Жаңа жыл

Жаңа жыл туралы қызықты деректер: тарихы және қарсы алу дәстүрі

475
(Жаңартылды 16:07 30.12.2018)
Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді отбасылық мерекелердің бірі. Көптеген елде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні тойланады. Sputnik материалынан осы мейрамның шығу төркіні, салт-дәстүрлері және басқа да қызықты деректер туралы білетін боласыз

Жаңа жыл әр елде ұлттық салт-дәстүрге сай тойланады, десек те, алуан түрлі ойыншықтармен безендірілген әсем шырша, түн ортасында сағаттар соғып, Жаңа жыл келгенін білдіруі, шампан, жаңажылдық дастархан, сыйлықтар, ғажайыптар мен жақсылыққа сену – бәрімізге ортақ.

Жаңа жыл қашан пайда болды?

Ғалымдардың айтуынша, Жаңа жылды тойлау шамамен біздің дәуірімізге дейін 3000 жылы алғаш рет Месопотамияда басталған. Көне замандағы адамдар Мадрук құдай зұлымдық пен өлімді жеңді деп санаған. Сол себепті Месопотамия халқы жақсылықтың жамандықты жойғанына қуанып, бірнеше ай бойы тойлайды. Әртүрлі карнавалдар, маскарадтар мен шерулер өткізеді. Мейрам кезінде жұмыс істеуге, жазалауға және сот шешімін шығаруға тыйым салынған.

Уақыт өте келе бұл дәстүрді мысырлықтар мен гректер жалғастырып, содан соң римдіктер мен өзге халықтарға тарай бастайды. Ежелгі Грекияда Жаңа жыл жазғы күн тоқырауы – 22  маусымда тойланып, шарап құдайы – Диониске арналған. Гректердің жыл санауы Олимпиада ойындарынан басталды.

Көне заманда Жаңа жыл қалай тойланды?

Бірнеше ғасыр бойы Көне Мысырда шілде-қыркүйек айларында Ніл өзенінің арнасынан асуы аталып өткен. Осы бір аса маңызды кезең жаңа егін маусымының басталуын білдіретін. Ніл өзені суының киесі бар деп сенетін мысырлықтар Жаңа жылды тойлаған кезде Нілдің "қасиетті суын" құмыраларға құйып алатын болған. Ырым бойынша Нілдің суы ескі-құсқыны шайып жібереді. Сол кезден бастап жаңа жылда ән айтып, би билеу, мерекелік дастархан жайып, бір-біріне сыйлық жасау дәстүрі басталыпты.

Рош Ха-Шана немесе Еврейлердің Жаңа жылы иудейлердің ай күнтізбесі бойынша тишрей айының алғашқы күнінен басталады: ол көбінесе қыркүйек айының ортасы қазан айының басына сәйкес келеді. Рош Ха-Шана күні адамның келер жылғы тағдыры шешіледі деген сенім бар.

Кельттер сол замандағы Батыс Еуропа дәстүріне сәйкес Жаңа жылды қазанның соңында тойлаған. Мереке "Жаздың соңы" деп аталыпты, адамдар үйлерін ақ жидекті улы бұта – омеламен безендіріп, зұлымдықтан қорғайды деп сенген. Сонымен бірге Жаңа жыл күні өлілер тіріледі деген ұғым қалыптасқан. Бұл күні отағасы әйелі мен бала-шағасына әртүрлі сыйлық алу үшін ақша береді.

Русьте Жаңа жылды көктемде ауыл шаруашылығы жұмыстары басталған шақта – 1 наурызда тойлайтын. Кейінірек жылдың басы 1 қыркүйек болып белгіленді. Кейінірек 1699 жылы Петр I қабылдаған жарлық бойынша жыл санау 1 қаңтардан басталатын болған. Жаңа жылды қазіргі кездегідей түн ортасында тойлайтын. Бүкіл отбасы мерекелік дастархан басына жиналып, Жаңа жылды күткен. Түнгі сағат 12:00 болғанда, қалада хабар беретін зеңбіректер атылып, шіркеулерде қоңырау соғылып, "Жаңа жыл келдің" деп жар салатын.

Қытай күнтізбесі бойынша баяғы заманда Жаңа жылды бір ай бойы тойлаған. Жаңа жыл жаңа ай туған кезде басталатын – ай күнтізбесі бойынша 17-19 ақпан аралығы. Жаңа жыл түні Қытай көшелерінде сансыз көп шам жағу дәстүрі қалыптасқан. 

Жаңа жылдың салт-дәстүрлері

Жаңа жылдағы ең басты дәстүр – үй ішіне шырша қойып, ойыншықтармен безендіру. Алғашқы безендірілген шыршалар қазіргі Франция аумағындағы Эльзаста 1605 жылы пайда болған, деп санайды тарихшылар. Кейін біртіндеп бүкіл Еуропа шырша безендіре бастайды, әлбетте, әуелі дәулетті адамдар мен саудагерлердің үйінде ғана пайда болған. XIX ғасырда барлық жерде шырша қою дәстүрге айналды.

Шыршаға ілуге арналған алғашқы шар тәріздес шыны ойыншық Тюрингияда (Саксония) XVI ғасырда жасалды. Шеберлер шыныдан әртүрлі пішінді ойыншықтар жасайтын болған: қоңырау, жүрек, аң-құс, шар, бүршік, жаңғақ. Содан кейін оларды көздің жауын алатын қанық түстермен бояған. 

Келер жылы үлде мен бүлдеге оранып жүреміз деген сеніммен адамдар мейрам қарсаңында жаңа киімдерін киюге тырысады. Жаңа жыл алдында қарыз бермеген жөн. Ал өзіңіз біреуге қарыз болсаңыз, тездетіп қайтару керек.

Ескі-құсқыдан арылу дәстүрі Италияда пайда болған. Адамдар осылайша жан дүниемізді тазартамыз деп сеніпті. Келе жатқан жыл жақсылыққа толы болу үшін мол дастархан жаю да ғұрыпқа айналған.

Жаңа жылдың ең маңызды дәстүрі – тілек тілеу көне ғасырлардан келе жатса да, әлі ұмытылған жоқ. Өйткені "Жаңа жыл қарсаңында қандай тілек тілесең де, әрқашан орындалады".

Жаңа жылдың кейіпкерлері

Жаңа жылдың басты кейіпкері – Аяз Ата жұрт ойлағандай кәрі емес. Шамамен 150 жыл бұрын Жаңа жыл символына айналыпты.

Аяз Ата
© Sputnik / Владислав Воднев
Аяз Ата

Бастапқыда Аяз ата жалғыз жаңажылдық кейіпкер еді. 1873 жылы Александр Островский "Қаршақыз" пьесасын жазады. Сөйтіп, аппақ қардай сұлу қыз әуелі Аяз атаның туған қызы, кейінірек немересі болады. Неге бұлай өзгергенін түсіндіру қиын.

Қаршақыз
© Sputnik /
Қаршақыз

Тағы бір жаңажылдық кейіпкер – Аққала – ХІХ ғасырда пайда болды. Сол замандағы аққала қазіргіден айнымайды: қардан жасалған үш шарды бірінің үстіне бірін қойып, басына шелек кигізеді, мұрнының орнына сәбіз тығып, қолына сыпыртқы ұстатқан.

Бала аққала жасап ойнап жүр
© Sputnik /
Бала аққала жасап ойнап жүр

Жаңа жыл туралы қызықты деректер

 

  • Алғашқы жаңажылдық ашық хат Лондонда 1843 жылы басып шығарылды.
  • Эльдар Рязановтың "Ирония судьбы" картинасы 1975 жылдың 31 желтоқсанынан бастап жылда көрсетіледі.
  • Ер бала өмірге келу үшін ерлі-зайыпты Жаңа жылда Лапландияға баруы тиіс деген ырым бар.
  • Тағы бір ырымға сүйенсек, жаңа жыл алдындағы түс келер жылға жорамал жасайды.
  • Көптеген елде жаңа жыл түні аспан көк болса, астық мол болады деген сенім қалыптасқан.
  • Еуропада рождество шыршалары ең көп сатылатын ел – Дания.
  • Ресейдің зейнетақы қоры Аяз Атаға "Ертегі еңбегінің ардагері" деген атақ берген.
  • Санта-Клаустың бұғыларының аты: Дэшер, Дэнсер, Прэнсер, Виксен, Комет, Кюпид, Доннер, Блитцен. Солтүстік Америкада бұғылардың бастаушысы – қызыл мұрынды Рудольф.

 

475
Кілт сөздер:
ырым-тыйымдар, жаңа жыл, доңыз жылы, 2019 жыл, салт-дәстүр, тарихи оқиғалар, қызықты деректер
Тақырып бойынша
Доңыз жылы: 2019 жылға жасалған болжам
Әлемнің түкпір-түкпірінде шыршаны қалай безендіреді – 20 әдемі фото
"Жүгіремін" Депутаттар мен министрлер Жаңа жылды қалай қарсы алатынын айтты
Астанада жаңа жылда қайда баруға болады?
"38 градус аяз". Жаңа жыл түні ауа райы қандай болады?
Загрузка...