіберіп жатырмыз деп түсіндік. Біз қара су, қара нанмен күн көрдік. Бала болсақ та, соған көндік. Бірінші сыныпқа 1944 жылы бардым, мектепте оқу құралы, қағаз, қалам жетіспейді. Соның бәрі көмектесті, жоқшылықтың не екенін, аштықтың не екенін білдік, сезім ерте оянды", - дейді әртіс балалық шағы жайлы.

Туған ауылы Жайылманы Лондон, Парижбен салыстыруға келмейтінін айтқан Әшімов ауылына барса, ауруынан айығатынын жиі айтады.

"Туған үй әр уақытта ыстық. Париж, Лондон туған жердей болмайды. Туған жердің топырағы әрқашан ыстық, ағза да соған үйренген. Жайылмаға барған сайын қан қысымы сияқты аурулардан құтыламын. Сол жерде туып-өскендіктен болар көңіл күйім де көтеріледі. Топырақ, елдің, жердің киесі бар, әруақты ұмытпай сәлем беріп тұру керек. Кем дегенде жылына бір рет барамын. Бүкіл ата-бабам сонда жатыр. Атам Ысқақ пірәдар сонда жатыр. Ысқақ пірәдарға басына шырақ жағып, сол жерге мешіт салдырдым. Бірге қайнап, бірге өскен достарымды ұмытпаймын, сағынамын", - дейді Әшімов туған жері жайлы.

Нурсултан Назарбаев и Асанали Ашимов
© Photo : официальный сайт президента РК
Нұрсұлтан Назарбаев пен Асанәлі Әшімов

"Дәрігерді көрмек түгіл, естіген емеспіз. Тұмау болсақ та, мектепке бара беретінбіз. Балалық шағымызда қыс деген қиын болатын. Сабақ біткен соң демалыста колхоздың жұмысы бар: бидай ору, масақ теру. Балаларды жұмысқа салады. Еңбекке, қиындыққа үйрендік", - дейді әртіс.

Әшімовтің әкесі дүниеден ерте өткен, ол кезде анасы небәрі 22 жаста болған. Анасы содан кейін тұрмыс құрмаған.

"Әртіс болуыма бәрі қарсы болды, тек "Халық әртісі" атағын алғанымда ғана мойындады. Тек анам ғана қолдады",- дейді Әшімов. 

Асанәлі Әшімовтің қызмет жолы

Асанәлі Әшімов 1956-61 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша оқыды. Оқуды бітірген соң "Қазақфильм" киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актерлік құрамына қосылды.

Театр сахнасында көпшілікке белгілі маңызды рөлдерді ойнады. Мұхтар Әуезовтің "Абай" қойылымында Керімді, "Еңлік-Кебек" қойылымында Кебекті, "Қара қыпшақ Қобыландыда" Айшуақты, "Таңғы жаңғырық" қойылымында Жарасбайды сомдады. Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" қойылымында Қодар бейнесі, Мұхамеджанов пен Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламанды сомдады.

"Бәрі бірден сарт ете қалған жоқ. Өмірімде қиын-қыстау жолдар көп болды. Адамда бүкіл сезім оянуы керек. Жас кезіңде оның көбісі жоқ, ұрынып қаласың, қателікке ұшырайсың. Ол да керек. Жас кезінде қателеспейтін адам жоқ. Қазір (2017 жыл) бізге қателесу қиын. Оның бәрін өмір көрсетті. Өмірдің талқысы деген сол", - деді актер бір сұхбатында. 

Асанәлі Әшімов студент кезінен бастап фильмдерге түсе бастады. "Ән қанаты" фильмінде Қайменді, "Қыз Жібекте" Бекежанды сомдаса, "Атаманның ақырында" Қасымхан Шадияровды ойнады. "Жазушы" фильмінде Қаражал, "Нан дәмінде" директор болса, "Сіз кімсіз К мырза?" фильмінде басты рөлде ойнады. Қазақ киносында отызға тарта образды сомдаған.

"Қазақ өзі сыншыл ғой. Қазіргі жағдайда киноны түсіру бір жағынан қиын, екінші жағынан оңай болуы мүмкін. Бұрынғы қысым жоқ, еркіндік бар. Бұрын қысым болған кез де жақсы еді, қателеспей шығатын. Қазір еркіндікке жібергеннен кейін лағып кетуге болады. Ұлы тарихи фильмдерге барып жатыр, бірақ сол жерде көп режиссер өмір мен өнерді шатастырып алды. Өмірдің бәрі өнер емес, өнер – бір төбе. Көп нәрсені өнер жасау керек. Жібек пен Төлеген фильмдегідей киінбеген шығар, алайда көтермелеп, фантазия, әдемілікке қарай бет бұрған, бұл – кино. Ал солардың киімін зерттеп, өмірін зерттеп, соны тауып, суретке шығарса, ол – өмір. "Өмірде солай болған екен ғой" дейді, қазіргі жас режиссерлер осыны шатастырады", - дейді ол. 

Актерлікпен қатар режиссерлікке бет бұрған Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов театры сахнасында "Амангелді", "Мен ішпеген у бар ма?", "Ақбілек", "Ревизор", "Фархад-Шырын","Қаза мен жаза" және өзге де қойылымдарды қойды. Ал "Қазақфильм" киностудиясында "Аждаһа жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Жусан","Қозы Көрпеш–Баян сұлу", "Тұзды көл жағасындағы үй" фильмдерін түсірді.

"Актердің әр айтқанының астары болу керек. Сахна – ұлы өнер. Өкінішке қарай, көп актер жеңіл-желпі қарайды. Әр алған образыңды ауырлатуың керек. Қазір сериал деген шықты. Баяғыда "Қыз Жібектің" екі сериясын үш жыл түсіргенбіз. Қазір аптасына бір серия түсіреді. Көп нәрсесін ашпайды, оны сериал деп есептемеймін. Оның бәрін кино деп айтуға келмейді. Бізде батырлар жырынан бастап, мол мұра жатыр. Соны түсіретін режиссер жоқ", - дейді Асанәлі Әшімов.

Актер жастық шағынан бері күнделік жазады. 1Жас күнімізде көшіп-қонып жүріп, он бес шақты дәптерім жоғалып кетті" деп айтып отырады. Ал кейінгі жылдары аңыз адамның жазғаны кітап болып, баспадан шықты. Соның бірі алғашқы жары Майра Аймановаға арнап жазылған "Майраның әні" кітабы. Кітап 35 жыл отасқан жары қаза болғаннан екі жыл өткен соң 1995 жылы шықты. Одан бөлек 2007 жылы 5 томдығы мен 2008 жылы "С любовью Ваш Асанали Ашимов" кітабы жарық көрді. Сонымен қатар "Жан бөлек", "Алаштың Асанәлісі", "Менің жанрым - күнделік", "Ғұмыр-дария"кітаптары бар. 

Марапаттары

1970 жылы "Қазақфильм"киностудиясы түсірген "Атаманның ақыры" толық метражды екі бөлімнен құралған көркем фильмінде Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдады. Бұл детектив жанрында түсірілген екі сериялы тұңғыш қазақ фильмі. Фильмдегі рөлі үшін 1972 жылы Әшімов Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды.

Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев.

1974 жылы "Қан мен тер" спектакліндегі рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді, 1976 жылы Қазақ КСР Халық әртісі атағы, 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағы берілді.

2000 жылы тәуелсіз "Тарлан" сыйлығы, 2001 жылы мемлекеттік "Отан" орденімен марапатталды.

2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында "Парасат", "Құрмет" орденімен марапатталды.

2017 жылы Елбасы жарлығымен "Қазақстанның Еңбек ері" алтын жұлдызды құрметті атағы берілді.

Отбасы

Асанәлі Әшімов кинорежиссер Шәкен Аймановтың қызы, опера әншісі Майра Аймановамен 35 жыл некеде болған, Майра Шәкенқызы 1993 жылы дүниеден өтті. Екеуі студент кезінде отбасын құрған. Алғашқы жары жайлы Әшімов "Құдай Майраны мен үшін жаратқан" деп айтады. Екеуінің шаңырағында Мәди мен Сағи есімді екі ұл дүниеге келген.

Сағи Асанәліұлы төрт сериялы "Шоқан Уәлиханов" телефильміндегі Шоқан рөлімен көпшіліктің есінде қалды, ол 1999 жылы 38 жасында өмірден өтті.

Сәулетші болған ұлы Мәди Асанәліұлы 1959-1999 жылдары өмір сүрді.

Оқи отырыңыз: "Әкең өлді ме?!": Асанәлі Әшімов полицейдің ақшасын алып қойды

Ал актердің екінші жарының есімі – Гүлсім. Екеуінің 1980 жылы туған Олжас есімді ұлы бар. Майра Айманова дүниеден өткен соң екеуі шаңырақ көтергенімен, некесі ұзаққа бармады.

Актердің үшінші жарының есімі – Маржан, 1999 жылы екеуінің Сағина есімді қызы дүниеге келді. Екі жыл некеден кейін ажырасып кетті.

Народный артист СССР Асанали Ашимов
МКФ "Евразия"
Асанәлі Әшімов отбасымен

Асанәлі Әшімовтің төртінші жары - өзін емдеген Бағдат есімді дәрігер. Ол актерден 34 жасқа кіші. Екеуі 2002 жылы шаңырақ көтерді, 2008 жылы екеуінің Асанәлі есімді ұлы дүниеге келді.

"Бала тәрбиесі қиын. Атасы мен әжесінің тәрбиесі керек, әсіресе әжесінің. Халықтың еш халықтан кем болмауын тілеймін", - дейді Әшімов.

1947
Кілт сөздер:
өмірбаян, халық әртісі, қазақ киносы, Асанәлі Әшімов
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
"Проблема көп": Асанәлі Әшімов өзін қандай мәселе мазалайтынын айтты
Нүсіпжанов, Болманов, Әшімов: жас айырмашылығы бар жұлдызды жұптар – фото
"Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото
Қазақтың "Қыз Жібегі" Меруерт Өтекешова туралы не білеміз?
Асанәлі Әшімов: Қалекең құжатқа қол қоя білмейтін, тек бармағын басатын
Әсет Иманғалиев: Асанәлі Әшімовті сыртынан аңдып жүрдім
Нұрсұлтан Назарбаев

Карантинмен тұспа-тұс келген мерейтой: Назарбаев 80 жасқа толды

79
(Жаңартылды 09:09 06.07.2020)
Сексен жылдық мерейтой қарсаңында елордада Елбасыға ескерткіш ашылды, президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантинге байланысты шараға онлайн қатысты

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сексен жасқа толды. 6 шілде күні республикада Астана күні де аталып өтеді.

Елбасының мерейтойы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантинмен тұспа-тұс келіп тұр. Осыған байланысты елде бұқаралық шараларға, мерекелік концерттер мен сауық-сайранға тыйым салынған. Мерекелік шаралар онлайн форматқа ауыстырылды.

Әлемді жайлаған індет тұңғыш президентті де айналып өтпеді. Коронавирус жұқтырған Назарбаев екі апта бойы өзін оқшаулап, қашықтан жұмыс істеді. Жуырда, 2 шілде күні Елбасының баспасөз қызметі жақсы жаңалықты бөлісті. Тұңғыш президенттің соңғы тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткен.

"Халқыммен бірге бұл сырқаттың бүкіл ауыртпашылығын сезіндім, қазір емделіп жатқандардың бәріне төзім мен қажыр-қайрат және тезірек сауығып кетулерін тілеймін", - деді ол сауығып кетуіне тілектестік білдіргендерге ризашылығын жеткізіп.

Жаңа ескерткіш

Сексен жылдық мерейтой қарсаңында Нұр-Сұлтандағы Ұлттық қорғаныс университетінде Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент ашылды.

Шараға онлайн қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қарулы күштері тұңғыш президенттің жарлығымен құрылғандықтан, ескерткіштің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор екенін атап өтті.

Ескерткіштің жалпы биіктігі 6,6 метрді құрайды. Мүсін қоладан жасалған. Мүсінші Ербол Зиябеков бұл композицияға бес жылын сарп етіпті.

Қарулы күштердің құрылуы мен дамуына қосқан орасан зор үлесін көрсету үшін Назарбаевқа әскери форма кигізген.

Елбасыны кімдер құттықтап жатыр

Қазақстанның тұңғыш президентіне елорда күні мен 80 жылдық мерейтойына орай құттықтау хаттар келіп жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы видеоқұттықтау жолдады. Көрші ел басшысы Назарбаевпен көпжылдық достығын қадірлейтінін және мақтан тұтатынын жеткізді.

Тағы оқыңыз: Нұрсұлтан Назарбаев қандай өмірлік мәртебелерге ие?

Сонымен қатар, Елбасыны туған күнімен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Армения президенті Армен Саркисян, Түркияның бұрынғы басшысы Абдулла Гүл, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Грузия президенті Саломе Зурабишвили, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ, Сингапур премьер-министрі Ли Сиань Лун, Молдова президенті Игорь Додон, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Израиль мемлекетінің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Испания королі Фелипе, Монако князі II Альбер және тағы басқалары құттықтады.

Назарбаев туралы қызықты деректер

Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында дүниеге келді.  Нұрсұлтан деген есімді туған әжесі қойған.

Дүниеге келгенде болашақ президенттің салмағы 5 келі болған. Сәби күнінде ұшқыш болуды армандаған, ал мектеп қабырғасында химия ғылымына бет бұрғысы келген.

Еңбек жолын 1960 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында "Қазметаллургқұрылыс" тресінде қарапайым жұмысшы болып бастады.

Елбасы саламатты өмір салтын және спортпен шұғылдануды белсене насихаттайды. Сүйікті спорт түрінің бірі – теннис. Нұрсұлтан Назарбаев ракетканы еркін меңгерген және кортқа жүйелі түрде шығып тұрады.

Тағы оқыңыз: Назарбаевтың жиендері туралы қызықты деректер

Тұңғыш президент гольфке де әуес. Ал тау шаңғысымен алғаш рет 55 жасында айналыса бастаған.

Ұлттық аспап – домбырада жақсы ойнайды.

Тұңғыш президент жұбайы Сара Назарбаевамен Дариға, Динара және Әлия есімді үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Елбасының үш қызынан тоғыз жиені бар.

Назарбаевтың отставкасы

Мемлекетті отыз жыл басқарған Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында президент ретінде өкілеттігін тоқтатты.

Десе де, ол Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы мәртебесіне ие, бұған қоса елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген.

Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы.

Елбасының есімін мәңгі есте қалдыру үшін ел астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

79
Кілт сөздер:
Астана күні, туған күн, Назарбаев
Тақырып бойынша
"Бүкіл ауыртпашылығын сезіндім": Нұрсұлтан Назарбаев денсаулығы туралы айтты
Назарбаев жиенінің үйіне қатысты іс: британиялық ведомство 1,5 млн фунт төлейді
Тоқаев Назарбаев туралы жазды
Назарбаев билік ауысқан кезде не болатынын айтты - видео